- Ақпарат
- 22 Қаңтар, 2026
Күлкі астарындағы қоғам
Қазақ журналистикасы мен әдебиет тарихында сатира жанрын өмір шындығымен тікелей байланыстырып, оны қоғамдағы мінез-құлық кемшіліктерін әшкерелеудің пәрменді құралы ретінде қарастырған тұлғалардың бірі – Темірбек Қожакеев. Ғалым әрі сатирик ретінде ол ұсақ көрінетін, бірақ қоғамға сіңіп кеткен келеңсіз әдеттерді көркем мысқыл арқылы көрсетуге ерекше мән берді.
Қожакеевтің «Бірдеңе десеңші…», «Көрелік…» атты сатиралық әңгімесінде күнделікті өмірде жиі кездесетін таныстыққа, «өтініш арқылы іс тындыруға» негізделген әрекеттер сыналады. Шығармада кейіпкерлердің «анау министрлікте отырған нағашысына бірдеңе десеңші» деп басталатын өтініштері арқылы тамыр-таныстықтың қоғамдағы қалыпты құбылысқа айналып бара жатқаны әжуаланады. Бұл жерде автор жеке адамды емес, тұтас қоғамдық мінезді әшкерелеуді мақсат етеді. Осы сарындағы ой «Саяси қырағылық» атты сатиралық мәтінде де жалғасын табады. Мұнда автор сырттай «сақ», «ел қамын ойлайтын» болып көрінетін, ал іс жүзінде жеке пайдасын ғана көздейтін адамдардың бейнесін ашады. Қожакеев мұндай кейіпкерлер арқылы қоғамда жауапкершілік пен адалдық ұғымдарының жасандылыққа айналып бара жатқанын көрсетеді. Сатираның күші мұнда да тұрмыстық деталь мен сөз қолданысы арқылы ашылады.
Темірбек Қожакеев сатираның күші ұсақ детальдан басталатынын көрсетеді. Ол тұрмыстық тілдегі «десеңші», «көрелік» сияқты сөздердің өзінен үлкен әлеуметтік мағына тудырады. Осы арқылы ғалым-сатирик адамның сөзі мен ісі қоғамдағы моральдық ахуалдың айнасы екенін аңғартады. Мұндай тәсіл оның «Адам. Қоғам. Сатира» еңбегінде де теориялық тұрғыда негізделеді. Онда автор сатираны «қоғамдық кеселге қарсы бағытталған саналы сын» ретінде бағалайды.
Қожакеевтің тағы бір маңызды тұжырымы – сатираның жауапкершілігі. Ол жеңіл күлкі мен терең мысқылды айқын ажыратып, шынайы сатира оқырманды тек күлдіріп қана қоймай, ойландыруы тиіс екенін атап өтеді. «Сатира негіздері» еңбегінде ғалым әсірелеу, ирония, сарказм сияқты тәсілдердің мақсатсыз қолданылуы жанрдың қадірін түсіретінін ескертеді.
Ғалым қазақ сатирасының тарихи дамуына да айрықша назар аударады. Ол сатираның әр дәуірде қоғам сұранысына сай өзгеріп отырғанын көрсетіп, Абай дәуірінен кейін сатираның әлеуметтік салмағы артқанын атап өтеді. Абай шығармаларындағы мысқыл мен сын халықтың санасын оятуға қызмет етті деп бағалайды.
Темірбек Қожакеев үшін сатира уақытша құбылыс емес, ұрпаққа ой салатын рухани құрал. Бұл ой «Басқара білмесең, бас ие болма!» атты шығармасында айқын көрінеді. Мұнда автор билік пен қызметтің мәнін түсінбейтін, басқару мәдениетінен жұрдай адамдарды өткір мысқылмен суреттейді. Қызметті жауапкершілік емес, артықшылық деп қабылдайтын кейіпкерлер арқылы Қожакеев қоғамдағы басқару мәселесіне назар аударады. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер мен жағдайлар бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпайды. Тамыр-таныстық, жалған уәде, жауапкершіліктен қашу сияқты мәселелер қазіргі қоғамда да кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, Қожакеевтің сатиралық мұрасы бүгінгі журналистер үшін де кәсіби бағдар бола алады.
Темірбек Қожакеевтің шығармалары мен ғылыми еңбектерін қатар оқығанда, оның сатираны қоғамды түзетудің, адамды тәрбиелеудің пәрменді құралы ретінде қарастырғаны айқын көрінеді. Ғалым-сатириктің ойлары мен көркем шешімі болашақта да өз маңызын жоғалтпай, қазақ журналистикасы мен публицистикасында бағыт-бағдар бола береді.
Мерей Амангелді,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
журналистика және әлеуметтік
ғылымдар факультетінің
4-курс студенті
170 рет
көрсетілді0
пікір