• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Ауылды дамытуға арналған қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін Ақорда төріне жинап, диалог-платформа өткізді. Ауыл әкімінің биік мінберден сөз алуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір тетігі екенінің көрінісі. Президент өз сөзінде ауылдың дамуына ерекше мән беретінін, алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанын атап өтіп, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. «Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр» деді Мемлекет басшысы. Астанадағы ауыл әкімдерінің келелі жиынына қатысып, ой түйіп қайтқан, бірнеше әкімге сауал қойып, пікірін білген едік.

Нақты мәселені шешуге мүмкіндік береді

Елдос Жүсіп,
Қызылорда облысы Шиелі ауданы Еңбекші ауылының әкімі: 

– Менің ойымша, ауыл әкімдерінің форумын Президент деңгейінде өткізу – уақыт талабы. Себебі ауыл тақырыбы тек жергілікті атқарушы органдардың күн тәртібіндегі мәселе емес. Ауыл – еліміздің демографиялық, әлеуметтік және мәдени тірегінің өзегі. Сондықтан ауыл әкімдерінің жұмысын жоғары деңгейде талқылау осы салаға мемлекеттің саяси назарының күшейгенін көрсетеді.
Бұл форум, бір жағынан, әкімдердің есеп беруі болса, екінші жағынан, ауылды дамытуға қатыс­ты нақты шешім қабылданатын стратегиялық басқосуға айналып отыр. Президенттің кездесуге тікелей өзі қатысуы ауыл әкімдерінің мәртебесін көтеріп, олардың жауапкершілігі мен бастамашылдығын арттырады. Жалпы алғанда, мұндай форум ауыл мәселесін эмоциямен емес, дерек пен нақты жоспармен шешуге мүмкіндік береді.
Ауыл бюджетінің әлсіздігі – еліміздегі өңірлік дамудың басты тежегіштерінің бірі. Мәселені шешу үшін бірнеше бағытты нақты атап өтуге болады. Мысалы, ауылға салықтық базаны кеңейту қажет. Осы ретте Мемлекет басшысының елдімекен территориясында орналасқан өндіріс орындарынан белгілі бір межеде салық төлеу жөнінде заңға өзгерістер енгізуді ұсынғаны көңілге демеу болды. Сонымен қатар ауылға арналған мемлекеттік бағдарламалардың қаржысы тиімділікті өлшейтін нақты индикаторларға байланғаны жөн. Қаражат бөлінді, игерілді деген есеп емес, ауылдағы тіршілік, су, жол, байланыс, медицина, мектеп сапасы ­сияқты нақты көрсеткіштер бағалануға тиіс. Жиында барлық өңірден жиналған ауыл әкімдері көкейде жүрген мәселелерін ашық жеткізді. Мәселен, Абай облысының шет аймақтағы елдімекенінен келген әріптесіміз «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айта келе, қазір ауыл әкімдерінің басты проблемасы болып тұрған елдімекендерді арнайы техникалармен қамтуды қозғағады. Бұл жайт Президент тарапынан оң шешімін тапты.
Президенттің баяндамасынан түйген ой – ауыл енді «әлеуметтік жүктеме» емес, ел дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Мемлекет басшысы әкімдердің жауапкершілігін күшейтумен қатар, оларға нақты құқық беру қажет екенін де айтты. Бұл – орталық пен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартатын дұрыс қадам. 
Тағы бір маңызды жағдай – ауыл әкімдерінің кәсіби әлеуетін арттыру туралы бастама. Ауыл басшысы – жай әкім емес, шағын қауымдастықтың менеджері. Сондықтан оларға білім, құқық және дербестік қажет. Президенттің пәрмені ауыл дамуының жаңа саяси кезеңге шыққанын көрсетті деп ойлаймын.

Келешекке үміт пен сенім

Сәуле Әліпова, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылының әкімі: 

– Президент өз сөзінде «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей  жұмыс істейтін мемлекетшіл қыз­меткер» деді. Ауылдың әл-ауқатының жақсаруына, тұрмыс сапасына жауапкершілік артатын ауыл әкімі. Алайда қолындағы кейбір құзыреттің жоқтығынан осы жұмыстарды атқаруда кемшіліктер кездесетіні жасырын емес. Мемлекет басшысының ауыл әкімдеріне назар аударып, ашық диалогқа шақыруы өте орынды. Ауыл әкімдеріне хаттамадан тыс сөйлеп, өз ұсынысын ашық айтуға рұқсат берді. Айтылған ұсыныстарды сол замат жауапты министрліктерге шешуге пәрмен берді. Бұл ауыл әкімдеріне болашаққа деген үміт пен сенім сыйлады. Ауыл халқының әлеуетін көтеру үшін мұндай маңызды форум өткізіліп тұруы өте қажет деп ойлаймын. 
 Ауылдың салық түсімінің қазіргі күні 6 түрі бар. Бұл қаржы жетімсіз, ауыл аудандық және облыстық бюджетке тәуелді. Сол себепті, ауылға салықтың түсімдер саны мен түрін ұлғайту керек. 
Бұл ретте ауылда кәсібі бар, бірақ өздері қалада тіркелген кәсіпкерлердің тіркеуін сол ­елдімекенге алып келу ­маңызды. Сонымен бірге ауылдағы ­сауда-саттықты, экологиялық ­айыппұл түсімін бақылауды ауыл әкімдіктеріне беру қажет. 
 Ауыл Қазақстанның өркендеу көрсеткішінің басты тетігі болғандықтан, Президенттің ауыл әкімдеріне назар аударуы құптарлық қадам. Себебі ауыл әкімдерінің құзыретін күшейтпей ауылды дамыту мүмкін емес екенін уақыт дәлелдеп берді. 
Бұл ретте Президент ауыл әкімдеріне құзыреттілікті күшейте отырып, жауапкершілікті де нықтады. Форумнан ауыл әкімдері жайбарақаттықты  қойып, халыққа адал жұмыс істеу қажеттігінің маңызын түсінді.

Толғандырған сауалға жауап алдық

Нұржамал Бектайқызы, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы  Ақжар ауылының әкімі:

– Мемлекет басшысының жергілікті халықтың, соның ішінде шалғай елдімекен тұрғындарының тыныс-тіршілігін білгісі келгені қуантты. Мұндай жиынның ең болмағанда 2 жылда бір рет өткізіліп тұрғаны дұрыс. Себебі қазіргі ауыл әкімдері сайланбалы жолмен келгендер, оның ішінде, бұрын мемлекеттік қызметті жұмыс істемеген, кәсіпкерліктен, не болмаса өзге де саладан келген әкімдер бар. Кешегі диалог осы айырмашылықты бірден байқатты. Жалпы әкімдер министрлерге, мәжіліс депутаттарына еркін сұрақ қоя отырып, өзімізді толғандырған сұраққа жауап алдық әрі тәжірибе алмастық.
Форум ауыл бюджетіне біраз өзгеріс болатынын айқын  айқын көрсетті. Түрлі ұсыныс та болды. Бұрын коммуналдық шаруашылықтар құрылғаны есте. Оның қаншалық нәтиже бергенін білмеймін. Қазір осы жобаны қайтадан қолға алу қажет секілді. Себебі тазалықпен айналысатын техника ауадай қажет. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен соңғы үш жылда «Үлгілі елдімекен» конкурсы өткізіліп, таза, көркейген ауылға техника беріліп жатыр. Биыл біз «Үздік елдімекен» аталымын жеңіп алып, тіркемесі бар трактор алдық. Бұл ауыл үшін үлкен көмек. Осындай бастамалар болса, оның штаты, жанар-жағар майы бөлініп тұрса, ауылдық округтерде қосымша қаржы түсіруге мүмкіндік болар еді.
Біріншіден, үлкен аманаттың мойнымызда екенін тағы бір рет сезіндік. Екіншіден, Президент баяндамасында көрсетілген жұмыстарды үйлестіріп қана қоймай, ауылды дамытудың кешенді жоспарын жасап, сол бағытта жұмысты жалғастыра береміз. 

Жазып алған
Бағдагүл Балаубай

 

205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы