• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Қыр құланы

Қырғыз – таудың тарпаңы,
Қазақ – қырдың құланы!
(Мағжан Жұмабаев)

Ол менен бір курс төмен оқыды. Бірақ үш-төрт жас үлкендігі бар. Менің өзім оқуға екі жылдан соң әрең ілінгем. Ал оның журфактың желкесіне қол жеткізгенше істемеген кәсібі жоқ. Қара жұмыс та істеген. Кірпіш те қалаған. Шахтаға да түскен. Қысқасы, Ақшатаудың өмірін де, Қарағандының көмірін де көрген. Соның арасында әскер қатарына барып, екі жыл керзі етік киіп, жер тепкілеп, жанкешті жаттығу жасап қайтқан. Бәріне де үлгерген.
Үстіне үнемі ұзын қара плащ киіп жүреді. Содан соң өңкей бір қоңыр киімге әуес. Содан ба, кейбір мақаласының аяқ жағына «Қоңыр» деген бүркеншек есім тіркейтін сияқты еді. Ал өлеңдерінің соңына «Құлан-Құлтөлеу» деп шиырып қол қояды. Құлан десе, құлан. Құландай жүйрік. Құландай асау. Құландай сақ. Құландай саяқ.
Бір күні әйгілі бесінші жатақхананың қабырға газетінің алдында бүкіл журфак топталып тұрды. Қабырға газеті сүйікті вахтеріміз Тетя Настя отыратын үстелге қарама-қарсы бетке, тек оң жаққа қарай бір құлаштай қиыстау, есік аузындағы телефон-автоматтың бер жағына ілінген. Ол кезде бұл қарабайыр әрі жалғыз басылымды оқымайтын студент жоқ. Бүгін елді елең еткізетін бірдеңе шыққан болды ғой деп, жанына жанығып жетіп барсам, Құлан-Құлтөлеудің «Әлі тумаған ұлыма» деген өлеңі жарияланыпты. Біраздан соң олар, Құланы бар, Құлтөлеуі бар, Ақпанбеті бар, Сейітханы бар, Балқыбегі бар, бір топ жігіт әлдеқайда асығыс аттанып бара жатты. Сірә, солар Құлтөлеудің «Әлі тумаған ұлын» жақсылап «жууға» кетті-ау деймін. Ал біз болсақ, іштей ілес­кіміз кеп тұрса да, төменгі курстың балаларына жырпылдап еріп кетпей, сабыр сақтап, жатақханада қалып қойдық.
Жатақхана демекші, бір жылдары Құлтөлеу Мұқашпен бір бөлмеде тұрдық. Үшіншіміз – тілі мен жағына сүйенген Талғат Батырхан. Құлтөлеу түтінін будақтатып темекі тартады. Шылымды мұндай көркем шегетін адамды ­сирек кездестірген шығармын. Әуелі темекінің әр талын жеке-жеке өбектеп, әлдилеп, аялап, бөлмені жылытатын батарейканың қыр арқасына ­қатар-қатар қойып кептіреді. Кептіріп болғаннан кейін де әр талдың әр тұсын сипалап, әлденені саусағымен үгіп, баладай баптап, бапкердей бипаздап, біразға дейін отырып алады. Содан соң... шиыршық атып тұрып шегеді. «Шек, братишка, бүгін шегетін күн», – деген екен баяғыда бір мықты. Сол айт­қандай, Құлтөлеу енді көк түтінді сақиналатып, ауаға сәулет өнерінің сәнді үлгілерін салады.
Баяғыда Сыр бойында жұмыс істеп жүргенімізде, бір ағамыз: «Сізге қараймын да ойлана берем. Біреулер түтінді мұрнынан, екіншілері құлағынан шығарады. Үшіншісі шеңбер құрап, ширатып тастайды. Соған қарағанда сіздің шегісіңіз сонша бір күрделі шегіс емес-ау деймін», – деп еді. Ал Құлтөлеудікі – нағыз күрделі шегіс. Кестелі, көркем шегіс.
Кейінірек жастар басылымның бір бөлімінде қызмет істедік. Екеуміз қосыла шапқанда жұмыс бөлмесінде масақ қалмайтын еді. Құлтөлеу ­Кемине секілді жазу өнерінің бұйырған несібесін тып-типыл етіп орып кетеді. Мен сол Кеминенің киесінен қорынған Мақтымқұлы құсап, оратын нәрсе таппай қиналам. Дегенмен, тізе қосып, тату-тәтті еңбек еттік.
Өз басым өзімнен артығырақ һәм тартымдырақ жазатын жігіттерді жақсы көрем. Құлтөлеу де – соның бірі. Ол, шынында да, керемет жазады. Кестесі көркем. Дерегі дәйекті. Ойы орнықты. Сөзді саз балшықтай илейді. Образды ойнатып жі­береді. Оның бірнеше кітабы басылып шыққан. Бәрі де шетінен бағалы. Соның ішіндегі «Біз білмейтін Құдайберген» деген кітабына ықыласым айрықша. Бұл – оның теңдессіз талант, дарабоз дарын Құдайберген Сұлтанбаевпен сұхбат тү­рін­дегі туындысы. Бір заманда көп данамен жа­рыққа шықты. Жаппай оқылды. Шеберлік сабағы. Парасатты портрет. Жүздеген тосын тіркес, сәтті деталь, ойнақы образ бар мұның ішінде. Қа­зақы қою юмордың жеті атасы кездеседі бұл жинақта.
Ол қазақ баспасөзіне көп жаңалық әкелді. Алғашқылардың бірі болып, «Қазақ әдебиеті» газетінен «Қазақ қаламгерлерінің хоббиі» деген айдар ашып, бірнеше жыл бойы жүргізді. Белгілі жазушылардың белгісіз қырлары туралы талайдың таңдайын қақтырған мақалаларын жазды. Жұрт сүйсініп оқыды бұл дүниелерді. Құнары мол. Ескінің сөзін көп біледі. Ескінің сөзі мен естінің сөзін қосқан соң, ылғи да бас көтермей бас салатын туынды ұсынады. Тек сен оқудан жалықпасаң болды.
Бір заманда екеуміз «Хабар» агенттігінде бірге жұмыс істедік. Мен «Таразы» апталық сараптамалық бағдарламасын жүргізем. Ол – жаңалықтар қызметінің тілшісі. Қалжыңы қиып түседі. Әзілі әптер-тәптеріңді шығарады. «Сен ғой тікелей эфирде жүрсің, – дейді бір күні маған, – Өзіңді көшеде бәрі танитын шығар, иә?». «Е, жо-ға, – деймін мен, – Бала-шағамнан басқа ешкім танымайды». «Қой-ей, өтірік айтасың, – дейді ол, – Кеше базарға барсам, маған бірі әйел «Құлтөлеу Мұқашпысың ей?», – деп қоймайды.
– Сені қайдан біледі екен? – деп енді мен тықақтай түсемін.
– Сол, біледі енді... Екі-үш рет «перебивкадан» көріпті...
«Перебивка» деген микрофон ұстаған журналистің сұқбат берушіні ықыластана тыңдап тұрған сәті. Монтаж кезінде қолайсыз тұстарды жабу үшін осындай қосалқы көріністер қолданылады. Енді екеуміз қосыла күлеміз...
Ол – әлеуметтік желіге алғаш қос тіккен қаламгердің бірі. «Фейсбуктің» қара ормандай қалың жамағатына қабілет-қарымымен үлгі болған Құлтөлеу бұл салада да көп нәрсенің көшін бастады. Ескі альбомды айқара ашты. ­Сирек суреттерді сөйлетті. Тұлғаларды түгелдеді. Әруақтарды әспеттеді. Әдемі де әсерлі эсселер жазды. Суреттерді сарнату жағынан біз сол баяғы «Көкірек кеніші мол Кемине мол егінді орып кетті ғой», – деп, өзінше жаңа жол іздеуге талпынатын Мақтымқұлыша митыңдап, Құлтөлеудің салып берген соқпағында әлі жүрміз.
Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев кезінде ­«Қырғыз – таудың тарпаңы, Қазақ – қырдың құланы», – деп жырлаған еді. Барсакелместің іргесінде тұрған соң Сырда жортқан құланды да, қырда жортқан құланды да талай көрдік. Бірақ біз көрген бейнелі құланның бірі осы Құлтөлеу еді. Жалпы, мен аға-достарымның арасынан қатарынан қара үзіп шапқан қос құлан көрдім. Бірі – жирен құлан. Ол – ақын Шаһизада Әбдікәрімов. Екіншісі – күрең құлан. Ол – сөз зергері Құлтөлеу Мұқаш. Жирен құлан – Сыр құланы Шаһизада ақын ілгеріде:

Жылдарым-ай, шарап ішіп шайқалған,
Ақкөңілге айқұшағын айқарған.
Ащы судан ісіп-кеуіп алқымы,
Алты қырдан алпыс құлан қайтарған, – 

деп жыр жазған-ды. Енді міне Қыр құланы – ­Құлтөлеу де алпыс құланға алты құланды қосып айдап, соның бәрін алтын көлге суарғалы келіп тұр...

*  *  *
Аман жүр, Қыр құланы! Қыр үстінде құландай жорта бер!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

218 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы