• Қоғам
  • 04 Наурыз, 2009

Қытайда жасалған

Іштей бұлқан-талқан боп ашуланып келем. Екпінім жойқын. Қолымда магнитофон. Бірнеше шеберханаға кіріп шықтым, ешқайсысы да жөндей алмады. Өйткені, магнитофонымның «сегізкөз» тұсында «Қытайда жасалған» деген белгісі бар. Яғни, мүлік етерге тұрғысыз. Жалпы, менің өзім де су жаңа «қытай» болып киініп алғам. Тек, келіншегім тоқып берген жүн шұлықтан басқасы түгел қытай киімі. Тілім, түрім ғана – қазақ, әйтпесе, қаптап қойған Пекин азаматымын. Күн суық, жер лайсаң. Аяқ киімім сыртынан әп-әдемі. Іші бырқылдап «тымауратып» келеді. «Оттығыңыз бар ма?» деп бір орыс жігіті тоқтатты. Тұра қалып жасыл темекі тұтатқышымды тоса қойдым. Олай-бұлай үйкелеймін, оталатын түрі жоқ. Әжептеуір еңбектенгеннен кейін, өлімсіреп жалын секілді бір нәрсе көрінді. «Қытайдың дүниесі ғой» деймін ақталғансып. «Кеңес одағы кезіндегі орыс сапасы қандай еді?!» деп таңдайын тақылдатып, басын шайқайды әлгі пәтшағар. Айласын асырып, әркім өз саясатын тықпалап әуре. Анда қарасам да қытайдың дүниесымағы. Әуелі қаптап жүрген тірі қытай. Қаламыздан ойып тұрып көше бергеннен кейін, тіпті көбейіп кеткен-беу, қалай?! Алапат ашумен үйге де жеттім-ау, ақыры. «Мынауың мал болмайды. Лақтырып жіберу керек» деймін балама магнитофонын ұсынып. Ол тыңдайтын емес. Сөйтсем, қытайдың төбелес фильмін көріп отыр екен. Енді болмағанда теледидарды секіріп барып тебейін деп тұр едім, келіншегім шәйға шақырды. Ашуланғаным соншалық, көзімнен от ұшқындап, шәй ішіп отырмын. Стол басына қалай келгенімді білмеймін. Әйтеуір, отырмын. Бір кезде, қолымыздағы кесеге көзім түсті. Қара-сұр тартып, бөртіп кеткен қытай шынысы. Әлгінде байқамаппын, дастарқанда бірнеше қытай кәмпиті шашылып жатыр екен. Ас үйді тастай қашып, өз бөлмеме келіп тығылдым. Дереу қалам, қағаз алып мақала жазбақшымын газетке. «Қытайлар қаптап жатқанда, «Құдайлар» қайда қарап жүр?!». Керемет тақырып сақ ете қалды басыма. «Сенен-ақ көрдім ғой... Әй, өлтіріп жазайыншы» деп кіжініп қоям. Ә дегенде әдемі-ақ сүйкетіп тастап ем. Бірер сөйлемнен соң, қаламсабым «сүріне» бастады. Жарты беттен кейін мүлдем жазбай қойды. Сиясы қатып қалды ма деп айналдырып қарасам, бүйірінде «КсинБао чиллер пен» деген қытайша жазу тұр. Табалдырыққа қарай атып ұрдым да, дел-сал күйде отырып қалдым. Келіншегімнің жанына сүйретіліп кеп «Қатипашым-ау, өлтірмесең тамақ жібітер бірдеңе алып келші. Мазам болмай тұр» деген едім, ақкөңіл байғұс дүкенге тұра шапты. Артынан ілесе шығып: «Әй, әй... Қытайдікі мен орыстікі боп жүрмесін. Өзіміздің Шымкенттің сырасын алып кел! Шымкенттікін!» деп айғайлап қала бердім.

3412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы