- Тіл
- 26 Тамыз, 2011
ҚАЗАҚ атаулы көше неге қысқа?
Бүгінде өткенге көз жіберсек, кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда тың игерілгеніне де 57 жыл болыпты. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, оған жұрттың көзқарасы әртүрлі. Сол уақытта СОКП Орталық Комитетін басқарған Н.Хрущевтің бастамасымен жүзеге асқан бұл науқан қазақ елінің солтүстік өңірін экономикалық және әлеуметтік жағынан көтергенмен, ұлтымызды рухани, яғни басты байлығы – ана тілінен айыра жаздады. Мұндағы қаракөз бауырларымыз ата-бабасының ізі сайрап жатқан өлкеде азшылыққа айналды. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, орталықтан өктемдік саясат жүргізген соң, келімсектер қанша жерден іскер болса да жергілікті кадрларды өсірмеді.
Тыңның теріс әсері
Ең жанға бататыны, ежелгі қазақ ауылының атаулары өзгертілді. Мысалы, тыңға келушілерді мәңгі есте қалдырамыз деген себеппен бірқатар елдімекендердің аты өзгеше болып шыға келді. Бұған «Киевский», «Харьковский» және басқа да толып жатқан атауларды мысалға алсақ та жеткілікті.
Кейбір келімсек, кеудемсоқ басшылар өзім білемге салып, жергілікті білімді де білікті кадрлардың жігерін құм еткенін қайтерсің. Жергілікті ұлт кадрларына сенімсіздік білдіріп, қызметін төмендетті немесе тайдырып жіберді. Қазақ мектептерін жабу дағдылы іске айналды. Ата-бабаларымыз жатқан қорымдар егістікке жыртылды. Еліміздің теріскей орталық аймақтарында жергілікті халықтың үлес салмағы кеміп, орыс тілі үстемдік құрды.
Тіліміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз тежелді. Байырғы жер-су атаулары ескерілмей, бәрі де орысша аталатын болды. Тың далада бой көтерген шаруашылықтар «Бауман», «Фрунзе», «Калинин», «Ворошилов», «Москва», «Минск», «Полтава», «Ленинград», «Киев», «Лермонтов», «Чехов» деп аталып кете берді. Елдімекендер де кезегінде осылай аталатын болды.
Қостанай өңіріндегі қазақ мектептерінің өркендеуіне көп үлес қосқан сыйлы ақсақал Жұмағазы Бекбосынов сонау тың игеру жылдарын еске ала отырып:
– Тың игеру жылдары орыс, украин ұлттарының өкілдері елімізге ағылды. Оның ішінде механизаторлар, құрылысшылар, ауыл шаруашылығы мамандары бар еді. Олардың жанұялары да бізге қоныс аударды. Тың игерушілермен бірге Қазақстанға жаңадан комбайн, трактор, автомашиналар да жеткізілді. Аз уақыттың ішінде совхоздар пайда болды. «Харьков», «Каменск-Уральск», «Чернышевский» деген шаруашылықтардың аттары тың игерушілердің қай жерден келгенін білдіріп, Қазақстан картасын жаңа атаулармен толықтырды. Ауылдарға электр желісі тартылып, үйлерге жарық сәулесін шашты. Бұрын майшаммен отырған халық бұған дән риза болды. Әрине, мұның бәрі жақсы. Бірақ тың игерудің осындай жақсы жақтарымен қатар рухани, яғни тіл мәселесіне тигізген зиянды тұстарын да айтпасқа болмайды. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды. Есіктен кіріп, «төр менікі» дегендер де кездесті. Оның үстіне қазақ мектептерін жаппай жабу саясаты жүрді. Алдымен бастауыш мектептерді жабу қолға алынды. Ол тіпті қиынға түспеді. Әуелі бірінші қазақ сыныбына оқушылар қабылдамай, балаларға орыс әліппесін беріп, орысша оқуды бастады. Келесі жылы екінші сынып болмады. Осылай төрт жылда бастауыш мектеп түгел жабылды. Ата-аналардың қарсылығына ешкім көңіл аудармады. Өйткені бұл саясатты қолдап, жүргізіп отырған партия комитеттері болды, – деп еске алады.
Қолымызға тиген облыстық Тілдерді дамыту басқармасының құжаттарда өңірдегі барлық селолық округтардағы елдімекендердің атаулары қамтылған. Мысалы, Қостанай қаласынан 50 шақырымдай жерде жатқан Алтынсарин ауданын алайықшы. Онда тек Обаған ауылы ғана қазақша. Қалғандарының бәрі орыс тілінде – Красныйкордон, Приозерный, Свердловка, Большечураковский, Димитровский болып кете береді. Әлгі ауданда ұзын-ырғасы 11 округтің атауы орыс тілінде жазылыпты. Оның қашан қазақша атауға ие болатындығын ешкім де нақтылап айта алмайды. Өйткені оған уақыт керек.
Тек облыстың қазақтың қаймағы бұзылмай, ұлтымыздың барлық салт-дәстүрлерін сақтап келе жатқан қалың бауырларымыз тұратын Аманкелді, Жангелдин, Қамысты, Наурызым, Әулиекөл аудандары болмаса, қалған аудандардағы селолық округтердің басым көпшілігі әлі де орысша аталады екен. Бұл осы аудан әкімдері тарапынан әлі де белсенділік сезілмейтіндігінің айқын дәлелі. Олардың уақыт талабын түсінетін кездері әбден жетті.
Әрине, өткен тәуелсіздік алған жылдар ішінде облыста бірқатар аудандардың аттары Боровской – Меңдіқара, Урицкий – Сарыкөл, Ленинский – Ұзынкөл, Комсомольский – Қарабалық болып өзгерді. Ал Федоров, Денисов аудандарының аттары қашан өзгеріске ұшырайтыны белгісіз.
Жоғарыда аталған басқарманың бөлім бастығы Жарасқан Наурызбаевпен көтеріліп отырған өзекті тақырып бойынша әңгімелескенімізде, ол да көкейде жүрген ойларымен бөлісті. Өзі мақалада келтіріліп, мұрты бұзылмай тұрған ауылдық округтер мен елдімекендердің атауы сол тың игеру жылдарының салдары екендігін айтып өтті. Іссапармен аудандар мен қалаларға барғанда елдімекендердің атауларын бүгінгі уақыт талабына сай өзгерту қажеттігі жайлы тиісті орындардың басшылардың алдына мәселе етіп көтеріп жүргендігін де жасырмады. Алдағы уақытта Федоров ауданы – Жаркөл, Денисов ауданы – Түйемойнақ болып өзгере ме деген үміті бар екендігін де білдірді. Өйткені аталмыш аудандардың бұрынғы атаулары солай көрінеді. Жергілікті жердегі ұлтым деп жүрегі соғатын азаматтардан ұсыныстар да бар екен. Дегенмен де осы мәселемен тікелей шұғылданатын мамандар мен басшылардың келешекте осы бағытта атқарар шаруалары шаш етектен екендігін еске саламыз.
Қостанайдағы көшенің
26-сы ғана қазақша
Қостанай – еліміздегі тазалығымен, сәнділігімен аты шыққан көрікті қала. Оны өркендету мен көріктендіру үшін қазір атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Дегенмен рухани салада, яғни көше атауларын өзгерту мен маңдайшалар мен жарнамаларды қазақыландыруда қыруар жұмыстар күтіп тұрғандығын зиялы қауым жақсы біледі.
Бүгін біз тек облыс орталығындағы көшелер жайына ғана тоқталмақпыз. Қазіргі таңда облыс орталығында 280 көше бар екен. Соның еліміз егемендік алған 20 жыл ішінде тек 15-інің ғана атауы өзгертіліпті. Ол да болса соңғы жылдардың бедерінде жүзеге асырылды. Олар қазақтың біртуар перзенттері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин, ұлтымыздың көрнекті ақындары Мәриям Хәкімжанова, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтердің құрметіне берілген көшелер. Оның алдында ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев, қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин, халық ақыны Омар Шипин, есімі әлемге әйгілі философ Әбу Насыр әл-Фараби даңғылдарына олардың есімдері берілген болатын.
Біздіңше, бұл әлі де аздық етеді. Облыс орталығында көшелерге аттарын беретін азаматтар мен ұлы тұлғалар жетеді. Жоғарыда аталған облыстық Тілдерді дамыту басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, Солнечная көшесі 9 рет, Челябинская 6 рет, Костанайская 4 рет, Рудненская 3 рет қайталанады екен. Ал қазақтардың ұлы перзенттерінің есімдерін ұлықтап, оларға көше берер кезде кейбір қала азаматтары өре түрегеледі. Ал әлгі бірнеше рет қайталанатын көшелердің атауымен басқа да толып жатқан көше аттары көрікті шаһарымыздың сәнін бұзбаса, ешқандай ажар, көрік беріп тұрған жоқ. Ал Маяковский, Чехов, Чкалов, Лермонтов және басқалар қазақ халқы үшін қандай еңбек сіңіріпті? Қашанғы өзгелерді жарылқап, өз ұлыларымызды ұлықтайтын боламыз?
Қолдағы мәліметке қарасақ, Қостанай секілді үлкен қалада бұл күндері 26 ғана көшенің аты қазақ тілінде аталады екен. Мәселен, 15 көшенің атауы «проезд» сөзінен, 9 көшенің атауы «переулок» сөзінен басталады екен. Сонда біз осындай «проезд» бен «переулоктарға» ұлтымыздың біртуар қазіргі тәуелсіздік үшін еңіреп өткен асылдарымыздың есімін қимағанымыз ба? Бұл, әрине, біздің елдігімізге, азаматтығымызға үлкен сын. Соны түсінетін, кеткен кемшілігіміз бен ағаттығымызды түзейтін кез әбден келді. Ертең біз келер ұрпағымыздың алдында немен ақталамыз? Олардың бетіне қалай қараймыз? Тәуелсіз елміз деп көкірек қаққанымыздан не пайда? Қашанғы өзгелерге жалтақтай береміз?
Ол аздай, Қостанай қаласындағы Нариманов базарының маңында орналасқан Қазақ көшесі бар. Ол көшенің көлемін көрсеңіз, кірерге тесік таппайсыз. Сонда ұлтымыздың атауына ұлтарақтай ғана жер берген Қостанай қашан қазақыланбақ?
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Қостанай

3833 рет
көрсетілді0
пікір