- Ақпарат
- 22 Қаңтар, 2026
ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІН РОБОТ
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Талғат Сүндетов робот техникасы және IT саласында еңбек етеді. Қазір балалар мен жасөспірімдерге арналған білім беру жобаларын дамытып, робот техникасы мен бағдарламалауды қазақ тілінде қолжетімді ету бағытында жұмыс істеп жүр. Бүгін осы саладағы еңбектері туралы сөз етпекпіз.
Талғат Сүндетовтің айтуынша, Робот техникасы мен IT саласы болашақтың тірегі. Технологияны тек тұтыну емес, оны жасау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
«Балалардың инженерлік ойлауын дамыту – басты мақсатым. Біз қазір буындарына дейін еркін қозғалатын, бірнеше бағытта басқарылатын білім беру роботтарын жасап жатырмыз. Мұндай роботтар балаларға механика мен бағдарламалауды тәжірибе арқылы үйретуге тырысады. Кейінгі кездері бұл сала айтарлықтай алға басты. Стартаптар көбейді, білім беру бағытында қолдау көп. Дегенмен практикалық білім мен сапалы кадр дайындауға әлі де көңіл бөлу қажет. Балаларға арналған IT курстар мен робот техникасы үйірмелері артты. Қоғамда бұл салаға деген қызығушылық жоғарылады», – дейді ол.
Маманның айтуынша, қазақстандық IT мамандардың әлеуеті өте жоғары. Біздің мамандар шетелдік нарықта да бәсекеге қабілетті. Ендігі мақсат – отандық өнімдерді көбейту.
«Әзірге қазақ тіліндегі контент аз. Бірақ сұраныс бар. Әсіресе білім беру саласында ана тіліндегі өнімдер қажет. Терминологияның жүйеленбеуі және қазақ тілінде жұмыс істейтін техникалық мамандардың аздығы негізгі мәселе. Қазақ тіліндегі қосымшаларға сұраныс жеткілікті. Балалар мен ата-аналар арасында қазақ тіліндегі сапалы платформаларға қызығушылық жоғары. Қазақ тілінде жұмыс істеуден қорықпау керек. Сонымен қатар ағылшын тілін қатар меңгеріп, сапалы өнім жасауға ұмтылған жөн», – дейді Талғат Сүндетов.
Кейіпкеріміз болашақта толығымен қазақ тілінде жұмыс істейтін, білім беруге бағытталған робот платформасын жасауды армандайды. Бұл – болашақ ұрпаққа салынған инвестиция деп біледі. Осы орайда Талғат Сүндетовтің Zertte.kz робототехника жобасын таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Болашақтың тілі – технология
Бүгінгі әлем – технологиялар заманы. Қарапайым тұрмыстан бастап, күрделі өндіріс пен ғылымға дейінгі барлық сала цифрлық жүйеге көшіп барады. Осындай кезеңде ұлттың болашағы – баланың болашағы екені айқын. Ал баланың болашағы оның қандай білім алып, қандай ортада өсіп-жетілгеніне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш сыныптарда техникалық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру – уақыт талабы.
Қазақстанда соңғы жылдары STEM бағытына қызығушылық артып келе жатқанымен, бұл үрдіс әлі де жүйелі сипатқа ие бола қойған жоқ. Әсіресе қазақ тіліндегі мазмұн мен жас ерекшелігіне бейімделген құралдардың жетіспеуі – өзекті мәселе. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен жобалардың бірі – Zertte.kz робототехника курсы.
Бұл – балалардың шығармашылық және техникалық қабілетін дамытуға бағытталған инновациялық білім беру жобасы. Жобаның басты ерекшелігі – робототехниканы қазақ тілінде, баланың тілімен, баланың ойлауына сай ұсынуы. Бұл – жай ғана техникалық курс емес, ұлттық білім кеңістігін заманауи мазмұнмен байытудың нақты қадамы.
Бүгінде көптеген ата-ана баласының ағылшын немесе орыс тіліндегі платформаларға тәуелді болып қалғанына алаңдайды. Ал Zertte.kz бұл мәселені ескере отырып, платформа, мобильді қосымша, бейне сабақтар мен нұсқаулықтардың барлығын қазақ тілінде ұсынады. Бұл – ана тілінің ғылым мен технология тіліне айналуына жасалған маңызды қадам.
Робототехника – баланың ой-өрісін кеңейтетін құрал
Робототехника курсы балаларға тек робот құрастыруды ғана үйретпейді. Ол ең алдымен баланың ойлау жүйесін дамытады. Ұсақ моториканың жетілуі, зейіннің шоғырлануы, логикалық байланыстарды түсіну – осының барлығы робототехника арқылы қалыптасады.
Сонымен қатар бала өз бетімен шешім қабылдауға үйренеді, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге дағдыланады, командамен жұмыс істеудің маңызын түсінеді, қателесуден қорықпай, талдау жасауға машықтанады. Бұл қасиеттер – ертеңгі күні кез келген мамандықта қажет болатын өмірлік дағдылар.
Шындыққа тура қарасақ, балабақшалар мен бастауыш мектептерде техникалық білім беруге арналған инфрақұрылым жеткіліксіз. Робототехника тек қаладағы жекеменшік орталықтардың еншісінде қалып отыр. Zertte.kz осы мәселені шешу үшін қолжетімді әрі түсінікті жүйе ұсынады. Жоба балабақша жасындағы (3–6 жас) балалардан бастап, бастауыш сынып оқушыларына (1–4 сынып) дейінгі аралықты толық қамтиды. Барлық материал жас ерекшелігіне қарай бейімделген, ойын элементтері арқылы ұсынылады.
Жобаның техникалық жүзеге асырылуы үш негізгі бағытқа негізделген. Атап айтқанда, робототехника жиынтықтары – қауіпсіз, қарапайым әрі балаға қызықты етіп жасалған. Мобильді қосымша – iOS және Android жүйелерінде жұмыс істейді, роботты басқару мен бағдарламалауға мүмкіндік береді. Бағдарламалау Scratch және Python негізіндегі блоктық кодтау арқылы жүзеге асады. Бұл баланың кодтау әлеміне біртіндеп, қорықпай енуіне жол ашады.
Тіл, технология және тәрбие – бір арнада
Zertte.kz ұсынатын «Шебер Робот» жиынтығы – жобаның негізгі өнімдерінің бірі. Бұл жинақта 45 бейне сабақ, 3 айлық менторлық қолдау, WhatsApp bot арқылы байланыс және платформаның толық мүмкіндіктері қарастырылған. Әр құрастырылған робот үшін баланың ынтасын арттыратын кешбэк пен сыйақы жүйесі де енгізілген. Бұл – баланың еңбегін бағалауға, жетістікке жетуге деген құлшынысын арттыруға бағытталған маңызды тетік.
Жобаның басты миссиясы – қазақ баласын технология тіліне ана тілі арқылы жетелеу. Бұл – тек білім беру жобасы емес, ұлттық болмыс пен заманауи ойлауды ұштастырған тәрбиелік бастама.
Қазақ тілінде робот құрастырып, қазақ тілінде бағдарламалау үйренген бала ертең осы тілде ойлайтын, осы елге қызмет ететін маман болып қалыптасады. Сондықтан мұндай жобалардың қоғам үшін маңызы зор.
413 рет
көрсетілді0
пікір