• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2025

Қазақ тілі ғылым тіліне айналады

Сейтхан АЗАТҰЛЫ, 
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу

университетінің инженерлік бейінді зертханасының жетекшісі:

Су сапасын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық қазақ тілінде зерттеу жүргізетін жас ғалымдардың кәсіби деңгейін арттырып, мемлекеттік тілдің ғылым тілі ретінде дамуына жаңа серпін беріп отыр. Қазіргі уақытта Сәтбаев университетінің жас зерттеушілері Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, отандық ғылыми мектептің қуатын халықаралық деңгейде көрсетіп жатыр. Бұл жұмыстар Еуропалық Одақ қаржыландыратын Horizon Europe бағдарламасының Marie Skłodowska-Curie Actions (MSCA) жобасы – CLEANWATER (Грант №101131382) аясында жүзеге асты. 
Испанияның Аликанте университетінде төрт қазақстандық PhD докторант  Елриза Есжан, Мұхтар Әліпұлы, Лаура Сеймұханова, Диас Мұлдаш бір айлық ғылыми тағылымдамадан өтті. Жас зерттеушілерді университеттің Бейорганикалық химия кафедрасы қабылдап, Испанияның танымал профессоры Хоакин Сильвестре Альберо жетекшілік етеді.
Қазақстандық ғалымдар жарық энергиясын және табиғи шикізаттан алынған көміртекті материалдарды пайдалана отырып, органикалық ластағыштарды фотокаталитикалық ыдырату әдістерін зерттеді. Бұл – зиянды қосылыстарды бейтарап заттарға айналдыратын, су тазартудың экологиялық тиімді және заманауи тәсілі. Зерттеуді қазақ тілінде түсіндіріп, ғылыми нәтижелерді қазақша талдау ғылым тілі ретіндегі қазақ тілінің терминологиялық базасын да кеңейтіп отырғанын баса айтқан жөн.
Сонымен бірге доктор Махаббат Құнарбекова да Венгриядағы Будапешт технология және экономика университетінде бір айлық ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Ол физикалық химия және материалтану кафедрасында, Еуропаның жетекші ғалымдарының бірі  профессор Кристина Ласлоның жетекшілігімен жұмыс жүргізеді. Доктор Құнарбекова гидротермалдық әдіспен дайындалып, кейін микротолқынды активациядан өткен биокөмірдің (biochar) қасиеттерін зерттеу үстінде. Бұл материал болашақта судан ауыр металдар мен органикалық ластағыштарды тиімді жоюда зор әлеуетке ие. Зерттеу нәтижелерін қазақ тілінде түсіндіру арқылы жас ғалым елімізде материалтану ғылымының қазақша ғылыми дискурсын дамытуға үлес қосып келеді.
MSCA CLEANWATER жобасы ­Қазақстан мен Еуропа зерттеушілерінің бірлескен ғылыми алаңы ғана емес, қазақ тілінде сөйлейтін жас ғалымдардың халықаралық ғылымға енуіне жол ашатын маңызды платформа. Жас қазақстандық зерттеушілер заманауи зертханаларда жұмыс істей отырып, жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, қазақ тілін сапалы ғылыми контенттің тіліне айналдыруға еңбек сіңіріп жатыр.
 

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы