- Қоғам
- 26 Тамыз, 2011
Базар мен баға

Әне-міне дегенше биылғы жаз да бітуге таяу. Халық көп тұтынатын тауарлардың бағасы өткен қыста қымбаттай бастаған, енді «баға бір түссе, жазда түсер-ау» деген жұртшылық үміті ақталмады. Керісінше, әлдеқандай сылтаулар күнтәртібіне шығып, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегеннің кебін киюге мәжбүр болып отырғандаймыз. Әйтпесе, елімізде азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидек, дәнді-дақылдардың бағасы қымбаттай түсуіне не себеп болып отыр?
Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі мәліметтеріне сенсек, елімізде соңғы 4 айдың ішінде азық-түлік бағасы 7,1 пайызға қымбаттаған. Мәселен, жемістер мен көкөністер 17 пайызға қымбаттап, оның ішінде, қырыққабат 43, қызылша 38, пияз 28, картоп пен қияр бағасы 25 пайызға өскен. Ал ет – 13, қант және май бағалары 7 пайызға дейін шарықтаған. Бұған не себеп? Жаз мезгілінің өзінде бағаның бұлайша құбылып тұруы бұл уақытқа тән емес екендігі белгілі. Жалпы алғанда, халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары – әлеуметтік мәселелердің ең нәзік әрі жанды жері екені даусыз. Мемлекет бұл жағдайлардың барлығын реттеп, жергілікті әкімшіліктер белсенді қадағалау жүргізіп, бағаларды ырықтандыруда нәтижелі жұмыстар атқарып отыр десек те, кейде нарықтың өз заңы бойынша дамитынын естен шығарып алатын сияқтымыз. Біз бұған Алматының сауда орталықтарының бірі – Көкбазарға бас сұққанымызда көзіміз жетті. «Көкбазардағы» баға тауардың сапасына, әкелінген жеріне байланысты белгіленіпті. Мәселен, әрісі – Аргентина, Египет, Мароккодан, берісі – Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп жатқан көкөніс, жеміс бағалары Алматы облысында өсірілген жергілікті көкөніс, жеміс бағаларынан едәуір жоғары екен. Салыстырып қарасақ, әр килограммға шаққанда сырттан келген картоп – 130 тг, қызанақ – 150 тг, қызылша – 100 тг, сәбіз – 100 тг, қияр – 120 тг, алма – 300 тг, апельсин, мандарин – 300, ананастың кг – 400 теңгеге келіп жығылады. Бағаның мұндай жоғары бағамен қойылу себебі, тауар иелерінің айтуынша, аталған тауарлар Ресей мен Батыс Еуропада да тапшылық болып отырған көрінеді. Оның үстіне олардың көтерме бағалары да жоғары болып келеді екен. «Шығын мен пайданың ортақ мөлшерін есепке ала отырып қойылғанында осындай бағамен сатылу үстінде» дейді сатушылардың бірі. Ал «Көкбазар» жанындағы қара базарда мысалы үшін, сәбіз – 70 тг, картоп – 60 тг, қияр – 60 тг, баклажан – 40 тг, пияз – 80 тг. Бағалар арзан болғандықтан ба, әлде бұл жақтағы көкөністердің көбі өзіміздің облыс аймақтарынан әкелінгендіктен бе, мұнда сатылымның деңгейі жоғары. Азық-түлік тауарларының бағалары да біршама өсе түскен. Сиыр, жылқы, қой, тауық еттері, жұмыртқа, сұйық май, қант, күріш, макарон бағаларының біршама қымбаттағанын байқау қиын емес. Халыққа қажетті азық-түлік тауарларының әлемдегі нарық бағаларына да байланысты екенін ескерер болсақ, қымбатшылықтың негізгі себебін осыдан іздеуге болады. Яғни сырттан келетін тауар бағаларының жоғары болып келуі, ішкі нарықтағы тұрақсыздықты туындатады. Қазір өзімізде өсірілетін көкөніс, жеміс-жидектердің мол болуына орай бағалар мейілінше қол жетімді күйде. Алайда бұл жазғы баға екенін есепке алатын болсақ, оның қысқа қарай қалай болатынын болжау қиын. Бұған экономикалық тұрғыдан нақты жауаптар керек. Неге бау-бақшалардың отаны саналатын Жетісу өңірі осындай жағдайға тап келіп отыр? Елбасы азық-түлік тауарларын, көкөніс өнімдерін көптеп шығаруға, диқандарға, шаруа қожалықтарына қолдау көрсету туралы үкіметке нақты тапсырмалар бергені белгілі. Әр облыста азық-түлік белдеулерін қамтамасыз ету бағдарламалары іске асырылып та жатыр. Жылыжайларды салу, көкөністерді жаңа технологиялармен өсіру мәселелері де бірнеше мәрте айтылып келеді. Сонда бүгінгі жағдайда «Қымбатшылықты тізгіндеуге бола ма?», «Тығырықтан шығатын жол қайсы?» деген мәселелер ойландырмай қоймайды. Иә, біз мұның алдын алып, нарықтағы бағалардың даму жайын болжамдап, тамырын ұстап отыруға тиіспіз. Бүгінде қымбатшылық пен ақша құнының сай келмеуі кім-кімге де алаңдатушылық тудырады. Базардағы қарапайым саудагерлерді кінәлау да қиын. Өйткені олар да тауарды біреуден сатып алады. Күнделікті табысын айыру үшін, сауда жасап тұрған орнына төлейтін пұлдары бар, өнімді жеткізуге кететін шығындары бар, солардың бәрі түптеп келгенде тұтынушыға қойылатын бағаға ықпал етіп отыр. Қымбатшылық – бір ғана себептен туындамайды. Оның ар жағында бірнеше қосымша себеп-салдары болатыны түсінікті. Оның бәрін реттеу, назарда ұстаудың өзіне экономикалық тұрғыдан алғанда сауатты шаралар қажет болып отыр. Базар салты бойынша, алынған тауар өту керек, өз шығынын ақтау керек. Арзанның жілігі татымас Заттың арзан-қымбаты оның сапасымен де өлшенеді. Мәселен, базарда тұрған қияр, картоп, қызанақ, сәбіз өнімдерінің арзан-қымбатына назар аударсаң, олардың сапасына көз жеткізуге болады. Қымбат бағада сатылып жатқандардың түрі, түсі, сақталған жағдайы өзіне сай. Ал арзандары бостау, жөнді піспегендей, дұрыс бапталып-күтілмегендей әсер қалдырады. Әрине, мұндай жағдайда кез келген адам «дұрысын» алғысы келіп, 5-10 теңге айырмашылығына қарап жатпайды. Бұл енді қарапайым мысал ғана. Ондай жағдай басымыздан күнде өтеді. Ал енді,сондай «бес-он теңгелер» жиналып келіп, әжептәуір ақшаны уысыңнан сырғытып алып кеткенде, нарық жағдайының жұқарып жүрген қалтаңа жасаған соққысын тез ұға қоясың. Осы жағынан алғанда да, тауарлардың сапасыздығы – оның арзандығына, сапалылығы – қымбаттығына әкеліп отыр. Әккі саудагерлер де мұндай мүмкіндікті қалт жібермейді. Олар да халыққа ненің керегін біледі де, ұялмай-қысылмай сапалы азық-түлік тауарларының бағасын мейлінше жоғарылатып қояды. Себебін сұрай бастасаң, самарқау жауап беріп, сенімен тіпті сөйлескісі де келмейді. Демек, бағаны төмендетуге базардағылардың басы ауыра қоймайды. Базардағы сауда жасап жүрген қарапайым халық тауардың арзанын іздейді, оның қолжетімді болғанын қалайды. Ол үшін жергілікті жерде, өзімізде бау-бақша өсіру керек. Олардың шеттен келетін көкөністерге қарағанда анағұрлым тиімді, сапасы да анау айтарлықтай жақсы болуы тиіс. бәсекелестік: бағымыз ба, сорымыз ба? Сарапшылардың пікірінше, халық тұтынатын негізгі тауар түрлері алдағы айда тағы да қымбаттайтын көрінеді. Қымбатшылықтың алдын алу үшін мемлекет бұған нақты әрі батыл қадамдар жасауы қажет. Әйтпесе, «бағалар неге арзандамай тұр, қашан төмендейді, неге бәрі қымбаттап барады?» деген сауалымызға көптеген сатушылар мырс етіп, миықтарынан күле қарайды. Әзірге сұраныс пен ұсыныстың бір-біріне сәйкес келетін түрі жоқ. Алсаң – баға осы, алмасаң – жолың әне деген жүгенсіз нарықтың айдарынан жел есіп тұр! Қазіргі уақытта отандық өнеркәсіпті, өндірушілерді кеңінен дамытуды қолға алып отырған мемлекет саясаты дер кезінде басталғаны анық. Нарықта бәсеке ғана бәрін жеңеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда қала әкімдігінде азық-түлік мәселесіне орай өткен кеңесте былай деген еді: «Алматыны өзінің азық-түлігімен қамтамасыз етуіміз керек. Әзірге азық-түлік белдеуіне қатысты жүйелі жоспар жоқ. Алматы мен Алматы облыстарының әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, тиісті шараларды қолға алуы тиіс. Көкөністерді өңдеп, консервілейтін, шырын шығаратын, сүт пен ет өңдейтін кәсіпорындар қазір жартылай жұмыс істеп тұр. Қуаттылық жеткілікті, бірақ оларды пайдаланбаймыз. Қаладағы кәсіпорындар тұралап тұр». Елбасы бәсекелестікті арттыра білу, отандық тауарды өндіруге күш салу керектігін айтып отыр. Бұл мәселе Алматыда ғана болып отыр деп айта алмаймыз. Қымбатшылық еліміздің барлық аймағын жайлаған. Тығырықтан шығар жол бар ма? Қазіргі таңда еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Ауылдық жерлердегі егін шаруашылықтарын дамыту, ет, сүт, май өнімдерін көбейту бойынша нәтижелер де жоқ емес. Ілгерілеу бар, бірақ бұл азық-түлік қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуге, тауарларға деген бағаларды бір деңгейде ұстап тұруға жағдай жасап отыр ма? Нарықтың талаптарына қарасақ, ең өтімді болып отырған тауар өнімдері сапа жағынан да, баға жағынан да қолайлы болуға тиіс. Бүгінде әр аймақ өз халқын қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп отыр деп айта алмаймыз. Сондықтан еліміздің барлық аймағында отандық тауарды өндіріп, әр облыс өз өңірінде жақсы өсетін дәнді-дақылдарды, көкөніс, жеміс-жидекті өсіруге барынша үлкен қарқынмен кірісуі қажет. Қазақстанның әр облыстарында өсірілетін дәнді-дақылдардың, бау-бақша өнімдерінің бұрыннан қалыптасқан түрлері бар. Сол жергілікті өңірлерде өнімнің қай түрі жақсы, әрі сапалы шығады, сол бағыттар бойынша жұмыс жасайтын кез келді. Кеңес өкіметі кезінде тұтастай бір ауыл белгілі бір дәнді-дақылды, жеміс-жидек, көкөністі өсіруге бейімделетін. Мысалы, бұрын Алматы маңындағы шаруашылықтар көкөніс өсіріп, қала, облыс қана емес, еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз етуге күш салатын. Үкіметке қашанғы қол жайып отыра береміз? «Қолдан келер қайрат қайсы?» демей, нарықты қазекем өзбек ағайындардан үйренгені дұрыс. Мәселен, Сарыағаш бар-жоғы Ташкенттен 15 шақырым жерде жатыр. Бірақ бір қызығы, бізге өрік, қауын, қарбыз және т.б. жеміс, көкөніс дақылдары Өзбекстаннан келеді. Неге? Егер біз бәсекелестікке батыл кіріссек, онда әлгіндей импортқа тәуелділік болмас еді. Қаланы қойып, ауыл халқының жеміс-жидек, көкөністі сатып алып отыруы, біздің өзге елдермен салыстырғанда анағұрлым бәсекенің үдесінен шыға алмай отырғандығымызды көрсетпей ме?! Ауылдағы жергілікті диқандардың өнімдерін, мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің ет, сүт, май, астық тауарларын көбейтпей, азық-түлік қауіпсіздігін, баға нарығын реттеу оңайға түспесі анық. Арзан әрі сапалы өнімдерді өз елімізде көптеп шығаратын болсақ, бәсекеге қабілетті ішкі нарығымызды қамтамасыз етуге мүмкіндік алар едік. Әйтпесе әлемдік нарықтың, сырттан келетін өнімдердің легі артып, жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша ішкі нарықты тұқырту үрдісі толастамайды. Ең бастысы, халықтың таңдауы – Қазақстанда өндірілетін өнімнің барлық түріне жасалатындай дәрежеге көтерілуі керек. Тиімді әрі сапалы ұсыныс болса, сатып алушы сұранысы да арта түседі. Ол тек мемлекеттің ғана шаруасы емес, бұған барша ел болып атсалысуға тиістіміз. Әйтпесе, әзірге сыртқы азық-түлік импорты өз білгенінен жаңылар емес. Сұлтан Қадырбек, Дәуіржан Төлебаев
4229 рет
көрсетілді1
пікір