• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2026

Тау. Табыс. Тұмса табиғат

Қазір байқап қарасаңыз, шетелге саяхаттайтындардың саны артты. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Халық ел, жер көріп, жанына рақат табады. Мемлекет экономикасының өркендеуіне түбегейлі кіріс алып келетіні де туризм саласы. Соның ішінде ішкі туризмнің маңызы жоғары. ­Қазынаға қомақты қаражат түседі. Бұл бір, екіншіден Қазақстанға сырттан келетін туристер де көбейді. Бірақ оларға лайық қызмет көрсетіле ме, олардың қызығушылығын оятатын жағдай жасалған ба? Расында елге келген қонақ ең алдымен сапалы сервистік қызметті көргісі келеді. 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

Бұл орайда Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласында «жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол берілмейтінін айтты.
– Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайдығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан аса алмай жатырмыз.
Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенді» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен ­айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады, – деді Мемлекет басшысы.
Бір ғана мысал, «Шымбұлақ» Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жерде орналасқан. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда «Шымбұлаққа» баратын адамдардың көптігі сонша, туристерді қабылдау қиынға соғып отыр. Тау курорты тозып барады. Оның үстіне бағасы да арзан емес. Шетелдіктер үшін қымбат емес болар, ал қарапайым халықтың қалтасын қағады. 
Мемлекет басшысы осыған орай «табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет екенін айтты». 
Расында да Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Президент тапсырмасына орай болашақта мұның барлығы да ретке келеді деп сенеміз. Бір ғана мысал, «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Демек, алдағы уақытта елімізге келетін туристердің саны әлі де арта түсеріне бек сенеміз. 
2025 жылдың қорытындысына көз салсақ, Қазақстанға келетін туристердің саны күрт көбейген. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізге ­туристік мақсатта 12,1 млн шетел азаматы келген. Олардың 8,6 миллионы елде бір тәуліктен аса уақыт болған. Орналастыру орындарының қызметін 1 млн шетелдік және 6,7 млн ішкі турист пайдаланған, бұл сырттан келген туризм мен ішкі туризмнің тұрақты өсімін көрсетіп отыр.Қонақ үйлер мен өзге де орналастыру нысандарының жиынтық табысы 268 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Өңірлерде де іскерлік белсенділік пен туристік тұтыну артып келеді. 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 38,1 пайызға өсіп, 923 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар елдің 20 өңірінде қазір 147 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл салаға жеке капитал келіп жатыр. Демек, мемлекеттің де, жеке инвесторлардың да қызығушылығы жоғары. 2021 жылдан бері 290 компания өз қызметінің ұлттық және халықаралық стандарттарға негізделген бағдарлама талаптарына сәйкес екенін растаған көрінеді. 
Демек, сервистік қызмет сапалы және жоғары деңгейде болса, сырттан келушілер де көбейеді. Бұған мысал ретінде жаңажылдық демалыс кезінде, яғни 1-3 қаңтар аралығындағы қытайлық туристер әсіресе Қазақстан, Өзбекстан және Грузия елдеріне көп келген. Бұл мемлекеттерге әуе билеттерін брондау саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан. Мұндай жоғары сұранысты ҚХР азаматтары үшін визасыз режімнің енгізілуімен байланысты екенін түсінуіміз қажет.
Былтыр Астана қаласына 1,7 миллион­ға жуық турист келді. 2024 жылы елорда 1,5 миллион туристі қабылдады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Ал туристер негізінен Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея елдерінен келетінін айта кетуіміз керек. Ал Алматы қаласы Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполис ретіндегі туристік мәртебесін нығайтып келеді. 2025 жылғы үш тоқсанда мегаполиске 1 869 375 адам келген, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға артық (1 729 601 адам). Солардың ішінде 563 мыңы ­шетелдік туристер болып, 11 пайызға өсті, ал 1,3 миллионы ішкі саяхатшылар, олардың саны 6,9 пайызға артқан. 2025 жылдың тоғыз айында Алматыға Ресейден 124,2 мың адам келген, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 5,7 пайызға көп. Қытайдан келген қонақтар саны 102,1 мың адамға жетіп, 39,2 пайызға өсті. Үндістаннан келгендер легі 85,6 мың адамға жетіп, 3,5 пайыз өсім көрсеткен. Британдық The Telegraph басылымы Алматыны «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп атады. «Booking.com»-ның талдамалы дерегінше, Алматы қазір Орталық Азиядағы туристік бағыт арасында ең жылдам дамып келе жатқан ондыққа кіріп отыр. Оңтүстік шаһар «The New York Times» рейтингісі бойынша 52 үздік туристік бағыттың қатарына кірді. Жалпы Алматы, Астана ғана емес, өңірлер де туристерді тартуға ұмтылып отыр. Бұл орайда Маңғыс­тау облысына келушілердің саны соңғы жылдары артқан. Мысалы, 2025 жылдың 9 айында Маңғыстауға 350 мыңнан аса турист келіп, 17,2 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Рас, шетелдік туристерді қабылдау бойынша қазір Маңғыстау облысы 3-орында тұр. Ал Ақтау әуежайы жолаушылар ағыны бойынша 4-орында. Соңғы бес жылда әуежайдағы жолаушылар ағыны 70 пайызға артып, 996 мыңнан 1,7 млн адамға өсті. Келешекте бұл аймаққа келушілердің саны артады. Өйткені 2026 жылдың екінші жартыжылдығында 1,3 млн жолаушы қабылдайтын мүмкіндігі бар Кендірлі әуежайының құрылысы аяқталады. 
Қазір аталған аймақта 2025–2029 жылдары құны 198 млрд теңге болатын 17 туристік инвестициялық жобаларды іске асырылып отыр. Биыл құны 4,6 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды.
Маңғыстау десе, ең алдымен ­Бозжыра еске түседі. Қазір Бозжыраға келетін ­шетелдік туристер де көбейген. 
– Биыл осы бағытты дамыту үшін биыл 13,2 шақырымды құрайтын жол құрылысы басталды, 2026 жылы электр жүйесі тартылады. Бозжыра шатқалында сапар орталығының құрылысы аяқталып, алдағы туристік маусымда іске қосылады. 2026–2029 жылдары 17,5 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылады. Қазір бірінші қонақүйдің құрылысы басталды, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Қилыбай.
Жалпы әлемдік туризм саласына ­назар аударатын болсақ, шетелдік туристер саны бойынша көш бастап тұрған елдер қатарында Түркия (28 670 адам, өсім 9,1%) тұр. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея Республикасы (18 535 адам, өсім 17,5%), Германия (12 549 адам, өсім 15,6%), ­Қырғызстан (12 356 адам, өсім 18,9%), Өзбекстан (12 259 адам, өсім 8,9%), Ұлыбритания (10 143 адам, өсім 7,1%), Италия (7 637 адам, өсім 28,5%), Сауд Арабиясы (6 750 адам, өсім 5,2%), Малайзия (5 773 адам, өсім 16,9%) және Франция (4 688 адам, өсім 25,4%) бар.
Жалпы Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танымал туристік басылымдар да жоғары бағалап отыр. Мәселен, «Conde Nast Traveler» мен «Wanderlust» басылымдары Қазақстанды 2024 жылғы әлемдегі ең үздік саяхат бағыттарының тізіміне енгізген. Бұдан шығатын қорытынды, елімізде туризм саласын дамытудың мүмкіндігі жоғары. Мемлекет басшысының да бұл саланы жедел дамыту қажеттігін айтып отырғаны бекер емес. Өйткені туризм, экотурзим орасан зор пайда табатын және елімізді көпке танытатын сала. 

295 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы