• Ақпарат
  • 25 Желтоқсан, 2025

Ұлт мәйегі – мәдениет

Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Біз жаһандық қатерге ұлттық өнер, мәдениет, салт-дәстүр, яғни ұлттық иммунитетімізді күшейту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Шындығында ұлттың мерейін көтеретін ең алдымен – оның мәдениеті. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» деп бекер айтқан жоқ.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Уақыт жылжып барады. Ал биыл жылжабар парағын жабуға да санаулы күндер қалды. 2025 жыл несімен есімізде қалды? Ұлттық мәдениет саласында қандай өзгеріс болды? 
– Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениет­тің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбие­леді. Қазір төл мәдениетіміз дүниежүзіне танылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Расында да солай. Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Мәдениет адамзат дамуында ұлттың болмыс-бітімін, әлемдік аренадағы орнын және ұлттық кодының деңгейін көрсетеді. Бұл тұрғыдан алғанда «2025 жылы Қазақстанның мәдениет саласындағы жетістіктері айтарлықтай көп болды» деп ауыз толтырып айта аламыз. Абайдың 180 жылдығы республикамызда кеңінен аталып өтті. Шын мәнінде, Абай рухы Қазақстанды ғана емес, әлемді шарлады десе де болады. 
Абайдың 180 жылдығына орай Рим қаласында ұлы ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл маңызды оқиға Италия халқының назарын аударып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл – екі ел арасындағы берік байланыс пен қазақ ойшылының ортақ мәдени тарихтағы орнын айшықтайды. Сондай-ақ Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға Президентіміздің Ереванға жасаған ресми сапары барысында Мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.
Тамыз айында Қазақстан мен Қыр­ғызстан Президенттері қатысқан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Ескерткіш Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы рухани және әдеби бірліктің символына айналды.
Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылуы да мәдени маңызы зор оқиға болды. Орталық өнер, тіл және мәдени алмасуға және еліміздің мұрасын таныстыруға арналған ең ірі алаңға айналды. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайту жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді.
2025 жылғы мәдени оқиғалардың ішінен Нұрғиса Тілендиевтің ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен 100 жылдық мерейтойын ерекше атап өткен жөн. Бұл – композитордың әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесін айқындайтын оқиға. Биыл Ақтау қаласына Түркі әлемінің мәдени астанасы деген мәртебе берілді. Ақтау жиырмадан астам елдің мәдениет майталмандарын қабылдап, фестиваль, көрме, конференциялар мен шығармашылық жобалар ұйымдастырды.
Сондай-ақ биыл Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтті. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени коммуникацияны нығайтып, елдің шығармашылық жобаларға қызығушылығын арттырады.
2025 жылы қазақстандық театрлар да айтарлықтай жетістіктерге жетті. «Астана Опера» театрының шетелдегі гастрольдері аншлагпен өтіп, театр артистері әлемнің жетекші сахналарында жоғары бағаланды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдік операдағы ең беделді жобалардың бірі – Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына конкурс арқылы қабылданды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, бірқатар жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде «Стратегиялық әріптeстік» бағыты бойынша жасалып жатқан жобалар мен мерейтойларды атап өту, қаламақы төлеу, кітап басып шығару, халықаралық кітап көрмелерінде оны насихаттау жұмыстарының маңызы зор. Мемлекеттік тапсырыспен және «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген жаңа кітаптар таныстырылды. Жақында ғана «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы бойынша 4 жаңа кітап, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 кітап, сондай-ақ жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсаукесері өтті. Жарыққа шыққан барлық кітаптар еліміздегі жалпыға бірдей қолжетімді кітап­ханаларға таратылды.
2025 жыл өнер саласы үшін әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғамен басталды. Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында және әлемнің ондаған қаласында жеке концерт берді. Он мыңдаған аудиторияны жинаған бұл концерт, шын мәнінде, «Ұмытылмас күн» болды. Димаш осылай қазақ өнерінің әлемге паш етіп, өнерсүйер ­қауымды қазақ тілінде сөйлетті. Бұл үлкен мақтаныш, ұлт үшін абырой емес пе?!
Жалпы 2025 жыл жас өнерпаздар үшін жемісті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық байқауда өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Ержан Максим Дубайда ­өткен Sanremo Best Song – 2025 байқауы­ның Гран-при иегері, Александр Лим Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері, Алмагүл Батталиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері, El Voice тобы Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері, Жасмин Түзелова Ресейдегі «Голос. Дети» музыкалық шоуының финалисі, Ернар Садыр­баев (Amre) Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының финалисі атанды. Жалпы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты оқу ұйым­дарының 1 500-ден астам шәкірті республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанды. 
Мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарының 13 оқытушысы «Құрмет» және «Парасат» орденімен, сондай-ақ «Қазақстанның халық артисі» атағымен марапатталды. 2025 жылғы мәдениет саласындағы жетістіктер туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханым тізбелеп айтты. Бұл жетістіктер әрине ұлт үшін үлкен абырой екенін айта кетуге тиіспіз.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге «Архив – 2025» жобасы зор ықпал етті. Ғылыми экспедициялар барысында мамандар Германия, Польша, Франция, Түркия, Үндістан, Иран, Мысыр және Орталық Азия елдерін қоса алғанда, 14-тен астам мемлекеттің архивтері, кітапханалары мен ғылыми мекемелерінің қорларын зерттеді. Нәтижесінде Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан аса құнды құжат жиналып, олар ғылыми айналымға кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазақстандық баспагерлер Бейжің, Гуанчжоу және Майн­дағы Франкфурт қалаларында өткен ірі халықаралық кітап көрмелеріне қатысты. 
Геосаяси жағдай шиеленісіп, әлемді мазасыздық жайлаған шақта бізге керегі тыныштық, татулық пен бірлік, ынтымақ екені түсінікті. Шүкір дейік, бұл орайда Қазақстан азаматтарының 95 пайыздан астамы елдегі этносаралық қатынас­тардың ахуалын тұрақты әрі қолайлы деп санайды. Демек, бұл – 2025 жылғы әлеуметтік сауалнама нәтижесі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық қатынастарды дамытуға және осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа деген сенімді арттыруға ­негізделген жүйелі жұмыстың жемісі екенін айта кетуге тиіспіз.

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы