• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

«Аңдар шаһары 2» – қазақ тілінде

Алматыда  Disney студиясының әлемге танымал «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесері өтті. Қала орталығындағы кинотеатрға елімізге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, дубляж актерлары, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналды. Ал фильмді көрермен 27 қарашадан бастап көре бастады.


Премьера – биылғы Disney студиясының қазақ тілінде «сөйлеткен» төртінші туындысы. Әлемдік киностудиялардың фильм­дерін түрлі елдің мәдениетіне бейімдеп, 40-қа жуық тілде дуб­ляждау Disney үшін қалыптасқан тәжірибе екені белгілі. Алайда кейінгі жылдары қазақ тілінің бұл қатарға нақты әрі тұрақты түрде енуі – елдегі тіл саясатын, мәдени сұранысты және көрермен талғамын айқындайтын айрықша белгі. Халықаралық «Qazaq tili» қоғамының бастамасымен соңғы жылдары ірі студиялар өзінің әлемдік премьераларын қазақ тілінде шығара бастады. Осы бастама нәтижесінде Disney 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» фильмдерін толық қазақ тіліне дубляждап, қаржыландырды. Ал биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич» және «Элио» туындылары да көрерменге жол тартты. Енді сол қатарға «Аңдар шаһары 2» қосылып, Disney контенті қазақтілді көрермен үшін бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.
Тұсаукесерге дубляж актерларының толық құрамы келіп, көрерменмен жүздесті. Фильмнің басты кейіпкерлерін қазақша сөйлеткен артистердің қатарында актриса және әнші Сабира Жарасқызы – Джуди Хоппстың, театр және кино актеры Бақытжан Әлпейіс – Милтон Рыcевичтың, актер Асан Мәжит – Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), ал Еркебұлан Дайыров – Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын дыбыстады. 
Фильмнің орыс тіліндегі нұсқасына да Қазақстаннан өнер өкілдері атсалысты. Блогер Артур Асқарұлы Мэр Ржевальскийдің дауысын, ал актриса, әнші әрі КВН Жоғарғы лигасының чемпионы Гүлнар Селбаева Барашкистің дауысын дыбыстаған. Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев Когтяузерді (Клаухаузер) қазақша да, орысша да өзі дыбыстады.
Премьера барысында Халықаралық «Qazaq tili» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ дубляжының әлемдік кеңістіктегі орнын ерекше атап өтті. 
«Енді «Аңдар шаһары» сынды танымал туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерісті көрсететін елеулі оқиға. Әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді», – деді Р.Кенжеханұлы.
Disney студиясының қазақша дубляжы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Бұрын қазақ тіліндегі аудармалар жекелеген бастамалар аясында жүзеге асса, қазір бұл – әлемдік студиялардың ресми, жүйелі бағдарламасына айналды. Қазақ тілі әлемнің ең көп дубляждалатын тілдерінің қатарына еніп, контент индус­триясында тұрақты орын ала бастады. 

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы