- Тіл
- 26 Тамыз, 2011
Байырғы сөздеріміз бұрмаланбаса екен
Тілімізде дауыссыз дыбыстар ішінде в,ф,х,ц,ч,щ, – орыс тілінің әсерімен енген дауыссыздар екені белгілі. Бұл дыбыстармен орыс тілінен және халықаралық тілдерден енген термин сөздерді пайдалануда қолданып жүрміз. Мәселен: в – вагон, вокзал, автобус, велосипед, трамвай, аквариум, витамин; ф – футбол, ферма, фирма, фото, факс, телефон; х – хлор, бухгалтер, химия; ц – цирк, цех, цемент, авиация, офицер; ч – чемпион, чемпионат, чек; щ – щетка, борщ. Сонымен қатар араб, парсы тілдерінен енген бірқатар сөздерде «х» әрпімен: хат, хабар, халық, асхана – сөздері айтылса, адам есімдерінде «ф» – Мұзафар, Фатихолла, Фатима тағы басқа сөздерде кездеседі.
Қазақ тілі фонетикасында «щ» дыбысы орыс тілінен енген сөздерде (щетка, борщ, щи) жазылады деп анықтама беріледі. Кейбір қазақ сөздері (ащы, тұщы, кеще, ищай) құрамында жазылғанмен, «шш» түрінде дыбысталады делінген. Иә, бұл сөздерде «щ»-ның «шш» болып дыбысталатыны даусыз. Алайда бұл сөздердегі дыбысты «щ»-мен таңбалау қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай келер ме екен? Олай дейтін себебім, «щ» – қазақ тілінің байырғы сөздерінің дыбысталу ерекшелігінде (артикуляциясында) жоқ дыбыс. Бұрындары орыс тілінен тілімізге қолданысқа енген кейбір сөздер: ящик, ямщик – жәшік, жәмшік, тағы басқа қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемделіп айтылып қалыптасты.
Алайда қазіргі кезде орыс тілін, ағылшын тілін және басқа шет тілдерін қиындықсыз еркін меңгеріп отырған жас ұрпақ жоғарыдағы аталған сөздерді (ащы, тұщы, кеще, ищай) таза «щ» түрінде оқиды.
«Щ»-ны орыс тілінде әрі дыбыс (мягкий согласный звук), әрі әріп деп қараса, бұл дауыссыздардың ащы, тұщы сөздерінде қазақ тілінде «щ»-ның таңбалық жағына ғана мән беру басым. Атап айтқанда, бір-біріне ықпал етіп: ашты – ашшы болып, оның әсерінен пайда болған біркелкі дыбысқа айналудың нәтижесінде «шш» түрінде дыбысталады. Бұл біркелкі дыбыстарды қазақ тіл біліміндегі зерттеу еңбектерде геминаттар деп атаған. «Шш» біркелкі дыбыстарын айтқанда, ерекше екпінмен дыбысталады да, өзінше бір ерекшелік туып отыр. Сондықтан да «шш»-ның «щ» болып таңбаланып жүргендігі осы өзгешеліктен туған құбылыс. Біркелкі дауыссыздардың қатар дыбысталуы басқа сөздерде де кездеседі: әккі, қатты, соққы, оппа, тәтті, текке, ыссы. Бірақ дауыссыздардың ішінде «ш»-ның қатар келген дауыссыздарға ықпалы күшті әсер ететін дыбыс болғандықтан, «шш»-мен келетін сөздерде бұл құбылыс ерекше байқалады.
Көне түркі жазба ескерткіштерінде кездесетін сөз – ачуғ. Қазіргі кезде осы «ашу» сөзінен пайда болған туынды сөздер: ашшы (ащы), ашымал (көже), ашытқы (қосу).
«Ащы» сөзіне қарағанда, «тұщы» сөзі біраз деректерді салыстыруды қажет етеді. Түсіндірме сөздікте: 1. Тұзы жоқ, ішуге жарамды (су). 2. Ащы емес, дәмді (тағам), – деп алынады. Ал қазақша-орысша аудармасында «тұщы-пресный», «тұшқылтым-пресноватый» болып аударылған.
Көне түркі тіліндегі кездесетін мына бір мақалда:
«Ас татығы – тұз»,
Шоғрын (тұтас) – жемес, –
дегендей, «тұщы» сөзінің мағынасын аша түсуге біршама жақын түсінік – астың дәмін келтірер тұз екенін аңғартады. Кейбір зерттеулерде «тұщы» сөзін «тұзды» сөзінен таратады.
Тіліміз үздіксіз дамуда. Тілдегі қалыптасқан бірегей заңдылық емес, құбылыс деп қана қарауға болатын геминациялаудан туған бұл ерекшеліктен: ащы тер, ащы ішек, ащы шындық; тұщы су, тұщы тағам сияқты бірнеше тіркестер пайда болды.
Сөздіктерімізде: ащылату, ащылау, ащылы-тұщылы, тұщыту, тұщыландыру, тұщылау, тұщылық, тұщытқыш – сөздері «щ» -мен таңбаланып, ащы, тұщы сөздерімен шектеліп қоймай, қазақ тілінің бірнеше байырғы сөздері жоғарыдағыдай өзгеріске ұшыраған.
Тіліміздегі бұл ауытқушылықты мына бір салыстырумен толықтыруға болады: ашу, ашқылтым , ашырқанту, ашырқану, ашытқылау, ашытқыш, ашыту, ашыды, ашиды; тұшу, тұшығу,тұшым,тұшымды,тұшымдылық, тұшымсыз, тұшымсыздық, тұшындыр, тұшынт, тұшыту, тұшыну сөздері «ш»-мен жазылып та, оқылып та түсінікті болып жүр.
Жоғарыдағы тұжырымдарды қорытындылай келе, көпшілікке мынадай ой тастағым келеді. Қазақтың байырғы сөздеріндегі «Шш»-ның «щ» таңбасымен берілуіне, яғни осылай таңбаланған сөздердің оқылуында қазақ тілінің дыбыстау ерекшелігіне нұқсан келеді деген пікірімді білдіремін. Осы тақырыпта сөз қозғағанда дұрысы «ащы», «тұщы» емес, етістік түрінде – ашу, тұшу; сын есім түрінде – «ашты», «тұшты» деп жазылса деген ұсынысым бар. Қазақ тілінің сөйлеу тілінде бұл (ашты,тұшты) ерекшелік кездеседі. Сондықтан қиындықтан шығу жолын сырттан іздемей, қазақ тілінің өз мүмкіндіктерін пайдалану жөн деп білемін.
Забира Бегманова,
мұғалім
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы,
Бесағаш ауылы

29906 рет
көрсетілді4
пікір