- Ақпарат
- 27 Қараша, 2025
Бөлек пән ретінде оқытылса...
Қазақстан тәуелсіздігін алғалы отыз жылдан асты. Бірақ азаттық тек шекара тұтастығымен өлшенбейді. Ол ойлау жүйесінен, дүниетанымнан, сана еркіндігінен басталады. Ал біз әлі күнге дейін отарлық мұраның жүгін арқалап келеміз. Оның айқын көрінісі – мектеп бағдарламасында.
Қазіргі оқу бағдарламасына қарасақ, орыс мектептерінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті жеке емес, біріктіріліп оқытылады. Неге қазақ тілі бөлек, қазақ әдебиеті бөлек пән болып жүргізілмейді? Бұл – ойлануға тұрарлық мәселе.
Мәселен, орыс мектептерінде орыс әдебиеті 5-сыныпта аптасына – 2 сағат, 6-сыныпта – 2 сағат, 7-сыныпта – 2 сағат, 8-сыныпта – 3 сағат, 9-сыныпта – 3 сағат. Барлығы 5–9-сыныптарда аптасына 12 сағат, жылына – 408 сағат. Ал қазақ тілі мен әдебиеті біріктіріліп, 5-сыныпта аптасына – 4 сағат, 6-сыныпта – 4 сағат, 7-сыныпта – 4 сағат, 8-сыныпта – 4 сағат, 9-сыныпта – 4 сағат. Барлығы аптасына 20 сағат, жылына – 680 сағат.
Қазақ мектептерінде қазақ әдебиеті жеке оқытылады. 5-сыныпта аптасына – 2 сағат, 6-сыныпта – 2 сағат, 7-сыныпта – 2 сағат, 8-сыныпта – 3 сағат, 9-сыныпта – 3 сағат. Жалпы аптасына 12 сағат, жылына – 408 сағат. Ал орыс тілі мен әдебиеті біріктіріліп, 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін аптасына тұрақты түрде 3 сағаттан оқытылады. Нәтижесінде аптасына – 15 сағат, жылына – 510 сағатқа жетеді. Бұрын қазақ мектептерінде «орыс тілі» мен «орыс әдебиеті» жеке-жеке пән ретінде оқытылатын. Ал қазір бұл екі пән біріктірілді. Соған қарамастан, қазақ әдебиеті мен «орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің сағаттық айырмашылығы айтарлықтай байқалмайды.
Жақсы, орыс әдебиеті керек-ақ. Пушкин мен Лермонтовты, Толстой мен Достоевскийді, Чеховты ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ неге ол «Әлем әдебиеті» пәнінің құрамында оқытылмайды? Неге әлемдік классиканы қазақ тілінде, қазақ оқулығынан оқымаймыз? Қазақ баласы Пушкинді оқыса, Шекспирді неге оқымайды? Лермонтовты білсе, Байронды неге білмейді? Айтматов пен басқа да түрік классиктерінің шығармалары бағдарламада неге жоқ?
Мәселе тек әдебиеттің таңдаулы туындыларында ғана емес, оларды қай тілде оқитынымызда. Тәуелсіз елдің ұрпағы орыс әдебиетін тек орыс тілінде оқуы міндетті ме? Жоқ. Бізде Абайдың Пушкиннен жасаған тамаша аудармалары бар, Ахмет Байтұрсынұлының Крыловтан аударған мысалдары бар. Олар жай ғана аударма емес, қазақ болмысына бейімделген төл туындылар. Ендеше, неге әлем әдебиетін де, орыс әдебиетін де қазақ тіліне аударып, сол тілде оқытпасқа? Бұл – әрі әлемдік биікті бағындыру әрі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің нақты жолы.
Ал орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін біріктіріп оқыту да өзін-өзі ақтамай отыр. Себебі басымдық әдетте тіл үйретуге беріледі де, әдебиет тасада қалып қояды. Ал әдебиетсіз ұлттың рухани дүниесін тану мүмкін емес. Қазақ жазушыларының ой тереңдігін, ұлттық болмысын білмей өскен бала өз тамырынан ажырайды. Сондықтан орыс мектептерінде қазақ әдебиеті жеке пән ретінде міндетті түрде оқытылуы тиіс. Қазақстанда орыс мектептері болғанымен, ол жақта оқитындардың көбі – қазақ балалары. Демек, өз әдебиетінен алшақтап өскен ұрпақ – ұлттық рухын жоғалтқан ұрпақ.
Орыс-қазақ тіліндегі пәндерді тең қарау кеңес кезінен келе жатыр. Және бұл мәселе мектеппен шектелмейді. Жоғары оқу орындарындағы грант бөлінісіне қарасақ та, әділетсіздікті көреміз. Биылғы жылғы дерек бойынша, B016 – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түскендер саны – 433, ең төменгі балл – 115. Ал B017 – орыс тілі мен әдебиеті мамандығына түскендер саны – 464, ең төменгі балл – не бары 75. Яғни қазақ әдебиеті мұғалімдеріне сұраныс көп, бірақ грант аз. Ал орыс әдебиеті бағытына қызығушылық төмен болса да, бөлінген грант жеткілікті. Бұл – білім беру жүйесіндегі үлкен қайшылық.
Егер қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеруді ойласақ, ең алдымен, осы мәселені шешуіміз қажет. Қазақ әдебиеті – қоғамға қажет сала, сондықтан оған бөлінетін грантты арттыру – уақыт талабы. Ал орыс әдебиетінің орнын біртіндеп «Әлем әдебиеті» пәнімен алмастыруға толық мүмкіндік бар. Бастауышта – халық ертегілері, орта буында – шығыс әдебиетінің жауһарлары, жоғары сыныпта – батыс пен түрік халықтарының таңдаулы туындылары қазақ тілінде оқытылуға тиіс. Бұл – ұлттық болмысты сақтап, әлемдік өркениетпен ұштастыратын жол.
Осыған байланысты бірнеше нақты ұсыныс жасауға болады:
– қазақ әдебиетіне бөлінетін грант санын арттыру;
– қазақ мектептерінде «орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің орнына «әлем әдебиетін» енгізу және оны қазақ тілінде оқыту;
– орыс мектептерінде қазақ әдебиетін жеке пән ретінде міндеттеу;
– қазақ әдебиетіне бөлінетін сағат санын арттыру;
– мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында білім беру жүйесінде қазақ әдебиетіне басымдық беру.
Қазақ әдебиеті – ұлттың рухани тірегі. Бұл – жай ғана мектеп пәні емес, ел тұтастығының кепілі. Әдебиет – халықтың жаны, жүрегі. Егер сол жүректі әлсіретсек, болашағымыз да күңгірт болмақ. Тәуелсіз елдің басты міндеті – өзінің рухани қазынасына қамқорлық жасау. Қазақ әдебиеті өз орнын толық алған кезде ғана біз шынымен тәуелсіз елге айналамыз.
Мөлдір Амантай,
Мемлекеттік тілді дамыту
институтының ғылыми қызметкері
274 рет
көрсетілді0
пікір