• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Алаштан басталған азаттық жолы

Жалпы жиырмасыншы ғасырда халқымыз үшін өте тағдырлы жылдар, айлар аз болмағаны мәлім. Мемлекеттіктен бұрын ұлт болып қалу, не қалмау мәселесі, талай мәрте таразы басына тартылғанын білеміз. Желтоқсан десе, алдымен 1986 жылғы көтеріліс есімізге түседі. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланғанын, мектеп оқушылары да тақылдап айтып бере алады. Одан басқа, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында өткен Екінші қазақ-­қырғыз съезін атар едік. Өйткені онда да халқымыз үшін өте тағдырлы мәселе қаралды. 

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 13 желтоқсандағы №255 санында, Екінші ­қазақ-қырғыз  съезі, Орынборда 5-13 желтоқсанда болып өткені хабарланған.  Съезде қаралған басты мәселе қазақ өз тізгіні өзінде болу үшін автономия алу, екінші бүліншіліктен халықты қорғау үшін милиция құру делініпті. Съезге 81 өкіл сайланып қатысқан. Өкіл еместермен қосқанда екі жүзден аса адам, тоғыз күн бойы кеңес құрған. «Ардақты ақсақалдар, ұлтшыл жастар, діндар молдалар, қазылар, атақты зиялылардан пәленше келмей қалды дерлік болған жоқ». «Милиция құру үшін Ақым қажы Аңдамасұлы он мың сом берген. Ұлтшыл болсаң осындай бол» секілді сөйлемдерден ол кездегі қазақтың ұлтшыл деген сөзден үрікпейтіні көрініп тұр.
 Съезді егжей-тегжейлі сөз етпес бұрын, «Қазақ» газетінің аталған санындағы кейбір ақпарларға тоқтала кетейік. «Үш жүз» атты партия алаштықтарға қарсы ­болғаны жөніндегі мәліметтер газеттің аталған ­санында да жарияланыпты. «Орынбордағы жалпы қазақ-қырғыз съезіне кісі жібермеңдер. Милицияның керегі жоқ. Солдат болмаймыз» деген әңгіме таратқаны айтылыпты. Тіпті «Үш жүз» партиясынан шықтым» деген Әлиасқар Қуанышев, ­Сұлтан Абылаев есімді адамдардың мәлімдемесі де жүр. 
Омбыда «Алаш» партиясының комитеті құрылғаны жөніндегі хабарда оның мүшелерінің тізімі беріліпті. Олардың қатарында Мағжан Жұмабаевпен қатар Бекмұхамед Серкебаев есімі жүр. Ол кәдімгі қазақтың ұлы әншісі Ермек Серкебаевтың әкесі. 
Араға он күн салып «Қазақ» газетінің 23 желтоқсандағы санында «Жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы» деген тақырыппен  съез туралы толық мәліметтер беріліпті. Съез төрағасы Бақыткерей Құлманұлы болыпты. Съез басталарда Әлихан Бөкейхан «ардақты шешен Ораз ақсақал Тәтіұлы опат болды» сол кісінің рухына дұға бағыштап барып бастасақ, деген ұсыныс айтыпты, ұсыныс қабыл алыныпты. 
Съез алдымен күнтәртібіндегі күйіп тұрған мәселелер туралы шешім шығарыпты. Бірінші «Қазақ» газеті арқылы халықты бірлікке шақыру, екінші аштыққа ұшыраған Жетісу қазақ-қырғызына һәм түрікпеннен талан-тараж көрген қазақтарға бүкіл қазақ облыстары, жан басы бір сомнан жәрдем берсін. Жизақ облысындағы арғындардың Алаш автономиясына қосыламыз деген тілегі мақұлдансын депті. 
Съезде қаралған мәселелер:
1. Сібір, Түркістан автономиясы туралы һәм Юго-восточный союз туралы.
2. Қазақ-қырғыз автономиясы.
3. Милиция.
4. Ұлт кеңесі.
5. Оқу мәселесі.
6. Ұлт қазынасы. 
7. Мүфтилік мәселесі. 
8. Народный сот.
9. Ауылный управление.
10. Азық-түлік мәселесі.
Бірінші мәселе бойынша Әлихан ­Бөкейхан баяндама жасаған. Ол баяндама­ға қоса, қазақ автономиясы, милиция, ұлт кеңесі мәселесін қарауға жеті кісілік комиссия құрылған. Міржақыптың оқу мәселесі бойынша баяндамасы талқыға салынады. Қазақ тілінде оқытатын оқу құралдарын шығаруға бес кісіден комиссия тағайын­далған. Оған қоса, «ұлт мектептеріне прог­рамма жасау, мұғалімдерге жолбасшы кітаптар жазу, тәрбие жайынан кітап жазу, оқу ісін қалай жүргізу туралы жоба жасау, «қазақ» емлесін тексеріп, түзету, пайдалы кітаптарды тәржімелеу», дайындалған оқулықтарды басу ісін де комиссия шешуге құзырлы болады. Біздің байқағанымыз, оқу мәселесін жан-жақты білімдар тұлғалар қарағаны көрініп тұр. Қазіргіше айтқанда, авторлық құқық мәселесін де шет қалдырмаған. Оқыту әдіс­темесін, бағдарламасын, емле дейсіз бе, бәрін қамтыған.  
Халел Ғаббасұлының автономия, милиция, ұлт кеңесі туралы баяндамасындағы: «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері»… деген үзіндіден еліміздің қазіргі аумағынан әлдеқайда үлкен жерді елестетеміз. Сонда қаны, тұрмысы, тілі бір ұлт тұрады екен. 
«Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын. Жер үстіндегі, астындағы байлық түгел Алаш мүлкі. Алаш ордасының уақытша тұратын орны Семей қаласы. Алаш орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады. Алаш орда тез уақытта Алаш автономиясының құрылтайын шақыруға міндетті». Бұл сөйлемдер ілкіде аталған ұлан-ғайыр жердің, ондағы байлықтың егесі кім екенін әйгілеп әрі заңдастырып тұр. 
«Автономияны иғлан (жария) ету мәселесіне келгенде» пікір екіге бөлінеді. Бір тобы осы съезде жариялайық десе, екінші топ әуелі милиция құрып, арамыздағы жат жұрттармен келісейік, Түркістан ­қазағымен сөйлесейік дейді. Ең қызығы – тізімдегі бізге белгілі Жиһаншах және Халел ­Досмұхамедұлы бастаған 33 адам бірінші пікірді жақтап тас салса (дауыс беру солай жүргізілген), Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдос Омарұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған 42 өкіл екінші пікірді жақтаған. Екеуіне де қосылмаған үш адам: Мұстафа Шоқай, Ахмет Шегірұлы, Әзімхан Кенесарин. Алдыңғы азшылық Алаш автономиясын қазір жария­ламасақ, онда Түркістан автономиясына қосыламыз деп қиғылық салады. Ақыры бір айдың ­ішінде Түркістан автономиясын қосып алып, сосын жариялауға уағдаласады. Түркістан қазағы Алашқа қосылмаса, Алаш өз алдына автономия жариялауға ерікті делінді. 
Алаш ордасының бастығын сайлау да демократиялық жолмен жүргізілген. Оған үш үміткер ұсынылған. Олар: Бақыткерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев, Әлихан Бөкейхан. Нәтижесінде Бақыткерейге 19, Айдарханға 20, Әлиханға 40 дауыс берілген, сөйтіп Алаш ордасының бастығы болып Әлихан Бөкейхан сайланған. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған оқу комиссиясы да сайланған.  
Ілкіде аталған «Қазақ» газетінің 13 жел­тоқсандағы нөмірінде тағы да мы­нандай ақпарлар беріліпті. «Екінші қазақ-қырғыз сиезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия иғлан етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-інші январда Түркістан шаһарында, Сырдария облысының сиезін шақырады, сиезге болыс басы бір өкіл келсін, Мұстафа һәм жолдастары бұл сиезді 10-ыншы январға шақырған еді. Оны өзгертіп 5-інде болсын делінді. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алаш ордасы Бақыркерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты һәм Тұрағұл Құнанбаевты жібереді» «Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз» депті Мұстафа Шоқай. 
Бұл үзінділерден нені көреміз. Автономияны жариялауға келгенде асыққан алғашқы топ та, асықпай алды-артымызды бағамдап алайық деген екінші топ та, тіпті Түркістан автономиясының басында тұрған Мұстафа Шоқай да бәрі-бәрі бүкіл қазақ атаулының біріккенін қалады. Алдыңғы асыққан топтың «бұдан кейін басымыз бірікпейді» деп қауіптенуінің өзі сол бірлікті қалауы. Екінші, көзіқарақты оқырман Тұрағұл Құнанбаевтың Тұрағұл Абайұлы екенін аңғарады. Яғни басындағы газеттің ақпаратында да айтылғандай, съезге қазақтың игі жақсысы түгел қатысқан әрі барлығының қалауы бір тудың астына жиналу болған. 
Қысқасы 1917 жылы Петербор мен Мәскеуде ақпан және қазан айларында төңкеріс болып, қазақ даласына біресе ақтың, біресе қызылдың әскері лаң салған аласапыран заман болғаны белгілі. «Қазақ» газетіндегі Темір уезі қазақтарының үндеуіндегі: «Уақытша патшалық ісін басқарып тұрған хүкімет күшсіз болды, сондықтан қуылды, бірі арақта, бірі қарақта жүр. Қара жүрек бұзақылар елдің жанына, малына ерік бермей баратыр. Оларды басатын, тыятын патшалықта әл қалмады» деген жолдар сол кезеңді көрсетеді. Содан да Алаш зиялылары милиция сайлап, ел ішінде тәртіп орнатқысы келді. Сондай-ақ Екінші съез желтоқсанда өтсе, бірінші съез оның алдында небары бес-ақ ай бұрын 21-26 шілдеде болған еді. Алаш зиялылары қайта-қайта съез шақырғандағы мақсаттары, Ресейдегі сол аласапыранды пайдаланып, автономия алу еді. Ол мақсатқа жетті. Егер Алаш автономия алмағанда, 1991 жылы Тәуелсіздік алуымыз да неғайбыл еді, сондықтан екі съездің де мән-маңызы зор. Бүгінгі ұрпақ соны ұмытпауға тиіс. Иә, азаттық «Алаштан» басталған.

546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы