• Тіл
  • 04 Наурыз, 2009

Ахметтен орыстың Зубовы артық па?

«Қаланың қақ ортасындағы Ахметтің мұражайын тартып алудың құйтыртқы екінші қадамы басталды» — деп хабарлайды «Ана тілі» газетінің тілшісі Алматы қаласының Мәдениет басқармасы қазақтың ұлы реформаторы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ұлттық ғылымының негізін салушы, ақын-аудармашы, түркітанушы, лингвист-ғалым, репреция құрбаны Ахмет Байтұрсынұлының әруағына жасалған тағзымды аяқ асты етіп, Ахмет тұрған тарихи үйге қазаққа аты тұрмақ ныспысы да беймәлім «Көпес Зубовтың үйі» деген тақтайша іліп, бүйректен сирақ шығарып отыр. Ұлтымыздың тәуелсіздігіне жанкештілікпен өмірін арнаған Ахмет Байтұрсынұлын ысырып, табан астында Ақ патшаның заманында қу құлқынның қамымен саудагерлікпен айналысқан Көпес Зубовты насихаттау кімге қажет бола қалды? Осы сауал мазалап Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне ат басын бұрдық. Бізге музейдің директоры Райхан Сахыбекқызы Алматы қаласының Мәдениет басқармасынан келген хат мәтінін ұсынды. Ахмет музей-үйінің директорының аты-жөні де дұрыс көрсетілмеген хатты оқи отырып, ең алдымен екі жерде қайталана «Сіздер иелік етіп отырған «Көпес Зубовтың үйі» деген тіркес көзімізге түрпідей көрінді. Бұл анығында қазір «қаңғыған» көпестің емес, қазақтың біртуар ұлы Ахметтің мұражайы. «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі қызметкерлері бұл ғимаратқа иелік етіп отыр» деп айтуға тіпті келмейді. Өйткені, мұнда 1934 жылдан 1936 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы тұрғанын дәлелдеп, Шолпан Ахметқызы, Гүлнәр Міржақыпқызы, Данабике Қаралдина, Күнімжан Байқадамова куәлік еткен. Соның бәрін біле тұра буынсыз жерден пышақ ұру кімге керек? Ахметпен иық тіресетіндей Көпес Зубов деген кім? Осы сауалға да жауап іздеп көрдік. Қолға ілінгені «Өнер» баспасынан жарық көрген «Алматының тарихи және мәдени ескерткіштері» атты құжаттар каталогі. Осы каталогтің 47 бетінде Никольский шіркеуі Зубов алаңында салынғаны жазылыпты. Ал, 56 бетінде Ахмет музей-үйінің ғимараты Көпес Зубовтың үйі деп көрсетілген. Астына «ХХ ғасырдың басында салынған. Жобасының авторы белгісіз. Бұл үйде 1934 жылдан 1936 жылға дейін ақын, ғалым-тілші, публицист және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы /1973-1938/ тұрды» — деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Онан соң осы хаттағы ««Көпес Зубовтың үйі» (ХХ ғасырдың басында салынған, мекен-жайы Байтұрсынов көшесі, 60 үй) Алматы қаласының жергілікті маңыздағы тарих және ескерткіштер қатарына қосылған» деген сөйлемге назар аудардық. Қазақ руханиятында өзіндік орны бар Ахмет мұражайы мен оның алдындағы ескерткіш «жергілікті маңыздағы тарих және ескерткіштер» сапына қосыла алмайды екен. Егер қосыла қалса, қорғау тақтайшасы алдымен тиын санаған көпеске емес, қазақтың Ахмет бабамызға қойылса керек-ті. Бұл іс «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес жүргізіліп жатқан көрінеді. Әрине, бұған біздің қарсылығымыз жоқ. Алматыдағы барлық ескерткіштерге ілінген тақтайша Ахметке келгенде таусылып қалғаны қалай? Қорғауға Ахметтің ескерткіші кірмеген. Үйінің жайы анау. Өз атымен емес, қайдағы Зубовтың сойылын соғып тұр. Ол, ол ма? Мұражай құжаттарын қарап отырып, қолымызға Ахмет атындағы гүлзар бар екенін білдік. Храпунов қаланың тізгінін ұстап тұрған кезде (12 маусым, 1998 жыл) «Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойындағы (Қабанбай батыр мен Жамбыл көшелерінің арасы) гүлзарға Ахмет Байтұрсынұлы аты берілсін» деген шешім шығыпты. Осы гүлзарға арнайы соқтық. Никольский шіркеуі маңындағы гүлзардың Ахметтікі екенін исінен сезбесең, ешқандай белгі жоқ. 11 жыл бойы бір тақтайшаға «Ахметтің гүлзары» деп жазбаудың астарында не жатыр? «Ана тілі» ұлт газеті Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің мәселесін бұған дейін аз көтермеген еді. (2006 жылдағы №8 ақпанның 23-індегі және осы жылдағы №34 тамыздың 24-і күнгі сандарына қараңыз) Енді міне, «қызықтың көкесі түйе сойғанда» болып отыр. Қазақ үшін Ахметтен орыстың Зубовы артық болды. Неге? Біздің ойымызша, Зубовтың айын оңынан туғызу әншейін сылтау секілді. Көпес пиғылды дүниеқоңыз әлдекімдердің көкейін тарихи ғимарат емес, оның орналасқан жері тесіп бара жатқандай. Олар оны бақ құсындай қолына қондыру үшін әлі талай құйтыртқы қадамдар жасауы мүмкін. Бұл жөнінде музей директоры Райхан Сахыбекқызы: «2005 жылы Ахмет атындағы қазақтың тарихи ғимаратын тартып алу мақсатында алғашқы қадамын жасап, «мұражай жәдігерлерін талан-таражыға салды» деп байбаламдап, көшірмек болғандар, енді Ақ Патша мен Қызыл көзді айдаһарға басын имеген Ахметтің үйін басқалай жолмен қолқаламақ. Бұл жолда Ахмет Байтұрсынұлының емес, қазақ тарихында өзіндік орны жоқ Зубовтың үйін тартып алу әлдеқайда жеңіл секілді» — дейді. Бет қатталып жатқанда Көкейдегі бірнеше сұраққа жауап алмақ болып Алматы қалалық Мәдениет басқармасына хабарласқанымызда басшылық ауысып жатқанын естідік. Тарихи-мәдени мұра және ескерткіштерді қорғау бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Әділбекұлы басшылыққа ресми түрде кімнің келгенін айтпады. Енді осы бір өзекті мәселенің соңына жаңа бастық жаңа қарқынмен «Көпес Зубов салғызған Ахмет Байтұрсынұлының үйі» деп жазып, Ахаңның мына қолы секілді өз қолдаңбасын қалдырса ғой, шіркін! Осы қалай? Райхан Сахыбекқызы, Музей-үйдің директоры: Мен алдымен бұл музейдің Үкіметтің қаулысымен құрылғанын еске салғым келеді. Ахмет алғашқылардың санатында ақтала алмады. 1988 жылдың 4 қарашасында ғана араға 51 жыл салып ұлтымен қауышты. Енді міне, Мәдениет басқармасы қоқан лоқы көрсеткендей, «біздің мамандарға бөгет жасамауыңызды сұраймыз» деп хат жазыпты. Мәдениет басқармасы деген аты болмаса, мәдениетті білмейді. Тақтайшаны жұмыс уақытысында емес, кешкі жетіден кейін іліп кетеді. Тіпті, олар жазған хатта осы мекеменің басшысы менің аты-жөнім де көрсетпеген. «Зубовтың үйі» деген тақтайша ақыры ілінеді екен, оның жанына Ахметтің осы үйде тұрғаны жазылу керек қой. Мен Мәдениет басқармасының заңгерімен сөйлестім. Ол «бізге қарсы шыға берсеңдер үйді тартып аламыз» деді. Бұл тартып алатындай менің жекеменшігімдегі дүние емес қой. Атығаев Нұрлан Әділбекұлы, тарихи мәдени мұра және ескерткіштерді қорғау бөлімінің бастығының міндетін атқарушы: Мұндай тақтайшалар Үкімет қаулысымен ілініп отыр. Қорғау тақтайшаның стандарттары министрліктен келеді. Мемлекеттік тізімге кірген ғимараттар ғана ескерткіш ретінде саналады. Мұның мәселесін біз шешпейміз. Саралайтын Мемлекеттік комиссия бар. Мұндай тарихи ескерткіштерді қорғау жөнінде 1982 жылы біраз істер атқарылған. Біз орнатып жатқан қазіргі тақтайшалар 2007 жылы ғана қолға алынып, 2008 жылдың наурызында бекітілген. Сіздер айтып отырған Ахмет Байтұрсынұлына деген көзқарасымыз түзу. Ол кісінің халыққа еткен еңбегін жоққа шығармаймыз. Сіздер тек тақтайшалардың мәнін дұрыс түсінбей отырсыздар. Қанат ӘБІЛҚАЙЫР hair-han@mail.ru 8 705 133 25 25

4145 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы