• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2026

Отанымызға оралғандар көбейді

Былтыр 14 828 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері респуб­ликаға 1 млн 162,9 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,5 ­пайы­­зы – Өзбекстаннан, 43,6 пайы­зы – Қытайдан, 4,1 пайызы – Түрік­менстаннан, 3 ­пайызы – Мон­ғолиядан, 2,5 пайызы – Ресей­ден және 2,3-і басқа елдерден.
Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кішілері 34 пайыз болса, зейнет­керлер 8,6 пайыз болды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15 пайызы жоғары білімді, 27,6 пайызы орта кәсіби білімді, 51,1 пайызы жалпы орта білімді, және 6,3 пайызының  білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 218 қандас қоныс аударды.
Аталған өңірлерде қоныс­танған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-ден 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 1 279 қандасқа түрлі қолдау шарасы көрсетілді. Атап айтқанда, 356 адам тұрақты жұмысқа орналас­тырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және ­қайтарымсыз негізде енгізілді.

Бағдагүл БАЛАУБАЙ

256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы