• Ақпарат
  • 10 Ақпан, 2009

«ң»-сыз сөйлейтін кімсіз?!

Мәртебелі БАҚ-тың құсын қолға түсіріп, бұлбұлша сайратып жүрген журналшы жұрт! Сіздермен «ың»(ң) әрпі туралы кеңінен бір әңгімелесіп алсақ. Дәлірегі, «ың» дыбысы хақында.

Тәуелсіздік алған соңғы он-он бес жылдықта тәуелсіз басылымдар мен радио, теледидар арналары күрт көбейді. Ел болып қуандық. Жоғымызды жоқтар, барымызды түгендер дедік. Құдайға шүкір, қазіргі қазақ тілді БАҚ-тың қарқыны қанағаттанарлық деңгейде. Бірақ ана тіліміздің абыройын асырудың орнына ұлт тілінің ұнжырғасын түсіретін кемшілік көп. Сондай өрескел олқылықтың бірі мынау: қазақ теле-радио журналшыларының бірсыпырасы «ың» дыбысын айтуды доғарды. Бәлкім, біреулерге «ң» әрпі ұнамайтын шығар, әлде айтуға ынтасы жоқ. Мүмкін, «ң»-мен сөйлеп, «маңқа» қазақ болғысы жоқ шығар? Әйтеуір, «Тәуелсіз Қазақстаннын тұнғыш Президентінін Резиденциясынын манында «Нұр-Отан» партиясынын жана мүшелері бас қосып, тын бастама көтерді» сипатында сандалайтын «сандуғаштар» көбейіп барады.

Қазақ «р»-ға  тілі келмейтін кісіні «сақау» деуші еді. Әрине, ол – Құдайдың ісі ғой. Ендеше, Мемлекеттік тілді менсінбей, әдейі тілін шайнап сөйлейтін ыңсыз-мұңсыздарды «мақау» деп қоя саламыз ба?! Ең өкініштісі, «ң»-ды айтпайтын журналшылар тек тәуелсіз БАҚ-тарда ғана емес, «Қазақстан», «Хабар», «Шалқар» т.б. ұлттық, мемлекеттік теле-радио арналарында да өріп жүр. Білгеніміз, «ыңсыздардың» арасында шала қазақтар мен қала қазақтарының шүлдірең ұл-қыздарын былай қойғанда, ұлт әдебиетінің мәселелерін қозғап, жазушылықпен, яки қайраткерлігімен танылып жүрген, өмірлік тәжірибесі мол әжептәуір азаматтарымыз да бар. Бұл орайда Мемлекеттік БАҚ мекемелерінің бастықтары мен жетекші журналшыларға өкпеміз қара қазандай! Қала көшелеріндегі «ң»-сыз жарнамалар мен түрлі атау сөздердің сандырақтап тұрғаны анау! Теле-радио жүргізушілерінің тілдеріне тікен кіргендей, «ң»-мен жауласып жүргені мынау! Тәңірім-ау, мемлекеттік тіліңді ең алдымен, мемлекеттік БАҚ-тың өкілдері қолдап, қорғаудың орнына қорлап жатса, қалған қаймана жұрт кімнен қаймықсын?!

Әділін айту керек, «ң» қатардағы көп дыбыстың бірі емес, қазақ тілін әлемдік тілдерден, тіпті, туыс түркі тілдерінен де даралап, өзіндік сипатын көрсететін ерекше қасиетінің бірі – осы «ң».

Қазақ баласы «іңгәлап» туады, өмірге іңкәр болады, ыңылдап әндете бастайды, дүниеге таңдана қарайды, ыңғайлы кәсіппен айналысады, сұңқар баулып, аңға салады, қалың беріп, келін алады, бір-біріне жеңіс тілеп, «оң болсын» айтады. Қысқасы, «тең-құрбымен тебісіп» өскен қазақтың шаруасы «ың-шыңсыз» бітпеген.

Аңғал, аңқау қазақ тілінің қатыгез ұл-қыздарының тепкісінен ыңыршағы шығып, «ынға»(н) айналып кеткені қашан... Журналшыларға «Ыңсыз сөйлейтін кімсіз?!» дейтін арлы, намысты бастық табылар емес.

Орыстар жұмбақ, жабық мекемені «н» деуші еді, «ң»-нан «н»-ге көшкен қазақ тілінің мәселесі «ың-шыңсыз» жабулы қазан күйінде қала берсе шешіле қоймайды-ау, сірә? Әзірге «ыңсыз» ыңғайсыз болып тұр...

4456 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы