- Ақпарат
- 08 Қаңтар, 2026
Ер Төстіктің қарындасы
(Жанаттың жүрек-жұрты)
Жанатты танып-білгелі қай заман?! Оқуға бізден кейін түсті. Студент кезінде-ақ әдеби ортаға кеңірек танылды. Шығыстың шырайлы қызы. Жай қызы емес, шайыр қызы. Еш нәрсеге таң қалмайтын ежелгі дәуірдің елшісі Светқалидың өзі оның өлеңдерінің өзгеше өрілген бұрымын жайлап қана сипап отыратын. Әдетте ақын қыздар ертелі-кеш қиял қуып, көкті көксеп, аспанды аңсап, жұлдыз санап жүруші еді. Бұл қыз о баста ондайдан аман-ды. Ешқашан табанының астында топырақ бар екенін жадынан шығармайды. Өз ісін біледі. Өлеңді өмірден алып жазады. Бірақ өмірді өлеңге айналдырып жібермейді. Асқақтамайды. Аласармайды. Адаспайды. Талантының тұмарын тұңғиығында сақтайды. Өзін де, өлеңін де жұртқа сыйлата алады. Жақсы ақын болды. Тасып-төгілмеді. Жақсы ғалым болды. Сетінеп-сөгілмеді. Сабырлы қалпында сөз ұстады. Сол салмақтылығынан әлі күнге дейін танған емес.
Жанаттың болмыс-бітімі қиялилықтан ада десек те, оның өзі айтқандай, жүрек-жұрты көне дәуірдің құндылықтарымен тамырласып кеткенін аңғару қиын емес. Кейде ол маған ертегілер елінен тап қазір ғана келгендей сезіледі. Онда да біржола келгендей емес, жай ғана тамашалап қайту үшін тұрақтағандай, сол дәуірді қимай, екі көзі жәудіреп, еркіне салса, солай қарай құстай ұшқысы кеп жүргендей көрінеді. Содан ба, кім білсін, бағзы заманның елесін іздеп, тауы аздау, тылсымы көптеу Маңғыстаудың маң даласына тартып отырады. Жалпы, Алтайды аралағанынан гөрі Шерқаланы шарлағаны көбірек осы қыздың… Қайтып келген соң төркіндеп қайтқан ертегілер елінің еркесі сынды еркін көсіледі. Өлеңін өбектейді. Жырын жұбатады. Мақаласын мәпелейді. Әйтеуір бір тынбайды. «Ертегі түбі шын дейді, Бақсының түбі жын дейді. Ескіден жеткен бір сөз ғой, Кім айтқан екен… білмейді», – деп ширығады. «Толқын ғана өбеді желегіңді, Әпсананы шертсеңші көне күнгі», – деп шамырқанады. «Түсіңе кірдім де, шықпадым, Шығуға құлқым жоқ – ұққаным», – деп шаттанады. «Сол жақта – жоғалған сәттерім, Сол жақта – жадыма тұтқаным», – деп шабыттана түйіндейді сосын. Содан соң Жанат қызды жетелеп жүрген сол бір жаққа қарай сенің де аңсарың ауады. Әуенге елтіп әуейілене бастасаң, «Нең бар-ей сенің ол жақта? Өзі жөнімен жүре берсін», – дейді соны байқаған Свет ақын…
Хош, Жанаттың көнеден қозғаған тағы бір өлеңі бар. Сорқұдық туралы. Кәдімгі «Ер Төстік» ертегісіндегі Сорқұдық. «Сорқұдықтың басына, Сорға бола қонды атам», – деп жаны жылап жырлаған Кенжекейдің шерлі шумақтарынан кейін сорлы Сорқұдықтың өлеңге өзек болып тұрғаны осы шығар. Сонымен, не деп еді Жанат қыз?
Сорқұдыққа көшіңді қондырмағын,
Қонар болсаң татасың сордың дәмін.
Сол ертегі ішінде мен де болғам,
Сонда жүріп көзіммен көрдім бәрін.
Кенжекейдің желегін жел ұшырған,
Көзі түсіп перінің, ер ұшынған.
Боз тұманда боз үйден шыға келіп,
Бал саумалды өзіңе мен ұсынғам.
Әне, айттық қой ертегілер елінен келген деп… Неге екенін білмеймін, Жанаттың осы бір өлеңі өзіме қатты ұнайды. Алпыс астарлы, қырық қатпарлы ой айтатыны өз алдына, танымы мен тағылымы жағынан да жақұттай жарқырап тұрады. Ежелгі дәуірге зейініңді аударады. Ертегіге ықыласыңды оятады. Ер Төстікке құрметіңді арттырады. Бір сәтке ақын қыздың өзі де ертегінің құрамдас бөлігіне айналып, осы өлеңдегі кейіпкерлердің қатарына еніп кеткендей болады. Дүлей күштің иесі, тұлғалы Төстік батыр бойы бір тұтам ғана титімдей Жанаттың көмегіне аса зәру болмаса да, бұл бойжеткен Ерназардың ерекше туған ер ұлына асқан жанашырлықпен қарап, әр қадамына алаңдайды да отырады. Ер Төстік жалпақ жұртты құтқарса, Жанат сол ешкімге басын имейтін Ер Төстіктің өзін жырымен желеп-жебеп тұрғандай сезінесің. Ерназардың ерекше көші мен ерекше перзентін ерекше жырлай білген бұл Жанатпен ойнауға болмайды.
Көшіңді алып ілгері жөнел енді,
Жұртта қалам жаңғыртып көне өлеңді.
Боз тұманды бүркенген Сорқұдыққа
Сор айдаған Ер Төстік неге келді?!
Келді, кетті… Жазмышы осылай-ды,
Тағдырынан қас батыр шошымайды.
Айтып жүрмін әлі күн жолаушыға,
Ерназардың ерекше көші жайлы…
Оқиғасы тым өрби қоймаса да жанры жағынан балладаға сәл-пәл жақындау осы өлеңде Жанаттың өзін қоспағанда үш-ақ кейіпкер бар. Олар – Ер Төстік, Кенжекей және Ерназар. Тек аттары аталып, сол есімдерге орнықты ойдың жүгі артылады демесеңіз, бұларды кейіпкер санатына қосудың да жөні келе қоймас. Бірақ солармен жан-дүниесі әбден бірігіп һәм кірігіп кеткен автордың ертегілер елін соншалықты жат көрмейтініне көзіңіз айқын жетеді. Тіпті ақын қыз бүкіл әлемдегі сорақылық пен сормаңдайлықтың символы саналатын Сорқұдықтың өзін жер жаннаты Жерұйықтан кем санамайтын секілді. Оған салса, сол Сорқұдықтың маңын мекен етіп көпке дейін қалып қоюға да кет әрі емес-ау... Себебі оның төңірегінде жанына жақын кейіпкерлері – Ер Төстік, Кенжекей және Ерназар жүр. Жақын болғанда да етене жақын. Жүрегімен жырлағаны соншалық, Ер Төстік ағасы, Кенжекей жеңгесі, ал Ерназар әз әкесі секілді әсер қалдырады. Сондықтан ол Ерназар байғұсты «балаңды мыстан кемпірдің жемсауына өзің салып бердің ғой» деп күстаналай қоймайды. Керісінше, осынау поэтикалық персонаждарды пайдаланып, парасат пен пенделік палитрасы тұрғысынан ой толғайды:
Пенделігің шығар-ды періге ерсең,
Сүйенетін емендей сенім ең сен.
Қайрылмай-ақ кете бер, көшің бастап,
Сорқұдықтың басынан мені көрсең…
Мыстан жатыр мекен қып жертөлені,
Кенжекей жүр айналып кертөбені.
Жүрек-жұртым көшіріп алды өзіне,
Қимасына айналып ертек елі…
Ой-бай, мыстан деген тағы бір кейіпкер жүр ғой мұнда. Әлемге әйгілі әжептәуір әжемізді қалай байқамағанбыз, а? Мыстан мыстандығын істейді деген осы-ау. Ал біздің Жанат болса сол мекерлігі мол мыстанды да ұмытпапты. Кіл жақсының арасына жік салмаса ішкені ас болмайтын біреуді кейіптеу үшін қажет болған шығар, бәлкім…
Жарайды, құрысыншы бәрі. Мыстаны да, басқасы да… Әй, Жанат қыз, қанша жерден Ер Төстіктің қарындасы болсаң да, ертегі елінен өз ортамызға қайтып келші тезірек. Дегеніміз сол еді… Өзі де сөйткелі тұр екен. «Жүрек-жұртым көшіріп алды өзіне, Қимасыма айналып ертек елі…», – деді де ертегілер елінен ертегіні құрметтейтін елге қайтып оралды…
* * *
Осы күндері талантты ақын, ғибратты ғалым Жанат Әскербекқызы әдемі де әйбат жасқа келіп жатыр деседі. Жүрек-жұртың аман болсын, Жанат қыз! Ер Төстіктің ғана емес, біздің де қарындасымыз екенің есіңнен шықпасын дейміз де…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
395 рет
көрсетілді0
пікір