• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Сын – ғылымның қозғаушы күші

Мейірбек Мұсатаев – машиналық оқыту, құйынды ток диагнос­тикасы, CFRP материалдарын бақылау сияқты күрделі бағытта ізденіп жүрген жас ғалым.  Ол Қазақстанда бір емес, төрт зертхана ашып, «бұзбай бақылау» саласында ұлттық ғылыми мектеп қалыптастыруды қолға алған санаулы инженердің бірі. 


– Томск политехникалық университетіндегі білім мен ұстаздар туралы әңгімемен сұқбатты бастасақ… 
– Магистратурада бізге «Рентгендік микротомографтың динамикадағы электромеханикалық позициялау жүйесі» деген күрделі ғылыми тақырып ұсынылды. Бұл бағыт бастапқыда техникалық тұрғыдан өте терең көрінгенімен, кейінгі зерттеулеріме зор септігін тигізді. Кейінгі жылдары жүргізген екі PhD зерттеуімнің бірі – бүлінбеуді бақылау мәселесіне арналды. Сол тақырыптың дәл осы бағытпен аттас болып шыққаны кездейсоқтық емес деп санаймын. Магистрлік диссертациямның басты мақсаты – рентгендік микротомографтың жұмыс үстелін дәл әрі жылдам қозғалтуға арналған көпкоординаталы электромехатрондық жүйе жасау еді. Зерттеу барысында құрылғының негізгі жұмыс үдерісі модельденді. Соның нәтижесінде жасалған жүйе микротомографтың талаптарына сай жоғары дәлдік пен жылдамдықты қамтамасыз етті. Бұл бағыттағы ғылыми жетекшім марқұм Садық Смайлов еді. Татар ұлтынан шыққан, зиялы ғалым. Ал магистрлік бағдарламаның жетекшісі – профессор Петр Крауиньш. Ашық айтсам, ғылыми дүниетанымымды қалыптастыруда осы кісі көп ықпал етті. Ұстаздарым магистратура аясымен ғана шектелмейді. Мені ҰБТ-ға дайындаған математика мұғалімі Аширали Ниетбаев, IELTS тестіне дайындаған Сәуле Әнуарбекқызы, сондай-ақ кәсіби біліктілігімді шыңдаған Валерий ­Лобанков – әрқайсысы білім ­жолымда өшпес із қалдырды. 
– Томск инженерлік мектебі – посткеңестік кеңістіктегі ең қуатты ғылыми ортаның бірі. Сол ортада сізге ерекше әсер еткен ғылыми мәдениет немесе әдістемелік тәсілді ортаға салсаңыз.
– Бұл сұраққа менің тәжірибемді ең дәл ашып көрсететін мысал – «SolidWorks» бағдарламасы бойынша өткен қосымша курс. Томск инженерлік мектебінің қағидасы қарапайым: теория – тек идея; практика – сол идеяның ақиқаты. Сол курста бізге инженерлік графика, конструкторлық ойлау, сызба мен есептің бір-бірімен «сөйлесуі» –  бәрі біртұтас инженерлік мәдениет ретінде түсіндірілді. Теорияны модельдеумен дәл байланыстырмайынша, тапсырма толық орындалмады деп есептелетін.
– PhD-ді Ұлыбританияда оқыдыңыз. Сіз машина жасау мен материалтану саласының инженері, кейін NDT бағытындағы зерттеушісіз. Сол жолдың басындағы ең басты кедергі не? Жаңа жердегі тіл ме, орта ма, өзіңізге деген сенім бе, әлде жүйе ме?
– Шын мәнінде Ұлыбританияға жолым Қытайдан басталды. Алдымен машинажасау бойынша PhD бағдарламасына Гуйлинь қаласында оқуға түскен едім. Бұл кезеңді тұманды Альбионға дайындық мектебі деп қабылдаймын. Гуйлиньге баруымның бір себебі – Аватар фильміндегі табиғатқа ұқсас көрініске қызықтым және интернеттегі сая­хатшылардың жазбасына сендім. Бірақ қыркүйек-қазан айларында ғана табиғаты көркем, қалған уақытта тропикалық орманның ылғалды ауасы, кешкісін бақа-шаян мен жыландардың «оркестрі» ұйқы бермейтін. Қытай тілін білмесең нан сұрап жеу де қиын, адал тамақ табу да оңай емес. Сол ортада жалғыздық пен тілдік тосқауыл мені қатты сынады. Әр күнімді әскери тәртіппен жоспарлап, соны орындауға мәжбүр болдым. COVID-ке дейінгі бір жарым жыл бойғы тәжірибе Құдайға деген сенімімді шыңдады. Ұлыбританияға бару шешімім дәл осы сынақтан кейін пісіп-жетілді. 
– PhD тақырыбыңыз ауқымды екен: «Машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, теміржол рельстерінің ақауын анықтау үшін бағытталған құйынды ток датчигі негізінде жүйе әзірлеу. Өндіріс желісінде көміртекті талшықпен нығайтылған полимерлерді құйынды токпен бақылау». Осы күрделі ғылыми жұмысты қарапайым тілмен түсіндірсеңіз: нақты не зерттеп жатырсыз, және ол күнделікті өмірімізге қалай әсер етеді?
– Қазір елімізде адамдар жиі саяхаттай бастады. Сол кезде көпшілікті мазалайтын сұрақтың бірі – әуе билеттерінің бағасын қалай арзандатуға болады деген мәселе. Бұл тікелей ұшақтың бөлшектерін жасап шығару шығынына байланысты. Мысалы, Airbus A350 немесе Boeing 787 ұшағына мінбеген адам кемде-кем. Ал осы ұшақтар салмағының жартысынан көбі көміртекті талшықпен нығайтылған полимерлерден (CFRP) жасалған. Материал кәдімгі шойын­нан 4–5 есе берік, ал алюминийден шамамен 40 пайыз жеңіл. Демек, ұшақ жеңіл болған сайын жанармай аз жұмсалады, билет құны да арзандайды. Сондықтан әлемде осы материалға сұраныс жылдан жылға артып келеді.
Біз өндіріс желісінде осы материалды автоматтандырылған талшық төсеу (AFP) машинасы арқылы дайындау кезінде пайда болатын ақауларды дер кезінде анықтау жолын зерттеп жатырмыз. Ол үшін арнайы құйынды ток датчиктерін әзірледік. Датчиктер материал төсеу барысында ақауды нақты уақытта көрсетіп береді. Қазір Назарбаев университетімен бірігіп, осы идеямыз­ды ғылыми гранттық жобаға тапсырдық. Өндірісте қолданылатын лазерлік профилометрияға қарағанда біздің датчиктің мүмкіндігі жоғары. Ең бастысы – құны 400 есе арзан болады деп ойлаймыз. Яғни өндіріс шығынын азайтып, сапаны арттыруға жол ашады. Мұның барлығы түптеп келгенде авиация саласында билет бағасының қолжетімді болуына ықпал етуі мүмкін.
– Зерттеу бағытыңыз – инженерлік диагностика, материалдардағы ақауды анықтау және машиналық оқыту әдістері арқылы деректерді талдау. Осы бағытты таңдауыңызға не себеп болды? 
– «Машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, теміржол рельстерінің ақауларын анықтау үшін бағытталған құйынды ток датчигі негізінде жүйе әзірлеу (AP26102347)» атты ғылыми жобаның жетекшісімін. Бұл идея елге оралған соң «немен айналысамын?» деген алаң көңілден туындады. Екі жылға жуық уақыт бойы кешкі және демалыс күндерімді (сенбі-жексенбі) осы іске арнағанымның жемісі деп айтуға болады. Себебі елімізде көміртекті талшықпен нығайтылған полимерлер өндірісін айтпағанда, бүлінбеуді бақылау саласында өз отандық датчик шығаратын ғылыми мекеме жоқ. Сол себепті өзім бітірген теміржол академиясының (қазіргі ALT университеті) «Автоматтандыру және басқару» саласында алған білімімді пайдаланып, рельстердегі ақауды анықтайтын датчик құрастыруды жөн көрдім. Бастамаға мемлекет қолдау көрсетіп, 120 млн теңгелік жобаны жеңіп алып, осы саланы дамытуға кірістік. Дәл осы шешімге Ұлыбританиядағы «Бұзбай бақылау саласындағы болашақ инновациялар бойынша докторлық дайындық орталығы» (FIND‑CDT) ұйымдастырған, EPSRC қолдауымен Манчестер университетінде өткен «Электромагнетизм» курсы әсер етті. 2022 жылғы жазда бір апталық осы курс барысында Elmer Sperry негізін қалаған компанияның техникалық директоры (Sperry Rail, Inc) дәріс оқыды. Содан бері сенбі-жексенбі күнімді түгел зертханада өткіздім. 
– Қарапайым адамға түсіндірсеңіз: сіздің бағытталған құйынды ток датчигі (directional eddy current probe) не істейді? Оны мысалы, пойыз рельсін тексеретін «ақылды сезгек» деп атауға бола ма? 
– Иә, «ақылды сезгек» деген атау өте орынды. Құрылғыны қарапайым тілмен айтсақ, пойыз рельсіндегі жарықтарды, деформацияларды немесе басқа ақауларды автоматты түрде анықтайтын жүйе. Ол тексеру үдерісін жылдамдатып әрі қауіпсіздікті арттырады. Жүйе деректерді жинап, талдап, операторға нақты ескерту береді. Ал ғылыми тұрғыдан айтсақ, біздің бағытталған құйынды ток датчигі Майкл Фарадейдің электромагниттік индукция заңына негізделген. Оның таратушы компоненті негізгі магнит өрісін жасайды, ал өлшегіш компоненті материал бойынан кері бағытта пайда болатын құйынды токтың екінші магниттік өрісін өлшейді. «Бағытталған» деп аталуының себебі – катушка белгілі бір бағыттағы магнит өрісін жасайды. Сол өріс арқылы дәл сол бағытта орналасқан ақауларды қоздырып, анықтауға болады. Яғни датчик нақты бағыттағы жарықты «сезіп», операторға хабар береді.
– FEM (Finite Element Modelling) тәсілін жиі қолданасыз. Компьютерлік модель­деу және нақты эксперимент арасын­дағы шекара қай жерде? Ғалым қандай кезде «модельге сенуге болады» деп айта алады?
– Сұрақ біздің жұмысымыздың жүрегіне дөп тиді. FEM (Finite Element Modelling) бізде тек бастапқы талдау мен датчик параметрлерін таңдауға қолданылады. Яғни ол негізгі шешім қабылдайтын құрал емес, көмекші әдіс ретінде қарастырылады. Компьютерлік модель қаншалықты күрделі болса да, ол тек болжам жасайды. Ал сол болжамды тәжірибе растаса ғана «модельге сенуге болады» деп айта аламыз.  
– PhD кезінде әлемдік деңгейдегі мамандармен (Prof. Paul Wilcox, Dr. Robert Hughes, Prof. Roger Lewis, Dr. Qiuji Yi) бірге жұмыс істедіңіз. Олардың әрқайсысы сіздің ғылыми көзқарасыңызға қалай әсер етті? Жалпы, ғалым адам деген кім? 
– Маған мыңдаған адам ұстаздық етіпті. Бірақ санаулы ғана адамдар мені шын мәнінде шәкіртім деп мойындады. Шәкірт бола білу – нағыз сын дер едім. Сіз атаған ұлағатты ұстаздардың есімі менің өмірімде алтын әріптермен жазылуға тиіс. Бірақ, ең қарапайым өмір қағидаларын үйреткен ұстазым – анашымның орны бөлек. Анам жастайымнан Жүсіп Баласағұн атамыздың «Құтты білігін» оқытушы еді. 
– Жетекшіңіз профессор Пол Уилкокс NDT саласында беделді тұлға. Ол сізге тек ғылыми әдіс үйретті ме, әлде өмірлік сабақ, бағыт-бағдар да берді ме?
– Пол Уилкоксті білетін адамдар оны «бүлінбеуді бақылау саласында машиналық оқыту әдістерінің атасы» деп атайды. Өз заманының нағыз таланты, әрі болашақта өз саласының майталмандарын анықтауды жетік меңгерген көшбасшы. Ағылшын еліндегі мамандар студенттің депрессияға түсуінен сақтанып, өмірлік бағыт-бағдар бермей, тек ғылыми дайындыққа назар аударады.
– Қазақстандағы жетекшілік дәстүрі мен батыстағы ғылыми тәлім жүйесінің басты айырмашылығын қалай түсіндірер едіңіз? 
– Бірде ғылыми конференцияда бізге біреу презентациясын ұсынды. Сол сәтте біздің қоғамда әдеттегідей тақырып пен университеттің атын талдап, жобадан қандай деңгейдегі ғылыми жұмыс күтілетінін сынай бастадық. Кейін ойланып қарасам, мұндай тәсілдің өзі біздегі дәстүрдің ерекшелігін көрсетеді екен. Ал Батыстағы ғылыми тәлім жүйесі мүлде басқа. Маған Америкадағы ASNT ұйымы симпозиумға қатысуға жол шығынын жабатын сыйақы ұсынып, шақыр­ған еді. Сол жерде әр сала бөлек залда өтіп, өзің қатысқың келетін ғалымдардың жұмысын таңдауың керек болатын. Сол кезде түсінгенім: батыс жүйесі ғылыми жұмыстың ортасына адамды қояды. Ғылыми сұрақты сіз ғана талдап, шешімін сіз ғана көріп ұсына аласыз. Экспериментті сіз ғана солай құрып, өлшей аласыз. Манчестер университетінде жүргенде Prof. Steven Dixon-ға бағытталған датчик ерекшелігі туралы сұрақ қойғанымда, ол: «Бұл сұрақтың жауабын сұралушы адам сұрап тұрған адамнан көп білмейді» деген еді. Сол сәтте мен батыстан бізге не үйрену қажет екенін түсіндім: олар таланттарды жинап, бағыт-бағдар бере отырып, апта сайын студенттердің жобадан алған біліктілігін ашу арқылы өздері де дамиды. Студенттің жобадан үйренген терең білімін профессордың өзі толық білмеуі мүмкін, бірақ ол шәкірттің ­дамуына жағдай жасайды. Ал бізде профессордың студентпен жеке бір сағат жұмыс істеуі сирек кездеседі. Тағы бір айырмашылық – мұғалім мен студенттің менталды денсаулығына арналған арнайы курстардың жоғы. Мен елге оралған соң осы бастаманы қолға алмақ болдым, бірақ елімізде ғалымдар ең негізгі қажеттілігін қамтамасыз ете алмай жүргенін көріп, әзірге бұл мәселе екінші кезекке қалды деп ойладым.
– Қазақстан мен Ұлыбританияның ғылыми ортасын салыстырсаңыз, басты айырмашылық не деп ойлайсыз – көзқараста ма, қаржыландыруда ма, әлде зерттеушіге сенімде ме?
– Меніңше, басты айырмашылық – зерттеушіге деген сенімде. Мысалы, «Ультрадыбыс және бұзбай бақылау тобы» (UNDT) жетекшісі әрі менің дамуымды сырттан бақылаған профессор Брюс Дринквотерді алайық. Ол кісінің бес жыл ішінде бірде-бір студентке «мынаны неге былай істемедің» деп сөккенін көрмеппін. Ұлыбританиядағы ғылыми орта әр адамның даму жолын қайталанбайтын сара жол деп қабылдайды. Ғалым қателессе де, құласа да, оны қайта тұрғызуға тырысады. Оның менталды, рухани құлдырауына жол бермейді. Пол Уилкокспен бірге болған бес жылда ол маған бір-ақ рет ескерту жасағаны есімде. Бұл да олардың сенім мәдениетін көрсетеді. Ғалымға сенім  оның потенциалын ашуға мүмкіндік береді. Мұны растайтын талай ғылыми зерттеу бар: адамға сенім артылғанда, оның үлгерімі мен нәтижесі айтарлықтай жақсарады. Ал сын – ғылымның қозғаушы күші. Оны жеке реніш емес, кәсіби қолдау ретінде қабылдауды үйренсек, ғылыми орта да, адамдар арасындағы сенім де нығаяды.
–  Келер жылдары өз зерттеу бағытыңызды қай арнада тереңдеткіңіз келеді? 
– 2023 жылдан бастап төрт зертхана ашу жобасын бастадық. Соның бірі – біз құрған «Бүлінбеуді бақылау институты» ЖШС қазір Қазақ-Британ техникалық университетінде жұмыс істеп тұр. Ал қалған үш зертхана Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінде, Назарбаев университетінде және Батыс Қазақстан техникалық университетінде құрылып жатыр. Бұл туралы YouTube каналымызда толығырақ ақпараттар бар. Зертханалар – университет пен өнеркәсіп арасында көпір болатын, артық бюрократиясыз жұмыс істейтін жеке ғылыми орталық желісі. 
– Өзіңіз ғылыми мектеп құрсаңыз, оның басты қағидасы қандай болар еді?
– Барлық аталған қағиданы сақтай отырып, біз құрған «Бүлінбеуді бақылау институты» ЖШС-ның басты мақсаты – әлемдегі үздік 100 ғылыми топтың қатарына ену. Сонымен қатар, ана тілімізде SCOPUS-тың ең жоғары Q1 санатына кіретін ғылыми журнал шығару. Яғни еркін ой да, әділдік те, адамға құрмет те, инновацияға ашықтық та – бәрі бір-бірін толықтыратын қағида. Ғылыми институттың тірегі – осы құндылықтарды қатар ұстану. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы