• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Қазақ деп соққан жүрек

Қостанай өңірінде де қазақ тілінде еркін сөйлеп, абыройға бөленіп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – Қостанай қалалық полиция басқармасының Оңтүстік бөлімінде криминалист болып қызмет атқаратын аға лейтенант Александра Сорокина.

– «Қостанай облысына қарасты ­Федоров селосында туып өстім. Алдымен орыс мектебіне бардым. Екінші сыныптан бастап осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде білімімді одан әрі жалғастырдым. Анамның сөзі маған үлкен ой салды. Өзім де қазақ тілін білуге құштар болатынмын. Анамның ұсынысын қабылдап, білім ордасының табалдырығын аттадым, – деп бастады әңгімесін ­А.Сорокина. – Бастауыш сыныпта бізге Ғалия Құнанбайқызы дәріс берді. Бағдарламаны бірден игеріп кетуіме ол кісінің ықпалы тиді. Қазақ құрбыларыммен бірге сабаққа дайындалдық. 
Әсіресе қазақ тілі және әдебиеті пәнімен қатар Қазақстан тарихына да аса ден қойдым. Тарих пәні бойынша 7-9 сыныпта олимпиада мен ғылыми жобаларда облыста жүлделі екінші орынға ие болдым. 2017 жылы Қостанай шаһарындағы «Мирас» мәдениет үйінде қазақ тілін мәнерлеп оқудан көзге түсіп, жұртшылықтың назарына іліндім. Орта мектепті қызыл аттестатпен бітірдім. 
Мектептің соңғы сыныбында жүргенде құқық қорғау саласының маманы болуға белді бекем будым. Оның ішінде криминалистика мені қызықтыратын. Құжатымды Қарағанды қаласындағы Бәрімбек ­Бейсенов атындағы академияға тапсырдым. Барлық сынақтан сүрінбей өтіп, тыңдаушы атандым. Төрт жыл зая кеткен жоқ. «Қылмыстық құқық және кримонология» тақырыбында жасаған баяндамам халықаралық байқауда жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Қазақ тілінен республикалық деңгейдегі сайыста эссе жазудан көзге түстім. Астанада өткен салтанатты жиында лейтенант шенін Президенттің қолынан алдым. Бұл күн менің жадымда мәңгілік сақталары анық. Абайдың қара сөзі мен «Абай жолы» эпопеясы, Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы тілдік қорымды байытуға септігін тигізді». 
Александраның ойынша, бәрі де ниетке, шын жанашырлыққа, талпынысқа келіп тіреледі. Қазақстанда тұратын кез келген ұлттың өкілі мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгергендері жөн. 
– «Мен өзімнің ана тілімді ешқашан ұмытпаймын. Бірақ мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жазуды парызым деп есептедім. Қазір шынымды айтсам, жан дүнием де қазақ болып кеткен секілді. Тіл үйренуде жас шекара болмайды. Әңгіме ниет пен тілекте жатыр. Мен Қазақстанда дүниеге келіп, осында өсіп, жоғары білім алдым. Таңдаған мамандығым бойынша қызмет атқарып жүргенімді мақтаныш етемін. Келешекте қазақ жігітімен тағдырымды қосып, осы ұлтқа келін болуды армандаймын. 
Ал күнделікті кәсібіме келсем, криминалистиканың мақсаты – қылмысты ашуға ықпал ету. Оның да өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Соған төзіп, шыдамдылық танытқандар ғана мамандықтың шыңына көтеріледі», – дейді Александра Сорокина. 

 Оразалы Жақсанов

197 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы