• Тіл
  • 06 Наурыз, 2009

Заң қабылданбай мәселе шешілмейді

Оқырман қауымның есінде болар, «Ана тілі» былтыр сәуір айында белгілі заңгер, заң ғылымдарының докторы М.Нәрікбаев жетекшілік еткен жұмыс тобы дайындаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын газет бетінде жариялап, көпшілік талқылауын ұйымдастырған еді. Жұртшылық оған белсене қатысты. Ой-пікірлерін ашық айтып, жобаға қолдау көрсетті. Өткен жылдың аяқ кезінде аталған жоба Үкімет басшысы әрі Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның төрағасы К.Мәсімовке тапсырылды. Одан ол жоба авторларына хат келген. Жоба авторлары хатқа байланысты ойларын редакцияға жолдаған. Төменде соны ықшамдап ұсынып отырмыз. Қазақтың тілі өз төрінен орын таба алмай отыр. Отбасында, қоғамда ана тілдік ортаның әлсіздігінен ұрпақтарымыздың көбісі өз тілінде еркін сөйлей алмайды. Өзін іргелі ел есебінде қадірлейтін мемлекетте дәл біздегідей жағдай бола қоймас. Осы себепті өткен жылы Қазақ Гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдары, біздер, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын жасаған болатынбыз. Оны дайындау барысында Ресей Федерациясының, Арменияның, Әзербайжанның, Литваның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, сондай-ақ алыс шетелдердің мемлекеттік тіл туралы заң жасау тәжірибелерін пайдаландық. Заң жобасы республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланып, халық назарына ұсынылды. Ол Астана және Алматы қалаларында өткен тіл жанашырлары, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан кездесулерде талқыланып, қайта толықтырылды. Жұртшылық жобаны осы кезге дейінгі жасалған бірнеше нұсқалардың ішіндегі бірден-бір қазіргі кезеңмен рухтас жоба деп бағалады. Өткен жылдың аяғында Заң жобасы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның отырысында оның төрағасы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке тапсырылған болатын. Осымен байланысты Үкімет басшысына арнайы жазған хатымызда жоба қолдау тауып жатса, оны жетілдіре түсу үшін құрылған арнайы топпен одан әрі жұмыс істеуге дайынбыз деп те мәлімдегенбіз. Жақында Үкіметтен келген хатқа қарағанда, мұндай Заң жобасының қолдау таппағаны, тек қолданыстағы «Тіл туралы» Заңға кейбір өзгерістер енгізумен шектелетіндігі белгілі болды. «...мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мәселесін қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жолымен және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының шеңберінде шешуді жөн деп санаймын» депті Үкімет басшысы. Біздер соңғы үш ғасырдай қордаланған, кейінгі кезде күшейе түскен жағдайдан қолданыстағы Заңға өзгерістер енгізумен шығу мүмкін емес деп санаймыз. Осыны билік басындағы шенеуніктердің күнделікті көріп-біліп отырып, мойындағысы келмейтіні өкінішті. Сол себепті ана тіліміздің рухани болмысынан алшақтап, ұлтының болашағына байыпты мән бере алмай, аса қажетті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» туралы Заң жобасын билік басындағы шенеуніктердің қолдамағанын тағы да қадап айта отырып, қазақ тілінің жанашырларына мынаны хабарлағымыз келеді. Біріншіден, осыдан 12 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң өзінің алдына қойған бірсыпыра мақсатты ақтап шықты. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайлар орнықты. Еліміздегі диаспора өкілдерінде жер иесінің ана тіліне деген оң түсінік қалыптасты. Алайда, Заң Қазақстан халықтарының тілдері туралы болғаннан кейін, қазақ атымен аталып отырған мемлекетте тиісті тілдік орта жасай алмады. Өйткені оның алдына ондай міндет қойылған жоқ болатын. Шындығын айтқанда, бұл Заңда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қайшы нормалар аз емес. Екіншіден, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген құқықтық норма мемлекет тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығынан тәжірибеде қазақтардың орыс тіліне ауысуына алып келді. Бұған қазақ қауымы үлкен алаңдаушылық білдіруде. Үшіншіден, Ата заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида мемлекеттік тіл туралы Заң жобасын жасауға құқықтық негіз болатын. Бүгінде 120-дан астам елдерде мемлекеттік тіл туралы заң бар. Төртіншіден, осылардың бәрі ескеріп жасалған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» туралы Заң жобасының тұжырымдамасы «Тіл туралы» Заңнан мүлде өзгеше. Жоба мемлекеттік тілді білу деп лауазым деңгейіне сәйкес сөйлеуді, оқуды, жазуды және дұрыс қабылдауды таниды. Көптеген елдерде жұмысқа орналасу, азаматтық алу, түрлі ортада қарым-қатынас жасау үшін міндетті бұл талап Қазақстанда алғашқы рет Заң жобасына енгізіліп отыр. Сондай-ақ жобада мемлекеттік тілді әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағынан қолдау мен қорғау, қазақ тілінің білім және ақпарат кеңістігінде, сот, көлік, кеден, байланыс, салық және басқа салаларда қолдану аясын кеңейту, Конституциялық мәртебесін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген. Заң жобасында әлемдік стандартқа сәйкес мемлекеттік тілдің мәртебесі белгілі бір мамандардың, қызметкерлердің лауазымына сәйкес тіл білуінде ғана емес, оның қоғамның барлық салаларында қолданыс табуы мен мемлекеттің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуында болып отыр. Сондай-ақ еліміздегі тілдік ахуал да қатаң ескерілді, ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталды. Қазақстандағы жағдай көптеген мемлекеттерден өзгеше. Қазақтардың бір тобы ана тілін білмейді. Сол себепті жоба бастамашылары Президент Н. Назарбаев қалыптастырған ұлтаралық келісім үлгісіне сәйкес мемлекеттік тілді меңгеру талабын ең алдымен қазақтар мен тілдік дайындығы бар диаспора жастарына қойып отыр. Түйіндей айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» туралы Заң қабылданбай еліміздің бүгінгі тілдік кеңістігіндегі күрделі мәселе шешілмейді. Мемлекеттік тілді мемлекеттің азаматтары меңгермейінше, Қазақстанда демократия, азаматтық қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Мемлекеттік тілсіз қазақ халқы қоғамда ұйытқылық рөлін де атқара алмайды. Оған өзге халықтардың тарихи тәжірибелері толық дәлел бола алады. М.Нәрікбаев, Заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы М.Баймаханов, Қазақстан Республикасы ҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор А.Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ә.Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор Ж. Әбуов, филология ғылымдарының докторы, профессор P.S. Біз осы мәселеге байланысты ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігіне қарасты Тіл комитетінің пікірін білгіміз келіп, комитет төрағасының орынбасары М.Нұртазинға хабарласқан едік. Ол былай деп жауап берді: – Үкімет басшысының жауабын өз басым көргенім жоқ. Ал, жоғарыдағы ағаларымыз әзірлеген заң жобасымен таныспын. Ол туралы әр түрлі пікірлер бар. Шынын айтқанда, әлі де пысықтауды қажет етеді. Осы жерде айта кететін нәрсе, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын біз де әзірлегенбіз. Ол бұдан екі жыл бұрын дайындалды. Оны газетте жариялауға да болар еді. Негізі баламалы жобалардың болғаны жақсы. Халық салыстыра отырып, өз таңдауын жасайды. Мемлекеттік тіл туралы заңға келсек, ол биыл болмаса да түптің түбінде қабылданады. Мемлекеттік тіл мәселесі қазіргі таңда өткір қалпында. Бұл жөніндегі заңның қажеттігіні өмірдің өзі талап етуде. Сондықтан да маңызды құжатты қабылдауды сағызша соза бергеніміз жөн емес.

2671 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы