- Ақпарат
- 25 Желтоқсан, 2025
Кітаптан басталмаған жол келешекке алып бармайды
Ұлттық кітапханада бір емес, бірнеше мәдени қабат бар. Кітапхананың іргесі қаланған кезеңінің мәдени тыныс-тіршілігі, ХХ ғасыр басындағы қазақ ағарту кезеңінің естелігі, соғыс жылдарындағы қазақ кітапханашылық дәстүрінің үлгісі, одан кейінгі уақыттағы іс-қимыл, қазіргі цифрлық қор, халықаралық келісімдер, реставрация шеберханалары, тіл курстары, оқырман клубтары, ауқымды конференциялар. Бұлардың барлығы да Ұлттық кітапхананың әр уақыттағы мәдени-рухани, білім-ғылым кеңістігінің түрлі қабаттарын құрап отырғаны анық.
115 жылдық мерейтойын кітапхананың мәдени-рухани дәстүріне сай мерекелеген ұжым ардагер кітапханашыларға ерекше құрмет көрсетіп, тағы да үлгілі істің бастамашысы болды. Ардагерлерін қызыл кілеммен жүргізіп, өткенге құрметтің ешқашан жоғалмайтынын дәлелдеді. Мұндай сәтте ардагер кітапханашының кейбірінің көзіне жас үйірілді, қуаныштан жүзі бал-бұл жанды. Ресми құттықтау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың лебізінен басталды. Бұл сұқбатта Ғазиза Құдайбергенқызынан «Мерейтой қалай өтті?» деп қана сұрамадық. Кітап оқу мәдениеті, кітапхананың бүгінгі миссиясы, кітапханашы кәсіби және рөлі, қолжазба мұраны сақтау, ұлттық библиография, халықаралық ықпалдастық, жастар мен оқырман психологиясы туралы нағыз маманның пікірін білуге ұмтылдық.
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Ұлттық кітапхананың директоры:
Кітапты ұлықтайтын мекен
– «Кітапханашы күнделігінің» екінші басылымы жарыққа шықпақшы екен. Бір жазбаңызда: «Кітап оқылғанын қалаймыз. Кітап оқуға махаббатты қалай оятамыз?» дейсіз. Бұл сауалдың жауабын өзіңізден сұрасақ...
– Кітап оқуға махаббатты бір күнде ояту мүмкін емес. Ол – балалықтан басталатын мәдениет. Оқырманды кішкене күнінен қалыптастырмасақ, кейін оған кітапты «жақсы көр» деп қалай бұйырамыз? Елімізде кітап пен кітапхана, кітап дүкені мен клубы туралы қызықты кітаптар жоқ екен. Шетелдік авторлар кітап дүкендері мен кітап клубтары туралы көп жазады ғой. Сол дұрыс. Шығармаларын оқитын оқырман қалыптастырудың жақсы әрі маңызды әдісі. Балалар әдебиетінде кітапхананы сюжетке айналдыратын, кітап дүкенін қызық мекен ретінде көрсететін шығармалар бізде аз. Ал шетелде мұндай тәсіл көп. Мысалы, ағылшын, орыс тіліндегі балалар шығармаларында мысық та, күшік те кітапханада жүреді: детектив те, фантастика да кітапханамен байланысты. Бізге де сондай әдіс керек. Сонда кітапхананы мәдени арман мен мәдени таңғажайып ортаның мекеніне айналдырамыз.
Қазір кітапханалар өзгеріп жатыр. Кеңістігі, құрылысы әдемі, тартымды. Кейбір шетелдік кітапханаларда кіре берісте арнайы маман отырады екен. Ол сізді кітапханамен таныстырады. Яғни ол кітапханаға оқырман келгеніне қуанатын, кітапхана қызметтерін барынша жетік білетін маман. Ол да оқырманды баурайтын маңызды іс дер едім.
– Осы күні жастардың кітап оқымайтыны туралы түрлі статистикалық, басқа да деректер айтылып қалады. Бірақ сіз бұл пікірмен келіспейтін сияқтысыз.
– Біржақты жауап бергім келмейді. «Оқымайды» дей салу оңай ғой. Ал бұл тақырыптағы шындық күрделірек. Кітап оқитын, ізденетін жастар да бар. Жастарды тыңдасақ қане: олар нені қалайды, қандай кітап іздейді, қандай форматқа (жанрға) бейім? Кейде жас оқырман әлем әдебиетін сұрайды, кейде кәсіби кітап іздейді, кейде психологияға, философияға жүгінеді. Демек, мұндайда жастарды «кітап оқымайды» деп бір сөзбен төрелік айту әділетсіз дер едім.
Осы бір оқиғаны басқа сұқбатымда да айттым-ау. Бірақ сөздің орайы келіп тұрған соң, сізге де қайталап айтайын. Бірде жас актер театрда қызмет ететінін айтып хабарласып, француз жазушысы Бернар Вербердің кітабын тауып беруімді өтінді. Оның әлгі кітапты қызығып сұрағаны сонша, сол кітапты өзім де оқығым келіп кетті. Кітапты табу қиынға соқты. Оны басқа қаладан алдырып, ақыры оқырманның сұрағанын тауып бердім. Жас адамның сұранысы кейде кітапханашының да талғамына әсер етеді. Яғни кітапхана осындай етене байланыс, сұраныстар қалыптастыратын мекен. Сондықтан оқырман талғамы зерттелуге тиіс деп есептеймін. Қаламгер де, кітапханашы да оқырманның деңгейін, көзқарасын ескеруі керек. Сонымен қатар кейде оқырманға да бағыт-бағдар да керек. Оқырманды жақсыға тәрбиелеу – миссия. Бірақ ол миссия жоғарыдан қарап ақыл айту емес, ортақ тіл табу, қызығушылығын ояту арқылы жүзеге асады.
– Бір сұқбатыңызда «Кітапхана мерейтой мен түрлі іс-шара өткізетін орталыққа айналмауға тиіс» дейсіз. Неліктен?
– Іс-шараға қарсы адам емеспін. Бұл жерде «ғана» деген де сөз бар. Яғни «Кітапхана мерейтой мен түрлі іс-шараны өткізетін орталыққа ғана айналмауға тиіс». Әдебиетті, кітапты насихаттау – кітапхананың негізгі жолы ғой. Кітапханашы оқырманның сұранысына сәйкес бағыт-бағдар беріп, оған қызмет көрсетуі керек. Сол негізгі миссия екінші қатарға түсіп кетпеуі қажет деп есептеймін.
– Іс-шара өткізу мен «оқырманға қызмет» арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар?
– Біріншіден, өтетін іс-шараның тақырыбы мен мақсаты айқын болуға тиіс. Екіншіден, іс-шара қорытындысы кітапхана қорына, кітапқа, оқуға келіп тірелуі керек. Үшіншіден, іс-шараның өзі оқырманды кітапқа жетелейтін көпір болуы қажет. Әйтпесе кітапхана «жиын өтетін жер» деген түсінікке шырмалып қалады да, оқырман кітап алуға емес, тек бір іс-шараға келіп-кететін адамға айналады.
– «Кітапхана – адамдарға жақсылық жасап, мейірімін төгу үшін құрылған мекеме сияқты» дейсіз.
– Иә, дәл солай ойлаймын. Қазір адам өзін жалғыз сезінетін сәт көп. Бір-бірін естімейтін, ести тұра көңіл бөлмейтін жағдай үйреншікті болып келе жатқаны алаңдатады. Мұңды да, сырды да, қуанышты да бөлісетін орта кеміп бара жатқандай. Сондай кезде кітапқа сырыңды айтасың. Кітап – сіз өмір сүрмеген кезеңге жетелейді, аяғың баспаған жерге апарады, көрмеген адаммен «тілдестіреді». Бұл – адамның ішкі әлеміне жасалатын жақсылық. Ал кітапхана – сол жақсылыққа ашылған есік. Есенғали Раушановта «Кімге мұңын өткізеді…» деген тіркес бар еді ғой. «Мұңыңды кімге өткізесің? Мұңымды кімге өткіземін?» деген «адамның кейбір кездерінде» кітапханаға келетін оқырман көп екенін мақтанышпен айта аламын.
– Қазіргі кітапханашы қандай болуға тиіс?
– Кітапхана қызметін жетік білуге тиіс. Оқырманды қарсы алу, оны бағыттау, қызықтыру секілді менеджерлік қабілеті болуы маңызды. Оқырман психологиясын білгені жөн. Ең бастысы кітапханашы кітапты сүюі керек.
– Күнделігіңізде: «Мәнді сөз, сулы сөз, мағыналы сөз – көркем әдебиетте… Ой түзелу – барлығының түзелуі» дейсіз. Мұны өмірлік қағидаңыз деп айта аласыз ба?
– Иә. Көркем әдебиет – адамның ойын реттейді. Кейде біз «ақпарат көп» деп мақтанамыз. Бірақ ақпарат – ойды түземейді. Ойды түзейтін – мәнді сөз. Ал мәнді сөз көбіне көркем әдебиетте, классикада, ауқымды мәтінде кездеседі. Оны оқысаң, түсінсең, түйсінсең, ойың өзгереді. Ой өзгерсе, мінез өзгереді, қоғам өзгереді. Сол себепті кітап оқу – жеке адамның ғана шаруасы емес, ұлттық мәдениет мәселесі.
– Бір пікіріңізде: «Сөз ұстағанның бәрі руханиятқа жауапты. Бұл – миссия» дейсіз. Сіздіңше, кітапхана мен қаламгердің байланысы қандай болуы керек?
– Кітапхана – қаламгердің тірегі, қаламгер – кітапхананың мазмұны. Бірақ байланыс мұнымен бітпейді. Қаламгер оқырманын зерттеуі керек, кітапхана оқырманын тыңдауы керек. Екеуі бір бағытқа қараса, оқырман ұтады. Менің ойымша, кітапхана – қоғамның айнасы ғана емес, қоғамды тәрбиелеудің жұмсақ құралы. Сондықтан кей мәселе үндемей қалуға келмейді: оқырманның талғамы, кітап сапасы, мәдени саясат, кітапхананың рөлі – бұлар туралы ой айту керек. Бірақ ойдың өзі де мәдениетті, дәлелі болса деймін.
– Демек кітапхана тек мәдени институт емес, қоғамның ішкі «психологиялық қауіпсіздік кеңістігі» де бола алады ғой?
– Иә, дәл солай. Бірақ ол үшін кітапхана оқырманды жылы қабылдауы керек. Кітапханашының жүзі, сөзі, көмегі – бәрі оқырманға әсер етеді. Сол себепті мен кітапханашының рөлін өте жоғары бағалаймын.
Оқырманға қызмет
– Ұлттық кітапхананың халықаралық бағыты туралы нақты деректер көп. Шетел елшіліктерімен бірлесіп «кітап бұрышын» аштыңыздар. Бұл бастаманың мәнін тарқатып айтып берсеңіз.
– «Кітап бұрышы» – әр елдің ұлттық мәдениеті мен әдебиетін насихаттау және ақпараттандыруға бағытталған. Бұл бұрыштарды Алматыдағы шетел бас елшіліктерімен тікелей әрі бірлесе атқарамыз. Техникалық жабдық, дерекқор базасы, жиһаз, жаңа әдебиеттерді толықтыру сияқты мәселелерде елшілік көмектеседі. Бірлесе мәдени іс-шаралар, кітап таныстырылымдарын ұйымдастырамыз. Бұл – әлемдік мәдениетке ашықтығымызды да көрсетсе керек.
2025 жылы бірнеше халықаралық келісімге қол жеткіздік: Корея Ұлттық кітапханасымен келісім мерзімін ұзарттық, Мажарстанның бас елшілігімен меморандумға отырдық, Армения Ұлттық кітапханасымен келісімге қол қойдық, Малайзия делегациясымен ортақ келісімге қол жеткіздік. Біріншіден, бұл кәсіби стандарттардың алмасуы дер едім. Екіншіден, қорды дамытуға қатысты тәжірибе осылай артады. Үшіншіден, бірлескен жобаға жол ашылады: көрмелер, цифрландыру тәжірибесі, кадр даярлау, ғылыми байланыс орнатамыз. Ұлттық кітапхана жабық мекеме емес, есік-терезесі қымтай жабылған мекемеде мәдениет дамымайды. Сол себепті біз әрдайым мәдени-рухани келісімдерге, реформаларға ашықпыз.
– Тегін шет тілдері курстары ашылған. Бұл – кітапхана үшін жаңа құбылыс сияқты. Мұның идеологиялық, мәдени салмағын қалай түсіндіресіз?
– Бұл – заман талабына сай даму. Тегін тіл курсын ашу қызметкерлердің жаңа білім алуына мүмкіндік береді, мәдени көкжиегін кеңейтеді. Жаңа мәдениетті, өзге ұлттың дүниетанымын түсіну – кітапханашының да кәсіби деңгейін көтереді. Қазір түрік тілі, парсы тілі, корей тілі курстары жұмыс істеп жатыр. Төте жазу курсының екінші түлектері сабақты сәтті аяқтады, каллиграфия курсы да өтті. Шағатай тіліне арналған арнайы дәріс-сабақтардың да тыңдаушылары көп. Бұлардың барлығы тегін әрі ынтасы бар кез келген кітапханашымыз бен оқырманға арналған. Кітапханада кітап қана оқымай, тіл үйренемін, білім көкжиегімді кеңітемін десеңіз – барлық жағдай жасалған. Тіл курстарын елшіліктермен бірлесе ұйымдастырсақ, Төте және Шағатай жазу курсын өз қызметкерлеріміз жүргізеді. Кітапхананың сирек қорындағы інжу-маржандарымызды оқи алатын оқырман аз, солардың қатарын көбейтейік, өз төл жазуымыздың кеңістігін кеңейтейік деген ізгі ниет, бастамамызбен осындай курстар ашып отырмыз. Байқауымызша, оқырман да, курсқа қатысушылар да дән риза.
– Қазақ тілі курсы да бірнеше жылдан бері жүріп келеді екен. Бұл курс кімдерге арналған?
– Бұл курс шетел азаматтарына да, кітапхананың оқырмандарына да арналған. «Мәміле» оқырман клубы аясында өтеді. Белгілі жазушы, «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасибеков өзінің әдістемесімен үйретеді. Әр сенбі күні сағат 11.00-де өтеді. Мұнда «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қағидасы нақты тәжірибеге айналып отыр.
– Кітапхананың 115 жылдық мерейтойы аясында 2025 жылғы 2–3 маусымда «Шығыс қолжазбаларын консервациялау және реставрациялау ерекшеліктері» семинар-тренингі өтті. Бұл шара нені көздеді?
– Негізгі мақсат – тәжірибе алмасу, білімді жаңарту. Қолжазбаны сақтау – оның «шаңын сүрту» ғана емес. Ол – химиялық тазарту, түптеу элементтері, превентивті сақтау, қалпына келтіру алдындағы зерттеу сияқты күрделі үрдіс. Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Архив департаменті қолжазбалар институтының жетекші маманы-реставратор Гизем Ердем шеберлік сабақтарын өткізді. Семинарға Қазақстанның кітапхана, архив, музей мамандары және Қырғызстаннан келген әріптестер қатысты. Бұл алаң – өңірлік деңгейдегі маңызды байланыс.
– Қолжазбатану саласының өзекті түйткілдері көп екені айтылып жүр: кәсіби кадр тапшылығы, әдістеме бірізділігінің жоқтығы, цифрландыру қарқынының баяулығы. Ұлттық кітапхана бұл мәселеге қалай қарайды?
– Бұл түйткілдің бар екенін жасырудың қажеті жоқ. Сол үшін халықаралық тәжірибені енгізу керек, кадр даярлау жүйесін жетілдіру керек, реставрация мен цифрландырудың стандарттарын біріздендіру қажет. Қолжазба – ұлттық ғылым мен мәдениеттің негізі. Оны сақтау – стратегиялық міндет.
– «Ұлттық библиографияны дамыту: тәжірибе, заманауи технологиялар мен интеграция мәселелері» атты халықаралық конференция өткіздіңіздер. Бұл конференцияның өзегі неде?
– Ұлттық библиографияны цифрлық дәуірде қалай дамыту керек, халықаралық стандартқа қалай бейімдеу керек деген тақырыпты терең талдағымыз келді. Бұл іс-шараға Қазақстан мен шет мемлекеттердің жетекші библиографтары, кітапханашылары, ғалымдары жиналды. Бірнеше маңызды басылымның тұсаукесері өтті: Міржақып Дулатұлы құрастырған «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші (1926–1927)», «Қазақстан библиографиясы мен кітапхана ісі», «Ұлттық кітапхана қорындағы дәстүрлі картотекалық ақпараттар (1921–2001)» жинақтары. «Ғасырлық жол: қазақ библиографиясының шежіресі» атты көрме де ұйымдастырылды. Конференцияда жасанды интеллект пен цифрлық технология туралы да талқы өтті. Технология – құрал. Бірақ ол құрал адам жауапкершілігін алмастырмайды. Жасанды интеллект библиографиялық процестерде көмектесуі мүмкін: каталог жасау, іздеу жүйесін жетілдіру, дерекқорды реттеу сияқты. Дегенмен ұлттық мұраға келгенде түпнұсқаға адалдық, библиографиялық дәлдік, деректің тазалығы бірінші орында тұруы керек.
– 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Ұлттық кітапхана бұл бастаманы қалай қолдады?
– Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілді: кітап қорлары тиісті салаға қатысты әдебиеттермен толықтырылды, кәсіби шеберлік пен тәжірибе алмасуға арналған кездесулер өтті, көрмелер ұйымдастырылды, еңбек адамдарының фотокөрмесі ұсынылды. Мақсатымыз – жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттырып қана қоймай, еңбек адамына деген құрметін күшейту, кәсіп таңдауда бағыт-бағдар беру.
– Бұл да кітапхананың қоғаммен байланысының бір жолы ғой.
– Дәл солай. Кітапхана қоғамнан тысқары тұрмауы керек. Қоғамның қажеттілігі, күн тәртібі, құндылықтары кітапхана жұмысына ықпал етуге тиіс. Ұлттық кітапхана тек кітап сақтайтын мекеме емес. Ол – ғылыми, мәдени-ағартушылық орталық. Мұнда конференциялар өтеді, реставрация жұмысы жүреді, оқырман клубтары бар, тіл курстары бар, халықаралық байланыстар дамып жатыр. Сонымен бірге қорды цифрландыру, электронды каталогты жетілдіру сияқты жұмыстар жалғасып келеді. Бірақ ең бастысы – оқырманға қызмет.
– Цифрландыру туралы айттыңыз. Қоғамда «электронды кітап бәрін алмастырады» деген пікір бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Электронды формат қажет. Ол қолжетімділікті арттырады. Бірақ кітаптың, кітапхананың рухани және мәдени мәнін толық алмастыра алмайды. Себебі кітапхана контент қана емес, сонымен бірге кеңістік. Ал кеңістік қарым-қатынасты қажет етеді. Оқырман мен кітапханашы арасындағы байланыс, бір мәдени ортаға кірігу цифрмен ғана өлшенбейді.
Ғасырдан ұзақ аманат
– Ғазиза Құдайбергенқызы, әңгімемізді ұлттық кітапхананың 115 жылдық мерейтойына ұластырсақ. Бұл мерейтойдың ең басты салмағы не?
– Шынымды айтайын, 115 жыл тек қана мерейтой дей алмаймын. Бұл – бір мекеменің жасы ғана емес, елдің рухани жадын сақтаған мекеннің ғасырдан да ұзаққа созылған аманаты. Ұлттық кітапхана ғасырдан аса уақыт бойы тарихи санамызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді, ғылымымызды жинақтап, жүйелеп, кейінгі ұрпаққа аманаттап келе жатыр. Сондықтан бұл мерейтой – тек қана мереке емес, өткеннің жауапкершілігін қайта таразылау дер едім.
– Мерейтой күнгі құттықтау сөзіңізде: «Кітапханалардың болғаны – адамзат келешегінің бар екенінің кепілі» дедіңіз..
– Өйткені кітапхана – уақыттың нағыз архиві. Уақыттың шындығы да, өтірігі де көп болады: әр дәуір өзіне ыңғайлы миф жасап алуға да бейім. Ал кітапхана – дәлелдің, деректің, түпнұсқаның орны. Ол уақыттың шындығы мен өтірігін осы кітапханалардан табасыз. Түпнұсқа бар жерде келешек бар. Түпнұсқа жоғалса, тарих бұрмаланады, жады бұзылады, ұрпақтың өзін-өзі тануы бұлыңғырланады. Сондықтан кітапхана – келешектің кепілі. Кітаптан басталмаған жол келешекке алып бармайды. Сұқбат беруші әдетте өзі ғана сөйлейді ғой. Мен сол дәстүрден сәл алшақтап, сізге де сұрақ қойғым келеді. Кітапхананың 115 жылдық мерейтойына басынан соңына дейін қатыстыңыз. Сізге нақты қай сәт көбірек әсер етті? Жауабыңыздан соң мерейтой туралы ойымды түйіндегім келеді.
– Ардагер кітапханашыларға құрмет көрсету сәті өте әсерлі болды. Жасы тоқсанға таяған Күләш Аязбекова бастаған ардагерлердің қызыл кілеммен жүріп өтуі – еңбек адамына, ой адамына деген құрметтің бір ерекше көрінісі іспетті. Сіздердің мерейтойлық ұран сөздерінің «Жүлгесі үзілмеген 115 жыл» еді ғой. Үзілмеген дәстүрді, еңбекті осындайда терең түсінесің. Кітапхана дәлізіндегі «Ұлттың жады – Ұлттық кітапханаға 115 жыл» көрмесі де тағылымды дер едім. Кітапхананың қалыптасу кезеңі, даму жолы, әр жылдардағы қызметі, басшылық еткен тұлғалар туралы деректі көрмені тамашалаған әр оқырман көкірегіне түйіп кетті деп ойлаймын. Мерейтойға орай ұйымдастырылған мүшәйра да кітапхана мен кітапханашы туралы өшпес өлең қалдыратынына сенімім мол...
– Кітапхана мерейтойына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау жіберуін де атап өткім келеді. Себебі кітапхананың мерейтойы мемлекеттік маңызды іс-шаралар қатарында екенін, кітапхананың қоғамдағы орнын айқындап тұр. «Ұлттық кітапхана ғылым мен білімді, мәдениет пен өнерді, сондай-ақ ағартушылық қызметті дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Мұнда сирек кездесетін кітаптардың, қолжазбалар мен ғылыми еңбектердің бірегей қоры жинақталған. Осы теңдессіз мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Сіздер бұл міндеттің мәнін терең түсініп, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін күшейту жолында табысты еңбек етіп келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! Бүгінде іргелі мекеме ұжымы халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, кәсіби біліктілігін заман талабына сай жетілдіріп жатыр. Кітапханада қолға алынған инновациялық бастамалар мен жобалар оқырман қауымға ұсынылып отырған цифрлық шешімдер осының айқын дәлелі. Ұлттық кітапхана ұжымы алдағы уақытта да жаңашыл және жасампаз істерге ұйытқы болады деп сенемін» дейді Президент. Мұндай сөз – кітапханашылар үшін моральдық қолдау ғана емес, үлкен міндет: сол сенімді ақтауға тиіспіз. Бұл мерейтойда оқырманның да ыстық ықыласын сезіндік. Біздің ең мәртебелі қонағымыз – оқырман.
АҚШ-тың Кентуки штатында «Ұлы депрессия» кезінде штаттың жолсыз жерлеріне кітап таситын қызмет түрі болған екен. Оларды «Кітап ханшайымы» деген екен. Біз дәл қазір депрессияда емеспіз, бірақ рухани серпілетін сәт керек. Сол серпіліс кітап оқитын ұлтқа айналудан басталады. Барлығымыз оқитын ұлтқа айналуға мүдделіміз. Мұндай сәтте кітапханашылардың рөлі арта түспесе, кемімейді. Кітап пен оқырманға қызмет ету мәртебелі міндет. Сол мәртебелі міндетті осы мерейтойда жан-жақты көрсеттік, үлгі еттік деп ойлаймын.
Ғасырлар көшінен қалмау үшін тұрақтылық керек: кітапхананың жүлгесін үзбеу керек. Біз кітапхананы сақтап қалуға ғана емес, оны дамытуға тиісбіз. Оқырманды көбейтуге, кітапқа сүйіспеншілік оятуға, мұраны қорғауға, білімді насихаттауға тиіспіз. Сонда ғана кітапхана ғасырлар көшінде болады. Сол көште ұлт та болады.
– Сұқбат соңында оқырманға бір ауыз сөз айтсаңыз: кітапханаға келмей жүрген адамға не дер едіңіз?
– Кітапханаға келуді міндетім деп есептемеңіз. Жай ғана келіп көріңіз. Кез келген кітапты алып, бір сөйлемін оқып байқаңыз. Сол сөйлем ойыңызды түзеп, әлеміңізді сәулелендіруі мүмкін. Ой түзелсе, бәрі түзеледі. Ол үшін бізге келіңіз, тіпті кітап оқымасаңыз да сізге ешбір кітапханашы қабақ шытпайды. Ең әуелі осы мекеннің аурасын, атмосферасын сезініп көріңіз. Жан дүниеңіз жақсарып, бойыңыз жеңілдеп, ойыңыз сергіп қайтарына біз кепіл.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ
348 рет
көрсетілді0
пікір