• Тіл
  • 07 Наурыз, 2009

«Өзім қазақ болған соң ана тілімді ардақтаймын»

«Ана тілі» газетінің өткен санында «Журналистика факультеті орыстанып бара ма?» деген материал жарық көрген болатын. Мақала газет шыққан күні-ақ көпшілікті елең еткізді. Себебі, уақытында Қазақ мемлекеттік университеті атанған, қазір ұлттық деген мәртебесі бар елге белгілі қара шаңырақтағы журналистика факультеті отау көтерген кезден-ақ қазақтық, яғни ұлттық ерекшелігімен әйгілі-тін. Студенттер ғана емес, былайғы жұрттың өзі факультеттегі орыс бөлімінен гөрі қазақ бөлімінде қызмет ететін оқытушылар есімдеріне етене таныс-ты. Факультет аудиторияларында қазақша дауыс, қазақша үн басымырақ, жарқын-жарқын естілетін. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек. «Енді не болып қалды екен?» деген сауал көңілді мазалап, бізді қазақ ұлттық университетіне жетеледі. Сөйтіп, оқу орнындағы журналистика факультетінің деканы, саясаттану ғылымының докторы, профессор Ғалия Жүнісқызы Ыбыраевадан сұхбат алудың сәті түсті. Алдымен білмегіміз газетте жарияланған мақалаға байланысты пікірі еді. – Егер автор бұл материалды жарияламастан бұрын факультетке келіп, тым болмаса, сырттай зерттеу жүргізгенде, шынайы ақиқатқа көзі жететін еді. Шыңдығында, факультеттің ұстаздар құрамы, студенттер контингенті мақалада айтылғандай «орыстанып» бара жатқан жоқ. Студенттердің 70 пайызы қазақ ұлтынан. Орыс бөлімінде оқитын студентердің жартысынан көбі қазақ. Осындай материал жарық көргенде соны жазған адам үшін ұяламын. Ол біздің факультетте оқымаған, оқыса да журналисттің ар кодексін, әдебін санасына сіңіріп өспеген. Егер ол кәсіби адалдық пен адамгершілік құндылықтарды бағалайтын адам болса, естіген дерегін ең әуелі саралап, салмақтап, анықтап алар еді. Мақалада кейбір фамилиялар қате көрсетілген. Демек, ол әдейі бұрмалап көрсетіп отыр, не ақ-қарасын білуге кәсіби өресі жетпей отыр. Сонысымен өзін ғана емес, өз ортасын, журналистер қауымын ұятқа қалдырды. Бұл тасадан тас атқанмен немесе өзі су ішкен құдыққа түкіргенмен бірдей. Маған эксперт ретінде сотта журналистер жарияланымдарына сараптама жасау жиі тапсырылады. Аталмыш материал сондай заң бұзушылықтың бірінен саналады. Біріншіден, мұны ұлтаралық араздықты тудыру, екіншіден, университет ұжымының атына және менің жеке басыма жабылған жала деп қабылдауға толық негіз бар. Оның үстіне мақалада есімдері көрсетілген адамдар газетті сотқа беріп, шексіз моральдық өтемақы талап етіп, толық жеңіп шыға алады. Бұл БАҚ туралы заңнамаларды оқымаған, білмейтін, оның үстіне автордың ойланбай істеген ісінің нәтижесі. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің алдыңғы қатардағы университеттерінің ортасынан орын алуға ұмтылуда, сондықтан да оқытушы-профессорларға талап бұрынғыдан да күшейді. Сол талапқа біздің кафедра меңгерушілері де толық жауап бере алады. Олар бірнеше шет тілін меңгерген, өзге мемлекеттер университеттерінде тәжірибеден өткен, ғылыми еңбектері әлемнің кәсіби саладағы ғылыми журналдарында алғылшын тілінде жарияланған мамандар. Әсіресе, олар оқыған дәрістерінің академиялық деңгейіне, журналистиканың қыр-сырын тәжірибе арқылы меңгеруге ерекше көңіл бөледі әрі факультетте жұмыс істейтін телерадиостудияларда, баспа лабораториясында, компьютерлік сыныптарда студенттердің өзі таңдаған кәсібіне 1 курстан бастап-ақ бейімделуіне күш салады. – Cізді студент жастар аты-жөніңізді қазақша айтпай, орысшалап Галия Жунусовна дейтін көрінеді. Соған қарағанда мектепті не оқу орнын орысша бітірген секілдісіз. Қазақшаңыз қалай өзі? – Өзім қазақ болған соң, мен де ана тілімді ардақтаймын. Әрине, заман ағымына қарай өзге тілдерде қөбірек оқығандықтан әрі кәсібіме және атқаратын қызметіме байланысты араласатын адамдарымның көбі өзге ұлт өкілдері болғандықтан қазақ тілінде жазып-сызуым керемет деп айта алмаймын. Ал ауызекі тілде кез келген қазақпен ана тілімде еркін сөйлесе аламын. Өйткені, мен ана тілімнің уызын анамның сүтімен ішіп өскенмін. Бірде АҚШ-тағы Атлантада бір топ журналистермен жүргенде, бізді экс-президент Джимми Картердің мұражай-кітапханасына алып келді де қазақ тіліндегі «Телевидение және сайлау», «Аз ұлттар және телеақпарат» деп аталатын екі кітапты көрсетті. Көзіме оттай басылды. Өйткені, бұл екі кітапты қазақ тіліне журналист, өзімнің әкем Жүніс Ақатайұлы Ыбраевпен бірге мен де аударғанмын. – Сіз факультетті қай уақыттан бері басқарып келесіз? Сіз келгенге дейінгі жағдай қандай еді, қазір қандай? Оң жаңалықтар енгізе алдыңыз ба? – Мен декан болған 2008 жылдан бастап университетімізде негізгі екі бағытта түбегейлі өзгерістер жүре бастады. Біріншіден, университеттегі оқыту жүйесі өзгерді. Қазір интернет арқылы студент күн сайын өзінің бағасын біліп отырады. Бұрын ол университет бекітіп берген бағдарламаға тәуелді болса, қазір өзі қызығатын пәндер бойынша бағдарламасын өзі құрады. Мысалы, ол қылмыстық репортаждар жүргізуге қызықса, еш ойланбастан заң факультетіндегі «қылмыстану» пәнін таңдай алады. Ал егер экономика мәселелеріне қызықса, онда экономика факультетіндегі «банктер және кредиттер» пәндеріне қатыса алады. Ең бастысы – тиісті кредит санын жинаса болғаны. Пән таңдау сәуір айында басталады. Осы жылдың мамыр айында қай студент қай оқытушыға жазылады, сол оқытушымен келісімшартқа отырамыз. Екіншіден, факультеттің техникалық жабдықталуына ерекше мән берілді. Қазір телестудия жөндеуден өтті. Радиостудия толық жаңғыртылды, оларға қажетті жаңа цифрлық жабдықтар сатып алынып жатыр. – Ұжымыңызда қазақ тілінің қолданылу аясы қандай деңгейде? – Факультетте барлық іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Студенттердің басым көпшілігі қазақ тілді болған соң барлық шаралар қазақ тілінде өтеді. Негізгі тіл – мемлекеттік тіл екендігін мақтана айтамын. Әңгімелескен Нұрперзент Домбай

3592 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы