• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

ТЕРМИНОГРАФИЯҒА ТЫҢ КӨЗҚАРАС

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда ұлттық терминографияның тарихы мен қазіргі жетістіктері, алдағы міндеттері сараланды. Конференция жұмысына жетекшілік еткен Қазақстан Респуб­ликасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов терминология мен терминографияның шешімін күткен мәселелеріне тоқтала келе, бұл жиында жас ғалымдардың ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдауды жөн көргенін атап өтті. 

Қазақ терминологиясының, жалпы қазақы дүниетанымның өзіндік бет-бейнесін айқындау үшін сілкініс жасаған кезеңі – Алаш арыстарының кезеңі. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Қошке Кемеңгерұлы, Әлімхан Ермеков, Нәзір Төреқұлұлы, Жұмақан Күдерин және тағы басқа қазақ зиялылары өркениетті елдің өмір тәжірибесін қазақ жеріне енгізуді, қазақ халқын басқа елдермен теңестіруді мақсат етті. 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде, 1926 жылы Әзербайжанның Баку қаласында өткен бірінші бүкілодақтық түркологтар съезінде жоғарыда аталған Алаш арыстары белсене қатысып, төл тіліміздегі оқулықтарды жазып, ғылыми терминология мен ғылым тілін қалыптастыруға жол ашып, зор еңбек сіңірді. Осы кезеңде алғашқы терминологиялық еңбектер, атап айтқанда, Елдес Омаровтың «Физика пән сөздері» (Орынбор, 1923); «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» (Қызылорда, 1926); Қазағыстан оқу кемесеретінің білім ордасы қабылдаған пән сөздерін қамтыған 128 беттік Н.Қаратышқановтың «Пән сөздері» (1927); филология, физика, заң, психология ­сияқты түрлі ғылым салаларына қатысты 8000 термин қамтылған, кирилл-­латын графикасында жазылған «Атаулар сөздігі» (1931), «Терминологиялық сөздік» (1931) Қызылорда қаласынан басылып шықты. Бұл қатарға Қошке Кемеңгерұлы басшылық етіп, Мұстафа Боралқайұлы, Абдолла Байтасұлы, Есім Байғасқаұлы, Шәкір Баймақанұлы, ­Ғаббас Дәулетбекұлы, Сұлтан Темірбекұлы, Төлеу­тай Сәрсенбайұлы қатысқан «Қазақша-орысша тілмашты» (Мәскеу, 1926) да жатқызуға болады. Аталған еңбектің атауына қарағанда терминологияға қатыссыз сияқты көрінгенімен,  1922 жылы құрылған жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия ұстанған терминжасам принциптерінің «Қазақша-орысша тілмашта» айқын көрініс табатынын зерттеу­шілер нақты мысалдармен дәйектейді. 
ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде екі кітаптан тұратын «Терминология сөздігі» жарық көрсе, тәуелсіздіктен кейін қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты салалық терминдер сөздігінің саны өсіп, 1991–1999 жылдары мұндай сөздіктің саны 70-ке жуықтады. 2000 жылы әртүрлі саланың «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік» атты 30 томдық сөздігін әзірлеу ісімен дами түсті. Бұл үрдіс ғылымның түрлі саласына арналған терминдердің түсіндірме, көптілді аударма сөздіктері және электрондық тезаурстардың әзірленуімен жалғасты. 2011 жылдан бері «Termincom.kz» сайты ғаламтор желісінде ашық қолданысқа ұсынылды. Осындай жетістіктер негізінде қазақ терминологиясының алдына ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, электрондық терминқорды жетілдіру, мәтіннен терминдерді автоматты түрде танитын жүйелерді пайдалану, терминографияда ІТ-сервистерді сөздік жасауға қолдану, терминдер жөнінде жүйелі әрі кешенді мәлімет алуға болатын ауқымды дерекқорлар жасау міндеттері қойылып отыр. 
Қазіргі кезде  компьютер лингвистикасының аясында компьютерлік терминтану деген жеке пән де қалыптасып үлгерді. Оның маңызды құрамдас бөлігі – компьютерлік немесе цифрлық лексикография. Цифрлық лексикографияның бір бағыты дәстүрлі сөздіктерді электрондық тасымалдағыштарға енгізумен айналысса, екінші бағыты – терминдерді жүйелеу, құрылымдау, талдау және құрастыру тағы басқа мүмкіндіктері бар автоматтандырылған лексикография. Біз бірінші бағыт бойынша ғана жұмыс істеп жүрміз. Цифрлық терминография термин бірліктерін автоматты түрде іріктеу және талдау, терминологиялық базалар мен онтологиялар құру үшін қажет. Кейбір адамдар мұны ЖИ көмегімен шешуге болады деп ойлайды. Алайда оның дұрыс емесін ЖИ-ге берген мына тапсырманың нәтижесінен аңғаруға болады: ChatGPT-ге -ғыш жұрнақтары арқылы термин жасауға тапсырма бердік. ChatGPT бұл жұрнақтың семантикасын түсініп тұр: бір әрекетті істей/жасай алатын адам немесе зат; ал термин жасау нәтижесі мынадай болды: жазғыш (жазатын адам/құрал: қалам), кескіш, оқғыш (оқығыш), естушіғыш (естуге арналған құрал),  сұлуғыш (сұлулықты жасайтын адам). Мұның ішінде «кескіш» сөзін ғана термин ретінде қабылдауға болады. Демек, термин бөлшектерінің әрбірін түгендеп, оны машина оқи алатындай формаға енгізу, әрі қарай талдау алгоритмін жасау – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Компьютерлік лингвистика саласы әлемде қарқынды дамып жатқанда, еліміздегі жоғары оқу орындарында «Компьютерлік лингвистика» мамандығын көбейту аса маңызды. Дүниежүзінің көптеген елдерінде өз тілдерінің ғылыми әлеуетін көтеру үшін тіл білімі мен заманауи технологияның үйлесімді жұмыс істеу мәселесі жолға қойылған. Ал бізде тіл мамандары ІТ-дың, ал ІТ мамандары тілдің қыр-сырын меңгермеген. Сондықтан қазақ терминологиясы автоматтандырылған ортаға бейімделмей, қол еңбегіне тәуелді күйде қала бермек.
Осындай қордаланған мәселелерге арналған  «Терминография: теория, практика және даму бағыттары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция бұл саланың теориялық және практикалық мәселелеріне, терминологиялық деректер қорын цифрландыру тетіктерін жетілдіру жұмыстарына арналды. 
Конференция барысында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-дәріскері, PhD Рима ­Абдуалиева «Математикалық терминдер жүйесін жасауда нейрондық жүйелерді қолдану ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, ЖИ-ге негізделген WolframAlpha платформасына қазақ тіліндегі математикалық терминологияны бейімдеу жұмысының барысымен таныстырды. Баяндамашы нейрондық жүйелер терминдерді ­автоматты түрде анықтау, аудару, жүйелеу және бейім­деу, сонымен қатар білім беру мазмұнын жетілдіруге де мүмкіндік беретініне тоқталды.  
Цифрлық кеңістіктегі қазақ тілінің будан терминдерін зерттеп жүрген Төлеген Айбергенов атындағы №16 мектептің мұғалімі, PhD Ақжібек Ахмет  өз баяндамасында мұндай терминдердің статистикамен бөлісті. Ғалымның зерттеуі бойынша 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктегі  680 745 терминнің 16 798-і – будан терминдер, яғни 2,47 пайыз құрайтыны анықталған. Салалық тұрғыдан ең жоғары үлес физика мен астрономия саласына (15,2%) тиесілі. Одан кейін геология, геодезия және география салалары (13,5%), сондай-ақ электроника, радиотехника және байланыс салалары (9,67%) келесі орында. Бұл көрсеткіштер будан терминдердің ең алдымен жаратылыстану және техникалық ғылымда жиі қолданылатынын дәлелдейді. Баяндамашы зерттеу жұмысына арқау болған мәселе бойынша әзірлеген электрондық қосымшаларын да таныстырды.  
Конференцияда  Әділет министрлігі Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаментінің бас сарапшысы Мадина Оспаналы заң саласы терминдерін біріздендірудің өзектілігін сөз етті. Заң терминдері – белгілі бір нормалық жүктемесі бар, қоғам өміріндегі қарым-қатынастың сан-салалы мәселелерінде қолданылатын ұғым, ал оған қойылатын басты талап – оның құқықтық дәлдігі, нақтылығы және екіұдай мағынаны білдірмеуі екені тілдік деректер арқылы талданды.  
Әлихан Бөкейхан университетінің аға оқытушысы, PhD Айнұр Несіпбай «Туризм терминдерін электрондық сөздікте беру әдістері» атты баяндамасында электрондық сөздік жасау тәжірибесімен бөлісті. Электрондық сөздікте терминдердің көптілді нұсқаларын ұсыну, іздеу, сұрыптау және сүзгілеу функциялары бар, соның арқасында контекст пен мысалдарды көрсету, мультимедиалық элементтерді (аудио, бейне, сурет) қосу және т.б. артықшылығы баяндады. 
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының кіші ғылыми қызметкері Аягүл Омарова «Электрондық терминография және цифрлық ресурстар: терминдерді стандарттаудың жаңа  мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасында терминдерді стандарттаудың мүмкіндіктеріне тоқталды. Жас ғалымның «Терминологиялық стандарт – құқықтық құжат, оның негізгі міндеті – терминдердің қолданылуын заңнамалық тұрғыдан бекіту» деген пікірі қазақ терминологиясының болашақтағы тағы бір міндетін айқындайды. 
Цифрлық терминография және ұлттық терминологияның міндеттері Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Терминология бөлімінің басшысы, филология ғылымының кандидаты Нұрзия Әбдікәрімнің баяндамасына арқау болды. Онда цифрлық дәуірдегі қазақ терминологиясына қатысты өз ойын ортаға салды. 
Конференцияда ұлттық терминологияны одан әрі жетілдіріп, цифрландыру, автоматты түрде талдайтын жүйеге енгізу, біріздендіру үшін өндіріс, өнеркәсіп және ғылым-білім саласы, мемлекеттік қызметкерлердің басын қосатын Терминология­лық консорциум құру ұсынылды. Олардың жұмысы   белгілі бір саланың терминін реттеуге арналады. Яғни жоғары оқу орындары немесе институттардың  ғалымдары өздеріне қатысты министрліктер, мекеме, өндіріс, өнеркәсіп қызметкерлері және т.б. мүдделі тараптармен қоян-қолтық жұмыс істеп, сол саланың терминдері бойынша консенсусқа келуі маңызды. Нәтижесінде әрбір сала терминдерінің толық тізбесі, дефинициялары, саласы, құрылымы, лексикалық ерекшеліктері, ғылыми мәтіндегі көрінісі, бірнеше тілдегі аудармасы және т.б. мәлімет алуға болатын әмбебап терминологиялық база әзірленуі қажет. Ал Республикалық терминология комиссиясы консорциум мүшелері анықтаған даулы немесе жаңа терминдерді, жеке адамдардан келіп түскен ұсыныстарды талқылап, бекітіп отырса құп болар еді. 

Әйгерім Қожахмет, 
Ш.Шаяхметов атындағы 
«Тіл-Қазына» ұлттық 
ғылыми-практикалық орталығының 
терминология бөлімінің 
жетекші ғылыми қызметкері, PhD

 

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы