- Ақпарат
- 08 Қаңтар, 2026
Толғанысқа толы үш тәулік
Елдің шеті, желдің өті
Алғашқы күні еш жерге кідірместен, тоқтаусыз жүріп отырып, маңдай тірегеніміз – Қытай Халық Республикасымен шекарадағы «Достық» кенті. Атақты «Достық» кеден бекеті де осы жерде.
Күн кешкіріп қалған мезгіл. Бізді қарсы алған – шлагбаумда тұрған шекарашы сарбаздар да емес, таяқшасы жылтыңдаған МАИ постының кезекшілері де емес; үсті-басымызды тінткілеп, ұшырып кетерде алай-дүлей болып долдана соғып тұрған атақты Ебі желі. Жоңғар қақпасынан бері қарай суырыла соғатын баяғы мінезі. Кейде тіпті біз мінген Джип машинасын селкілдетіп шайқап та жібереді.
Алматыдан бері қарайғы күнұзақ жүрістен едәуір шаршағанбыз. Бастап жүрген подполковник М.Қарекенов кенттің ішіндегі тиісті бөлімшелерге жауапты адамдарға жолығып, алдымен тамақтану керегін айтты. Сөйтіп, орысша айтқанда, «жауынгер ботқасының» дәмін таттық.
Кешкі тамақтан кейін бет алғанымыз – шекарашы сарбаздар тосып отырған мәжіліс залы. Жауынгерлер әскери тәртіппен тік тұрып, ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Қазіргі таңда әскерге шақырылғандар үшін әскери қызметтің ұзақтығы бір-ақ жыл. Бұл жолғы бізбен кездесуге келген сарбаздарымыз сол көктемгі шақырылыммен келгендер екен. Негізінен, осы Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағынан, Алматы және Жетісу облыстарынан болып шықты.
Барлық кездесуде де кешті жүргізуші сарбаз менің қысқаша өмірбаянымды таныстырып отырды. Жетіспеген жерлерін өзім толықтырып қоямын. Әр әңгіменің барысындағы негізгі тақырып – тәуелсіз мемлекетіміздің қасиетті шекарасы мен оны қорғаудың маңызы, өзім басымнан кешкен жауынгерлік өмір, шығармашылығыма қатысты қойылған сұрақтарға қысқаша жауаптар.
Қасиетті Отанымыз Қазақстанның шекарасын қорғаудың қаншалықты жауапты қызмет екенін, жердің шетінде, желдің өтінде жүріп, сол қызметті атқарып жатқан жас сарбаздар мен офицерлердің отаншылдығы зор мақтаныш екенін әр жүздесу сайын қайталап еске салып отырдым.
Кешті жүргізушілердің анда-санда отырғандарға қарап қойып: «Әңгіме ұнап жатыр ма, жоқ ұнамай ма?» деген сұрағына «Қызықсыз» деп жауап берген ешқайсысы жоқ. Кездесу соңында менімен жапа-тармағай суретке түсуге ұмтылғандарының өзі үлкен ілтипаттың нышанындай еді. Әр кездесу сайын қайталанып отырған – осы үрдіс.
Ертеңіне осы кенттегі тағы бір бөлімше сарбаздарымен нақ осындай әңгіме өткізген соң, бет алғанымыз – Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс бағытындағы кең шатқал. Ондағы мақсатымыз – енді осындағы застава бөлімшесінің сарбаздарымен жолығу. «Достық» кентінен біраз жерде орналасқан застава сарбаздары сол әскери тәртіптен айнымаған қалыптары. Менің:
– Осынау оңаша жерде жалығып, жабығып жүрген жоқсыңдар ма? – деген сұрағыма жауынгерлер бір ауыздан:
– Жоқ! – деп жауап қатты.
Осы заставада департаменттің әскери полициясының өкілі де жүр екен. Ол кісі де біздің шекара шебіндегі іссапарымызға назар аударып, кездесуді бірге тамашалауға ықылас танытты. Іс-шараның соңында ол кісі де жайбарақат қала алмай, өз тарапынан сөз қосып, ортақ тақырыпты толықтыра түсті. Әскери полиция өкілі ұзақ жылдағы қызмет барысында шекара заставаларын аралаған жазушыны алғаш рет көріп тұр екен.
– Мұның өзі кішкентай емес, елеулі оқиға ғой, – деді ол кісі өз кезегінде. – Сарбаздарымыз бір сергіп қалды. Әскери қызмет үшін ең бірінші керегі – қашанда тәртіп, тағы да тәртіп! – деп шегелей айтып, мен айтқан ойларды толығымен құптайтынын білдірді.
Бұл сапар қалай басталып еді өзі?
Мені неге шақырған?
Осы жылдың мамыр айында телефоныма бейтаныс жігіттен қоңырау келіп түсті. Амандық-саулық сұрастырғанан кейін:
– Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкері, баспасөз секторы бойынша жетекші маман Манарбек Қаракенов деген подполковникпін, – деп таныстырды телефоның ар жағындағы дауыс. – Сізді Жетісу облысы шекара қызметіндегі сарбаздардың қазіргі жай-күйімен танысу үшін арнайы шақырып отырмын. Сол балаларға аталық әңгімеңізді айтып берсеңіз. Әрі сіздің биыл 75-ке толатын мерейтойыңыз екен. Жауынгерлермен өз шығармашылығыңыз туралы сырласып, қазіргі өмірдің басқа бір қырымен, мемлекеттік шекараны қорғаушылар өмірімен танысып қайтасыз, – деп өтініш жасады.
Танауымнан шаншылып, жұмысбасты болып жүрген күндерімнің бірі еді. Сондықтан ол шақыруды қабыл алған жоқпын. Одан жаз өтіп, осы жылдың қараша айы бастала бергенде, подполковник мырзадан тағы қоңырау келіп түсті. Қайталап жатқаны – сол алдыңғы мазмұндағы өтініш.
Бұл жолы қарсы тұрып, сылтау айтуға қауқарым болмай қалды. Ол нақ осы жұмыспен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновке де кіріп, мені ат-түйедей қалап отырғанын жеткізіпті. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара әскерлері департаментінің білдей жауапты қызметкері екінші қайтара өтініш жасап тұрғандықтан, бас тартуым әдепсіздік болар еді.
Манарбек Қаракенов бір жиналыс үстінде мені арнайы іздеп келіп, алдын ала менімен жүзбе жүз танысып кетті. Өзі Батыс Қазақстан облысының тумасы екенін айтып, өмір деректерінен мағлұмат берді. Жастайынан әдебиетке құмар болып өскенін еске сала отырып, өзінің де қалам ұстай білетін қабілеті барын да жасырған жоқ.
Сөйтіп, аттанатын уақытымызды дәл осы қараша айының орта шеніне белгіледік.
Сонымен, қазақша айтқанда, ұрыста тұрыс бар ма, Алматыдан қарағанда оңтүстік-шығысты бетке алып тартып кеттік. Жол-жөнекей алғашқы қойған сұрағым:
– Әй, Манарбек інім, маған неге сонша жабысып алдың? Басқа да қаламгерлер бар ғой, – болды.
– Ғаламтор арқылы сіздің өмірбаяныңызбен таныстым, өзіңіз де әскерде қызмет етіпсіз. Оның үстіне әскери тақырыпқа шығармалар жазғаныңыз тағы бар. Олармен де танысып алдым. Алдында менің ұсынысыма сіз бас тартқан соң, Қазақстан Жазушылар басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновке жолығып, жағдайды айтқанмын. Ол кісі де шекарашыларға баруға лайық ең оңтайлы кандидатура сіз екеніңізді растады. Келіскеніңізге көп-көп рақмет, – деді жайдары жүзімен.
Қызықты кездесулердің жалғасы
...Осыдан кейін бізді құшақ жая қарсы алған – теміржол бойындағы «Айдала» заставасының сарбаздары. Мұнда да бізді риза еткен – шекарашы офицерлер мен қатардағы жауынгерлердің руханият әлеміне, соның ішінде әдебиетке ықыласы. Шекараны жағалай жүріп, біраз кездесу өткізген соң, бел шешіп дем алмастан, бет алғанымыз – Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласы. Бұл – біз кеше осылай қарай шыққанымызда тікелей кірмей, үлкен жолмен дәл жанынан жанасалай өткен қала. Мұнда осы Жетісу шекара департаментіне қарасты ірі оқу орталығы бар екен. Оның өзі байыппен байырқалап, көзбен шолған кісіге әжептеуір қалашық болып көрінеді. Кешкі астан соң осында оқып әрі әскери дайындықтан өтіп жатқан жас сарбаздармен жолықтық.
Қалашықтағы мәдениет үйінің іші кең де ыңғайлы. Кең залды толтырған шекарашы жауынгерлердің барлығы да – осы биыл күзде ғана шақырылған тақырбас ұландар. Иық тіресе отырғандардың арасында ине шаншар орын болмады десем, артық айтқандық емес.
Менің едәуір уақытқа созылған әңгімемді ешқайсысы да селт етпестен, бір адамдай ықыласпен тыңдады. Бұл арада әсер еткен – менің шешендігім, я болмаса білармандығым емес, сол баяғы руханият әлеміне деген құштарлық. Тыңдаушыларды қызықтырған – айтылған әңгіменің мазмұны, тақырыбы, менің шығармашылығыма байланысты түрлі сұрақ. Оның үстіне әскери формасыз мен сияқты азаматтық өмірден келген адамдармен күн сайын кездесу болып жатқан жоқ. Бір жағы соны да таңсық көрген болар.
Шынын айту керек, кездесу біздің межелеген уақытымыздан ұзаққа созылып кетті. Оған себеп – жас сарбаздардың жарыса қойған сұрақтары. Бірінен кейін бірі микрофонды іліп алып, тәртіппен өздерін мазалаған сауалдарды кезектесе қоюда. Мені таң қалдырған әрі қуантқан жағдай – өздері жас болса да көбісінің сұрақтарының мағыналы, жүйелі шыққаны, еліміздің келешегі саналатын балаларымыздың әдебиеттен де хабардар саналы екені. Берілген әрбір жауаптан соң, тыңдаушы қауым қол шапалақтай мақұлдап, өз сезімдерін ірікпестен, ашық білдіріп отырды.
Кездесу соңында рұқсат алып сөйлеген жас сарбаздар осындай іс-шараның өздеріне үлкен әсер еткенін, сергіп қалғандарын, Отан қорғауға қатысты патриоттық әңгімелердің өздеріне қуат бергенін айтып жатты. Иә, бұл сапардағы біздің мақсатымыздың өзі де сол ғой.
Кеңестік дәуірдегімен салыстыруға келмейді
Заставалардағы алғашқы кездесуден басталған ұнасымды үрдіс мына мәдениет үйіндегі үлкен басқосуда әрі қарай жалғасын тапқаны анық. Сапар барысында байқағаным – қызметте жүрген жауынгерлер мен офицерлердің жағдайы мен ойлап келгеннен де жоғары. Жекелеген жұмыс кабинетіне кіріп таныстым, казармаларды да аралап көрдім. Тіпті ас ішетін, киім-кешек сақтайтын жерлері, әжетханалары, бәрі өз рет-ретімен, тәртіпті, ретті. Мені риза еткен жағдаяттардың бірі – әр асханадағы тамақтардың көңілден шығатындай дәмді және құнарлы болғаны.
Осы арада есіме түскен – өзімнің сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Кеңес армиясында қызмет еткен кезім. Салыстырып қарап отырсам, ол уақыттағы әскерилердің ас мәзірі тіпті жұтаң екен ғой. Бізге «негізгі қорек» деп клейстер деген ауқат беретін. «Ол клейстер дегеніміз не?» деген сұрағымызға крахмалынан айырылып, езілген картоп десетін. Дәмі темір татиды, кейде таңдайыңа қалайының да дәмі келеді. Май қосу дегенің жоқ, сирек, әйтеуір аптасына бір рет қоректенетініміз екі-үш түйір балық, соның өзіне мәз болып қалатын едік. Одан басқа су татыған арпа ботқасы мен қара шайы. Әр жауынгерге екі түйір наннан. Арасында аптасына бір-екі рет компот беріп қоятыны бар. Азаматтық өмірден келген жастардың көбі қарны ашып, бұратылып, әрең шыдап жүретін. Бір рет мені гарнизондағы офицерлер асханасына даяшы етіп таңдап алғаны бар. Содан кешке қарай қайтып келе жатқанда өзіммен бірге келген жора-жолдастарым мені казарманың сыртында күтіп отыратын еді. Жұмыстан қайтқан әкелеріндей шыдамсыздықпен тосады екен. Себебі менің қолымда азын-аулақ ауқат болады. Офицерлерден артылған айран, котлет, нан, қант, тағы сондайлар. Жолдастарым жапырлай жеп, бір жырғап қалушы еді.
Ал мұнда қай бөлімшенің асханаға барсам да, артылып жатқан тамақтар және жай емес майлы, құнарлы тамақ, тіпті дәмді шұжықтар мен түрлі сүзбе, ірімшік атаулының неше атасы бар. Жоғарыда «Ботқа» деп бейнелі түрде айтқаныммен, әскерилерге берілетін тамақ құрамы кішігірім мейрамхананың ас мәзіріне жетеғабыл. Ертеңінде байқағанымыздай, барлық заставадағы тамақтардың түрі ұқсас: майы молдау ыстық тамақ, сары май, сүзбе, ірімшік және басқасы. Әр бөлімшенің өз наубайханасы бар. Нанды былай қойғанда, тоқаш, тіске басар да қолдан пісірілген.
Біз әскерде жүргенде әрқайсысымызға беретіні шай қасық сиятындай ғана сары май, онда да ертеңгісін ғана. Ал біздің шекарашылардың тіпті түскі астарында да әжептеуір қомақты майды нанға жағып, жеп жатқандары. Әрине, бұл өлкенің тұрғындары үшін қолайсыз бір ахуал – басқа жерлерде жоқ үнемі соғып тұратын Ебінің желі. Оның кейде долданып кететіні сондай – бос машиналарды да төңкеріп жібереді деседі. Бірақ соған қарамастан, қайсарланып тұрған қайратты сарбаздарымыздың көңіл күйі жақсы.
Қай жерге барсақ та, әскери тәртіппен қақпаны ашып, қызмет көрсетіп жатқан жас сарбаздар, құлаққа естілетін – дербес мемлекет екеніміздің айқын нышанындай қазақша беріліп жатқан әскери әмірлер; тіпті ұлты басқа жауынгерлердің де мемлекеттік тілге деген құрметі.
Еліміздің осы шебінде жүргендеріне едәуір жыл болған офицерлер де бар екен. Әңгімелесу барысында, ең бастысы сарбаздарымыздың рухы мықты, әскери дайындықтары жақсы екеніне куә болдық.
Бір сөзбен айтқанда, жазушы адамға еріксіз ой салатын, көркем шығарма жазуға алғышарт жасаған жемісті сапар болды. Өйткені тағы бір есімде қалғаны – сапардың өн бойында ұшырасып, әңгімелескен офицерлік құрам мен сарбаздардың бейнелері.
Алматыға бет алған ұзақ жолда подполковник Манарбек Қарекенов және жүргізуші үшеуіміз алған әсерімізді бөлісіп, шекарашы өмірінің әр қырын ұзақ талқыладық. Екі жақ бір-бірімізге риза болып, рақметімізді айтып тарастық.
Нұрдәулет Ақыш,
М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері
148 рет
көрсетілді0
пікір