• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2026

Ғабитова тұрған үй қараусыз қала бере ме?

Фатима Зейноллақызы Ғабитова 1903 жылы көпес отбасында дүниеге келді.  Әкесі алты айлығында қайтыс болады. Алғашқы білімін анасы Ғайнижамалдан арабша, парсыша алып, 1911 жылы «Хусайня» медресесін тамамдайды. Фатима Ғабитова татар ұлтынан болса да, бар ғұмырын қазақ даласында өткізді. Қазақтың ХХ ғасырдағы рухани-мәдени өмірінде айрықша із қалдырған тұлға ретінде  ағартушы, аудармашы, қоғам қайраткері бола білді. Өз заманында жоғары білімімен, асқан мәдениетімен, сұлулығымен ерекшеленді. Қазақ қоғамындағы әйел теңдігі, білім мен мәдениет мәселелеріне бейжай қарамаған санаулы зиялы әйелдердің бірі болды.

Фатима Ғабитова – парасат-пайымы биік, рухы асқақ тұлға. Ол – білімді ұстаз, данагөй ана, ел сүйген үш абзал азаматтың серігі болған аяулы жар. Фатима Зейноллақызы – жеті құрсақ көтерді. Ол он жеті жасында Біләл Сүлеевке күйеу­ге шығып, ағартушыдан үш бала сүйді. 
Тұңғышы Фарида 1919 жылы дүниеге келді. Ол он жасында ауырып, қайтыс болады. Бұл ерлі-зайыптылар үшін ауыр соққы болды. Екінші баласы Жәнібек 1923 жылы дүние есігін ашады. Жәнібек есімі Фатиманың анасы Ғайнижамалға ұнай қоймайды. Сол кезде оның құрбылары «Жәнібек деген хан өткен, Жәнібек батыр есімі де дүйім жұртқа мәлім» дегенде Фатима «Менің ұлым өткен ғасырдың ханы да, батыры да емес. Ол өз заманының қаһарманы болады!» деп жауап берген екен. Расымен де, Жәнібек қаһарман бола білді. Өз еркімен соғысқа аттанып, 20 жасында Смоленскідегі госпитальде көз жұмады. Фатима өмір бойы «Жәнібектің басына бір уыс топырақ салсам екен» деген арманмен өтті. 
Азат Сүлеев – филолог, түрколог. Олжас Сүлейменовпен жақсы дос болған. Олжасқа «АЗ и Я»-ны жазуға идея берген де – сол Азат. Ол ­«Аз и Я» емес , «Азат и Я» болған», – дейді Үміт ­Жансүгірова. Соңында бір ұл, бір қызы бар. Жәнібек Азатұлы Сүлеев қазір журналист. 
Біләл Сүлеев репрессия ұшыраған соң Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровке тұрмысқа шығады. Ілияс Жансүгіров оны жақсы көріп үйленген. Екеуінен тараған ұрпақтар – Үміт, Ильфа, Болат. Үміт Жансүгірова – дәрігер. Бірінші күйеуімен ұзақ тұрмай, ажырысап кетеді. Одан кейін ол режиссер Абдолла Қарсақбаевқа күйеуге шығады. Нұрлан деген жалғыз ұлы 25 жасында қайтыс болады. Дана есімді немерелері бар. Фатима Ғабитова күйеу баласы Қарсақбаевты ерекше жақсы көрген. Ал Ильфа Жансүгірова – ұстаз. Ол Ораз Жандосовтың ұлы Санжармен шаңырақ көтерген. Ал үшінші Болат Ілиясұлы –драматург, кинорежиссер. Болаттың алғашқы әйелі орыс­тың Юля деген қызы болды. Жәмила деген қызы дүниеге келгеннен кейін екеуі ажырасып кеткен. Ол 1968 жылы Қарлығашқа үйленеді. Қарлығаш – Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрамның сіңлісі болып келеді. Қарлығаштан екі қызы бар. 
1943 жылы Фатима Зейноллақызының кіші ұлы Мұрат Әуезов дүниеге келді. Мұрат ­Мұхтарұлы – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері. Фатима Ғабитова Ілияс­тың балаларын қорғап қана ­қоймай, лайық адам етіп тәрбиелей білді. 
Болат Ғабитов Ілияс Жансүгіровтің мұраларын орыс тіліне аударды. Оның немересі Юлия Бурковская прозада, поэзия, публицистикада қалам тербеді. Туындылары украин тілінде жарық көрді. Ілияс атамыз бен Фатима әжеміз ағартушылық саласына үлкен жауапкершілікпен қарады. Ильфа Ілиясқызы – ұстаз, неміс тілінің оқытушысы. Фатима Зейноллақызының кіші ұлы Мұрат та парасатты тұлға. Динар Жандосова (Алдабергенова) – Ильфа Жансүгірованың қызы, таланатты орыстілді ақын. 
Қазақтың мүйізі қарағайдай үш ірі тұлғасы Б.Сүлеев, І.Жансүгіров, М.Әуезовтың өмірлік жары болған Фатима Ғабитова – еңбек жолында көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, аңызға айналған әйел. Үлкен қызына ерте келген ажал, екі күйеуінің де жазықсыз атылып кетуі, бала-шағасымен жападан жалғыз қалған күндер, зұлмат заманның запыраны оның сағын сындыра алмады. Ол балаларын бөліп-жармай, тең сүйіп, барлығына аналық махаббатпен қарады. Өзінің естелігінде: «Менің саналы өмірімнің барлығы қазақ жастарын оқытуға арналғандай жайы бар. Мен – оқытушы, әдебиетші болумен бірге, жеті баланың анасымын. Балаларым – қазақ халқының аяулы, ардагер үш тұлғасының ұрпақтары. Жәнібек, Азат дейтін ұлдарымның, Фарида дейтін қызымның әкесі – Жетісуда тұңғыш қазақ мектебін ашқан, өз дәуірінің белді, беделді халық ағартушысы – Біләл Сүлеев. Үміт, Ильфа дейтін екі қызымның және Болат дейтін ұлымның әкесі – қазақ поэзиясының Құлагері атанған ақын Ілияс Жансүгіров. Кенже ұлым Мұраттың әкесі – Мұхтар Әуезов», – деп өз өмірі туралы сыр шертеді. (Ғабитова. Ф. Өртеңде өнген гүл. Алматы- Атамұра, 1998 жыл.)
Бұл жол – шын мәнінде ғұмырлық күрес жолы болғаны ақиқат. Ол әдеби ортада, зиялы қауым арасында сыйлы, көптеген тарихи оқиғаның тірі куәгері болды. Оның естеліктері мен өмір жолы арқылы біз ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының тағдырын көреміз.
Фатима Ғабитова — тек белгілі үш тұлғаның жары ғана емес, ол – қазақ әйелінің төзімі мен парасатының, ұлттық рухқа толы адалдықтың символы. Оның өмірі мен мұрасын зерттеу, туған жеріндегі тарихи орындарды сақтау — ұлт тарихына құрметтің бір көрінісі. Алайда назар аударатын бір жайт, қазақ мәдениеті мен руханиятының көрнекті өкілі болған Фатима Ғабитованың Қапал ауылындағы туып-өскен үйі бүгінгі таңда мүшкіл халде тұр. Елдімекеннің қақ ортасында орналасқан бұл тарихи нысанның қабырғалары құлап, терезелері сынған, ғимараттың жалпы құрылымы толықтай тозған. Аталған үй – бір отбасының баспанасы ғана емес, ұлт тарихы мен әдеби-мәдени мұрасының маңызды куәсі болып саналатын құнды ескерткіш. 
2011 жылдан бері бұл үйді тарихи мұра ретінде сақтау жөнінде бірнеше рет мәселе көтерілгеніне қарамастан, осы уақытқа дейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Уақыт өткен сайын ғимараттың жағдайы нашарлап, тарихи нысанның жойылып кету қаупі күшейіп отыр. Бұл – ұлттық жады мен мәдени сабақтастыққа төнген елеулі қатер.
Осыған байланысты біздің айтарымыз, Фатима Ғабитованың туып-өскен үйін шұғыл түрде қайта жөндеп, реставрациялау – бүгінгінің маңызды әрі өзекті міндеті. Тарихи ғимаратты сақтап қалу арқылы ғана келешек ұрпаққа рухани мұраны аман жеткізіп, оны мәдени-ағартушылық нысан ретінде дамытуға мүмкіндік туады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер тарапынан нақты шаралар қабылданып, бұл мәселе кейінге қалдырылмай жедел шешілуге тиіс. Жетісу облысы Ақсу ауданының әкімшілігі бұл мәселені кезек күттірмей шешуі тиіс деп ойлаймыз.
Фатима Ғабитова тұрған үй бір әулеттің ғана емес, ұлттық тарихтың, репрессия дәуірінің, қазақ әйелі тағдырының куәсі. Ақиқатында Фатима Ғабитова өмірі арқылы қазақ зиялыларының тағдыры, әйел теңдігі, білімге ұмтылыс секілді құндылықтар насихатталады. Қапал тарихи тұлғаларға бай өңір екенін ескерсек, бұл үйді қалпына келтіру аймақтық мәдени туризмді дамытуға да ықпалы тигізеді. Тарихи жәдігерді қайта қалпына келтіру – Қапалды рухани туризм орталықтарының бірі ретінде танытуға мүмкіндік береді. Кеңестік кезеңде өмірі әділетсіздікке толы болған Фатима Ғабитованың өмірі мен еңбегін кітапта ғана емес, нақты кеңістікте ұлықтау, болашақта ол тұрған үйді музейге айналдыру біздің басты міндетіміз болуға тиіс. 
Фатима Ғабитованың өмірі, жүріп өткен жолы, тұрған үйі қазақ ұлтының қилы тағдырын және рухани сабақтастығын танытатын құнды тарихи мұра. Ал бұл мұра – қазақтың сан ғасырлар бойғы рухани мәдениетінің бөлінбес бөлшегі болғандықтан, күні бүгінге дейін өзінің әлеуметтік, тарихи маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан бұл үй қалпына келтіріліп үлкен ғимаратқа айналып, келешек ұрпаққа қызмет етуге тиіс. 

Нұргүл Жауынбаева, 
І.Жансүгіров әдеби музейінің 
директоры

Мұратбек Иманғазинов, 
І.Жансүгіров атындағы 
Жетісу университетінің профессоры, 
филология ғылымының докторы, 
«Ілиястану» ғылым практикалық 
орталығының меңгерушісі

188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы