• Ақпарат
  • 10 Ақпан, 2009

«Ит те өзінше үреді...»

Билік басшылары қатысқан жиналыстың біразына бас сұғып жүрміз. Рас. Сәбидің қолына тәтті кәмпит ұстатып, алдағандай «ассаулауын» ана тілімен бастап, «іліп әкетерін» ресми тілмен жалғай жөнелетін өгей ұлдардың қылығын бетке басу басымызға жазыла қоймапты.  «Ләббай тақсырлыққа» еті әбден өліп алған ұлт зиялыларының өзі «министрсымақтардың» сөзіне алақандары тесілгенше шапалақ ұрып жатады. Осылайша, «балық бастан шіридіні» түсінген  Елбасы «Аюға намаз үйреткен таяқ екенін» ескертіп, «аю да қазақ тілін үйренетін уақыт болды» деп мәселе мәнісінің төбесін дүңк еткізді. Жүректе тұрған шердің шідері шешілгендей болды. Содан бері, халық арасында бір серпіліс бар. Бірақ, Елбасы сөзін аяқасты еткендей биліктегілердің өзі қыңқ дегісі келмей, «баяғы жартас, сол жартастың» күйін шертіп тұрып алды. Баяғы жиналыс, сол жиналыс...

Осы аптада Сенат депутаттары осы шындықтың шымылдығын жұлып алды. Әбіш Кекілбаев, Ғарифолла Есім сынды сенаторлар Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агентігі төрайымының орынбасары Мұрат Байсынов мырзаға қазақшаны қатырмағаны һәм олқы-солқы заң ұсынғаны үшін шүйлікті. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі». Үкімет пен Парламент сүйкенсе... Масадай қауқары жоқ делінетін заңымыз өліп кетуі де бек мүмкін. Осыны дәлелдей сөйлеген Әбіш Кекілбаев:

— Қатеге толы заңды ұсынып отырған министрдің дардай орынбасары мәселені қазақ тілінің мамандарына әкеліп тірейді. Қазақ тілін білмесе, несіне Қазақстан министрінің орынбасары болып отыр?» — деп өзге атқамінерлерді де тілмен түйреп өтті.  «Ит екеш ит те өзінше үреді» деген Әбіш Кекілбаевтің сөзі құлағымызға майдай жақты. Айызымыз қанды. Парламент мәселе мәнісі осылай төтесінен қоя берсе, министрлердің де ығары сөзсіз екен. Ендеше, «алда осындай ерліктер көбейе бергей» деп тілейік.  

Хорезми

 Сабырдан жақсысы жоқ ойлап тұрсам,

Бірақ менде сабыр жоқ аңдап тұрсам.

 

Ақан БІРЛІК

2945 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы