- Ақпарат
- 08 Қаңтар, 2026
Дүрдараз дүние
2025 жылдың соңғы күндерінде, дәлірегі – 2026 жылдың табалдырығында әлемде саяси ахуал қызуы күрт көтерілді. Әрине, Иран мәселесі бұрыннан бар. Ол америкалық көзқараспен ғана қарағанда деуге келмес, себебі Иранда да ат төбеліндей топтың бүкіл байлықты бауырына басуына байланысты, кедейленген халықтың көтерілісі бірінші мәрте болып жатқан жоқ.
Дағжан Белдеубай,
«Ana tili»
2026 жылдың жаңалығы – Венесуэла президенті Николас Мадуроны Америка Құрама Штаттарының қарулы күштері ұрлап, әлде зорлықпен алып кетуі дер едік. Осы ретте «Венесуэла деген өзі қандай ел?» деген сұрақ туады. Бірден назар аударарлығы – мемлекеттік тілі – испан тілі. Осыдан-ақ кезінде әлемнің талай елін отарлаған испандардың ізін көресіз. Соның арқасында испан тілі қазір де Біріккен Ұлттар Ұйымы есебіндегі дүниежүзіне ең көп таралған тілдердің санатында.
Венесуэла он тоғызыншы ғасырда әлемдік қауымдастыққа белгілі болған мемлекет. Нақтылап айтсақ, 1811 жылы егемендігін жариялапты, 1821 жылы Испаниядан біржола азат етіліпті, ал 1830 жылы Ұлы Колумбияның құрамынан шығып, тәуелсіздігін алыпты. Оңтүстік Америка құрлығының солтүстігіндегі, Кариб теңізі мен Атлант мұхиты жағасындағы, Гайана және Бразилия, Колумбия мемлекеттерімен шектесіп жатқан ел. Халқы 29 миллионға жуық, жер көлемі жөнінен (916 445 шаршы шақырым) әлемде 32-орында. Николас Мадуро қолды болған соң, қазір бұрынғы вице-президент Делси Родригес уақытша президент міндетін атқаруға көшті.
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің санатында болғанымен, аты атала бермейтін елдер болады. Ал Венесуэла тіпті ең ықпалды елдердің қатарында жиірек айтылады. Сондықтан 1998 жылы билікке келген Уго Чавестің, ол 2013 жылы қайтыс болған соң Президент болған Николас Мадуроның есімін көпшілік біледі. Себебі де белгілі. Сарапшылардың айтуынша, әлемдік мұнай қоры жөнінен Венесуэла Сауда Арабиясы, Катар секілді елдерден де ілгері тұр. Шамамен әлемдік мұнай қорының жиырма пайызы Венесуэла жерінде. Бұл тым үлкен байлық болып есептеледі. Сондықтан оған көз тігушілер, иелік етуден дәмелілер аз емес. Тіпті Америка Құрама Штаттары, Бразилия, Аргентина сынды сол құрлықтағы үлкен елдерді былай қойғанда, шалғайда жатқан Қытай, Ресей секілді алпауыттар да инвестиция құйып, үлес алуға үмітті. Ең бастысы Венесуэла мұнайы әлемдік мұнай нарығына ықпал етуге қауқарлы. Осы жолы Николас Мадуроның тұтқындалуы мұнай бағасына әсер етіп, қымбаттай қалуынан да сол ықпалы анық көрінді.
Әрине мүддесі болғасын да Қытай АҚШ-тың әрекетін сынады. Николас Мадуро мен әйелін босатуды талап етті. Ресей де жақтамағандардың санатында. Американың өз ішінде Дональд Трамптың бақталасы Камала Харрис пен Нью-Йорктың жаңа сайланған басшысы Зохран Мамдани қарсы пікір білдірді. Ең қызығы – Камала Харрис өзі биліктегі кезінде, қазақшалап айтқанда Мадуроның басына бәйге жариялағаны есепке алынбайтын секілді. Мұның өзі билікке кім келсе де мемлекеттің мүддесі өзгермейтінін көрсетсе керек. Зохран Мамдани Нью-Йоркте мыңдаған венесуэлалық тұратынын тілге тиек етіпті.
Венесуэланың өз ішінде халқы бұл жаңалықты түрліше қабылдап жатыр. Дегенмен сонша табиғи байлығы бар елде халқы кедей тұрады. Сондықтан диктатордың биліктен кетуін жақсылыққа балап, берекелі тіршіліктен үміт етушілер көп болса керек. 2024 жылғы шілдеде өткен президент сайлауында, әкімшілік ресурсты пайдаланып Николас Мадуро өз билігін сақтап қалғанымен, Құрама Штаттар бастаған шетел бақылаушылары Эдмундо Гонсалес есімді оппозиция жетекшісін жеңімпаз деп жариялаған болатын. Соған сүйенген Эдмундо Гонсалес жақында «заңды сайланған президент менмін» деп, ел армиясын өзін қолдауға шақырыпты.
Дональд Трамп Венесуэлаға қатысты баспасөз мәслихатында, Америка Құрама Штаттары қарулы күштерінің теңдессіз мүмкіндіктерін айта келе, Мадуроны есірткі саудасы үшін айыптады. Америкаға есірткінің тоқсан жеті пайызы теңіз арқылы жеткізіледі екен. Соның көп бөлігі Венесуэлаға, яғни Мадуроға тиесілі сыңайлы. Трамп «оған нақты дәлелдеріміз бар» деді. Есірткінің әрбір жеткізілімінен жиырма бес мың адам өледі. Сөйтіп, мыңдаған америкалық тұрғынның қаны Мадуроның мойнында дегенге келтірді. Оның үстіне биліктен қорлық-зорлық көрген көптеген венесуэлалық АҚШ-та паналап жүрсе керек. Оларға да өз еліне қайтуға мүмкіндік тумақ.
Николас Мадуро еліне құтты патша бола алмағаны да жиі айтылып келді. 2017 жылы халқының тоқсан үш пайызы аш-жалаңаш деген сұмдық хабар айтылды. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, 2018 жылы инфляция бір миллион пайызға жеткен. 2018 жылы болған кезектен тыс президент сайлауындағы Николас Мадуроның жеңісін Ресей, Қытай, Куба секілді бірнеше ел мойындаған. Сайлау нәтижесіне қарсылық ретінде Канада, Бразилия, Аргентина бастаған он төрт ел, Каракастағы елшілерін кері шақырып алған. Экономикалық қиындықтарға байланысты сол жылдарда ауа көшкен венесуэлалықтардың саны бір жарым, кей есептеулер бойынша екі миллион халықтан асқан. Ол Оңтүстік Америка атты құрлықтың тарихындағы ең үлкен босқын болып бағаланыпты. Содан да шығар, Мадуроның Америка тарапынан қолды болуы кей елдерде онша таңданыс тудырмаған да секілді. Сөйтіп, үшінші қаңтар күні, жергілікті уақытпен түнгі сағат үште, АҚШ қарулы күштері Каракаста Николас Мадуроны тұтқындауға кіріскен. Супер державаның сайыпқырандары не бары екі сағатта дегендеріне жетіпті. Болжам бойынша, Америка әскерилерінің бір елдің Президентін оп-оңай қолды қылуына венесуэлалықтардың өзі жәрдемдескен, онсыз да жемқорлық жайлаған елде жоғары лауазымдағы әскерилерді сатып алу онша қиын емес. Әрине, ол сөздің де жаны бар. Дональд Трамптың баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзіне сенсек, бірде-бір америкалық жауынгер зардап шекпеген.
Ілкіде аталған Иран да Венесуэла секілді Америкаға жұлдызы қарсы ел. Бір тұрғыдан АҚШ-тың саясаты дұрыс емес деуге келмейді. Николас Мадуро (рас болса) есірткі саудасын қыздырса, елде адам саудасы өршісе, кедейшілік жайласа, Иран көсемі Аятолла Хомейни билік құрғалы анау-мынау емес отыз жеті жыл болыпты. 1989 жылдан бері оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Сексен алты жасқа келсе де биліктен бас тартқысы жоқ. Әрине, ұзақ сақталған биліктің айналысындағы аз ғана топ қана байитыны, әлем тарихынан бізге мәлім. Дональд Трамптың екінші қайта сайлануы да Аятолла Хомейни үшін сәтсіздік болды. Санкциялар күшейді. Жығылғанға жұдырық – су тапшылығы ауыл шаруашылығын тығырыққа тіреді. Сөйтіп жаппай қымбатшылық иектеді. Израйльге айбат шегіп, жұдырығын түйіп отырғанда, аяқ астынан өз халқы қала көшелеріне шығып ереуілдеткені, адамдардың тым ұзақ отырған билеушіге деген ішкі қарсылығы болса керек.
Дегенмен парсы елі санкциялар қыспағында қалса да жақсы дамығаны, көршілес мемлекеттерге әсер етті деуге болады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Қазақстанды отыз жыл бойы билеген топ, онысын ары қарай жалғастырғысы келді. 2022 жылғы қаңтарда жолы кесілмегенде, бізде де Хомейни секілді көсем отырар еді. Қайсыбір жылы Ресейдің басшы-қосшылары ішкі мүмкіндіктерін пайдаланып, басқаларға иек артпай-ақ дамуға болатынын дәлелдеп сөйлегендері бар. Сонда Иранды үлгі етіп, халқын түрлі санкциядан да қорықпауға шақырғаны есте. Онда Украинамен қазіргідей соғыс басталмаған кез болатын. Енді ойласақ, халқын экономикалық қиындықтарға, санкцияларға алдын ала дайындаған екен.
Қазіргідей соғыс жағдайында Ресей кері кеткен экономикасын қалыпқа түсіріп, қарыштап дами ала ма, оны уақыт көрсетеді. Халқының саны жетпіс миллионға жеткен Иран, өндіргенін өзі тұтынып, ілгерілей алды. Экономист ғалымдар Иран мысалын кей елдерге үлгі ете бастады. Билік ауысса бұл елдің болашағы қалай болары белгісіз. Теократиялық билік кейде кері кетіретіні Ауғанстан тарихынан мәлім, демек, алдын ала болжам айту ағаттық болмақ.
Сол Ресей өткен жылы еврей армиясы Газа секторын талқандап бомбалап жатқанда, аталған соғысты айыптағанын көріп, таңырқадық. Украина демекші, сол елдің дипломаттары таратқан мәлімдеме, Америка Құрама Штаттарының Николас Мадуроны тұтқындағанын қолдапты. Астарында диктаторларға сол керек деген жөптеу бар.
Әрине, Американы да айыптаушылар баршылық. Бұл орайда, алдымен Иракты талқандап, 2006 жылы Саддам Хусейнді, кейін 2011 жылы Ливияның тоз-тозын шығарып, Муаммар Каддафиді өлтірген саясат жалғасып жатыр. Расында, қарасаңыз, барлығы мұнай үшін жасалыпты. Николас Мадуро да мұнай нарығына 2018 жылы доллармен қабаттастырып юаньды, рубльді, евроны енгізіпті. Доллармен жеке дара сауда жасау шектелген. Ол, әрине, Американың мүддесіне сай келмейді. Сөйтіп, Венесуэланы экономикалық қыспаққа алу күшейе түскен. Ерегес ақыры Президенттің өзін тұтқындауға жеткізген. Сондықтан есірткіден бұрын, бұл шиеленісте Американың экономикалық мүддесі тұр деуге де болатын секілді.
Қысқасы, мұнай секілді байлық атаулы кей елдердің бағынан бұрын сорына айналды. Онда да «шығасыға иесі басшы» дегендей билеушілердің тойымсыздығы, халқын құл қылып ұстауға құштарлығы, жемқорлық, парақорлық секілді жегі құрттай дерттердің меңдеуі, билік иесінің айналасына алаяқтардың жиналуы бәрі-бәрі себепші болатыны Мадуроның мысалынан көрініп тұр.
Венесуэла оқиғасынан Қазақстан үшін нені түюге болады? Бірінші, Америка Құрама Штаттары секілді ықпалды елдер біздің де екі жағымызда орналасқан. Мұнайға, импортқа тәуелділік Қазақстан экономикасына да тән. Санкциялық қыспақ болмағанмен, рубльдің кері әсері анық сезіледі. Қымбатшылық жалғаса түсті. Соңғы жылдарда есірткіге елтушілер біздің елде де көбейгені ашық айтылып жүр. Демек, қауіп жоқ емес. Әлемдегі ең мықты елдің, бір мемлекеттің басшысын тарпа бас салып ұстап әкетуі де бір тұрғыдан өте жағымсыз үлгі. Іш тартатын, қамданбаса болмайтын қаракетке еріксіз жетелейтін іс. Әсіресе Қазақстан секілді қазба байлығы, мұнайы көп, оған ортақтасқысы келетіндер әлемнің әр қиырынан ағылып жатқан, үнемі назардағы ел ретінде саясаткер атаулы сабақ алатын, толғанбаса болмайтын оқиға.
375 рет
көрсетілді0
пікір