• Ақпарат
  • 27 Қараша, 2025

«Диуани хикмет» және жер-су атаулары

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегі түркі дүниесіндегі сопылық білімді дамытқан, насихаттаған, ғасырлар бойы Түркістан даласында қолданылып келген тамаша мұра. Яссауи хикметтерінде географиялық терминдер мен топонимдерді жиі ұшыратамыз. Олардың ішінде ислам мәдениеті мен ғылым-білімінің ордасы саналатын Ғирақ (Ирак), Шам, Хорасан, Мәдине, Мекке, Түркістан тәрізді топонимдерді айрықша атап өткеніміз жөн. 
Қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Құдайберген Жұбанов Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінің тақырыбы мен идеясын, тілі туралы алғашқылардың бірі болып зерттеу жасады. Академик Рәбиға Сыздықтың «Ясауи хикметтерінің тілі» еңбегі осы салаға арналған іргелі еңбек саналады. Ғалым хикметтер тілінің лексика-фразеологиялық құрамы мен құрылымын, морфологиялық құрылысын, фонетика-фонологиялық жүйесі мен көркемдік бітімін талдайды. Ал ономастика саласында филология ғылымының докторы Сәуле Иманбердиева Х–ХІV ғасырларда түрік жазба ескерткіштерінің, оның ішінде Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегінің ономастикалық жүйесі мен онимдерінің құрылымын, сондай-ақ, оларды антропоөзектік бағытта қарастырады. 
Қожа Ахмет Ясауи халық арасында Әзірет Сұлтан атымен танымал екені белгілі. Орта ғасырдағы дәстүрге сәйкес ғұлама ғалымдардың есімдеріне олардың туған жері қосылып айтылатыны белгілі. Бұл дәстүр орта ғасыр антропонимдерінде кездесетін, дәстүрге айналған ерекшелігі. Сондай-ақ бұл дәстүр кісі есімдерінің құрамында айқындауыштық қызмет атқарады.  Мысалы, Әбу насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет ­Ясауи, Әл-Хорезми және т.б. Профессор Құдайберген ­Жұбанов: «Хожа – нәсілдік лақап аты (тегі), Ясауи – меншікті мекеннің аты, өз аты – Ахмет» деп күрделі антропонимді жіктеп көрсетеді. Ясауидің өмір сүрген кезеңінде Түркістан қаласы Ясы аталғаны белгілі (ХІІ– ХІV ғасырлар). Бір жарым мыңжылдан аса тарихы бар Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі саналады. Арабтардың географиялық жазбаларына қарағанда ІV–Х ғасырларда бұл қаланың орнында Шавгар (арабша Шавагар) мекені болған, бірақ бұдан із қалмағаны айтылады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынғаннан кейін түріктердің діни орталығына айналады. Түркістанның ұлт мәдениетінің, руханилығының, діни танымының дамуында орны ерекше, түрік дүниесінде де орны айрықша, «екінші Мекке Медине» санатындағы қала. Түркістан туралы «Түркістанда түмен бап» деп басталатын танымал, «Сайрамда бар сансыз бап, ең бастысы Арыстанбап» деген танымал прецеденттік жолдар бар. Қожа Ахмет Ясауидің 47-хикметінен үзінді: 
Ешітді баба Мачын ол зәманда
Ахмәд атлығ бір шайх чықмыч Түркістанда
Сухбәт қылмыш қыз-у жәуан бірлән анда
Мән еткәлі Түркістанға келді, достла.
Есітті Баба Мамыш ол заманда.
Ахмет атты бір шайқы шығыпты Түркістанда,
Сұхбат қылар қыз бен жігіт онда,
Тиым салғалы Түркістанға келді, достар (https://qazcorpus.kz/_tarihi-ishkorpus).
Оңтүстік Қазақстандағы қасиетті қонысқа айналған Түркістан қаласында дүниеге келуі де Ясауидің қалыптасуына игі ықпал еткен. Сонымен қатар осы кезеңдегі білім-ғылым ордасы саналған Хорасан, Шам, Ғираққа жақын орналасуы, барыс-келістің болуы Ясауидің діни әрі сопылық білімінің жетілуіне оң әсер еткен. Оны хикметтегі төмендегі жолдардан білінеді: 
Уа, дариға, нечүк қылғұм ғариблықда,
Ғариблықда ғурбат ічрә қалдым мәна
Хурасан-у шам-у Ирақ ниийәт қылұб
Ғариблықны көб қадрыны білдім мәна.
Уа дариға, қалай қылам ғаріптікке
Ғаріптікте тентіреумен қылдым мен (де)
Хорасан, Шам, және Ирақ ниет қылып, 
Ғаріптіктің (ң) көп қадірін білдім мен (де) (https://qazcorpus.kz/_tarihi-ishkorpus).
Қорыта келгенде, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегіндегі топонимдер – тек географиялық атаулар емес, ақынның рухани жолын, сопылық дүниетанымның кеңістіктігін айқындайтын маңызды поэтикалық-танымдық жүйе. Бұл атаулар арқылы Ясауи ілімінің таралу ареалы, тарихи-мәдени байланыстары, рухани мектептермен сабақтастығы көрініс табады. Сондықтан «Диуани хикмет» топонимдерін ғылыми айналымға түсіріп, олардың семантикасы мен функциясын кешенді түрде зерттеу – Ясауи мұрасының терең қабаттарын тануға жол ашатын өзекті ғылыми міндет.

Темірлан ЖОРАБАЙ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері,
PhD докторант

257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы