- Ақпарат
- 27 Қараша, 2025
Сөз мәдениетінің майталманы
Қарагөз Сімәділ,
«Ana tili»
Ғылым Ордасының үлкен конференц-залында қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, сөз мәдениеті, орфография, ономастика, этнолингвистика, лексикология, лингокогнивистика сияқты бағыттарда іргелі зерттеулер жүргізген танымал ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің 80 жасқа толған мерейтойына орай «Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ тілтанымы: Ғалым. Уақыт. Кеңістік» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілептің, ҚазҰҚПУ ректоры м.а. Сәбит Суатайдың, Қаныш Сәтпаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаевтың, Ұлттық орталық музей директорының м.а. Сержан Саровтың, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтау хаттары оқылды. Жиын алдында Нұргелді Уәли шығармашылығы мен ғылыми еңбектері және фотосуреттері қойылған көрме ұйымдастырылды және ғалым туралы «Ғалым. Уақыт. Кеңістік» атты бейнебаян көрсетілді.
Жиынның модераторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Анар Фазылжан Нұргелді Уәлидің жастарға ұстаз ретіндегі тәліміне, ғылыми ұстанымына тоқталып, зерттеу жұмыстарының тіл білімі ғылымы үшін өлшеусіз еңбек екенін атап өтті және жиын барысында «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ тіл білімінің дамуы және ғалым феномені» тақырыбында баяндама жасады.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов: «Абай: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» және «Мінез – ақылдың сауыты» дейді. Міне, осы екі мінез Нұргелді Уәли ағамызға тән деп ойлаймын. Ағамыздың асығып-аптыққанын, атақ-даңқа құмартқанын, күніге бір мақала жазып жанталасқанын байқамаппыз. Бірақ анық басады. Сол анық басқанының арқасында Нұргелді Мақажанұлының ғылыми еңбегінің барлығы оқылады, зерделенеді. Нұрекеңменен 1986 жылы таныстық. Сол кезден әлі өзгерген емес, мінезі де, тіпті жанарындағы жылылық та сол қалпында. Осындай өзгермейтін адамдар ғылымдағы қозғаушы күш болатын қайраткер тұлға қалпын да жоғалтпады. Нұрекеңмен сапарлас та болдық. Үзеңгі жолдас бола жүріп қаншама терең әңгімесін естідік, әдемі сапарлас екеніне көз жеткіздік. Адамгершілігіне де куә болдық, ағалық қамқорлығын да көрдік», – деді.
Ұлттық орталық музей директорының м.а. Сержан Саров: «Ұлттық орталық музейі ғасырдан аса тарихы бар мекеме. Біздің мекемеде жыл сайын ондаған ғылыми каталог, академиялық зерттеу кітабы мен энциклопедиялық жинақ жарық көреді. Міне, осындай ғылыми жобаларымызға атсалысып, ғылыми-зерттеу бағытындағы іргелі еңбектерімізді шығаруда ғылыми ақыл-кеңесін беріп, мақаласын жазып жүрген профессор Нұргелді Уәлидің еңбегі ерекше. Зерттеу кітаптарымыз бен каталогтеріміздің оқырманға жетіп, одан әрі ғылыми айналымға енуінде Нұргелді Мақажанұлының еңбегі зор», – дейді. Айта кетейік, конференция алдындағы көрмеге Ұлттық музейдің де кейбір жәдігердің фотосуреттері келушілердің назарына ұсынылды.
Aхмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жоғары деңгейде ұйымдастырған халықаралық ғылыми жиында шетелдік және елімізге белгілі тілші-ғалымдары баяндамалар жасап, профессор Нұргелді Мақажанұлының тіл ғылымына қосқан үлесі туралы айтты. Бас баяндамашы, филология ғылымының докторы, профессор Рүстембек Шойбеков Н.Уәлидің ғылыми-зерттеу ілімін жан-жақты талдап көрсетті. «Нұргелді Уәлидің тынымсыз, қажырлы еңбегінің, оның түрлі салаға араласуының арқасында институттың аспиранты, кіші ғылыми қызметкері болып жүрген кезінен басталған, ойға алған қазақ тіл білімінің мәселелері: қазақтың байырғы сөздері жиналып, тарих қойнауынан сыр шертті; жаңа сөздер орнын тауып, қажетінше қолданылып келеді; орфографиядағы қиындықтар бірте-бірте шешіліп келеді; мүлде жаңа типтегі он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің» сөздігі жасалды; 150 мыңнан аса тіл бірлігін қамтыған алғашқы үлкен қазақ сөздігі жарыққа шықты; түрік әлеміне ұжымдасып еңбек етудің жарқын үлгісі көрсетілді; бірнеше жылдан бері мектептерде «Сөз мәдениеті» тәрізді жаңа пән оқытылатын болды; лексикографтардың, орфографистердің жаңа мектебі қалыптасты; тілдің мәдени семантикасына көңіл бөлініп, зерттеулер жүргізе бастады; алғаш рет қазақ тіл білімінде өзі жасаған ғылыми жобасы бойынша «Қазақ тілінің лингвомәдени сөздігін» шығару қолға алынды... Осындай сан-салалы зерттеулері мен қол жеткізген нәтижелері Нұргелді Уәлиді бұрынғының мұрагері, бүгінгінің бұйдагеріне айналған нағыз энциклопедист ғалым ретінде танытып отыр», – дейді Р.Шойбеков.
ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев: «Қазақ тіл білімі деп аталатын іргелі ғылымның ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көрнекті тілші-ғалымдардың бірі – филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәли. Ғалымның шығармашылығы шеңбері кең, әрі әралуан екенін ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Атап айтсақ, академик Ісмет Кеңесбаевтың аспиранты ретінде тіл білімінің күрделі салаларының бірі – фразеологиядан басталған зерттеушілік ізденістері тіл мәдениеті, лексикология, лексикография, орфография т.б. салаларға ұласқанын жарияланған монографиялық еңбектері мен зерттеу мақалаларынан аңғару қиынға соқпайды. Жалпы тіл білімінде «тіл мәдениеті» мен «сөз мәдениеті» терминдері жарысып, бірінің орнына бірі қолдана беретіні белгілі еді. «Тіл мәдениеті» мен «сөз мәдениеті» ұғымдарының мазмұнында, қарастыратын мәселелерінде ұқсастықпен қатар, айырмашылықтар бар екенін қарастырған әлемдік тіл біліміндегі тұжырымдарды алға тарта отырып, жаңаша зерделеуді қолға алған – профессор Нұргелді Уәли болатын. Ғалым тіл және сөз мәдениетін айырмашылығын, оның коммуникативтік, прагматикалық, лингвокогнитивтік, лингвоэкологиялық, этикалық аспектілерін, сонымен қатар ғылыми-теориялық негіздерін ұсынған еді.
Жалпы ғалымның жазған еңбектері санымен емес, сапалығымен өлшенетіні белгілі. Сапа өлшемшарты ретінде – ғалымның зерттеу жұмыстарының елге тигізер нақты нәтижесі не екен деп сұрастырылып жататыны бар. Осы жағынан келгенде, профессор Нұргелді Уәлидің монографиялық еңбектерінің, ғылыми зерттеулерінің, оқулықтары мен сөздіктерінің құндылығы – әр адамның кәдесіне жарап, сөз мәдениетін қалыптастыруға қызмет етуінде десек, артық айтпаған болар едік.
Сондықтан да, ғылыми жұртшылық профессор Нұргелді Мақажанұлын – сөз мәдениетінің майталманы деп орынды мақтан етеді.
Профессор зерделі зерттеуші болумен қатар, ғылымды ұтымды ұйымдастырушылардың бірі болғанын да айтқанымыз абзал. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Тіл білімі институтын академик Әбдуали Қайдаров басқарып, академик Шора Сарыбаев директордың орынбасары болып, Қайдаров–Сарыбаев тандемі істің көзін тауып, институт іргелі зерттеулерді игеріп, институт ғалымдары биік жетістіктерге қол жеткізгені ел есінде. Осындай толағай табысқа Көбей Хусайынов пен Нұргелді Уәли тандемі тұсында да қол жеткізілгенін, ғалымдардың ғылыми жобалары жүлде алып, монографиялық еңбектері марапаттарға малынып, көп томдық сөздіктері институтты бедел биігіне көтергенін ғылыми жұртшылық әлі де айтудан жалыққан емес», – деді.
Ғылыми-теориялық конференцияның секциялық мәжілістерінде профессор Бағдан Момынова «Н.Уәли – сөз қадірін арттырған ғалым», профессор Мырзаберген Малбақов «Лексикограф-ғалым», филология ғылымының докторы Гүлдархан Смағұлова «Қазақ лексикологиясының ХХ ғасырдың екінші жартысында зерттелуі», »Қалбике Есенова «Профессор Нұргелді Уәли – дара стильді тілдік тұлға», филология ғылымының кандидаты Жанат Исаева «Қазақ сөз мәдениеті және Нұргелді Уәлидің ғылыми зертханасы», Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің оқытушысы Назира Әміржанова «Альфа ұрпақ және жасанды интеллект: қазақ тілі орфографиясын оқытудың жаңа мүмкіндіктері», Ардана Нустаева «Н.Уәлидің мәдени-танымдық кодтарды ашудағы ғылыми ұжырымдары» т.б. баяндамалар оқылды.
Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ тіл біліміндегі жаңалықтар мен зерттеулер, нәтижелер, сондай-ақ қазақ сөз мәдениеті, тіл мәдениетінің мәселелері, сондағы көкейтесті тақырыптарды талдауды мақсат еткен конференция барысында Нұргелді Уәлидің «Тілтанымдық зерттеулер» (1-2 кітап), «Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері», «Фразеология және тілдік норма», «Қазақ графикасы мен орфографиясының теориялық негіздері» кітаптары таныстырылды. Ғылыми мұрасы тіл жүйесінің ішкі заңдылықтарын түсіндіру, ұлттық жазудың теориялық негіздерін қалыптастыру, қазақ тілінің мәдени-танымдық әлеуетін зерттеу жолындағы ғалымның биобиблиографиялық көрсеткіші де жарық көрді. 14 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторын даярлап, өз мектебін қалыптастырған Нұргелді Уәлидің мерейтойы аясындағы конференцияда «Қазақ тілінің ұлттық корпусы: цифрлық зерттеулер» тақырыбындағы ғылыми-шығармашылық байқау жеңімпаздары да марапатталды. Бұл Н.Уәли мектебінің желғастығы іспетті символдық мәнге ие еді. Себебі, жеңімпаздар да болашақта қазақ тіл білімінің іргесін бекітуге арналған ғылыми зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік жасалмақ.
Ғылыми-практикалық конференция баяндамаларында ғалымдар Н.Уәли зерттеу еңбектері қазақ тілінің ішкі заңдылығын, ұлттық дүниетаныммен байланысын терең түсінуге жол ашатыны туралы сөз қозғалып, Нұргелді Мақажанұлының қазақ руханиятының жанашыры, ұлттық ойлау жүйесін сақтаушы тұлға есебіндегі еңбегі де жан-жақты сараланды. Н.Уәлидің азаматтық болмысы, адамгершілік сипаты, ұлттың болашағына қатысты өмірлік ұстанымы да баяндамаларға негіз болды.
300 рет
көрсетілді0
пікір