• Ақпарат
  • 10 Ақпан, 2009

Апта сауалы:

Еліміздің қаржылық архитектурасындағы жаңа, елеулі өзгерістерге қатысты отандық белгілі мамандардың пікірін білу мақсатында  оларға «қазіргі таңдағы үкіметтің ірі банкілер капиталына кіруін қалай бағалайсыздар?» деп сауал тастадық.   

 Ізбасар Бозаев,

«Алматы сауда палатасының»  президенті:

 

-Үкімет банкілердің акцияларын алып жатыр ғой. Менің ойымша, бұл дер кезінде қолға алынған әрекет болды. Өйткені, «БТА банкі» де, «Альянс банкі» де экономикамыздың негізін құрап отырған қаржылық институттардың ішіндегі ең ірілері. Егер бұл институттар дефолтқа ұшырап, соның нәтижесінде өзге де кіші банктер банкротқа ұрынса, Қазақстанның бүкіл қаржы жүйесі, бүкіл экономикасы күйреп кетер еді. Тағы бір мұндай прецедент қайталанбасын деңіз. Егер қайталанса, қаржы нарығындағы салымшыларымыз арасында үрей туып, банкілерге салған депозиттерін тездетіп қайтаруына итермелеуі  кәдік. Салымшылардың бұл үрейі кез-келген банкіні күйзеліске апарады. Ал енді үкіметтің капитализациялық әрекетіне келсек, бұл нарықтық ережеге томпақ келетін шара. Мемлекеттің жеке меншік банкілердің акцияларын иеленуі өте сирек болатын құбылыс. Бірақ бұл әрекет қаржы дағдарысы кезінде уақытылы қабылданған шешім. Енді халық бұл банкілерге сеніммен қарайды деп ойлаймын. Мемлекет олардың өзімбілеміндікке салынуына еш жол бермейді.

 

 

Тоқтар Есіркепов, экономист:

 

-Өткен жылдың қазан айында Елбасы банкілерге «Үкімет үлескер болады» деп айтқан болатын. «Акциялық пакеттеріңіздің  50 пайызына дейін кіруіміз мүмкін» деп ескерткен. Айтқанындай-ақ «Казкоммерцбанк» пен «Халық банкіне»   миллиардтармен кірді. Мәселен, жақында «БТА банкінің» 85 пайызын алды. Бұл шараға орай Г.Марченко мырза «БТА банкінің» акциясын Үкімет сатып алмағанда дефольт болар еді» деп мәлімдеді. Әрине, бір жағынан бұл сөзінің жаны бар. Бұған дейін Үкімет те, банкілердің өздері де ешқандай қауіп жоқ деп келген болатын.  Ақырында, міне, сыры ашылды. Жалпы, мұның бәрі уақытша нәрсе. Дағдарыстан шығып алғанға дейін ғана созылатын процедура. Меніңше, нақ осы таңдағы реалилерге сәйкес мемлекет қаржысын салып банкілерді қолдау дұрыс.  Бұдан бөлек аталған банк активтерін Ресейдің әлдебір банкіне сатады деген де әңгіме шығып жатыр. Қалай десек те, уақиға желісінің қай бағытта өрбитініне алдағы уақытта куә боламыз. Ұлттық қордан 10 миллиард алынғанын ескерсек, жақын күндері ықпалдық нәтижесі де көрініп қалуға тиіс. Жалпы, банкілердің басты функциясы экономиканы несиелендіру ғой. Теориялық жағынан келгенде, егер банк өз функцияларын ойдағыдай атқара алмаса, онда капиталына үкімет кіру керек. Онда ол дұрыс шешім. Дегенмен 70-80 пайыз деген тым көп. Бұл жерде үлкен сұрақ туындайды. Ондай мүшкіл жағдайға банктер қалай жетті? Сонда банкке сенеміз бе, жоқ әлде, үкіметке сенеміз бе? Өйткені, әрқайсысының өз шындығы бар. Бұған енді бас қатыруға тура келеді.

 

Атамұрат Шәменов, экономика ғылымдарының докторы:

 

-Әлемдегі дағдарысқа қарсы,  өз банкілерін сақтап қалу мақсатында қолғабыс жасап, мемлекет арнайы жұмыс істеп жатыр. Әлбетте, бұл Қазақстан банкілері үшін күтпеген жағдай. Бұған дейін біз әлемдік нарықтың өзін мойындамай, біздегі қаржылық институттардың жағдайы жақсы деген пікір қалыптастырып келген едік. Дегенмен, бүгінгі нарықтық жағдайда көп дүниенің беті ашылады. Ендігі кезекте, Қазақстанның банкілік жүйесін жіті қадағалауды қолға алған мемлекеттің бұл әрекеті қолдауға тұрарлық-ақ. Күн сайын әлемнің танымал банкілері банкротқа ұшырап, қызметкерлерін мың-мыңдап қысқартып жатқан тұста, бізге де сақтанған жөн. Күні ертең салымшылардың барын жоққа айналдырып, зар жылатқаннан гөрі осынымыз дұрыс сияқты. Бұны экономика тілінде, нарықты реттеп отыру үрдісі деп атайды.

3070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы