• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Ең жақсы дәрі – көтеріңкі көңіл күй

Отандық дәрі-дәрмек саласы ­алдағы уақытта дами түспек.Үкімет отырысында Премьер-­министр Олжас Бектенов отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялар туралы келісім жасалып жатқанын атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіру бойынша 9 инвес­тициялық жоба қолға ­алынды. Олжас Бектенов осы орайда ­Денсау­лық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, үш ай ішінде барлық ұйым­дастыру жұмысын аяқтап, инвес­торлармен келісімнің жасалуын қамтамасыз етуді тапсырды.


– Дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушы үшін бірыңғай ережелерді бекітті. Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден аса қаржы үнемдеді. Қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады. Сатып алу бағасының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ біз азаматтарымыздың мүддесін басшылыққа алуымыз керек. Дәрі әділ бағамен сатып алынады. Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі, –  деп атап өтті Премьер-министр. 
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылға арналған препараттарды сатып алу жаңартылған жүйе бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Дәрі-дәрмектердің кең тізімінің құнын төмендету нәтижесінде айтарлықтай бюджеттік тиімділікке қол жеткізілген. Бірқатар жоғары шығынды дәрілік зат бойынша бағалар 50 пайыздан 300 пайызға дейін төмендеді. Бұл, ең алдымен, онкологиялық препаратқа қатысты. Мысалы, иматиниб дәрісі бойынша баға 9 450 теңгеден 2 348 теңгеге дейін, ал бевацизумаб дәрісінің бағасы 360 мыңнан 77 мыңға дейін төмендеді.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек өзге де сала  бойынша айтарлықтай арзандаған. Осылайша, антибиотик цефепим бойынша бюджетті үнемдеу 174 млн теңгені (-40%), ал иммунобиологиялық препарат экулизумаб бойынша – 424 млн теңгені (-18%) құрады. Ең жоғары бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ететін ТОП-10 препаратқа бевацизумаб, иматиниб, сорафениб және сунитиниб сияқты препараттар кірді. Сондай-ақ инсулин деглудек, метотрексат, элтромбопаг, будесонид және йопромид бағасы айтарлықтай төмендеді.
Өзгерістер бөлшек сауда нарығына да әсер етті. 4 900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралған. Қазан-қараша айларында дәріханалардың мониторингі танымал препараттардың құны орта есеппен 12 пайызға төмендегенін көрсетті. Мысалы, «цефапс» препараты 31, зитмак– 20, ал «р» – 32 пайызға арзандады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, негізгі отандық өндірушілер жаңа ережелерге бейімделіп, дәрі-дәрмектер желісінің бағасын төмендетіп үлгерген. Үнемделген қаражаттар ең алдымен алғаш рет анықталған пациенттердің қосымша қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Жалпы алғанда, жаңа баға белгілеу моделі тұрақты және болжамды нарықты қалыптастырып, жеткізу қауіпсіздігін нығайтады және сыртқы баға ауытқуларына тәуелділікті төмендетеді. 
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеуінше, министрлік ұлттық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және ішкі нарықтағы отандық дәрілік заттың үлесін арттыру бойын­ша жүйелі жұмысты жүзеге асырып отыр. ­Бүгінде елде 200-ден аса қазақстандық тауар өндіруші тіркелген, оның ішінде 43-і дәрілік заттар, қалғандары медициналық бұйым­. Осы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындар өндіріс көлемін 11,7 пайызға арттырып, өнім 156,6 млрд теңгеге жетті. Көрсеткіштердің өсуі – дәрілік зат пен медициналық бұйым өндіретін жаңа өндірістік желілердің іске қосылуының нәтижесі екені айқын. Осы жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық препараттарды сатып алу көлемі 16 пайызға өскен.
Қазір министрлік отандық компаниялардың арасында барынша бәсекелестік ортаны қалыптастыруға байланысты жұмыс істеп отыр. Бүгінде бірыңғай дистрибьютордың сатып алуындағы қазақстандық өндіріс өнімдерінің үлесі 30 пайызды құрайды.
Министрлік дәрілік заттарға баға белгілеу­дің жаңа тетігін енгізді. 2026 жылға арналған сатып алулар толықтай жаңартылған жүйе арқылы жүзеге асады. Енгізілген өзге­рістер нәтижесінде дәрілік заттың кең тізбесі ­бойынша бағаның едәуір төмендеуі есебінен қазіргі таңда 36 млрд теңгеден аса қаражат үнемделген көрінеді. 
Министердің айтуынша, жекелеген қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер жаңа талаптарға белсенді түрде бейімделген. Бұл саладағы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, фармацевтикалық нарықтың ашық әрі әділ ортада жұмыс істеуге дайын екенін дәлелдеді. Өзгерістер бөлшек сауда нарығына да әсер етті. 4 900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралды. Қазан-қараша айларында дәріханалардың мониторингі сұранысқа ие препараттардың құны тағы төмендеген. 
Министрдің дерегіне сенсек, жаңа баға белгілеу моделі тұрақты және болжамды нарықты қалыптастырып, жеткізу қауіпсіздігін нығайтады және сыртқы баға ауытқуына тәуелділікті төмендетеді. Министрлік қол жеткізілген нәтижелерді бекіту бағытында жұмысты жалғастырады.  
– Цифрландыру бағытындағы жұмыстар аясында 2024 жылы министрлік дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда бұл процестің толық циклін іске қосқан жалғыз ел болып отыр. Таңбалау шеңберінде дәрілік затты сатып алу көлемін жоспарлау үдерісі цифрланды, бұл қажеттілікті нақты болжауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өнімді нарыққа жедел шығару үшін тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеу мерзімі екі есе қысқартылды. Қазіргі уақытта дәрілік зат пен медициналық бұйымды сатып алу рәсімі толық электрондық форматқа көшірілген. Қазақстандық тауар өндірушілерді нысаналы түрде ілгерілету үшін оларға арнайы критерийлер айқындалды. Жүзеге асырылып жатқан шаралар отандық фармацевтикалық саланың орнықты дамуына жол ашып, жергілікті өндірістің тұрақты өсуіне сенімді негіз қалайды.  Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, — деді Ақмарал Әлназарова.
Рас, адам баласының ауырмағаны абзал. Бәрі алдымен өзіңе байланысты. Саламатты өмір салтын ұстасаң, тоқ жүресің. Айтқандай, ең жақсы дәрі көтеріңкі көңіл күй екенін ұмытпағанымыз жөн. 

Еркін ҚАЛДАН

334 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы