• Тіл
  • 07 Наурыз, 2009

Қорғаныс министрлiгi қазақшаға қашан көшедi?

Таяуда ғана Халық Қаһарманы, Қазақстан Қарулы Күштерi Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының “Қазақстан ардагерлерi” қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Қазақстан Қорғаныс министрi Даниал Ахметовтың қабылдауында болды. Осы қабылдаудан кейiн бiз Бақытбек Смағұлға жолыққан едiк. Қабылдауда түрлi мәселелер көтерiлiптi. Әсiресе, соның iшiнде мемлекеттiк тiлдiң хал-ахуалы кеңiнен сөз етiлiптi. Бақытбек Смағұл – ұлттық тiлiмiздiң үлкен жанашырларының бiрi. Ол 2006 жылы ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевқа арнайы хат жазып, қазiргi күнi әскерiмiзде “Сәлеметсiздер ме, жауынгерлер?” деген сәлемдесу жоралғысы қолданылып жүргенiн, жауынгерлерге күнделiктi тұрмыста қолданылатын мұндай үйреншiктi сөзден гөрi жiгерлi, жалынды, айбынды сөз жарасатынын, сондықтан да бұл сөздi “Армысыңдар, жауынгерлер?” деген сәлемдесу жоралғысымен ауыстыру керектiгiн айтады. Президент әкiмшiлiгi бұл пiкiрмен танысып, ақылдасу ниетiмен осы хатты Әскери институтқа жiбередi. Ал ендi осының түпкi нәтижесi не болды дейсiз ғой? Бұрындары әскерiмiзде “Сәлеметсiздер ме, жауынгерлер?” деген сәлемдесу жарылғысы қолданылып келсе, қазiр бұл “Армысыңдар, сарбаздар?” деген ықшам түрге өзгертiлдi. Ал мерекелiк шерулерде “Армысыңдар, айбынды сарбаздар?” деген сәлемдесу жоралғысы қолданылатын болды. Бұл әскери сәлемдесу жоралғысы 2007 жылдың 5 шiлдесiнде Ел Президентiнiң №364 Жарлығымен бекiтiлдi. “Сәлем – сөздiң анасы” дейдi қазақ. Әскери сәлемдесу үрдiсiн өзгертуге Ауған соғысы ардагерлер ұйымы осылайша атсалысып келедi. Айтпақшы, Бақытбек Смағұл 2008 жылдың 15 ақпанында Қазақстанның Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаевтың қабылдауында болған кезде де игi нәтижеге қол жеткiзедi. Қ.Саудабаевтың тiкелей ықпал етуiмен Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының “Қазақстан ардагерлерi” қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, Қазақстан Қорғаныс министрлiгiнiң сол кездегi мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармасының бастығы, полковник Серiк Шалов, генерал Жасұзақов, генерал-лейтенант Болат Жанасаев барлығы бiрлесе отырып, Қорғаныс министрiне “Қазақстан Қарулы Күштерiнде мемлекеттiк iс қағаздары және бұйрықтар мемлекеттiк тiлде жүргiзiлсiн!” деген №404 бұйрыққа қол қойдыртады. – Қазiр Серiк Шалов – Қорғаныс министрiнiң баспасөз хатшысы. Ол кiсi мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармасының бастығы қызметiнен кеткеннен кейiн iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу қожырай бастады. Мiне, бiз осы мәселенi Қорғаныс министрiнiң тiкелей өзiне құлаққағыс еттiк, – дейдi Бақытбек Смағұл. Қорғаныс министрi Даниал Ахметов генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Ауған соғысы ардагерлерiнiң жетекшiсi Бақытбек Смағұлдың өтiнiш-тiлегiн құп алып, оң қабақ танытады. Қабылдаудан кейiн Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл және бiр топ Қорғаныс министрлiгiнiң жауапты қызметкерлерiмен бiрге Қазақстан Қарулы Күштерiнiң мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармасының қазiргi кездегi бастығы, подполковник Қалжан Омаровпен жолығып, арнайы мәжiлiс өткiзедi. Бұл мәжiлiсте Қазақстан Қарулы Күштерiнде iс қағаздарын толықтай мемлекеттiк тiлге көшiрудiң жай-жапсары талқыланып, оның жоспары бекiтiледi. Осыған қосымша айта кететiн бiр жайт, Ауған соғысы ардагерлерi мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң бiрiккен ортақ Кеңесiнде Ауған соғысы ардагерлерi ұйымдарының “Қазақстан ардагерлерi” қауымдастығының өзiндiк төл наградалары (Б.Момышұлы атындағы төсбелгi, “Батыр шапағаты” медалi) бекiтiлiп, оның жарғысы жасалған-ды. Бақытбек Смағұл ҚР Қорғаныс министрi Даниал Ахметов пен полковник Серiк Шаловты осы Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгiмен, ал Қазақстан Қарулы Күштерiнiң мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармасының бөлiм бастығы Мұрат Рақымжановты “Батыр шапағаты” медалiмен марапаттады. Асхат Қасенов, қос «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері.

3300 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы