• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2026

Елім деген Ер Медетбек

Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасында Медетбек батырдың туғанына 200 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Еліне қорған болған Ер Медетбек» атты республикалық мүшайраның марапаттау салтанаты өтті.
Салтанатты жиынға мүшайра жүлдегерлері, белгілі ақын-жазушылар, мәдениет пен қоғам қайраткерлері, батырдың ұрпақтары және қалың оқырман қауым қатысты. Тағылымды басқосу тарихи тұлғаның ерлік болмысын жаңғыртып, ұлттық рух пен поэзияны ұштастыр­ған мазмұнды кешке ұласты.
Марапаттау рәсімін мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт әдебиеті мен өнерінің жанашыры, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Ректорлар кеңесінің құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде Медетбек батырдың ел тарихындағы орнына, батырлық пен елдік дәстүрдің бүгінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды.
Жүлделі орындарды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері, академик Бауыржан Жақып, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медетбектанушы Доқтырхан Тұрлыбек, филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Жамбылтану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Алмасбек Мауленов, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың жетекшісі, ақын Әлия Іңкәрбек табыстады.
Кеш барысында мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, әнші-термеші Шаттық Уатқан Сүйінбай мен Жамбыл бабаларымыз­дың толғауын орындап, салтанатты жиынның рухани мазмұнын тереңдете түсті. Ал кеш жүргізушісі, ақын Серік Әкірамұлы іс-шараның шырайын келтірді.
Мүшайра қорытындысы ­бойынша:
Бас жүлдені Наурызбек ­Сарша (Анарыс) иеленіп, жеңімпазға 500 000 теңге ақшалай сыйлық ­табысталды.
І орын Ғапу Еркінге (Едіге) бұйырып, 400 000 теңге берілді.
ІІ орын Әбдіғани Бәзілханұлына (Қынан) тиесілі болып, 300 000 теңге тапсырылды. ІІІ орынды Ерлан Аманқожаұлы (Байтұма) мен Көксубай Амантай (Үшқоңыр) иеленіп, әрқайсысына 200 000 теңгеден ақшалай сыйлық берілді.
Сонымен қатар Үмітбек Бағдат (Жебе), Бақберген Дариғаұлы (Тайкентай), Көкбөрі Мүбәрак (Қарқара), Нарқұлан Райхан (Бесбоға, Балбалтегі), Жомарт Игіман (Асыл Мұрат), Нүсіпбай Әбдірахым (Ботасаз) сынды ақындарға арнайы жүлделер табысталып, әрқайсысына 100 000 теңгеден сыйақы берілді.
Мүшайраның жүлде қоры Медетбек батыр қоғамдық қорының және Медетбек батыр Есебайұлының ұрпағы, ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов­тің демеушілігімен тағайындалды. Барлық жүлдегер дипломмен және Медетбек батырдың 200 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.

Дайындаған
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

277 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы