- Ақпарат
- 08 Қаңтар, 2026
Біздің мақсат – қолжетімді әрі қауіпсіз медицина
Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұқбатында тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекетінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткенін атап өтті. Президент өзі сөзінде ахуалды түзеу қажеттігін, бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін атап өтті. Cонымен бірге, медицина туризмі тұрғысынан алғанда Астана мен басқа да қалаларымыздың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Мемлекет мұғалімдерге және медицина саласының қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Олардың жалақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәртебесі де арта түсті. Осы орайда аймақтық медицинаның да хал-ахуалын атап өткеніміз жөн деп түйдік. Бұл мәселені Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбековтен сұрап көрдік.
– Айдын Оскарұлы, алдымен, өзіңізді таныстырып, кәсіби жолыңыз бен біліміңіз туралы айтып берсеңіз.
– 1987 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Бетқайнар ауылында дүниеге келдім. 2004–2010 жылдары Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары медициналық білім алдым. 2010–2012 жылдары осы академияда дипломнан кейінгі оқудан өтіп, кардиолог-дәрігер атандым. Медицина саласымен қатар басқару және құқық бағытында да білім алуды маңызды деп санадым. Осы мақсатта 2018 жылы «Қайнар академиясын» құқықтану мамандығы бойынша тамамдадым. Сонымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Денсаулық сақтаудағы менеджмент» мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 2012–2015 жылдары Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/4 мекемесінде медицина бөлімінің терапевт-дәрігері ретінде бастадым. 2015–2018 жылдары осы департаменттің ЖД-158/2 мекемесінде медицина бөлімінің басшысы қызметін атқардым. 2018–2019 жылдары Қордай аудандық пробация қызметінде аға инспектор болып жұмыс істедім. 2019–2020 жылдары Қордай аудандық орталық ауруханасының Бетқайнар дәрігерлік амбулаториясында терапевт-дәрігер қызметін атқардым. 2020–2021 жылдары аурухананың қабылдау бөлімінде жедел жәрдем дәрігері болып еңбек еттім. 2021 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасының БМСК емханасының меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. 2021–2023 жылдары алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі басшы, 2023–2024 жылдары бас дәрігердің медициналық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2024 жылғы 22 шілдеден бастап Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып келемін.
– Қордай аудандық орталық ауруханасының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Қордай аудандық орталық ауруханасының бүгінгі жағдайын жалпы алғанда тұрақты даму жолындағы медициналық ұйым деп бағалауға болады. Аудан тұрғындарына медициналық көмектің барлық негізгі түрлері – алғашқы медициналық-санитарлық, амбулаториялық, стационарлық және шұғыл көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.
Соңғы жылдары материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау, перинаталдық және неонаталдық қызмет, қабылдау және жедел медициналық көмек бөлімдері заманауи медициналық жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтылуда. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
– Аурухана инфрақұрылымында қандай өзгерістер болды және алдағы уақыттағы жоспарлар жөнінде айтсаңыз?
– Қордай аудандық орталық ауруханасының ең алғаш салынған ғимараты 1956 жылы, ал ең соңғы ғимараты 1992 жылы пайдалануға берілген. Осыны ескерсек, аурухана ғимараттарының басым бөлігі физикалық тұрғыда ескірген және жаңғыртуды қажет етеді. Соған қарамастан, соңғы жылдары аурухана инфрақұрылымын жаңарту бағытында бірқатар жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Ұзақ жылдар бойы аудан халқының денсаулығына қызмет еткен ғимараттарды кезең-кезеңімен модернизациялау қолға алынды. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – тек ғимараттарды қалпына келтіру емес, сонымен қатар науқастар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырып, медицина қызметкерлеріне заманауи еңбек жағдайын жасау. Одан тыскары материалдық-техникалық базаны жаңарту максатында 94 млн теңгеден аса қаржыға жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи медициналық (CPAP аппараттары, ашық реанимациялық жүйелер, фототерапия құралдары және т.б.) жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар ауыр халдегі науқастар мен жүкті әйелдерді облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдарға қауіпсіз жеткізу мақсатында жаңа реанимобиль алынып, педиатриялық қызмет кеңейтіліп, балалар реабилитологы қызметі енгізілді. Балалар пульмонологтары арнайы даярлықтан өтті, ауданға балалар невропатологын, кардиологын және офтальмологын тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған Даму және ерте араласу орталығы ашылды.
Медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру – басым бағыттардың бірі. «Мейірімді аурухана» жобасы аясында медицина қызметкерлерінің 90%-ы медициналық этика және деонтология бойынша оқудан өтті. 2024–2025 жылдары барлығы 82 медицина қызметкері арнайы курстар оқыды. Оқыту Алматы, Астана және Тараз қалаларындағы жетекші медициналық оқу орындары мен ғылыми орталықтарда ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жастар денсаулығы орталығының жұмысын күшейтуді, суицидтің және ерте жүктіліктің алдын алу жобаларын іске асыруды, 270 төсекке арналған жаңа көпсалалы аурухана салуды, хирургиялық көмекті дамыту, жоғары технологиялық әдістерді енгізу арқылы аудан деңгейінде үшінші деңгейлі медициналық көмекке кезең-кезеңімен көшуді, ақылы медициналық қызметтер ауқымын кеңейту арқылы мекеменің қаржылық тұрақтылығын арттыруды жоспарлап отырмыз.
Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында белгіленген медициналық инфрақұрылымды дамыту, халыққа қолжетімді және сапалы медицина ұсыну міндеттерімен толық үндеседі.
– Аудан тұрғындары арасында ең жиі жасалатын хирургиялық операциялар қандай?
– Ауруханада хирургиялық операцияларға аппендэктомия, холецистэктомия және әртүрлі локализациядағы жарықтарды (грыжаны) жою операциялары көп жасалады.
– Жол-көлік оқиғалары немесе тұрмыстық жарақаттар жиі бола ма? Мұндай жағдайда әрекет ету алгоритмі қандай?
– Қордай ауданы арқылы халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің өтуіне байланысты жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Осыған орай аурухананың қабылдау бөлімінде травматолог-дәрігерлер тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Зардап шеккен науқастар клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық сұрыптаудан өтеді. Бас-ми жарақаттары, жұлын зақымдануы, көпсалалы жарақаттар кезінде телемедицина және бейнеконсультациялар ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда шұғыл операциялар аудандық деңгейде жасалады, ал жоғары мамандандырылған көмек қажет ететін науқастар Тараз қаласындағы облыстық медициналық ұйымдарға санитарлық авиация немесе арнайы автокөлікпен жеткізіледі.
– Ауруханадағы дәрігерлер мен медбикелердің саны жеткілікті ме?
– Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі толық қанағаттанарлық деп айтуға әлі ерте. Ауруханада 235 дәрігер, 831 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Офтальмолог, балалар кардиологы, нефролог және жалпы тәжірибелік дәрігерлерге тапшылық сақталып отыр.
– Жас мамандарды тарту және кадрларды ұстап қалу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?
– Жас мамандарды тарту және тұрақтандыру мақсатында кешенді әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы ауданға 10 жас маман келді (ЖТД, кардиолог, офтальмолог, хирург, акушер-гинеколог, ЛОР). Оларға көтерме жәрдемақы, біржолғы төлемдер және қызметтік тұрғын үй ұсынылды.
– Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін аурухана қандай профилактикалық шаралар жүргізеді?
– Бұл мақсатта профилактикалық бағыттағы шараларға басымдық берілген. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп біркүндік «Чек-ап» бағдарламасы енгіздік. Бағдарлама қан айналымы аурулары, қант диабеті, көру және есту патологияларын ерте анықтауға бағытталған. Барлық тексеру жұмысы «жасыл дәліз» қағидаты бойынша тегін әрі жедел жүргізіледі.
– Әңгімеңізге рақмет!
147 рет
көрсетілді0
пікір