- Ақпарат
- 08 Қаңтар, 2026
Ай – менің ішкі әлемімнің күзетшісі
Заида Елғондинова, ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Көксу» және «Ескелді» аудандарының Құрметті азаматы Заида Елғондинова жаңа жыр жинағын оқырманға ұсынды. «Жүрегімді оқышы қауызынан гүлдердің» атты кітапқа ақынның соңғы жылдардағы лирикалық әрі философиялық өлеңдері топтастырылған. Ай бейнесі, әуеннен басталатын өлең, шабыт пен тылсым, ақындық миссия мен жауапкершілік мәселелері –сюрреалистік поэзияның көрнекті өкілімен болған осы сұқбаттың негізгі өзегіне айналды.
– Заида ханым! Ақын Заида Елғондинова сюрреалистік поэзия әлеміне қалай келді?
–Мен сюрреалистік поэзия туралы төрт кітап жаздым. 2021 жылы Алаштың классик ақыны Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан «Менің гауһар жүректі жастығым» деген жыр кітабым шықты. Ал, ақын Ақберен Елгезектің «Абай» баспасынан «Мәңгі ғашық өлеңмін» деген жыр жинағым, 2023 жылы ақын Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан Мемлекеттік тапсырыспен «Ай және Мен» деген жыр кітабым жарыққа шықты. Ал 2025 жылы белгілі баспагер, «Атамұра» корпорациясының президенті, философия ғылымының кандидаты Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Атамұра» баспасынан «Жүрегімді оқышы қауызынан гүлдердің» деген жаңа жыр кітабым басылып шықты.
– Ақын Заида Елғондинованың поэзия әлеміндегі Ай бейнесі Сізге нені түсіндіреді?
– Бір қызығы, әлі есімде, кішкене кезімде түнде далаға шығып, Айдың жұмбақ жүзіне ұзақ-ұзақ қарап отыратынмын. Ал есейе келе, Ай туралы жыр жаза бастадым. Айдың тылсым құпия сыры мені өзіне тартады да тұрады. Айға қарасам, жүрегім сөйлейді. Жаным ән салады. Айдың сиқырлы сыры жан дүниемді баурап алып, көгілдір көктен жүрегіме жыр құйылады! Ғасырлар қойнауына, тарихтың тереңіне көз салсақ, ғұмыр бойы адамзат Айға жетудің амалын іздеді. Тіпті Нил Армстронг Айға ұшып, Ай бетіне із қалдырды. Ай – менің аспандағы сыңарым! Айды жырлау менің шығармашылығыма үлкен серпіліс берді. Сіздің сұрақтарыңызға жауап беру үшін «Ай және Мен» деген жыр кітабымнан біраз жыр шумақтарын келтірейін!
* * *
Жанарымда менің білсең жарық көп,
Сенен менің тым бөлектеу ғаламым.
Еріндерде еріп кетем әріп боп,
Жер бетінде жүректерді оятуға қаламын...
* * *
Сен мені сүйгенменен, мен саған
ашыла алман!
Жүректе гүл ашады жасыл арман!
Тәңірдің таңғажайып алтын қолы,
Суретке Ай бейнемді басып алған!
* * *
Теңізге қарап, таранып,
Бетімді жудым көктеммен.
* * *
Ай нұрына ат суарған кеш еді,
Жасыл шашты жұлдыздарға
жас тамды.
Жүрегімде махаббаттың
хош иісті шешегі,
Жауып кетті қара шашым
сәл көгілдір аспанды.
* * *
Босап қапты, босап қапты көзелер,
Айлы аспан ғазалымды ежелер.
Тостағаннан жұлдыз иісі шығады,
Шайыр қыздың кім екенін сезе бер!
– Сізге өлең қайдан келеді және қалай келеді?
– Өлең маған көктен келеді. Поэзия деген өте таза және тылсым әлем. Маған өлең келерде, ең алдымен музыка, яғни әуен келеді. Өмір бойы менің жүрегімді бір ән, бір әуен әлдиледі. Ақынның жүрегі өте сезімтал. Жапырақтың дірілі, гүлдің хош иісі, Айдың жұмбақ тылсымы, бұлақтың сылдыры, тіпті жыпырлаған жұлдыздардың сыбыры да – бәрі-бәрі мені тербетеді. Жан-жүрегім қуанышқа кенеліп, ғайыптан келген өлеңге айналады. Мен, шындығын айтсам, әлем әдебиетіне жеті жыл бойы саяхат жасадым. Ал менің жеті жыл әлем әдебиетіне жасаған саяхатым ақын Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан «Ай және Мен» деген таңдамалы жыр кітабым өмірге келуіне себеп болды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Заида Елғондинованың бұл жыр жинағына махаббат, табиғат, өмір тақырыбындағы жыры топтастырылды. Сезім иірімдерін асқан сезімталдықпен суреттеген ақын поэзия әлеміне құбылыс болып келіп, сюрреалистік бағыттағы сәулелі жырларымен оқырман қауымның жүрегіне жол тартып, қазақ әдебиетіне жаңашыл да соны жаңалық алып келді.
ЖҮРЕГІМДІ ОҚЫШЫ ҚАУЫЗЫНАН ГҮЛДЕРДІҢ
Жүрегімді оқышы қауызынан гүлдердің,
Алаулайды албырап, қызыл гүлдей күнде ернім.
Жұлдызы жоқ аспанға жылы шырай танытып,
Құшағына құлаймын жылуы жоқ түндердің.
Кірпігінде қиялдың арайланған арман жүр,
Өртейді ылғи жүректі от-жалын боп жанған жыр.
Сені ойлап отырмын, күлімдейді вазада,
Кеше ғана өзіңнен алаулап бір қалған Гүл.
Жүрегімді оқышы қауызынан гүлдердің,
Терезеге қарайды, күбірлейді мұңды ернім.
Айсыз түнде, аяулым, кіріп келдің жымиып,
Жанарыңнан мен сенің жалындаған Күн көрдім.
Сенің қолың шашымның толқынына Гүл қадап,
Асыл тасты сырғама сәулең түсті сырғанап.
Махаббаттың нұрына сыбызғы сазы шомылды,
Жүрегімде сыршыл мұң, өмір деген бір ғажап!
Үнсіз-түнсіз отырмыз бір періште пішінде,
Қаңғыбас сезім ойнақ сап, жалындайды ішіңде.
Махаббатпыз сіз бен біз,
Шынайы өмір, жарығым, құстың ғана түсінде...
ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ ДӘМІ ҚАЛҒАН ЕРНІМДЕ
Жұлдыздардың дәмі қалған ернімде,
Күздің ару бейнесі.
Сүйемін деп мені, жаным, сендірме,
Жүрегімнің сөйлемейді пернесі.
Таңғы шыққа жуынып ап жанарым,
Күннің нұрын іздеді ғой айнадан.
Мен жолыңа күндіз-түні қарадым,
Қантамырда қызыл қаным қайнаған.
Мөлиеді жүрегіме мұндар көк,
Айға әлі салынбады жүрегімнің суреті.
Сеніменен кездесетін күн бар деп,
Махаббатқа барады артып құрметім.
Ал ағаштар сілкіп-сілкіп шаштарын,
Жұлдыз арман жүрегімді өпті кеп.
Ал Алатау ұсынады асқарын,
Шайыр қызым соншама азап шекті деп.
Содан бері көкірегіме гүл өсіп,
Жаныма да түсті-түсті сан сызат.
Махаббатпен жүрмін енді күресіп,
Ай бейнелі ақ арманым қансырап.
Сағындым-ау, сағындым-ау көктемді,
Жүрегімде қалған бейне елесі.
Кім қиратты маған келер өткелді,
Сені маған жеткізе ме жылдар,
жылдар келесі.
Тұрмын енді Ай астында жар басып,
Жүрегімнен жұлдыздарға сөз жетіп.
Қара шашты қалды қалқам қар басып,
Сенемін мен жетерсің сен тездетіп.
МЕНІҢ МАХАББАТЫМ ҚАЙДА?
Менің махаббатым қайда,
шашылып кеткен бе?!
Аппақ гүлдер күлімсірейді ашылып көктемде!
Мен махаббатымнан тығылып жүрмін,
Жүрегімнің лүпілін жасырып
көктемге!
Жерге түсіп байқамай көктегі ызғар,
Бір махаббат күледі көкте
із бар!
Ашыла алмай тұрғаным
жүрегімде,
Сахараның шөлі бар, көктемі бар...
Таң алдында оятты құстар мені,
Жүрегімнің лүпілдеп құштар демі...
Тереземнің алдында сайраған сол,
Қанаттыларды шіркін-ай,
ұстар ма едім!
Шаршаған ба мың сайрам алыстап барады,
Мың сайраммен жанымның танысты ақ парағы!
Таң алдында оятып құстар мені,
Қанатымен көтеріп ғарышты
ап барады...
Бәрі-бәрі апыр-ай, күлкілі ме еді,
Жүрегімде күн шығып, түн тіріледі!
Қалғып бара жатыр ем,
жанарымның,
Қайта оятты жап-жасыл сіркірі мені!
Жасыл таңға отырмын жүрегімді ашып,
Жүрегіме білемін күн өмір ғашық!
Телефон шалдың жарығым
таң алдында,
Маған деген жап-жарық тілегіңді ашып!
Шақырдың мені сәуірдің самал бағына,
Ойланып тұрмын ақ таңым тағы алдады ма?!
Сенің маған деген сағынышыңды,
Құстар да кетті қондырып жанарларына!
Сағынышты сездім жып-жылы дауысыңдағы,
Махаббатыңды жеткізді маған дауыс ырғағы!
Сен бір ғажап адамсың
о,жарығым,
Өмір жайлы әңгімең таусылмады...
МАХАББАТ АТЫ ЖОҚ ҚАЛА, АДАСЫП КЕТПЕ
Махаббат аты жоқ қала, адасып кетпе,
Мен шақырсам дауысымды естір ме едің!
Жұлдыздар жымияды таласып көкте,
Сен мені сағындың ба, кешкірді өмір.
Көктегі Ай, айнадағы суретімен шарпысады,
Сен отырсың шарпысып шарабыңмен.
Сезімнің алды жарық, арты сағым,
Көңілге көктем кірді, дала гүлдеп.
Мен сенің отты көзқарасыңды өзіме сіңіремін,
Көбелекке айналам сан түспенен.
Өзгертеді сен келсең ғұмыр өңін,
Қара шашым толқындап қар түспеген!
Өмір қайнап көктемнің ыдысындағы,
Күнді іздеймін сенің отты құшағың қарып.
Алқызыл гүлдер көктейді махаббаттың
тынысындағы,
Алаулаған сезімді тұсадым барып!
Көз жасымды қолыңмен ұстай аласың ба,
Мұнша сұлу әуенді білмеп едім.
Күндер кетті көбелектің қанатында,
Заманымда толқиды күндегі өмір.
Өлең жазам ғасырдың ақ таңында,
Сезінемін сөздердің ала қашқанын.
Жұлдыз сиреп, Ай мұңға батқанында,
Аппақ шың жабар, ақ қармен жалаңаш тәнін!
Сүйем сені, сүйем сені, ес-түссіз,
Мен сағындым мөлдір қара көзіңді!
Жұлдыз тамып, Ай қуанып, кеш түсті,
Күтем сені, күтем сені,
Жүрегімнен суырып ал өзіңді!
Мендік жүрек көзе дерсің,
Толтырады Ай шарабы!
Ал жұлдыздар сезе берсін,
Айдың толқып майса бағы!
Бірақ, бірақ, сен алыссың,
Сонау, сонау қиырдасың!
Жыр жазамын демалыссыз,
Басқа жанға жарығым-ау,
Бір тал шашың бұйырмасын!
ӨМІР МЕНІҢ ІШІМДЕ МЕ, ТҮСІМ БЕ?
Күн түннің тамшысында,
Арман найзағайымен қиылысады.
Жасынның жарқ еткен қамшысында,
Көкке қанат байлап құйын ұшады.
Жүрегімде Рембрандтың ұлы суреті,
Мен Айдың түсінде өмір сүремін.
Қып-қызыл боп қызарады Гүл беті,
Бұлт басады Айдың көңілсіз өңін.
Жанарымда жоғалған махаббаттың көз жасы,
Құшағымда мамыр гүлдерінің көлеңкесі күрсініп.
Сағыныштың сары гүлі тозғасын,
Бұйра бұлттай бұлқынады тіршілік.
Шық сүйеді жұлдыздардың кірпігін,
Ай күтеді ару таңның күлкісін.
Шарбы бұлттар көлегейлеп бір тілім,
Аспан жақты жарқыраған шырпысын.
Ерінімнен хош иісі аңқып көктемнің,
Сонау, сонау өтіп кеткен баяғы.
Қос аққу жүр айдынында өткелдің,
Қанаттарын көлдің суы шаяды.
Өмір менің ішімде ме, түсім бе,
Қанатынан қарлығаштың төгілген.
Бір ғажайып, сәл момақан пішінде,
Мен бұлттарға қарап тұрмын егілген...
МАХАББАТТЫҢ БЕКЕТІНДЕ ЖҰЛДЫЗДАРҒА ШӘЙ БЕРДІМ
Біз махаббат жолаушысымыз,
Қызыл күннен туғанбыз,
Жасыл жапырақта қызыл күннің
жалқыны.
Ай мен Жұлдыз және мен,
таңғы шыққа бетімізді жуғанбыз,
Көзелерде шараптардың сарқыны...
Қызыл күлкі сары мұңның тұңғышы,
Күн батады кейде осы тұнжырап.
Сарғалдақтар шекесіне күн түсіп,
Қары еріген тұрады ылғи шың жылап...
Ей, махаббат жолаушысы,
күте-күте шаршаған,
Ізін таптық сезімнің де судан біз!
Не айтты екен, сыбырлады-ау, таң саған,
Өтті көктем, өтті-кетті думан күз.
Алатаудың беттен сүйіп салқыны,
Қызыл бұлттар көк аспанда көшеді.
Найзағайдың жарқ-жұрқ етіп
жарқылы,
Араласты бүгінгі мен кешегі...
Жап-жасыл Күн, қызыл күрте кигені,
Ай, Жұлдызды көк аспанға таң ілді.
Шолпан туып, шолпы тақты сүйгені,
Көк аспаннан сырғып түсті жамылғы...
Жұлдыздардың тамшылары Сахараға сіңеді,
Сахарадан сонша сұлу Ай көрдім.
Дүрсілдейді көк ғарыштың жүрегі,
Махаббаттың бекетінде
жұлдыздарға шәй бердім...
ЖҰЛДЫЗ, ЖҰЛДЫЗ,
ЖҰЛДЫЗДАРДАН ҰЯЛАМ
Мен Анна да, Марина да емеспін!
Өтіп жатыр, өтіп жатыр елес Күн.
Мен Жұлдыз да емеспін,
Тек Айменен кеңестім!
Неге керек, ойлап тұрсам бос мақтан,
Жерден емес, мен аспаннан дос тапқам!
Жұлдыздардың емеурінін білген соң,
Мен Жұлдызға өзімді өзім мақтатқам…
Досым ғой ол, біле білсең Ай менің,
Ай көркейтер дүниенің бай демін!
Екі ғасыр қалам түспей қолымнан,
Махаббатқа жыр арнаған Заида едім!
Көкірегімді меңдеп еді қиял ән,
Сол жылдарды мен есіме жиі алам!
Айға қарап жымиямын мен кейде,
Жұлдыз, Жұлдыз, жұлдыздардан ұялам!
Көк аспанға тартады Ұлы күш келіп,
Ай, Жұлдызға кетем сосын түстеніп!
Ақ қағазым періштенің нұр жүзі,
Күлімсіреп екі ғасыр жыр жырлаған үстелім!
Бақытты боп жүрем ылғи түсімде,
Алаулаған қызыл Гүлдің ішінде!
Аспандағы керім досым Ай, Жұлдыз,
Өтінемін мені қолдан түсірме!
Ешкімге де, ешкімге де өкпем жоқ,
Қиянатты көп көрсем де шөккем жоқ!
Сәуір туса гүл-бәйшешек гүлдейді,
Мен жүремін мәз-мейрам боп, көктем боп!
Әрқашанда жүрегіме таң медет,
Таңмен бірге аппақ сұлу сәуле кеп!
Мен қазақтың ақынымын Заидамын,
Ешқашан да табынғам жоқ,
Марина деп, Анна деп!
Жыр дегенің төресі ғой жаһұттың,
Жыр дегенің сәулесі ғой бақыттың!
Менің жырым Ай, Жұлдызға жазылған,
Мұхитына дем береді уақыттың!
СҰЛУЛЫҚ ПЕН ШАЙЫРЛЫҚ БІР БАСЫМДА
Армысың, айналайын, қараша қыз!
Екеуміз Ай туғанда жарасамыз!
Жүрегің мені көрсе шаттанады,
Бітпесін, бітпесінші тамашамыз!
Мен сені көзімді ашып көргенімде,
Шаттанғам, шаттанғанмын жөргегімде!
Жүргемін тәй-тәй басып құлдыраңдап,
Жыл өткенде жымиып келгеніңде!
Тал-дарақ батып қалған сары алтынға,
Жапыраққа қарай-қарай жанар тұнған!
Жүрегім дір еткен-ай, оқыс келіп,
Бозбала қиылғанда он алтымда…
Сол сәтте сезген едім сезбегенді,
Қызғанып, қызғаныштан ездер «өлді»…
Айналғам көбелекке қызыл, сары,
Қадалды тамашалап, көздер енді...
Қараша дәл сол кезде Гүл атқансың,
Беймәлім бозбаланы ұнатқансың!
Жалын құшып желсаңлақтың, құйындатып,
Жыр құмар жүрегімді жылатқансың!
Құйқылжып жібек жалдан құлап берен,
Жыр төгілген жанардан кіл ақ берен!
Сап-сары жапырағын сәмбі талдың,
Сол кезден сағыныштан жырлап келем!
Ойласам сол сымбатты бозбаланы,
Жанымның жапырағы қозғалады!
Есімнен бір кетпеді ғұмыр бойы,
Сағынып бозбаланың созған әні!
Жалыны он алтының бір басылмай,
Ғасырды жырлап келем құрдасымдай!
Түсіме кіреді ылғи сол бозбала,
Жымиып жүреді ылғи, Күн, қасында Ай!
Ай мен Күн ешқашан да тоғыспаған,
Жырлай бер, жырлай берші, көгіс ғалам!
Сұлулық пен шайырлық бір басымда,
Бозбаланың кезі жоқ бір мен
үшін соғыспаған...
ТҰЛПАРЛАРДЫҢ ДАЛАДА ІЗІ ЖАТЫР
«Елімнің ең жақсысы Алтын, Қортық,
Ішінде жүруші едім желе жортып».
Пұшан ақын Жәлмендеұлы
Бар ма екен мынау байтақ далада арман,
Теберік қалған сонау бабалардан!
Тербеді неше ғасыр бұл даланы,
Аңқылдап ақ самалдай адал арман!
Түседі кейде еске қай-қайдағы,
Ойлардан орақ орып әр қайдағы!
Есіме түсті бүгін Бақай батыр,
Қараталдың жағасы, Қаңғайдағы!
Еске алам өткен-кеткен сол дәуірді,
Ей, уақыт, өр намысты қолда ұлды!
Аңыз бар Бақай батыр жеңген деген,
Қалмақтың бас батыры Домбауылды!
Бала едік аңыздарды естіп өскен,
Естідік Сыр мен Шуға көшті көшкен.
«Ойрантөбе» аталған сол шайқаста,
Жан алысып, жан берген, кескілескен!
Ізі жатыр далада сол аңыздың,
Төрін жайлап бұл күнде санамыздың!
Бақай батыр жүздігін басқарыпты,
Райымбек батырдың, бабамыздың!
Тұлпарлардың далада ізі жатыр,
Көктемі мен күреңкей күзі жатыр.
Кең даланы қорғаған бабалардың,
Кем дегенде мыңдықтан жүзі батыр!
Сол бабалар кетер ме естен бүгін,
Ат үстінде шайқаспен кешкен ғұмыр.
Әлі жүз жыл толған жоқ ұрпағына,
Кешегі мыңды айдаған көшпендінің!
Аңыздар да кетті ғой көнеріп кей,
Көзге сүрткен киелі теберіктей!
Шаһар салып ұрпағы жатыр бүгін,
Ғасырларды шер кешкен шегеріп кей!
Тереземнің алдында, таң, күлесің,
Ей, жас ұрпақ, сол таңда бар ма үлесің?!
Абыздардан ауылда естіп едім,
Сол бір зауал шақтардың әңгімесін!
Жібермейді ойласам Күн есесін,
Өз-өзіңмен кім үшін күресесің?!
Мына байтақ даланы қастерлегін,
Бауырына дән өсіп, гүл өсетін!
Бұйырмайды ешкімге бекер несіп,
Талай жас жүр нан тауып, шетел кешіп!
Бар сенің туған жерің, ана тілің, әдет-ғұрпың,
Мойныңа қарыз болар өтелмесің!
Жарқылдап жарық кешіп жүргенменен,
Үлестіріп атқан таңға, күндерге өлең!
Менің де мойнымда бар қанша парыз,
Әлі айтып, әлі жазып үлгермеген!
Несіне кеуде қағам ақынмын деп,
Халыққа, тарихқа жақынмын деп!
Сансыз ой сүрең салып көз алдымда,
Жатады көкірегімде ақыл гүлдеп!
Күн жауса, көк аспаннан жасын ағып,
Жел айдап, жөңкіле көш, шашыра бұлт!
Бас қамын лақтырып енді бүгін,
Елімнің ертеңіне асығамын!
Ой бүркеп, от жүрекке жатам неден,
Жыр жазам дұға, тілек, батамменен!
Көгілдір көк байраққа жазылды ғой,
Киелі, қастерлі ұғым Отан деген!
Кешкем жоқ, ей, уақыт, жалаң ғұмыр,
Тербейді хош иісті санамды гүл!
Сөйледі тарихтың көшінен бұл,
Қаңғайда кіндік кескен анам бүгін!
АЙ АСТЫНДА ӘН САЛАТЫН КӨШЕЛЕР
Ақ қағазда махаббатқа мадақ бар,
Жұлдыздардың әжіміне жазылған.
Көздің жасы мөлтілдеген шараптар,
Тамшылаған сенің сұлу назыңнан.
Ай астында ән салатын көшелер,
Жеңіл желең киіп алған қыз-жігіт.
Жүрегіңнің сағынышын еселер,
Саксофонның сұлу сазы қыздырып.
Өмір сұлу,сен кешкен һәм мен кешкен,
Әуенге елтіп жалт-жұлт еткен көйлектер.
Шыр айналып он алты мен он бестер,
Тек саксофон би алаңда сөйлеп тұр.
Ерініміз ғашық болып қас-қағым.
Махаббаттың әуеніне теңселдік.
Билеп кетті менің бұйра шаштарым,
Іштей айттым боламын деп
мен сендік...
Сенің нәзік саусағың иығыма тигенде,
Бетін басты көбелектер ұялып.
Мен жалықтым саксофоннан, биден де,
Сен жымидың үнсіз ғана зиялым.
Күн менен түн қолшатырда айналып,
Жаным менің, ғашық көзбен
қарадың.
Соңымызда бізді сүйген Ай қалып,
Әуенге елтіп қайда кетіп барамыз...
ТАЛ-ДАРАҚҚА ҚОНҒАН НӘЗІК ТАМШЫЛАР,
ЖҮРЕГІМДЕ ӘН САЛАДЫ НӘРЕСТЕ
Менің балалық шағымда,
Аяз ата терезеге ою-өрнек салатын.
Айналатын қиялым бір сағымға,
Аппақ бұлттар құс боп қағып қанатын.
Ол ауылда ертегілер өмір сүретін,
Ойнайтынбыз аппақ қарға омбылап.
Бетімізді шымшылап,аяз бізге күлетін,
Сырғанақта еритұғын тоң жылап...
Көктем келсе су ағатын сайлардан,
Қардың суы еритұғын лықсып.
Су іліп ап шымырлаған қайнардан,
Құрбыларым сырласатын сынықсып...
Сол бір ауыл қалды менің жадымда,
Сәби шақта көрген ғажап түс сынды.
Айналды да алай-дүлей ағынға,
Ұшып кетті қайта оралмас құс сынды.
Тағдырдағы айтып кеттім басқа әнді,
Жолмен жүрдім ізім-қайым бұралаң.
Махаббат кеп, жүрек жанды, тас жанды,
Жылдар жетті, жолдар жетті сынаған…
Көктем болып келем енді, күзді алып,
Жүрегімде жап-жасыл бір мұң гүлдеп.
Ай аспаннан жұлдыздарды қызғанып,
Ал жұлдыздар сағынышпен жүр билеп...
Ғаламшарда басқа жолдар бар шығар,
Ою салған Аяз ата бәрі есте.
Тал-дараққа қонған нәзік тамшылар,
Жүрегімде ән салады нәресте...
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
224 рет
көрсетілді0
пікір