• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2026

Жанашырлық ұранмен өлшенбейді

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Бұл – Конституцияда тайға таңба басқандай жазылған норма. Алайда күнделікті өмірде, әсіресе білім беру мен ақпарат кеңістігінде бұл мәртебенің салмағы толық сезіліп отыр ма? Құжатта қазақша сөйлегенмен, кеңседе басқа тіл үстем. Сабақты қазақша түсіндіргенмен, ойлау тілі өзгеше. Медиа кеңістікте қазақ тіліндегі контент бар болғанымен, оның мазмұндық салмағы мен интеллектуалдық деңгейі  сын көтермейді. Бұл жерде баса назар аударғым келген мәселе тілде емес. Мәселе тілге деген көзқараста. Тіл тірі ағза десек, ол тек бұйрықпен емес, сана арқылы өмір сүретін тірі организм. 
Ұстаз ретінде алаңдататыны – қазақ тілінде ойлай алатын, жаза алатын, талдай алатын мамандарды даярлау мәселесі. Біз студенттен қазақша жауап талап етеміз, бірақ оған қазақша ойлау­ға үйретіп жүрміз бе? Журналистика факультеттерінде қазақ тілінде оқитын студенттердің өздері кейде: күрделі ойды жүйелі жеткізе алмайды, қоғамдық мәселеге сараптамалық көзқарас қалыптастыра алмайды, тілдік норма мен стильді сақтауда қиналады. Бұл, әрине, студенттің ғана емес, жүйенің түйткілі. Себебі қазақ тілі көп жағдайда тек тілдік пәндердің еншісінде қалып қойды. 
Қазіргі қазақ журналистикасында тіл көбіне форма ретінде қолданылады, мазмұн екінші орында. Ақпаратты қазақша беру жеткілікті сияқты. Бірақ мәселе ақпараттың тереңдігі мен сапасында.
Тілге деген жауапкершілік бір реттік акциямен өлшенбейді. Ол әр адамнан басталып, азаматтық сана арқылы мемлекет тұрғынының күнделікті тәжірибесіне, одан әрі билік иелерінің нақты шешімдеріне ұласуға тиіс. Бұл жауапкершілік басшының күнделікті шешімінен, ұстаздың аудиториядағы талабынан, журналистің әр сөйлемінен, редактордың әр түзетуінен көрінуге тиіс. 
Не істеу керек? Біріншіден, қазақ тілін оқыту тілі емес, ойлау тілі ретінде қалыптастыру қажет. Екіншіден, журналистикада қазақ тіліндегі сараптамалық жанрларды жүйелі дамыту керек. Үшіншіден, тілге қатысты формалды есептен бас тартып, нәтижеге жұмыс істейтін ­саясатқа көшу. Төртіншіден, қазақ тілінде жазатын, сөйлейтін маманнан тек тілдік сауат емес, интеллектуалдық жауап­кершілік талап етілуі тиіс. Мемлекеттік тіл тек заң нормасы емес, қоғамның ойлау деңгейінің көрсеткіші. Қазақ тілі шын мәнінде қоғам тіліне айналуы үшін, біз одан қорықпауымыз керек. Қателесуден емес, немқұрайлылықтан қорқуымыз керек. Мемлекеттік тілдің тағдыры – бір министрліктің немесе бір сала мамандарының емес, әрқайсымыздың кәсіби әрі азаматтық жауапкершілігіміз.

 

Меңдігүл БҰРХАНҚЫЗЫ, 
филология ғылымының докторы, «Тұран» университетінің 
зерттеуші-профессоры

272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы