• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Адал азамат – ел болашағының тірегі

Қоғамның келешегі – бүгінгі өскелең ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың қандай азамат болып қалыптасуы – ең алдымен бала тәрбиесіне, отбасындағы және мектептегі өнеге мен тәрбиеге тікелей байланысты. Сондықтан адал, әділ, еңбекқор, жауапкершілігі ­жоғары, елін сүйетін азамат тәрбие­леу – әрбір ата-ана мен ұстаздың ­қасиетті ­борышы.


Отбасы – баланың алғашқы тәрбиелік ортасы. Әке мен ананың әр ісі, әр сөзі балаға өнеге. Егер отбасыда сыйластық пен әділдік, еңбекқорлық пен ізгілік салтанат құрса, бала сол қасиетті бойына сіңіріп өседі. Ал мектеп – сол тәрбиені толықтырып, бағыттайтын рухани орта. Ұстаз баланың жүрегіне жол таба білсе, оның бойындағы жақсы қасиетті оята алады.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев биылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде «білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, ол елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 
– Бұл бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады. Сондай-ақ мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынамын. Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ, – деді мемлекет басшысы.
Ал біздің білім ордасында адал азамат тәрбиелеу бағытында мектебімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – оқушының бойына адалдық, әділдік, еңбексүйгіштік, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді дарыту. Мектеп ұжымы мен ұстаздар қауымы оқушыларды қоғамдық жұмыстарға, еріктілікке, мәдени және рухани іс-шараға қатыстыру арқылы олардың адамгершілік, патриоттық сезімдерін арттырады. Мектебімізде «Адалдық сағаты», «Парасаттылық бұрышы», «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, «Өзін-өзі басқару» ұйымдары сияқты түрлі жобалар табысты жүзеге асып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы – Президенттің «Адал азамат – ел болашағының тірегі» деген ұстанымын өмірде жүзеге асырудың нақты көрінісі.
Адал азамат тәрбиелеу – ұлт болашағына қызмет ету. Себебі адал адам өз елінің дамуына үлес қосады, қоғамда әділдік пен сенім орнатады. Сондықтан бала тәрбиесінде материалдық құндылықтан бұрын, рухани-адамгершілік құндылықтарға баса назар аударуымыз қажет.
Бала тәрбиесі – ел тәрбиесі. Әрбір ата-ана мен ұстаз өз борышын адал атқарса, қоғамда парасатты да адал азаматтар көбейеді. Адалдық – мәңгілік құндылық, ал оны баланың ­бойына дарыту – үлкен тәрбие.

Ғалия Әбшеқызы,
 Шамалған бекетіндегі 
жаңа қазақ орта мектебі
директорының тәрбие ісі 
жөніндегі орынбасары

352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы