• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

АЛҒАШҚЫ ӘЛІППЕ

ХХ ғасырдың басында қазақтың алғашқы оқулықтары жазыла бастағаны белгілі. Солардың ішінде алғашқы қазақ әліппесінің жөні бөлек. Қазақ даласында жәдиттік мектептердің ашылуы әліппеге деген сұранысты арттырды. Соның бірі «Ғалия» медресесі шәкірттерінің атсалысуымен 1911 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан шыққан «Әліппе яки төте оқу» оқу құралы. Бұл әліппені «Ғалияның» шәкірттері Ишанғали Арабаев пен Хафиз Сәрсеке құрастырды. 
Кітапты «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттердің Игілік қауымы басып шығарды. Барлығы 52 беттен тұратын бұл оқулық қазақ пен қырғызға ортақ әліппе болды. Жаңа әліппе жайында «Айқап» журналы: «Шаһар Уфада «Медресе Ғалиеде» оқыған қазақ шәкірттері «Алифба йаки төте оқу» есімді қазақ һәм қырғыз балаларына арнап жазған бір кітап басылып шығып, сатыла бастады. Бағасы – 18 тиын. Қайырлы сағатта болсын!» деп жазды (№4, 1911 жыл). «Әліппе яки төте оқу» кітабы жайлы алаштанушы Дихан Қамзабекұлы: «Осы құтты шаһарда екі азамат – қырғыз Ишанғали Арабайұлы мен қазақ Хафиз Сәрсекеұлы ой біріктіріп, 1911 жылы тұңғыш рет жәдиттік бағыттағы «Қазақ-қырғыз әліппесін» жазды. Әлбетте, А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда шыққан білікті, салмақты «Оқу құралының» («Қазақша әліппе») жөні бөлек, бірақ өздерін сол Ақаңның шәкірті санаған қос азаматтың бастамашылдығы, өжеттілігі тарихқа енуі қажет», – деген болатын. Шынында бұл кітап қазақ пен қырғыздың бауырластық байланысын бекіте түскен алғашқы әліппенің бірі ретінде тарих қойнауына енді.

Алдымен «Ғалияның» түлегі, қырғыз ағартушысы Ишанғали Арабаев туралы айта кетейік. Ишанғали туралы «Қазақ» газетіне біраз хабар-ошар жария­ланған. Соның бірінде Ишанғалидің Хафиз екеуі бірігіп жазған әліппені, сондай-ақ қазақ ақыны Ғұмар Қараштың «Өрнек», «Тумыш» кітаптарын таратуға атсалысқаны айтылады. «Ғалияның» шәкірті Ахметжан Күзембаев «Қазақ» газеті арқылы: «...Шәкірттер өзара ақша жинап, әлгі алифбаны және Ғұмар Қараштың «Өрнек», «Тумыш» деген кітапшаларын бірге бастырып едік. Бұл кітаптарды кітапшыларға таратып, біразын шәкірттер алып кетіп еді. Бұлардың ақшаларын жиып алуға, өтпесе кітаптарды қолына алуға Ишанғали Арабаевқа тапсырып еді» десе (№49, 7 ақпан, 1914 жыл), «Қазақтың» кейінгі нөмірінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов: «Шәкірттер бізге Уфадан ол кітаптарды жібергенде Ишанғали Арабаев қырғыздың Алатауында еді» дейді (№52, 28 ақпан, 1914 жыл). Сонымен қатар Ишанғали өзі алғы сөзін жазып, 1911 жылы Қазандағы баспадан қырғыздың алғашқы жазба ақыны Молда Қылыштың «Зілзала» поэмасын кітап етіп шығарған. Бүгінде бұл еңбек қырғыз тіліндегі алғашқы кітаптардың бірі саналады.
Қырғыздың дара перзенті Ишанғали Арабаев 1882 жылы Нарын өңірінде дүниеге келді. Алдымен Орынбордағы «Хұсайния», кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыды. «Ғалияны» бітірген соң, Нарын, Қаракөл өңірлерінен мектеп ашып, бала оқытты. «Алаш» партиясы құрылған кезде Ишанғали партияның Бішкектегі бөлімшесін ашуға атсалысты. Орынборда өткен Жалпықазақ сиездеріне қырғыз халқы атынан қатысты. Алаш қозғалысына бір кісідей атсалысып, елінің азаттығы үшін күресті.
Ишанғали 1920 жылдардан кейін Алматыда, Ташкентте қызмет еткен. Ташкенттегі Орта Азия университетінде сабақ берген, Ғылым орталығын басқарған. 1924 жылы қырғыз мектептеріне арналған «Қырғыз әліппесі» оқулығын жазған. 1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезіне, 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Бүкілодақтық түркітану сиезіне қатысқан. Ишанғали Арабаев сонымен қатар қырғыз тіліндегі алғашқы «Еркин тоо» («Еркін тау») газетінің редакторы да болды. 1933 жылы тұтқындалып, белгісіз жағдайда Ташкенттегі түрмеде қаза тапты.
Хафиз Сәрсеке 1882 жылы Қызылжар өңірінде дүниеге келген. 1909–1912 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. 1911 жылы Ишанғали Арабайұлымен бірігіп «Әліппе яки төте оқу» оқулығын шығарған. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі шыққанға дейін «Ғалияның» шәкірттері жазғы каникул кезінде қазақ ауылдарына барып бала оқытқан кезде осы оқулықты пайдаланған. Бүгінде кітаптың көшірмесі Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы.
Хафиз «Ғалия» медресесін тамамдаған соң, ­Зайсан өңірінде мұғалім болған. 1913–1914 жылдары Зайсаннан «Қазақ» газетіне хат-хабар жолдап тұрған. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы сандарына ­Хафиздің үш хабары шыққан екен. Үшеуін де Зайсаннан жолдапты. «Қазақтың» №16 санында жарық көрген хабарда Хафиз: «Мұнда «Мектеп Қазақие», «Мектеп Ғазатие» деп аталған екі мектеп бар. Бірінші мектептің «Мектеп Қазақие» деген атынан-ақ ­қазақтар салдырған екені белгілі. Мұның салынып, усул жәдид ретінше қазақ балаларының оқи бастағанына төрт-бес жыл болды. Жас балалардың аз уақытта бірсыпыра ғылым үйренгеніне халық аса разы, көңілді. Зайсандағы ғейратты, қайырымды қазақ байлары мектеп салдырып тұрған қазақтарды қуантқанымен ғана қоймай, бүтін Зайсан уезіне қараған қазақтардың аз да болса оқудың керек екендігіне қанық боларына себеп болды» дей келіп, жылдан-жылға оқушылар саны көбейіп, оқуға ықылас күшейіп келе жатқанын хабарлаған (№16, 31 мамыр, 1913 жыл).
Зайсаннан жолдаған тағы бір хабарында Хафиз Сәрсеке Алтай тауындағы мұжықтардың қазаққа көрсетіп отырған қорлығы, атап айтқанда, Іштікбай деген кісінің бір үйір жылқысын алдына өңгеріп, өзін атып кеткенін, ал болыстар болса «малдан бас қымбат» деп мұжықтарға қарсы амал қыла алмайтынын ашына жазады («Қазақ» газеті, №16, 31 мамыр, 1913 жыл). Хафиздің бұл хабарына Міржақып Дулатұлы да үн қосқан. Ол «Қазаққа» жариялаған мақаласында: «...Бұл кезде мұжықтың қазаққа қылып тұрған дұшпандығы, жері жылдан-жылға артып бара жатыр. Қит етсе жанжал, төбелес, байлап тастау, хатта кісі өлтіру. Мұндай оқиғалар қазақ пен мұжық араласқан жерде тым-ақ көбейіп барады... Осы нөмірде Зайсаннан жазған мұғалім Хафиз Сәрсекеевтің хаты бойынша, мұжықтар Қара Ертіс елінің тағы да бір қазағын қалай һәм не үшін өлтіргені басылып отыр. Тере берсе мұндай істер толып жатыр. Мұжықтың қазаққа қылып отырған қиянаттары көп, бұларға тоқтау қылған кісі кем, ретті, жолмен олардың законсыз істерін көрсеткен қазақ та жоқ. Осы кезде орыстан тек мал жоғалса қазақтан көреді. Келеді де қол іс қылады» дей келіп, егер мұжықтар қазаққа жасап жатқан қиянатын тоқтатпаса, екі халықтың арасы ашылып, дұшпанға айналуы ықтимал екенін жазады (№16, 31 мамыр, 1913 жыл).
Енді бір хабарында Хафиз: «Төрт-бес жылдан бері жаңа тәртіппен балалар оқып келе жатқан ­Зайсандағы «Мектеп Қазақиеге» биыл 2 сентиабрден бастап балалар жазылып кіре бастады, 7 сентиабрде оқуға кірісті. Октиабрдің біріне шейін 85 бала кірді. Былтырғыға қарағанда дала қазағынан көбірек келді, әсіресе Қара Ертіс елінен. Бұл мектептің жайын, жабдығын қарастыратын бірнеше байлар болса да, аса көңілдісі Пидахмет Бобкин менен мектептің попешителі Сүлеймен Мергенбаев. Мұнда бір тағдыри, төрт ибтидаи, бір рашиди сыныптары бар» деп Зайсандағы «Қазақия» мектебі жайынан хабар береді («Қазақ» газеті, №30, 14 қыркүйек, 1913 жыл). Үш мақалаға да «мұғалім Хафиз Сәрсекеев» деп қол қойған.
Газеттің 1917 жылғы санында Хафиздің Зайсандағы «Қазақия» мектебінің директоры Сүлейман Мергенбаевтың өмірден өтуіне байланысты қазанамасы жариялаған. Осы қазанамада: «...Шын ұлтшыл еді. Сондықтан «Мектеп Қазақияны» салғызуға көп ыждағат етіп, өлеріне шейін алты жыл бойынша мүдірлік етті. Мектептің ілгергі қамы үшін өзгерістен соң «Қазақ жәрдемі» есімді ұйым ашылуға себепкер болып, 20 мыңға жақын ақша жиналуға көп еңбек сіңіріп еді. Ұйымға жәрдем етіп берген 2 мың сомынан басқа 3 мың сом өсиет қылып қалдырса керек. Інісі Ғабдірахман мырза ағасының ізін басар деген үмітіміз бар» деп жазады ол («Қазақ» газеті, №254, 6 желтоқсан, 1917 жыл). Жоғарыдағы мақалаларға қарағанда Хафиз осы «Қазақия» мектебінде қызмет еткен секілді.
Қазан төңкерісінен кейін Хафиздің есімі сот саласының қызметкері, Алаш қозғалысының белсендісі ретінде атала бастады. «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы санында Хафиз Сәрсекенің Зайсан уезі сотының мүшесі болғаны айтылады. Газетте ­жарияланған хабарда ол жайында: «Облыстық Қазақ комитетінің ұсынуы бойынша Қарқаралы, Зайсанның ­уездный соттарына комиссариаттың бекіткен адамдары: Қарқаралы сотының председателі – Мұқыш ­Боштаев; мүшелері – Сыздық Тұтқышев, өКамал Жайсақов; кандидаттары – Мұхаммеди Оспанов, Оспанбек Әбдин һәм Айқожа Теміржанов; Зайсан сотының председателі – Базыкен Өскембаев; мүшелері – Хафиз Сәрсекеев, Бекмұхаммед Сатыбалдин; кандидат – Ыдырыс Мырзаханов» деп жазылған («Уездный қазақ соттары», «Сарыарқа» газеті, №16, 10 қазан, 1917 жыл).
«Сарыарқа» газетінде Хафиз Сәрсекенің өзі жазған хабарлар да жарияланды. Газетте Зайсаннан жолдаған екі хабары жарық көрген. Хафиз «Автономия алу қамы» деген хабарында Орынборда өткен Жалпықазақ сиезіне Зайсан уезінен жіберілген өкіл Ахмет Шегірұлымен «Қазақия» мектебінде кездесу өткенін, осы кездесуде автономия мәселесі сөз болғанын жазады. «10 болыстың өкілдерін шақырып, автономия, оның берік таянышы халықтың бірлік-берекесі ақша жинау туралы сиез жасау тиіс көрілді. Жас, байларымыз, ер жүректі азаматтарымыз ат шаптырып, шақыртуды мойындарына алды. Шақырылған күнде жиылса, январдің аяқ кезінде сиез ашылмақ. Көкпекті маңайында 7 болысты қалайша хабарландыру сиезде қаралмақ. Сиез ұнатса Ахмет мырза өзінің ол жаққа барып, автономия жайына жұртты ұғындырып қайтуға дайындығын білдірді. Алаш партиясының бір бұтағын ашуды мақұл көріп, «Алаш ұраны» деген ұйым жасалды. Ақылшы мүшелері – жиырма. Қырдан да кіруге жол ашық. Іс басқаруға уақытша президиум сайланды» деп хабарлайды ол («Автономия алу қамы», «Сарыарқа» газеті, №30, 12 ақпан, 1918 жыл). Ал «Сарыарқаның» №33 санында жарық көрген хабарында жоғарыда аталған сиездің қалай өткенін баяндаған. Хафиз хабарында: «Феврал аяғында Зайсанда қазақ сиезі болды. Сиез қаулысы: қазақ ісін қазақ басқарсын. Сол мақсатта «Алаш ұраны» атты ұйым ашылды. Ұрыға, ел бұзушыға ­тыйым салуға қаулы болып, 28 бапты ереже жасалды. Обласной қазақ комитетінің көрсеткен жобасымен жүруге жұрт қол қойды. Бұл сиез һәм қаулыны бір участкедегі 11 болыс ел һәм қала қазағы тегіс қабылдады» деп жазады (№33, 9 наурыз, 1918 жыл). Хафиз алдыңғы хабарында «Алаш ұраны» ұйымын құру көзделгенін жеткізсе, кейінгі хабарында жиырма мүшеден тұратын ұйымның құрылғанын хабарлайды. Бұл ұйым Алаш автономиясының Зайсандағы бөлімшесі қызметін атқарды. Оның бір мүшесі Хафиз Сәрсекенің өзі болған. Бұл бөлімшеге Райымжан Мәрсекұлы басшылық жасағаны белгілі. Сонымен қатар Хафиз Алаш жасағының жұмыстарына да атсалысқан. Бұған Ерлан Сыдықов құрастырып, алғы сөзін жазған «Восточное отделение правительства Алаш Орды» (сборник документов) кітабындағы №180 рапорт дәлел бола алады. 1922 жылғы 14 маусым күні жолданған «Колчак қызметінде болған Алашорда мүшелері туралы Косиково 5-ротасының командирі Калмыковқа жолданған жауынгер рапорты. Құпия» деген құжатта Хафиздің де есімі аталып, оның Зайсандағы мектептің мұғалімі қызметін атқаратынын, қазақтың белгілі шешені екені айтылған. Алашорда қозғалысы тараған соң, Хафиз Сәрсеке қайтадан мұғалімдік қызметін жалғаған. 1925 жылы 43 жасқа қараған шағында ауырып дүние салған.

Серікбол ХАСАН

 

255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы