- Ақпарат
- 04 Желтоқсан, 2025
САДЫҚ АХУН МҰРАСЫ – ҒАЛЫМДАР ҚОЛЫНДА
Сыр өңірінде ислам дінін насихаттаумен қатар, халыққа білім беріп, қоғамдық сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – Садық ахун (1860–1937 жж.).
Ұлттық кітапханада Садық Қодарұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Садық ахун – Сыр елінің мақтанышы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын барысында ахун қолжазбалары Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына тапсырылды. Тағылымды іс-шараға ғалымдар, дәрігерлер және ахунның ұрпақтары қатысты.
Қызылорда облысы Сырдария ауданы Ақжарма ауылында дүниеге келген Садық ахун Бұхарадағы атақты «Көкілташ» медресесінде оқып, «ахун» дәрежесін алған. Медресе жанындағы дәрігерлік мектепте Ибн Синаның ілімін меңгерген. Ұзақ жыл бойы Сыр өңірінде мешітте имам болады, сондай-ақ емшілігімен елге танылады. Белгілі зерттеуші, өлкетанушы, журналист Тынышбек Дайрабайдың айтуынша, Садық Қодарұлы 1927 жылы қызмет бабымен елде жүрген Қаныш Сәтбаевты және басқа лауазымды тұлғаларды да емдеген. Ахун ислам ілімін насихаттап қана қоймай, дәстүрлі шипагерлікті қатар ұстанған.
Жиында ахунның немересі, медицина ғылымының кандидаты Толқын Садықова атасының дәрілік шөптерді қалай қолданғаны жөнінде баяндама жасады. Бүгінде Садық ахунның оннан аса немере-шөбересі медицина саласында қызмет етеді.
Садық ахунның мол діни-ғылыми мұрасының бір бөлігі осы күнге жетті. Іс-шара барысында ахун ұрпақтары бірнеше көне қолжазбаны Ұлттық кітапхана қорына табыс етті. Қолжазбатанушы ғалым, PhD Өмір Тұяқбай: «Дала өркениетінің үлкен бір саласы – медицина ғылымы. Сол ғылымды біз далалық медицина деп атадық. Соңғы үш жылда қазақ даласында жазылған көне медициналық трактаттарды аудара бастадық. Көшпелі халық далада өскен шөптің қадірін жақсы білген, әр шөпті емдік қасиеті толатын кезіне қарай жинаған. «Скиф шөптері» деп аталатын жусан сияқты шөптерді Еуропаға тасымалдаған», – дей келе, Садық ахуннан қалған қолжазбаларға тоқталды. Енді бұл құнды жәдігерлер зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіледі және рухани қазынамыздың қатарына қосылады.
Дина Имамбай
324 рет
көрсетілді0
пікір