• Қоғам
  • 06 Наурыз, 2009

Үрдiсiнен айрылған ұлт құриды

Әңгiменi әп дегеннен «Үрдiс» сөзiмен бастау себебiмiз, осы күнi көптеген журналистерiмiз осы сөздiң қандай мағына беретiнiн бiлмей оны латынның «процесс» сөзiнiң аудармасында қолданып жүр. Бұл да ұлтты адастырудың бiр жолы. Айтпағымыз осының өзi-ақ бүгiнгi қазақтың өз тiлiнен өте алыстап, алшақтап кеткенiнiң айғағы. Ал үрдiс дегенiмiз – салт, дәстүр. Ал салт-дәстүр, яғни, үрдiс дегенiңiз мәдениеттiң басты тiрегiнiң бiрi. Ұлтты ұлт қып ұйытып, оның өмiрiн сақтап отыратын да сол ұлттың үрдiстерi. Ащы да болса айтпасқа амал жоқ, бүгiнгi қазақ халқы өзiнiң түп-төркiндi үрдiс-салтынан, дәстүрiнен яғни, ұлттық мәдениетiнен қол үзiп қалғаны рас. Ал, мәдениеттен қол үзген ұлт жерiнен де, байлығынан да айрылып, ұрпағы аты-жөнi беймағлұм, кiм-көрiнге алақ-жұлақ еткен, ұлттық намысы жоқ әлдебiр азғын тiршiлiк иесiне айналады. Қарап отырсаңыз, азаттық алдық, еркiн ел болдық деп шуылдап жүрiп қабылдаған Ата Заңымыздың өзiнде қазақ ұлтының, қазақ елiнiң исi жоқ. Бұл туралы белгiлi қоғам қайраткерi, тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлы «...дәстүрi бұзылмаған елдер бiз құсап, Ата Заңын өзге елдiң Конституциясына негiздеп жазбайды. Заң баптарын өзiнiң ұлттық дәстүрлерiне негiздейдi, соны басшылыққа алады» – деп өте дұрыс айтты. (Елдiк негiздерi. Астана, 2007, 38-шi бет). Көрiп отырсыз үрдiсi, яғни, ұлттық мәдениетi бұзылмаған ел бөгде бiреуге отар болмайды, тағдыр айдап отар болса, одан оңай құтылады екен. Бiз, яғни бүгiнгi қазекем 17 жылдан берi осы отарланған өз ұлтының үрдiс-дәстүрiне, отарланған ұлттық тiлiне тәуелсiздiк әпере алмай келе жатқанын несiне жасырамыз?! Ұлттық үрдiс-дәстүрдiң бұзылуы ең алдымен отбасындағы әркiмнiң өз орнын бiлмеуiнен басталады. Яғни, үйде әйел – әйелдiң, ер – еркектiң, ұл – ұлдың, қыз – қыздың әр бiрi өз орнын бiлуiнен басталады. Бүгiнгi қазақ ең алдымен әке-шешесiн, ақсақалды атасын, ақ жаулықты әжесiн сыйлаудан қалған. Бұған, дау айтушылар да көптеп табылары сөзсiз. Олар әрине, қолындағы кемпiр-шалды iшер ас, киер киiмнен кенде қып отырмағанын айтады. Ал адам баласы үстiне жабу жауып, жылы қораға қамап, алдына шөп пен су қойғанына разы болып отыра беретiн мал не өзге жануар емес. Шындығына келгенде қарт ата-ана отбасы, шаңырақ, үй-iшi деп аталатын осы алақандай мемлекеттiң патшасы мен патшайымы, ханы мен ханшайымы. Ол екеуi – бала мен келiннiң, олардан тараған немере, шөберелердiң жердегi табынары. Отбасындағы бүкiл сыртқы-iшкi саясат сол екеуiнiң қатысуымен жүргiзiлiп, кез-келген келiсiм де, шарт та сол екеуiнiң көзқарасы мен пiкiрi қатаң ескерiлiп жасалуы ләзiм. Отбасының, яғни, шаңырақтың сыртқы-iшкi саясаты дегенiмiз үйдегiлердiң сырткөзбен, ағайын-тумамен, жегжат-жұрағатпен арақатынастарын реттеп отыру. Қазақ ағайын-тума деп аталас, рулас бiрге туған қандастарды, ал жегжат деп құда-құдағайларды, құдабала, құдашаларды, олардың ағайын-туыстарын айтады. Мiне, бұл қарым-қатынастардың бүкiл мән-мағынасын келiн мен бала осы қос қариядан естiп, бiлiп, сабақ алулары керек. Ал бiздiң осы күнгi қазақтың «өзi болған» ұл мен қызы, келiнi мен баласы ше? Бүгiнгi қазақтардың шаңырағы астындағы шаң-шұң, дау-жанжалдың бәрi, тiптi, үйлене сала айрылысып кету, не баланың, не келiннiң iшкiлiкке салынып кетуi, ұрлық, басқа да қылмыс iстеп абақтыға түсуi – бәрi де ең алдымен үлкендi сыйламаудан, үйдегi ата-ананы сыйламаудан, не олардан қаймықпаудан болып жатады. Қазiргi қазақ жастарының бұлай бетiмен кетуi ең әуелi кешегi кеңестiк идеологияның кесiрi десек, екiншiден қазақтардың елiктегiштiгi, бiлген орысшасын айтып, орыспен орысша сөйлескенiне мәз болатын жағымпаздығы кiнәлi дер едiк. Тiптi, есiмiздi жинадық деп жүрген қазiрдiң өзiнде кейбiр қазақтардың көшеде, көлiкте орыстың қасында иесiне еркелеген күшiк құсап жылмаң қағып тұрғанын көргенде өзiңдi ме, әлгi байғұс қазақты ма, кiмдi аярыңды бiлмей жыларман бiр күй кешесiң. Бұны айтып отырған себебiмiз, бiзге үлкендi сыйламау, ата-анаға қарсы шабу, ұлттық үрдiс-салттарымыздан безiнiп, басқаның күл-қоқысын қастерлеу сияқты қылуаның бәрi орысқа елiктеуден немесе орыстардың бiздi соған күштеп үйретуiнен басталды. Қашанда өзiнiң ұлттық үрдiстерiн, ұлттық тәрбиесiн, қысқасы ұлттық бүкiл мәдениетiн сақтап, ешқандай «ұлы халыққа» елiктемеген ұлттар қарулы қанды соғыста да жеңiлмей, алуан түрлi айлакерлiк идеологияларға берiлмей тұтастық қалпын сақтап қалатынын тарих ғасырлар бойы көрсетiп-ақ келедi. Бiрақ тарих шалдың сол сабағы жәй қазекемнiң де, оның кешелi-бүгiнгi басшыларының да миына сiңбей келедi. Кешегi кеңес заманында өзбек, әзiрбайжан, түркiмен, тәжiк сияқты мұсылман жұрты да, христиан грузин, армяндар да дәл қазаққа ұқсап орыстанып, дәл қазаққа ұқсап дiнiн, тiлiн, үрдiстерiн сатқан жоқ. Ал бiздiң әдебиетiмiздегi әке сыйламау еркек тұрып әйел сөйлеуден, әйел басшылығы «Раушан коммунистен» басталды. Оны да ендi ғана айтып жүрмiз. Жоғарыда ұлттық үрдiс-салттарымыздан айрылуымызға орыстарға елiктеуiмiз кiнәлi дедiк. Ал сол орыстарыңыздың өзi қашан батыс еуропалықтармен етене аралас-құралас болғанға шейiн әкебезер, анабезер жағдайға түскен жоқ-ты. Жазушы Д. Исабековтың бiр шығармасында Мыстан кемпiр адамдарға «Мыстандық өздерiңе керек болғасын үйретесiңдер» деп бажылдайды. Сол айтқандай бүгiнгi ұрпақтың үлкендi, әйелдiң еркектi сыйламауы кешегi бiр жылдары кеңестiк-империялық үгiт-насихаттың күштiлiгiнен болса, бүгiнгi Қазақстанда осы малғұндық тiршiлiк күндiз-түнi толып жатқан орыстiлдi телеарналар мен әйелдерге арналған түрлi-түстi журналдар, кiтапшалар арқылы бұрынғыдан да пәрмендiрек насихатталуда. Бұл сұрқия саясатты кiмдер, қайдан келгендер жүргiзiп отырғанын зерттеп бiлу де онша қиын емес. Сол сұрқия саясат санасына сiңiп қалған, жас кезiндегi қылтың-сылтыңқұмар желiкпелiгi, орысшыл, батысшылдығы басыла қоймаған, әлi күнге шашын қызылмен, көкпен бояп, бөксесiн бұлтитып тұратын шалбар, басына беретка киген кемпiрлер, «папам обкомда, райкомда iстеп жүргенде» деп сөйлейтiн ақсақалдар балаларына ұлттық тәрбие бермек түгiл немерелерiм үш тiл үйренiп жатыр деп мақтанады. Қазiр жасы сексенге таяп қалған кемпiрлер немерелерiн «Аселя, Айнура, Айжана, Баяна, Кымбата, Раушана, Райхана, Гульшата» деп шақырады. Олар солай дегенде олардың балалары «Батя», «Пахан», «Махан» деп, бiрiне бiрi «братан», «сестренкам», «племяниигiм» демей қайтсiн?! Егер бүгiнгi қазақ өз ұрпағының ертең жер бетiнен жойылып немесе әнебiр сенатор-академик қолдап жүрген «қазақстандық» деген көрләт ұлтқа айналып кетпеуiн ойласа, ар-намыстан, ұяттан әбден безген қатын-қалашы мен қыздарын тәртiпке салуға тездетiп кiрiсуi керек. Бұл мемлекеттiк деңгейде, заң қабылдау арқылы қолға алынатын шаруа. Қазiр қазақ әйелдерi арақ-шарап iшу, маскүнемдiкке, жезөкшелiкке, зинақорлыққа салыну, еркегiн, ата-анасын сыйламау, отбасына ойран салу, неке бұзу, ажырасу, көлденең көк аттыға, яғни, ойдан-қырдан Қазақстанға ағылып келiп жатқан келiмсектермен жата салу, жыныстық ауруларды өздерiне, өзгеге жұқтыру, сәбиiн қоқыс жәшiгiне тастай салу, кiсi өлтiру, ұрлық iстеу және басқа да толып жатқан азғындық қылуалар жөнiнен дүниежүзiнде «алдыңғы қатарларға» iлiктi. Қазiр мектеп жасындағы үлбiреген қыздарымыздың да көшеде жүрiп келе жатып темекiсiн бұрқыратып бара жатқанына, тiптi, iшiп алып аузына келгенiн оттап тұрғанына етiмiз өлiп, көзiмiз үйренiп кеттi. Әдiлiн айту керек, әсiресе орыс мектептерiнде оқитын қыз балаларымызда iшiмдiкке, темекiге әуестiк, бұзақылық анық байқалады. Олардың мектеп ауласында бiрiн-бiрi боғауыз сөзбен сыбап тұрғанын күнде көрiп жүрмiз. Қалай дегенде де қазақы мектептердегi ұл-қыздарымыз орыс мектебiндегiлерге қарағанда ұлттық тәрбиеден ұлттық санадан құралақан емес. Соны бiле тұра, балаларын, әсiресе, қыздарын орыс мектебiне беруге құштар ата-аналар не ойлайды екен дейсiң, кейде. Бұған кейбiреулер әдейi тарататын «қазақ мектептерi бiлiмдi нашар бередi» деген өтiрiк сөз де себеп болуда. Бiз кешегi кеңес заманында-ақ академик, ғылым докторы, ғылым кандидаты атаулының түгелге жуық ауылдағы, аудандағы қазақ мектептерiнiң түлектерi екенiн ұмытпауымыз керек едi. Ал қай мектептiң шәкiрттерiнде әлгiндей бұзақылық, тәртiпсiздiк аз болса, сол мектеп түлектерiнде бiлiм көбiрек болатыны өмiр заңы. Басқа дiннiң адамдары, орыс мектебiндегi мұғалiмдер осыны жақсы бiледi. Бiле тұра сенiң қызыңа «мұсылман әйелдерi инабатты, ибалы, шаңырақтың ұйытқысы солардан үйренiңдер» деудiң орнына керiсiнше әңгiмесiн «вот, в цивилизованных странах равноправие женщин достигло такой вершины...» деп бастап, арамза ниетiн мектепте жүрiп-ақ жүзеге асырып жүр. Орыс мектебiн айтамыз-ау, осыдан бiрер жыл бұрын бiр шонжар теледидардан қазiр қазақ қыздары басына орамал тартып жүргенiн ерсi көрiп: «Немене, бәрiң бiрдей молда болып кеттiңдер ме?» – деп дiкiлдедi. Егер ол ата-бабасының, ұлтының үрдiс-салтын құрметтейтiн, дегдарлы тұқымнан шыққан адам болса: «мiне, ұлттық санамыз осылай оянып келедi, шашын сыпыртып тастап тоқал ешкiден аумай қалған, ашық-шашық, бөксесiне сурет салып кiндiк пен үлпершектiң ортасына сырға тағып жүретiн сұмырайлар осы қыздардан үлгi алсын» дер едi-а-а-ау... Оның орнына бiздiң жоғарыдағылар Парламентте, үкiметте қанша қатын-қалаш бар екенiн айтып, олардың санын әлi де көбейтемiз деп батыстағылар мен олардың Қазақстандағы қарауылдарына есеп берiп, ақталып отырады. Ислам дiнi, қазақ халқы ешуақытта қыз баланы, әйелдi қорлықта ұстамаған, керiсiнше ең қадiрлi, құрметтi жанға балаған. Дүниежүзiндегi ешбiр дiнде әйелге ислам дiнiндегiдей құрмет бiлдiрiлген емес. Бұрын ең намыссыз деген қазақ жерiн, әйелiн немесе қыз баласын әркiмнiң талауына түсiрiп қоймайтын, сол екеуiнiң жолында өлетiн едi дейдi ақсақалдар. Тәуке ханның «Жетi жарғысында» әйел құқықтары ислам шариғаттарына сәйкес белгiленген. Қазақта әйелдi қорлау, бiреудiң әйелiн, айттырып қойған қалыңдығын алып қашу тәмам руды, аяққа басу деп есептелген. Ондай қылмыс жасағандар өлiм жазасына кесiлген. Құлағына салақтатып сым iлiп бiтеп алған, екi көзi қолындағы «сотовыйдан» босамайтын, бiр-бiрiн «братан» деп шақырып, «қалай, нәрмальнi ма?» деп амандасатын байғұс қазақ жiгiттерi ұлттық намыс дегеннiң не екенiнен мақұрым. Өйткенi, бiзде 17 жылдан берi алуан түрлi жыншақырыс көрсетiлiмдер арқылы оларды намыссыздандыру, ұлтсыздандыру саясаты жүргiзiлiп келедi. Айта берсеңiз, қазiргi «Жаңа Қазақстанда» қазақты ұлттық дәстүрiнен, ұлттық санасынан, дiнiнен айырудың алуан түрлi жолдары жүзеге асырылуда. Оған әуелi өз iшiмiздегi қазаққа iшi жылымайтын, қолдан келсе еуропалық болып кетуге даяр тұрғандар себеп болса, қазақты ұлттығынан, дiнiнен айыруға, азғындаған халыққа айналдыруға тапсырма алып сырттан келiп жатқандар емiн-еркiн жұмыс iстеуде. Мырзан Кенжебай (Жалғасы бар)

3112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы