- Қоғам
- 26 Тамыз, 2011
Қос күйшіге құрмет
«Ана тілі» газетінің биылғы 6 шілдесінде жарық көрген №26 (1074) санында «Мәдени мұра» айдарымен жазушы Ләтифолла Қапашевтің қазақ күй өнері қос дүлдүлінің өмірлері туралы «Дина мен Сейтек» атты тағылымды мақаласы жарияланды. Аталған мақалада биыл туғандарына 150 жыл толған өнер иелерінің қилы тағдырлары суреттеледі. Редакциямызға газетімізде жарық көрген мақалаға орай Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінен хат келіпті. Төменде аталған хаттың толық мәтінін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қазақстан Республикасы
Мәдениет министрлігі
Мәдениет комитеті
№07-04-14/2710
«Қазақ газеттері»
ЖШС-ның
Бас директоры –
Редакторлар
кеңесінің төрағасы
Ж.О.Кенжалинге
Құрметті Жұмабек Омарұлы!
Мәдениет комитеті Сіздің қазақ күй өнерінің саңлақтары Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының туғандарына 150 жыл толуына байланысты олардың есімдерін ел есінде қалдыру туралы жазған хатыңызды қарады.
Қазақ өнерінде Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлы сияқты мәңгілік өшпес із калдырған көрнекті талант иелерінің мұрасын ұлықтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үлкен парыз.
Осы орайда, тиісті мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің қатысуымен 2011 жылғы 20 қаңтарда № 18 ҚР Үкіметінің қаулысымен «Күйші-композитор, Қазақ КСР-інің халық әртісі Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толуын дайындау мен өткізу» жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойын өткізуге арналған бірқатар маңызды мәдени шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Байланыс және ақпарат министрлігі «Домбырам нені шырқайды» деректі фильмін түсіріп, «Күйші Дина. Тарту-Сәлемдеме» атты кітабын жарыққа шығарды.
Аталған мерейтойға арнап, Атырау облысының әкімдігі үстіміздегі жылдың қазан айында «Бұлбұл-домбыра» атты домбырашы қыздардың республикалық сайысын, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қыркүйек-қазан айларында салтанатты концерт пен домбырашылардың республикалық конкурсын, Маңғыстау облысының әкімдігі қараша айында домбырашылардың өңірлік конкурсын, Алматы қаласының әкімдігі салтанатты концерт, Мәдениет министрлігі қазан айында театралдық-концерттік қойылым өткізуді жоспарлап отыр.
Динаның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде тойлау мәселесіне келетін болсақ, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясының хабарлауынша, мерейтойларды ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енгізу үшін өтінімді белгіленген тәртіп бойынша екі жыл бұрын ұсыну қажет. Сондықтан биыл мерейтой жылы оны ЮНЕСКО деңгейінде атап өту мүмкіндігі жоқ.
Ал Алматы қаласының орталық көшелерінің біріне Дина Нұрпейісованың есімін беру мәселесі Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 13-бабының 4-тармағына сәйкес қалалық өкілді және атқарушы органдардың құзырында екенін айта келе, оның бейітін жөндеу жұмыстары да аталған органдардың құзырына жататынын жеткіземіз.
Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша күйші Сейтек Оразалыұлының 150 жылдығына арналып үстіміздегі жылдың тамыз-қыркүйек айларында республикалық домбырашылар сайысы өтетіні туралы мәлімдейміз.
Төрағаның орынбасары
Ә. Әбілдинова

3217 рет
көрсетілді0
пікір