• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2026

Нақты іске асатын жүйелі қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген ­сұқбатында елдің ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға ­жауап берді. Көкейкесті мәселелерді қозғалған  кездесуге қатысты бірқатар маман өз пікірін білдірді. 

 

Кәсіпкерлік  – болашақтың басты сәулетшісі

Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев бұл сұқбатта қоғамға атқарылған жұмыстардың жай ғана есебін емес, жаңа дәуірдің терең мазмұнды бағ­дарламалық құжатын ұсынды. Мемлекет басшысы айқын стратегиялық бағытты көрсетті: қуатты әрі өркендеген Қазақстанға апарар жол – халықтың бірлігі, ортақ еңбекқорлық және жүйелі реформаларды іске асыру арқылы өтеді. Депутат әрі азамат ретінде мен бұл өзгерістердің негізінде кәсіпкерліктің рөлін түбегейлі қайта қарау жатқанын нық сеніммен айта аламын. Біз «қамқор мемлекет» моделінен «серіктес мемлекет» моделіне өтудеміз, мұнда бизнес болашақтың басты сәулетшісіне айналады.
Президент аса маңызды бір жайт­қа назар аударды: мемлекет дамудың жалғыз әрі баламасыз қозғаушы күші болған кезең біржола өткен шақта қалды. Біз шешуші ресурс ретінде жеке бастамалар алдыңғы орынға шығатын дәуірге қадам бастық.
Бизнес үшін бұл нарықтың кеңеюі ғана емес, экономикалық еркіндік әлеуметтік жауапкершілікпен тығыз байланысты болатын сапалық тұрғыдан жаңа даму кезеңіне өту деген сөз. Бүгінде кәсіпкердің табысы тек жылдық есептегі пайдамен емес, құрылған сапалы жұмыс орындарының санымен, өңірлердегі инфрақұрылымның дамуымен және адами капиталға қосқан үлесімен өлшенеді.
Сұқбаттың негізгі тақырыптарының бірі – салық реформасы болды. Ол қоғам үшін фискалдық қайта жүктеуге айналды: салық «ауыртпалық» болудан қалып, бизнестің ел тұрақтылығына саналы түрде салған инвестициясына айналуға тиіс.
Президент ұлттық буржуазияны қалыптастырудың маңызын орынды атап өтті. Мұндай кәсіпкерлер үшін қайырымдылық пен жасампаз патриотизм – осы бизнестің пайда болуына мүмкіндік берген халық алдындағы саналы парыз.
Реформалардың табысты болуы әрбір кәсіпкер мен азаматтың әділетті Қазақстанды құрудағы өз рөлін қаншалықты терең түсінетініне байланысты екенін ұмытпау маңызды. Формула қарапайым: Әділетті мемлекет – адал бизнес – бақуатты халық.

Қайрат МАЙЫШЕВ, 
Мәслихат депутаты

 

Газет оқитын ұлт өседі

Мемлекет басшысы жыл басында ұлттың дәстүрлі басылымдарына сұқбат беруді дәстүрге айналдырғаны белгілі. Былтыр «Ana tili» ұлт басылымына сұқбат берсе, биыл «Turkistan» апталығына сұқбаты жарияланды. Бұл ненің белгісі? Біріншіден, ұлттың мұңын мұңдайтын да, жоғын жоқтайтын да алдымен ұлттық баспасөз. Оның ішінде ұлттың дәстүрлі басылымдары. Президенттің ұлт басылымдарына сұқбат беруі – ұлтжандылықтың, мемлекетшілдіктің ең жоғары айқын көрінісінің белгісі. Кейінгі кезде қоғамда ұлттық басылымдар, ұлттық газет-журналдар, мерзімді басылымдар жөнінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Тіпті біреулер қазір газет оқымайтынын мақтан көретіндей жағдайға жетті. Меніңше, Президенттің сұқбаты соның барлығына берілген кесімді жауап. 
«Ұлттық басылымдар қазір өрлеу жағдайында тұр» дегені, шыны керек, көп жағдайдан үміттендіреді. Бұл ұлттық басылымдардың абырой-беделінің өз деңгейінде екеніне берілген жауап, оған деген сенімнің күштілігін білдіреді. Қазіргі тақылдаған Tik-Tok пен блогерлер қаптаған заманда бұл үлкен сөз. Шыны керек, қай кезде де, қай заманда да ұлтқа керек сөзді, танымдық дүниелерді жариялайтын, айтатын ол – ұлттық баспасөз. Президент соны сезіне отырып, өзгелердің санасына құйып отыр. Мәселен, менің әкем: «Газет оқымайтын адамды мәдениетті адам деп есептемеймін» дейтін еді, Президенттің сөзінен де осы сөздің иісі шығады. 
Президент ұлттық басылымдарды ұдайы қарап отыратынын айқын білдіреді. Мысалға, газет тілшілерінің жан-жақты талдау мақалаларын, аналитикалық дүниелерін мысалға ала отырып, ағартушылықпен айналысып келе жатқанын айтады. Тарихқа сәл ­шегініс жасасақ, 20-жылдардағы ­кешегі Алаш Орда көсемдерінің, алашшыл тұлғалардың бәрі жиырма жыл бойына халықтың көзін ашумен, ағартушылық жұмыспен айналысқан. Ал оның басты құралы баспасөз болған. Президенттің сөзінде, астарында сол жатыр. Қай кезде де баспасөз ағартушылық рөлін атқарған. Қай кезде де ұлттық баспасөзге жүгінуге, соны бағдар етіп алуға болады. Президент соны айтып отыр.
Кейінгі кезде «кітап оқитын ұлт», «оқитын ұлт» ұғымдары қалыптас­ты. «Оқымаған ұлт ешқашан ұшпаққа шықпайды, оқитын ұлт қана өседі-өрлейді» деген пікір де бар. Мен осыған «газет оқитын ұлт өседі» деген пікірді қосқым келеді. Президенттің бұл сөзі қоғамда үлкен серпін туғызатыны сөзсіз. Әрі тиісті орындардың қазақ баспасөздеріне бет бұру қажеттігін де меңзеп, сездіріп отыр. Бұл журналист үшін үлкен жаңалық, үлкен қуаныш. Меніңше, Президенттің осы бірауыз сөзі тиісті орындар тарапынан, тіпті Үкімет тарапынан ұлттық басылымдар жөнінде қаулы қабылдап немесе арнайы бағдарлама жасауына түрткі болуы мүмкін және солай болуы керек деп есептеймін. Мемлекетте, қоғамда ұлттық құндылықтардың бастауында тұрған бірден-бір сала – ұлттық баспасөз. Қай кезде де, қандай өсіп-өнген ел болсын, ол ағартушылық жұмыспен айналысуын тоқтатпайды, баспасөздің қасие­ті осында. Сондықтан мемлекеттің қолдаушысы, сенімді күші – баспасөз екенін айтып отыр, ол сөзге терең мән беру керек. 
Ұлттық баспасөз – ұлттың мазмұны, мағынасы. Үлкен мәдениетке қол жеткізу үшін қай салада да мәдениет керек. Қазір дағдарыс көп, оның себебі мәдениеттің кемшіндігінен. Мәдениетті қалыптастыратын ұлттық баспасөз, газеттің сөзі. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» дейтін мәтелдің де мағынасы осында. 
Соңғы кезде, әсіресе жергілікті жердегі басшылықтардың ұлттық баспасөзге деген мінәйі көзқарастарын түбірімен жою керек. Ұлттың сөзі түзелгенде, ұлттың баспасөзіне көңіл бөлінгенде ғана елде өсіп-өну, даму болады. 
Әлеуметтік желі, қаптаған сайт, порталдар көбейіп кетті, оның бәріне топырақ шашпаймын, дегенмен, демократия деп сылтауратып жүргендері бар. Менің ұстазым, марқұм Ақселеу Сейдімбек ағам: «Демократия ол ауыздықтаса ғана демократия» деу­ші еді. Сөз еркіндігі деген желеумен ауызға келген сөзді айту, ойланбай сөйлеу бізге абырой әпермейді, елдің көсегесін көгертпейді, елді өсірмейді. Елге керек сөзді салмақтап, ойланып-толғанып, есті сөзді, есті ойды айтатын да ұлттық баспасөз екенін ұмытпауымыз керек. Ұлттық баспасөздің артықшылығы, ерекшелігі елдің сөзін айтатынында, Президенттің ұлттық баспасөзге айрықша өзіндік көзқарас білдіруінің ар жағында осындай ой жатыр.
Жаһандану заманында жасанды интеллекті деп жатырмыз, жасанды интеллекті ұлттық баспасөзге жүрмейді, ешқашан. Ұлттық баспасөзде ешқашан жасандылық болған емес, оған тек қана жасампаздық тән. Ұлттық баспасөздің негізгі міндеті – ағартушылықпен айналысу. Қай заманда да. Бұл қай кезде де өзекті мәселе деп ойлаймын. 

Қали Сәрсенбай, 
жазушы

 

Басты міндет– ақиқатты жазу

Президент бұл жолы ә дегеннен ­газет-журналдардың мәселесін тілге тиек етіпті. Жалпы алғанда Қасым-Жомарт ­Кемелұлының жыл сайын газетке кең көлемде сұқбат беруінің өзі үлкен жанашырлық. 
«Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады» деген Президент мерзімді баспасөзді жас кезінен үзбей оқитынын айта келіп, ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін жақсы жеткізіпті.
«Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Сондықтан БАҚ саласына, басылымдарға жанашыр көзқарас керек. Президент аталған сұқбатында осыны меңзегені анық. Иә, бюджеттік газеттер биліктің көмегіне өте мұқтаж. «Газеттің тиражы азайып жатыр екен» деп оның бюджетін де, қызметкерлерін де қысқартудың қажеті жоқ. Былайша айтқанда, «Оқырмандары азайып келе жатыр» деп газет-журналдардың болашағына, тағдырына селқос қарамау керек. 
Сұқбатта бұдан өзге де ел ішінде жиі талқыланып жүрген мәселелер де айтылып, Мемлекет басшысы тиянақты жауап беріпті. Негізі әлеуметтік желілерде жиі талқыланып, көпшіліктің көңіл күйін, ниетін бұзатын алыпқашты әңгімелерге дер кезінде жауап беріліп, су сепкендей басып отырған да дұрыс деп ойлаймын.
Тегінде қандай заман, қандай жағдай болса да журналистердің басты міндеті – ақиқатты жазу. 

Оралхан ДӘУІТ, 
Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің 
бас редакторы

 

Экономикалық белсенділікті арттырады

Президент сұқбатында ел экономикасының жалпы өсіміне баса назар аударғаны орынды. 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі шамамен 6 пайыз деңгейін­де қалыптасты. Бұл көрсеткіш макроэкономикалық тұрғыдан белгілі бір тұрақтылықты білдіреді, алайда оны толық әрі ұзақ мерзімді тұрақтылық деп айту әлі ерте. Өйткені экономикалық өсімге әсер ететін сыртқы факторлар жеткілікті. Атап айтқанда, энергия ресурстары бағасының құбылуы, инфляция деңгейінің 12 пайызға дейін жетуі, сондай-ақ кейбір саладағы өндіріс көлемінің баяу өсуі экономиканың орнықтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасы оң бағытта дамып келеді. Дегенмен, тұрақтылықты сақтау үшін қосымша құрылымдық реформалар мен инфра­құ­рылымдық инвестициялар қажет. Президент сұқбатында бұл тұрғыда шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді.
Шағын және орта бизнестің дамуы – жұмыс орындарын құрудың, инновацияларды енгізудің және экономиканы әртараптандырудың негізгі тетігі. Алайда қазіргі қолдау шаралары жеткілікті деңгейде тиімді деп айту қиын. Себебі көптеген бағдарлама бюрократиялық кедергілерге тап болып отыр, қаржыландыру көлемі барлық кәсіпкерге бірдей жетпейді, ал кей өңірлерде инфрақұрылымның дамымауы бизнеске айтарлықтай шектеу қояды. Яғни қолдау бар, бірақ оның қамту ауқымы мен тиімділігін арттыратын тетіктер әлі де әлсіз.
Үшінші маңызды мәселе – әкімшілік кедергілер. Президент орта бизнес үшін әкімшілік тосқауылдарды азайтудың маңызын атап өтті. Алайда бұл бағытта әлі де шешілмеген мәселелер бар. Олардың қатарында рұқсат құжаттарының күрделілігі, салық пен есептілік жүйесіндегі түсініксіз тұстар, мемлекеттік органдардағы бақылау мен тексерудің көптігі, сондай-ақ электрондық мемлекеттік қызметтердің толық іске қосылмауы бар. Мұндай кедергілер шағын және орта бизнестің дамуына тікелей кері әсер етеді.
Төртінші мәселе – салықтық жеңілдіктер мен экономикалық белсенділік. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге арналған салықтық жеңілдіктерді кеңейту қажеттігі айтылды. Бұл саясат экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді, себебі кәсіпкерлердің шығындары азайып, инвестиция мен инновация­ға жол ашылады, жаңа жұмыс орындары құрылады және заңды бизнестің дамуына ынталандыру күшейеді.
Алайда салықтық жеңілдіктердің тиімділігі олардың нақты, түсінікті әрі бюрократиялық тосқауылдарсыз іске асырылуына тікелей байланысты. Жалпы алғанда, Президенттің бұл сұқбаттағы ұстанымы экономиканың даму бағытын айқындап бергенімен, алдағы кезеңде нақты іске асатын жүйелі қадамдар қажет екенін көрсетеді.

Бауыржан Ысқақов, экономист

 

Сенім мен қауіпсіздік өлшемі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұқбатында жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытудың басты шарты ретінде деректер қауіпсіздігі мен қоғамдық сенімге басымдық беруі – уақыт талабына сай, алға қараған ұстаным. Бұл бағыт халықаралық ғылыми қауымдастық ұсынған негізгі қағидаттармен толық үйлеседі. Мәселен, UNESCO-ның 2021 жылы қабылдаған «Recommendation on the Ethics of Artificial Intelligence» құжатында жасанды интеллектіні жауапты енгізудің негізі ретінде деректерді қорғау мен қоғам сенімін сақтау қажеттігі атап көрсетілген.
OECD-нің 2023 жылғы AI Policy Observatory есебінде мемлекеттік басқару мен білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданатын елдердің басым бөлігі толық автоматтандырудан гөрі human-in-the-loop моделін таңдағаны көрсетіледі. Бұл тәсілде алгоритмдер талдау жасап, ықтимал сценарийлер ұсынса, түпкілікті шешім ­әрдайым адам тарапынан қабылданады. Ғылыми зерттеулер осы модельдің тиімділігін дәлелдеп, қателік пен әділетсіз шешімдер тәуекелін едәуір төмендететінін көрсетіп отыр.
Сондай-ақ Еуропалық Одақтың 2024 жылы қабылдаған AI Act заңнамасында жоғары тәуекелді жасанды интеллект жүйелеріне адам бақылауын міндетті талап ретінде енгізуі – осы бағыттың халықаралық деңгейде орныққанын аңғартады. Бұл Президент сұқбатында айтылған «жасанды интеллект қоғамға қызмет етуге тиіс» деген қағидаттың әлемдік тәжірибеде нақты құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда жасанды интеллектіні дамыту технологиялық жарыс қана емес, деректер қауіпсіздігін нығайтып, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ететін және адами жауапкершілікке сүйенген институционалдық саясатқа айналып отыр. Бағдарланған бағыт қоғам сенімін арттыруға және цифрлық дамудың сапалы деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.

Өркен Мамырбаев, 
PhD, профессор

Жасанды интеллект адамды ­алмастырмайды, мүмкіндігін арттырады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұқбатында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар ел дамуының стратегиялық өзегіне айналуға тиіс екені нақты айтылды. Алайда Мемлекет басшысы бұл үдерісте адам капиталының рөлі әлсіремеуі, керісінше, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі керектігін ерекше атап өтті. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде дәл осы қағидат жасанды интеллектті енгізудегі негізгі философия ретінде қабылданған.
Біз үшін жасанды интеллект – оқытушыны немесе басқарушыны алмастыратын құрал емес, ол – адамның кәсіби шешімін күшейтетін интеллектуалдық серіктес. Сондықтан университетте барлық ЖИ-шешімдер «human-in-the-loop» қағидатына негізделіп енгізіліп жатыр. Яғни алгоритмдер деректерді талдайды, ұсыным береді, тәуекелдерді көрсетеді, ал түпкілікті шешім әрдайым адам тарапынан қабылданады.
ШҚТУ-да жасанды интеллект білім беру мазмұнына жүйелі түрде енгізілді. 2024–2025 оқу жылынан бастап барлық білім алушылар үшін «Жасанды интеллект негіздері» пәні міндетті компонентке айналды. Бұл пән тек технологиялық дағдыларды емес, академиялық адалдық, цифрлық этика, ЖИ-ді жауапты пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар университетте салалық және инженерлік бағыттарға бейімделген бірқатар білім беру бағдарламалары іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Смарт технологиялар және көлік машина жасаудағы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект» білім беру бағдарламалары болашақ инженерлер мен зерттеушілерді нақты өндірістік және ғылыми міндеттерді шешуге дайындайды. Осы бағдарламаларда студенттер ЖИ-ді дайын шешім ретінде емес, сыни тұрғыдан талдап, этикалық шектеулерін ескере отырып қолдануға үйренеді.
Президент Жолдауында жастардың технологиялық ойлауын дамыту ерекше басымдық ретінде көрсетілді. Осы тұрғыда ШҚТУ AI-Sana ұлттық бағдарламасының белсенді қатысушысы болып табылады. Бағдарлама аясында студенттер Coursera, Huawei ICT Academy, Astana Hub платформаларында ЖИ бойынша курстардан өтіп жатыр. Бұл білім тек теориялық сипатта қалмай, жобалар арқылы бекітіледі.
Соның жарқын бір мысалы – AI-Sana: EKTU Demo Day. Бұл алаңда студенттер мен жас зерттеушілер өздерінің жасанды интеллектке негізделген жобаларын ұсынып, сарапшылар алдында қорғады. Demo Day жобалық ойлауды, әділ бағалау мен академиялық адалдықты қалыптастыратын ашық платформаға айналды. Мұнда барлық жұмыс бірдей критерий бойынша бағаланып, субъективтілік ­барынша азайтылды.
Академиялық адалдықты қамтамасыз етуде университетте AI-прокторинг, AI-рецензент, интеллектуалды оқу кестесі сияқты шешімдер енгізілген. Бұл жүйелер бағалау барысында адами фактордың теріс ықпалын азайтып, баршаға тең талап қоюға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл құралдар шешім қабылдамайды, олар тек аналитикалық қолдау көрсетеді.Осылайша, ШҚТУ-дағы жасанды интеллект шешімдері Президент сұқбатында айтылғандай, әділеттілікке, ашықтыққа және адамға бағдарланған цифрлық модельді қалыптастыруға бағытталған.

Ұлан Еренғалиұлы, 
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің

Басқарма мүшесі – стратегиялық даму жөніндегі проректоры

 

 

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы