- Ақпарат
- 25 Желтоқсан, 2025
Абыз Асанәлі, аңыз Асанәлі
Президент Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
– Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады, – деп жазылған жеделхатта.
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы
Өмірден ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі, бірегейі – Асанәлі Әшімов өтті.
Асекең – бесіктен белі шығып, қабырғасы қатпай жатып, қырғын мен сойқанның адам санасына сыя бермес сұмдығымен бетпе-бет келген буынның өкілі еді.
Бұл буынның тағдыр-талайы, бастан кешкені, қайғылы, қасіретті сәт-сағаты жиырмасыншы ғасырдың тұтас кескіні мен келбетін сомдады десек, артық айтты болмас… Жесір Ана… Халық жауының отбасы атанып, тағдыры тәлкекке түскен әулеттің қиындықтары… Әр отбасынан бір-бір қайсар ұлды қалай тәрбиелегенін тарихтан жақсы білеміз… Еске Мұқағалидың атақты «Моцарт. Жан Азасы» поэмасындағы мына жолдар түсері анық.
«Біздер –
Жетімдерміз,
Жетімдерміз,
Ақпанның,
Аяз, қардың өтіндеміз.
Мына сараң өмірден сауға сұрап,
Тіршіліктің мазасын кетіргенбіз…» деген замана шындығымен суарылған өмірдің ащы ақиқаты бір-бір Асанәлілерді сомдағаны даусыз.
Нұрлан ОРАЗАЛИН
Халық жүрегінде сақталады
Ел ардақтысы, сүйіктісі, мықты Рух символы – Асанәлі-абыз, Асанәлі-аңыз дүние кешті. Қалың елі қазағына алпыс бес жылдай еш үзіліссіз саф өнерімен қалтқысыз қызмет етіп, халқым деп соққан үлкен жүрек тоқтады. Көзі тірісінде хан көтерген халқы, үлкен-кішісі бар түгелімен қайғыра жоқтады. Өйткені Ол өз ортасының ғана емес, әр қазақтың жақыны, жанашыры, ұлағатты ұстазы болып өмір кешті – намыс пен жігерге жанылған тұлғасымен, өмірлік терең пәлсапасымен, тағлымы мол өмір салтымен; үлкен дарын, заманауи, әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алған жасампаз өнерімен.
Ол өнері елімізге және әлемге танылған, ресми-бейресми мойындалған, бүкіл халықтың махаббатына бөленген; қазіргі қазақ көркем өнерiнің биiгiн, парасатын әлем алдында айқындаған санаулы тұлғалардың бірі болды – алыс-жақын шетелдік көрнекті режиссерлер Болат Мансұров, Никита Михалков, Роберт Стуруа, Йонас Вайткус, көрнекті актерлер Олег Табаков, Армен Джигарханян, Дин Рид, Жерар Депардье, тағы басқалар көзі тірісінде-ақ Асанәлі Әшімовті «ұлы актер» деп атады.
«Өнер атаулы кез келген пенденің болмысына мағына дарытады, пенде өмірінің мән-мазмұнын ашады» деп білген, нұрлы да жасампаз өнерімен бірнеше ұрпақты тәрбиелеген Асанәлі-Абыз халықтың жүрегінде сақталады. Ал жарық та кеңістікті өнері, өмірлік тағлымды дәрістері ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз.
Әлия Бөпежанова
Қазақтың аса сирек суреткері
Кешелі бері қазақтың қара орман жұрты қара жамылды. Еліміздің аса сүйікті перзенті, абыз ағасы, Халық артисі Асанәлі Әшімов арамыздан кетіп барады. Асекеңмен бірге қазақ өнерінің, қазақ руханиятының, қазақ көркем ойының, қазақ сахнасының, қазақ киносының бір дәуірі көшіп бара жатқандай елес береді.
Қазақта «Төбеңді көрген сайын байып жүремін» деген сөз бар. Біз Асекеңді көрген сайын арқа тірек секілді, алдымызда ағамыз аман, адымдап, нық басып келе жатқанына шүкіршілік айтып қуанып жүретін едік. Кездескен жерде еркелеп, жақсы сөзін тыңдап қалуға тырысатынбыз. Асанәлі ағамыз адамға өте жақын, сырты сұсты көрінгенімен, жаны сондай нәзік.
Бірде бір сапарда жеңешеміз Бағдат бар, Қызылжардан қайтып Көкшетауға дейін әңгіме құрдық. Өзінің балалық шағын, анасын есіне алып, көзіне жас алып тұрып, естелігін айтып берді. Кейін мен «Бір қап ұн. Асанәлі Әшімов» деген баллада жаздым. Кездескен жерде «Ғалым-жан, ана жазған балладаңды оқышы» деп, соны оқытып, сонша бір рахаттанып, өткен-кеткенін есіне алып отыратын еді.
Асанәлі Әшімов аса сирек суреткер. Қазақтың аса сирек суреткері. Театр тарланы. Кеңес кезінен бастап, кеңестер кино өнеріндегі қазақ халқының жүрегіне өзінің есімін алтын әріппен қалдырды. «Қыз Жібек» фильмінен, Бекежан рөлінен бастап Асекеңнің бейнесі сан ұрпақты тәрбиеледі деп ойлаймын.
Жатқан жері жарық болсын, ағамыздың. Биылғы жыл алдымыздағы ағаларымыз сонша көп кетіп қалды. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабековтерден бастап, саны саусақпен санарлықтай, жұлдыздары жарық ағаларымыз бірінен кейін бірі асығыс-үсігіс кетіп бара жатыр. Бұл біздің ұрпақ үшін де, бізден кейінгілер үшін де үлкен қайғы, жалпы қазақ руханиятының қасіреті, қайғысы, осы бір қаралы күн деп білемін.
Ғалым Жайлыбай
ДӘУІР КӨШІП БАРАДЫ
Қабырғамыз сөгілді. Көз жасымыз төгілді. Жүрегіміз езілді. Ел-жұрты егілді. Алаш аспаны бір сәтке аласарды. «Қараңғы түнде тау қалғыды»... Бұл қайғы – халықтың қайғысы болғанда басқаша қалай деуге болады? Дүниеден бір дәуір көшіп барады.
Көзі тірісінде аңыз-абызға айналған, танымалдылығы төрткүл дүниенің түкпіріне жеткен, Алаш атын аспандатқан, Аймановтардың аманатын алға апарып, арманын асыра орындаған Асанәлі Әшімұлы – Бекежан баһадүр бұ жалғанның есігін жылы жауып, өзі жиі жазып, жиі айтатын сағынышқа айналған самородок-сары алтындарына аттанды.
«Әлі талай мың өліп, мың тірілерсің» деуші еді, жанындай жақсы көрген досы Оралхан. Күні кеше ғана жарық көріп, тұсауы кесілген «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кісілік кітабы соңғы аққу әніндей болған екен. Сәбит досы екеуі «біз айтып кетпегенде, кім айтады?» деп кітап жазудан жарысқа түсіп еді. Артында тағы да беті ашылмай қанша кітапқа арқау болар алты дәптер қалды.
Тәңірден оған талант берілді. Сан қырлы, көл-көсір талант. Оған ғана тән тартымдылық, тектілік көп кісінің бойынан кездеспейтін еді. Ол жұртты өзінің дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын атрибуттары былайғы өмірінде де сәтті жалғасып, тәнті етіп жататын. Ойынында бір фальш жоқ, оның қалжыңында да халтура болмайтын. Ол жағымпаз, жасанды емес, жасампаз ғұмыр кешті.
...«Егемен Қазақстанға» «Жаңаөзен оқиғасы туралы мақала беріңіз» деп қыстағанда: «Мен «маскүнем, нашақор» деп айыптағанға түп тамырымен қарсымын, мен халық артисімін, қашанда халық жағындамын, халық өз құқын талап етті» деумен шектелдім» деп жазды соңғы кітабында кинода да, сахнада да қайта тумас қаҺарман кейіпкерлерді сомдаған Асаға. Иә, ол шынында халық артисі еді. Ол отырған жердің бәрі жарқырап кететін. Ат шаптырым үлкен залдарға, ғимараттарға әкім-қаралар кіріп келе жатқанда селт етпейтін халық, оны тік тұрып қарсы алатын. Көшеге шыға қалса, жұрт кес-кестеп жүргізбейтін. Халықтың құшағында болған, шексіз сүйіспеншілігіне бөленген мұндай тұлғалар аз да емес, көп те емес. Солардың қатарындағы санаулы санаткердің бірі еді ол. Түнеу жылдары оның басына қара бұлттай қаптаған қайғыны еңсерген де сол халықтың өлшеусіз құрметі еді.
«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деп өткен ол қашанда осы ұстанымынан айнымады. Басқасын былай қойғанда, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» – трилогиясы ұлт руханиятының тарихында мәңгілікке қалатыны алғаусыз ақиқат.
Асағаңның кластасы, досы Октябрь әкеміз «Асанәлінің төбесін көргеннен бар екенбіз ғой, бар екенбіз деп шүкіршілік етемін» дейтін еді. Бұл сөздің қазақ аманда әлі талай айтылатынына, айтыла беретініне шүбә жоқ.
...Ол енді биіктей береді.
Қали Сәрсенбай
Құрметті ұстаз, хош…
Ол өз өнерінің шырқау биігіне туа біткен талантымен, дарынымен, ішкі қуатымен жетті. Қас қырандай түйіліп түсіп, алғашқы рөлдерінің өзімен-ақ әлем назарын қазақ киносына бұрғыза алды. Оның сомдаған Бекежаны, Қасымхан Шадияровы – тек экрандағы кейіпкерлер емес, қайталанбайтын көркемдік құбылыс, қазақ киносының алтын қорына айналған мәңгілік бейнелер.
«Жусан» фильмінде марқұм Сағи Әшімовпен бірге шағын эпизодтарға түсу бақыты бұйырды. Сол сәтте ұлы актердің жанында жүріп, өнердің қандай биік жауапкершілік екенін іштей сезінгендей болдым.
Екінші курста үш-төрт ай дәріс бергені де бар еді. Сабақтан гөрі тағдыр, өнер, адамгершілік туралы көп айтатын. Театр фестивалінде қазылық етіп, бір сапарда бірге жүрген кездеріміз де есте. Анда-санда жолыға қалсақ:
«Қалың қалай, Байғали?» – деп арқамнан қағатын. Сол бір қарапайым ғана ықыластың өзі біз үшін үлкен демеу, рухани қуат болатын. Төбеміз көкке жетіп, марқайып қалатын едік. Әлемдік аренада мұндай биік деңгейге көтерілген қазақ шынында да саусақпен санарлық. Ол – сол сирек жаратылғандардың бірі еді. Ең бақытты шақтарды да, ең қасіретті кезеңдерді де қатар арқалап өткен нар тұлға. Өмірдің салмағын өнерге айналдыра алған қайсар мінез, ішкі мәдениет, рухани биіктік – оның болмысын айқындап тұрды.
Бұл кісінің өмірі мен өнері кейінгі буын үшін мәңгілік өнеге. Қазақ халқы үшін бұл қазаның орны бөлек. Әрине, фәниде әр адамның ғұмыры шектеулі. Бірақ халықтың жүрегінен орын алған алыптар кеткенде ел болып «аһ» ұратынымыз бар. Бұл – іңкәр сағыныштың, зор құрметтің, орны толмас өкініштің белгісі.
Ұстазға тағзым – өнерге тағзым.
Өнерге тағзым – ұлтқа тағзым.
Жатқан жеріңіз жарық, рухыңыз шат болсын.
Байғали ЕСЕНӘЛІ
Бейнесі көрермен жүрегінде
Бар ғұмырын сахна мен киноға арнаған үлкен актер өмірден өтті.
Асанәлі Әшімов сомдаған Бекежан мен Қасымхан Шадияров образы қазақ кино тарихында мәңгі қалды. Бұл – уақыттың сынынан өткен, көрермен жадынан өшпейтін көркемдік құбылыстар.
«Болған соң бірінші болуым керек» деген сөз оның мінезін емес, өнерге қойған талабын аңғартатын. Ол сахна мен экранда ортақол жолды таңдаған жоқ. Әр рөлінде биік планка қойды, әр образды соңына дейін апарды. Сол талап пен жауапкершілік оны қазақ актерлік өнерінің алдыңғы шебіне шығарды. Өнерімен халықтың қошеметіне бөленіп, көрерменнің жүрегінен берік орын алды.
Асанәлі Әшімов – сахна мен экран тілін терең меңгерген актер. Оның ойыны сыртқы эффектке емес, ішкі психологиялық дәлдікке, үнсіздік пен жанарға құрылған еді. Сол себепті оның кейіпкерлері жасанды көрінбеді, уақыт өткен сайын құнын жоғалтпады.
Ағаның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.
Өнері – қазақ мәдениетінің қорында, аты – көрермен жадында қалады.
Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ
277 рет
көрсетілді0
пікір