- Ақпарат
- 25 Желтоқсан, 2025
ҚАРАДАЛА ЖЕР ТАРИХЫ – ЕЛ ТАРИХЫ
Қарадала – күй қанатты талмайтын,
Жiбек жолы ғасырлармен самғайтын.
Сақ, Хундар мен Үйсiндердiң көзi бұл
Шығыс пенен Батысты үнсiз жалғайтын.
(Н.Оразалин. Қарадала)
Туған жер тарихы әрдайым оның жер бедерінде сақталады, елмен бірге жасай береді. Кейде замана желіне қарай жасанды түрде өзгертілсе де халық жадынан өшпей, сырын бүгіп, уақытын күтіп жата береді. Осы тектес тарихы бар ерекше өлке Қарадала аймағы мен оның жер-су атаулары.
Қарадала қазіргі Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде Іле Алатауының етегінде Кетпен-Ұзынқара тау жоталары мен Іле өзені аумағындағы жазық аумақ. Бұл жерді ежелден мекендеген қазақ рулары дәстүрлі түрде жазда Кетпен, Сұңқар таулары етегі мен атақты Қарқараны жайласа, күз-көктемде негізінен далалық аумақты пайдаланып, қыста Іле бойында қоныстанған. Осылайша Бұғыты таулары мен Шарын арасын қазақтар «Қарадала» деп атаған. Қарадала топонимі аумақтың табиғи ерекшелігіне байланысты туындаған атау. XIX ғасырдағы орыс статистикалық деректерінде аймақтың жаз кезінде аумағы көз жетпейтіндей беті алаулап сағымдай қара болып көрінетінін атап өтеді. Жалпы әр халықтың дүниетанымында түстік символика (color symbolism) ерекше орын алады. Атақты түркітанушы ғалым Н.Кононов «қара» сөзінің бір мағынасы «дала, жер», екіншісі «үлкен, ірі, кең», «ұлы, күшті», «таза» деген мағына беретінін жазған. Сонымен қатар «қара» сөзі кеңістікті бағдарлауда «солтүстік» бағыт дегенді де білдірген. Сондықтан Қарадала атауы көз жетпес кең, нағыз дала деген мағына береді. Қарадаланың екінші сыңары – Ақдала да белгілі.
Қарадала аймағы ежелден елге қоныс болған құт мекен. Ежелден адамға қоныс болғанын тас дәуіріне жататын алғашқы адамдар мекені дәлелдеп отыр. Зерттеушілер аймақтағы сақтар мен үйсіндердің материалдық мәдениеттерін салыстырмалы талдау арқылы сақ пен үйсін мәдениеті этникалық туыстас тайпалардың бір мәдениетінің әртүрлі сатылары ғана екенін атап көрсетеді. Ал сақ-үйсіннен бастау алған ежелгі тамырдың жалғасы қазақ шежіресінде ұлы жүз қазақтарының –үйсін деген ортақ тарихи атауымен астасып, жалғасып келеді.
Археологиялық зерттеу нәтижелері үйсін ұрпақтарының ата қонысы Қарадалада ата-бабаларымыздың мал шаруашылығымен бірге ежелден қолмен суғару, жер өңдеу, егістікті баптау тәсілдерін де жақсы меңгергенін дәлелдеп отыр. Аймақтың табиғи-географиялық ерекшеліктеріне байланысты егіншілік, бау-бақша, шабындық, қолмен суғару жүйесі дамыған. Мәселен, тарихи деректерде, соның ішінде қазақтардың жерді пайдалануы туралы Ресейдің статистикалық материалдарында да қазақтардың егіншілік аумақтары, шабындықтары, еккен дәнді дақылдарының түрлері, жерді қолмен суғаруға пайдаланған арықтары, олардың нақты атаулары көрсетілген. Деректерде Кепебұлақ өзенінен тартылған Малыбай тоған, Мұзарт тоған, Пияздықтан Жанқора, Көтерме тоған, Пияздық тоған, Қырғызсайдан Кезек тоған, Сарыбұлақ бастаудан Сарыбұлақ тоған, Шошанайдан Ақтоған, Темірліктен Қосмола тоған, Шарынан Мойын тоған, Қарабүйен, Ескі тоған, Аяққарағаш, Тастықарадан тартылған Жартоған және тағы басқа тоғандардың атауларынан тұратын микротопонимдер сақталған.
Аймақтың тарихи топонимикасында жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес кезеңімен байланысты атаулар да көп. ХVІІ ғасырдың 30-жылдары бір орталыққа бағынған Жоңғар хандығы құрылған кезден бастап жоңғарлардың жаулап алу соғыстары қарқынды әрі мақсатты түрде жүре бастады. XVIII ғасырдың 50-жылдарының ортасында Жетісудың шығыс бөлігі жоңғарлардан азат етілді. Құтты қоныс, ата жұрт жау қолында қалып, ел басына күн туған заманда аттары аңызға айналған Әлмерек баба, Шоған абыз, Жұман, Қожағұл, Сүйіндік сынды әділ билер, Хангелді, Түкеұлы Райымбек батыр, Рыскелді, Қалыбек, Төлесұлы Байсейіт, Диқанбай Қажаланұлы, Малайсары, Оңқа, Мамай сияқты батырлар ерлік жолын жалғады. Осы кезеңде аймақ топонимикасында жоңғар-ойрат кезеңімен байланысты Сүмбе, Дардамты, Добын, Шонжы және т.б. атаулар пайда болды.
Бұдан кейінгі кезеңде аймақтың тарихи даму жолында жаңа геосаяси күштер үлкен әсер етті. 1845–1847 жылдары осы жердегі албандар, одан әрірек қоныстанған суандар Ресей билігін мойындады. Жоңғар хандығын талқандағаннан кейін Іленің сол жағалауы Жаңа шекара ретінде Қытай билігіне өтсе де олар бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Іленің сол жағалауын да тұтас қоныстанып отыра берді. Ал Қытай үкіметі өз кезегінде 1757 жылы Іле аймағын құрып, бұрынғы ойрат-жоңғарлардың қоныстарына ішкі аймақтардан қылмыскерлері, Шығыс Түркістаннан тараншыларды жер аударады.
Ресей империялық статистикалық комитетінің ресми деректерінде 1867 жылы құрылған Жетісу облысының (Сергиополь, Қопал, Верный, Тоқмақ Ыстықкөл және Жаркент уездерінен тұрған) аумағын патшалық кезеңге дейін тек қазақ мен қырғыздар ғана мекендегенін атап өтеді. Бірақ бұдан кейін аймақтың этникалық құрамы өзгере бастайды. 1869 жылдан бастап орыс шаруалары көшіп келіп қоныстана бастады. Бұл кезеңде барлығы 28 станицалар мен селоларда орыс-казактар орналасты. Ал басқа ұлттардан тараншылар, сарттар, дүнгендермен бірге 1882-83 жылдары Верный және Жаркент уездерінің аумақтарына қоныс аударды. Дүнгендер уезд аумақтарында шашырап қоныстанған. Сарттар Түркістан генерал-губернаторлығының басқа аймақтарынан, ал татарлар Ресейдің ішкі губерниялары мен Сібірден қоныс аударған.
Осылайша, Қарадала аймағында бірінші болып орыс-казак әскерлері, одан кейін орыс шаруалары, татарлар, ал Шығыс Түркістандағы оқиғалардан кейін, Ресей империясы мен Қытай шегарасы нақты белгіленген 1881 жылдан кейін тараншылар мен дүнгендер қоныс аударған. Қазіргі Қырғызсай ауылының орнында Подгорный атты және Шонжыда орыс-казактарының, Тастықара өзені бойында Богословное, Қаратұмада Петропавловское атты орыс шаруаларының қоныстары пайда болды. Ал Тиірмен, Ақтам, Қарақыстық, Ұзынтам, Добын, Қосағаш, Долайты, Дардамты, Сұңқар, Кетпен, үлкен Асаноқы мен кіші Асаноқы, Қалжат, Сарыбұлақта тараншылар қоныстанды. Дүнгендерден айырмашылығы тараншылар топ болып, тұтас ауылды құрап орналасты. Сонымен қатар орыс-казак әскерлері Тастықара мен Шонжыны атты почта бекеті ретінде пайдаланды.
Ал қазақтар ру-тайпаларының жерді дәстүрлі пайдалану жүйесі өзгерістерге ұшырап, тарыла бастағанына қарамастан бұрынғысынша аймақты тұтас мекендеп отырды. Тіпті олар бұрынғы дәстүрлерімен Іленің оң жағалауындағы қоныстарына да көшіп жүре берді. 1885 жылы оларды патша әскері жазаға ұшыратып, Іленің оң жағалауына көшіп қонуға тыйым салды. Дегенмен бұл жағдай ХХ ғасыр басына дейін жалғаса берді.
Осылайша, аймақ топонимикасы тарихи оқиғалар ізімен бірнеше қабаттарды қамтиды. Ежелгі дәуір, түркі, ойрат-қалмақ кезеңі, отарлау дәуірі мен кеңестік кезеңдер өздерінше із қалдырды. Кеңестік кезеңде аймақта бұрмаланған, тарихи-мәдени дәуірлермен байланысы жоқ жасанды атаулар пайда болды.
Шонжы. Аудан орталығы болып есептелетін елді мекен атауы. Бұл атау ҚХР аумағындағы Іле қазақ ауданы аумағында да кездеседі. Үрімжінің шығыс солтүстігінде қазақтар шоғырланған Шонжы ауданы және Іле Қазақ облысының Нылқы ауданына қарасты Шонжы атты елді мекені бар. Осы орайда Шонжы атауының мағынасын анықтау маңызды. Осы мәселеге назар аударған Әлімғазы Дәулетхан Н.Базылханның аудармасына сүйене отырып, бұл атаудың мағынасын «Чонжы-Цонж» – қарауыл төбесі деген мағына беретін сөзбен байланыстырады. Ш.Уәлихановтың еңбегінде де «Чончьжу – қарауыл» деп берілген. Ол Чончьжу-қарауыл арқылы Ташкентке барар жолды сипаттай келе, оның Чончьжу атты қытай пикетінен басталып Шарын өзені Қаратұма, одан әрі Қарамола тоғайы, Сарыбұлақ бастауынан Шелек, Қаратұрықтан ары қарай кететін маршрутын көрсетеді. Ал орыс деректерінен қазіргі Шонжы ауылының аймаққа орыс отарлаушылары келе бастағанда казак-орыс әскерлерінің қонысы (выселка) әрі атты әскері бар почта бекеті болғанын көреміз. Сондықтан ойраттардың қарауыл жасақтары (шағын әскери тобы – авт.) орналасқан мекенді кейінірек орыс-казак әскерлері де заңды түрде ары қарай пайдаланған деп түйіндеуге болады. Шонжының әскери стратегиялық нысан ретіндегі маңызын Сібір казактарының атаманы Г.Волошиннің 1771 жылы 21 шілдеде торғауыт Убашы мен қалмақ нояны Шереннің Шарын-Шелек арасында тұрғаны туралы хабарынан де байқауға болады. Шарын-Шелек арасы ежелден аймақты басып өткен әскерлердің жолында ерекше аталады. Ал қоныс аударылған тараншылар бұл жерде қоныстанбаған. Ұйғыр халқының арасындағы соңғы жылдары ауызша тараған «шоң жай» немесе үлкен ауыл, елді мекен деген сөзбен байланысты деген пікірлердің еш негізі жоқ. Сондықтан Шонжы топонимі көріп отырғанымыздай аймақта ұйғырлардың қоныс аударуына дейін болған атау. Жетісу жеріне біраз уақыт саяси үстемдіктерін орнатқан жоңғар хандығының ең күшейген жылдарында қоңтайшының Іле бойына өз ордасын тіккені белгілі. Сондықтан бұл топонимнің қазіргі Қытай аумағындағы Іле бойында да кездесуін ескере отырып, бұл атау ойрат тіліндегі қарауыл төбе деген мағына беретін және әскери қарауыл орналасқан шағын мекеннің атауы ретінде пайда болған топоним деген пікірге тоқталамыз.
Кетпен тауы (Кетмень). Дәл осынау атаумен елді мекен де бар. Таудың атауына байланысты көпшілік арасында «кетпен» – жерді, топырақты өңдеуге арналған құрал-сайманның атауына байланысты пайда болған деген жасанды пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, атаудың мағынасы тереңде жатыр. IX ғасырдағы Махмұд Қашқаридің сөздігінде кездеседі. Телжан Жанұзақов ағамыз «атаудың алғашқы мағынасы Кадман, одан Катман, Кетман, кейінгі кезеңдерде Кетпен болып өзгерген дей келе, атаудың негізгі мағынасы «қат қабат биік таулар тізбегі» деген мағынаға келеді. Атау осы аймақтың табиғи географиялық сипатына толық сәйкес» деп тұжырымдаған. Кетпен тауын жергілікті халық Ұзынқара тауы деп атаса, ол кейде Үйсін тауы деген атпен де белгілі. XIX ғасырдағы географиялық басылымдарда Ұзынтау деп те аталады. Кетпен тауының қазіргі ҚХР аумағындағы бөлігін Темірліктау деп те атайды. Шарын өзенінің оң саласы Темірлік өзені екені белгілі. М.Қашқаридің сөздігінде түркі тілінде темірді «тамур» деп атағаны белгілі. Сондықтан Кетпен атауы биік, қатты, жартас деген мағынасындағы ежелгі көне түркілік атау.
Шарын (Чарын). Коньон мен елдімекен атауы Шарын өзенінің атауымен байланысты пайда болған. Мұнда әлемдегі ең сирек кездесетін ағаш түрі – щетен/ерен (ясень) ағашы өседі. Ағаштың атауына байланысты IX ғасырда Махмұд Қашқари шынар ағашын йағмалар (түркі тайпаларының бірі) «жарун» деп атайтынын жазған. Сондықтан бұл өзеннің атауы ежелгі түріктердің «жарун» сөзінен шыққанын көреміз. XIV ғасырлардағы оқиғаларды баяндайтын деректерде де Шарын атауы «Чарун» «Джарун», «Жарун» түріне кездеседі. Ал қазіргі Шарын ауылына келсек, Шарын өзенінің батыс бетіндегі Тастөбе деген жерден бастап, әрісі Қараиренге дейінгі аумақты Албан руының Жарты ұрпақтары мекендеген. Осы өңірдің тумасы, белгілі қоғам қайраткері Сейдін Мұқаұлы Сатаев осы жерде бұрын «Қарағаш» деп аталған ауылда төраға болып сайланып, шаруашылық құрып, мектеп ашқан. Бұл өңірдің жұрты балаларын сол Қарағаштағы жаңаша оқытатын білім ұясына жібереді. Бұл жер қазір «Қараирен» деп аталады. Ал Шарын ауылының орны Шарын өзенінің соңғы арнасы еді. Шарын ауылының батыс жағын басып ағатын өзенді 1881-83 жылдары көшіп келіп қоныстанған тараншы-дүнгендер Тасқарасу ауылымен өтетін арнаға біржола бұрып, үлкен бөгет-дамбы жасайды да, босаған арна орынына қоныстанады. Тарихи деректерде Шарын ауылы маңындағы Қаратұма, Қараирен, Сарытоғай, Қызылжиде, Күркілдек, Ақтеріскен, Алтынбұлақ және т.б. жерлер Албанның Жарты руы аталарының тұрақты қыстау мекендері болған. Бұл топонимдерің барлығы орыс деректерінде айқын көрсетілген. Ал Ақтеріскен топонимі қырғыздың Манас жырында батырдың жолында кездеседі. Ол «Іледен өтіп Ақтеріскенге көтеріліп, аттарымның ер тоқымын алмай тынықтырып аламын» деп жырлаған.
Сүмбе. Бұл топоним де өзеннің, елдімекеннің атауы ретінде сақталған. Сүмбе өзені солтүстік Тянь-Шаньның етегінде ағатын өзендер. Атауды кейбір басылымдарда моңғолдың «сумбер» – биік, бағаналы деген сөзінен шыққан, себебі биік бағаналы биіктіктен бастау алатын өзен деп түсіндіреді. Кей зерттеушілер атау моңғолдың süme (суме) сөзінен шыққаны туралы тұжырымдар жасаған. Жетісуды жоңғарлардан азат еткеннен кейінгі кезеңде қазақ халқының тарихи жадында бұл аймақ «суме» орналасқан жер ретінде сақталып, бірте-бірте тілдің ыңғайымен Сүмбеге айналған болуы керек деген де тұжырым бар.
Осы орайда жоңғарларға дейінгі кезеңдегі Сүмбе өзендерінің атауын іздестіру маңызды. Бұл бағыттағы басты дерек И.Г. Ренаттың Жоңғария картасында белгіленген будда храмы Албан-Шибир (Шыбыл - қазақ шежіресі бойынша Албандар Шыбыл және Сары деп екі топқа бөлінетіні белгілі – авт.) өзенінің жағасында тұрғызылған. Осылайша, қазіргі өзендердің атауы (Райымбек және Ұйғыр ауданы аумағындағы Сүмбе – авт.) Албан өзені деп аталғанын көреміз.
Дардамты. Өзен, тау, елді мекен атауы ретінде кездеседі. Атаудың топонимдік мағынасы «тау аралығындағы сай, тау етегіндегі төбе», «шоқы» дегенді білдіреді. Дардамты өзенінің атауы 1738 жылғы Ренаттың картасында Ілеге жетпейтін өзеннің сол саласы ретінде Dormdatu деген атпен көрсетілген. Дардамты атауының да шығу тегін ойраттық топонимге жатқызуға болады. Ойраттың «давата» сөзі «асумен (с перевалом)» деген мағына береді. Қазіргі кезде де Дардамты тауы дегеніміз Кетпен тауының орталық бөлігі.
Дүбін (Добын) ауыл атауы. Біздің пікірімізше, Добын атауының негізгі мәні моңғол-ойраттардың дубун сөзімен байланысты болуы мүмкін. Дубун руы буряттардың шежіресінде кездеседі. Қазіргі буряттар шежіресі бойынша булагат, эхирит, хори, хондогар атты төрт рудан тұрады. Буряттардың шежіресінде Моңғолия мен Жоңғария аумағынан келген рулар да бар. Қазақ тілінде айтқанда кірме ру саналатын мұндай рулар әдетте шежіре дәстүрінде «асырап алған баладан», не «оң жақта отырып қалған қыздан туған жиеннен» таратылатыны анық. Қазақ шежіресінде де мұндай мысалдар жеткілікті. Сонымен буряттардың шежіре аңыздарында бізді қызықтырып отырған Булагат осындай асырап алған бала. Булагаттан Готол. Готолдан үш ұл: Тудэ, Тургэн, Тутухэн. Тудэден 8 ұл таратылған. Олар – Корма, Хабсагай, Хандагатай (Хандагай), Маралта (Шаралта), Бугутай (Бугутуй), Грегехон, Кутул, Дубун. Сонымен аймақтағы Добын топонимі де этнотопоним.
Шошанай. Елді мекен және өзен атауы. Шошанай өзені Кетпен немесе Ұзынқара жотасының батыс бөлігінің солтүстік беткейіндегі бастаулардан басталып, Шонжы ауылы тұсына таман тартылып қалады. Көне көз қариялар Шошанай ауылын XVI ғасырлар тұсында Албанның Шоған руы мекендеген екен дейді. Әлі күнге дейін ауылдың бүгінгі қабірстанының тұсында «Шоған зират» деп аталатын көне қорым сақтаулы. Кейіннен барып тамалар қоныс жасаған. Ол кезде жайлауы Мыңжылқы, қыстауы Бақтықурай болыпты. Ал «Қызылдөң» қазіргі «Шошанайдың» бұрынғы атауы. Себебі ауылға таяу үш қызыл төбе бар. Яғни бұл өңір сол кезде мекендеген албан тайпаларының көктеу, күздеуі болған. Әлмеректің тұсында Шоғандар Текес, Тегістік тарапқа көшіп, ондағы Қоңырбөріктің Тама, Пітелері Қызылдөңге келген.
Тегермен (Тиірмен). Әулиешоқының етегінде орналасқан ауыл. Бұл топоним орыс тілінің ықпалымен бұрмаланып жазылған атау. Негізінде Тиірмен немесе Диірмен ауылы деп аталуға тиіс. Негізгі мағынасы диірменді беретін мұндай топоним еліміздің де әр жерінде кездеседі. Мәселен, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында, Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы және т.б. жерлерде бар. Ең атақтысы Тянь-Шянь тау жүйелерінің Қырғызстан аумағындағы орталық бөлігінің атауы Жел Тиірмен деп аталатыны белгілі. Бұл топонимді іздегенде Күнгей Алатауы Ыстықкөл бассейні маңында су диірмендері болған орысша жазылуы «Тигерменти» деген өзен бар екенін көреміз. Сондықтан бұл топоним шаруашылық жүргізу дәстүрімен байланысты қалыптасқан атау екені айқын.
Үлкен Дихан, Кіші Дихан. Аталған топоним ауылдық округ атаулары ретінде белгілі. Үлкен Дихан ауылы бұрын Молотов болып аталып келді. Соңғы жиырма жылдар шамасында ғана жаңа атауы елдің аузына іліне бастады. Елдің аузына іліне бастаған атауы Асаноқы. Диқан атауы кеңестік кезеңдегі идеологиялық ықпалмен қалыптасқан атау. Диқан атауы орыс деректерінде кездеспейді. Деректерде «Б.Ачинохо», «М.Ачинохи» деген атпен белгілі. Осы арадағы Ачинохо атауы Асаноқының бұрмаланып жазылған нұсқасы екенін көруге болады.
Бұл ауылдардың маңында қазіргі таңға дейін жер тарихын сақтаған Қара тораңғы, Қызыл шыңғыл, Ақ құдық, Қызыл су, Көне жайлау, Тәтті бұлақ, Үлкен Самалдық, Кіші Самалдық, Үлкен Көксай, Кіші Көксай, Ешкілік, Шоқпартас, Қызыл там, Бәйбіше тас, Көкбастау, Қыржол, Шиліөзек, Тамшыма, Қарашоқы, Пияздық, Талды және т.б. микротопонимдер бар.
Қарадала аймағы тарихи-географиялық тұрғыдан алғанда күрделі үдерістердің тоғысында тұрғанын көреміз. Мұнда қазақ халқының, этникалық аумағының қалыптасуы, мемлекеттік шекарасы, этникалық құрылымының өзгеруі тәрізді мәселелер көрініс береді. Қазіргі таңда аймақ топонимикасының ғылыми тұрғыдан толық жан-жақты зерттелмеуі түрлі спекуляцияларға жол ашып, ішкі тұрақтылыққа қауіп туғызатын оқиғалардың орын алуына негіз болып отыр. Сондықтан жер атауларын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу және олардың тарихи атауларын қайтару маңызды.
Меңдігүл Ноғайбаева,
тарих ғылымының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
зерттеуші-профессоры
2841 рет
көрсетілді0
пікір