• Әдебиет
  • 26 Тамыз, 2011

Мәңгі жасайтын асыл жырлар

amanzholov Қазақтың көрнекті ақыны  Қасым Аманжоловтың туғанына – 100 жыл Поэзия әлемін бейнелі түрде тізбек-тізбек тау сілемдері десек, сол өркеш-өркеш тізбектің арасынан қадау-қадау асқар шыңдар бой көрсетеді. Өздерінің өр тұлғасымен бүкіл бір кезеңді бейнелейтін ақиық ақындарды мен сол асқар шыңдарға теңер едім. Қазақ поэзиясы мысалында ол шыңдар – Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым болып жарасымды жалғасын табады. Сізге өтірік, маған шын, мен осы жайды сонау балғын шағымда, он төрт жасымда аңғардым. Оған себеп болған – марқасқа Маяковский, оның «Бар дауыспен» деген кредосы еді. Мен «бізде осындай ақындар бар ма?» деп іздей бастадым.Жаңаарқаның аудандық кітапханасын ақтарып, адақтап шықтым. Тапқандай болдым. Сәкен, Ілияс ағалармыз еліктепті. Бірді-екілі шығармаларымен түрлік, мазмұндық ізденістерге барыпты. Таптым. Ең жуықтап келген Қасым Аманжолов болып шықты. Сосын сол кезде аты дүркіреп шығып келе жатқан Олжас Сүлейменовтен анық аңғардым. «Бар дауыспен» дегенде «өзім және заман туралы» көпшілік алдында именбей, маңғаз қалыпта ашық және бүкпесіз сыр шерту ғана емес, сонымен бірге «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» деп, асқақшыл Батыстың, бекзада Шығыстың мысынан жасқан­бай, әлемдік, жалпыадамзаттық ірі тақырыптарға батыл барып, арналы да ауқымды әңгіме қозғай алу құдіретін айтамыз. Қазіргі замандастарымыз Маяковскийді партияны жырлаумен шектелді деп күстаналап жатады, шынтуайтында, мүлдем олай емес, ол, бәлкім, кейбір шығармаларында заманының жаманын жасырып, жақсысын асырып жіберген шығар, бірақ ол нені жазса да жаңашылдыққа толы поэтикалық ізденістерін тоқтатқан жоқ. Әрине, бұл – арнайы әңгіме арқауы. Жаңа дәуірдің дабылын қағып, екпіндете, ұрандата келген дауылпаз ақын салондарда арулардың құлағына жағымды сыңғыр үнді камералық лирикадан жалығып, тура мағынасында көсемдер мен абыздар шығып сөйлейтін мінберге шықты, политехникалық институттың ат шаптырым аудиториясына және мыңдаған адамдар жиналған залдар мен алаңдарға шықты. Осы үдеріс кейін Андрей Вознесенскийлер мен Евгений Евтушенколарды жүз мыңға тарта адам сыятын стадиондарға шығарды. Осы жерде айта кеткен жөн шығар. Біз бүгінгі күннің биігінен ет қызуымен Кеңес әдебиетіне ревизия жасап, белден бір-ақ тартып, бәрін болмаса да, көп дүниені жарамсыз деп үкім шығарған жайымыз бар. Тірі адам тірлігін жасайды, пысықтық танытады, дені сау адам дегенін істейді, күшін көрсетеді дегендей кеп. Ара-тұра «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дегендей де хал. Сәл ойланып көрейікші, «Өгіздің басына туған күн бұзаудың басына туады» деген сөз бекерге айтылған жоқ шығар. Келер ұрпақтың бүгінгі қаламгерлерге үкім шығармасына кім кепіл?!. Жарайды, бұл да бір өзекті әңгіме­нің алғы сөзі іспетті болар, негізгі та­қы­рыбымызға оралайық. Маяковскийдің зор дауысы бүкіл Кеңес әдебиетіне ғана емес, сонымен бірге әлемдік әдебиетке де әсер етті. Сахнаға жыр тілімен адамзат панорамасын түзген түрік Назым Хикмет, жүрегі Дунай толқындарындай атой салған венгр Аттила Йожеф шықты. Міне, осы ұлы нөпірден қазақ ақындары да қалыс қалған жоқ. Қаптатып Өлең Селін, Тірі адамша Тірімен Сөйлесемін, Лирикалы Томдарды Басып өтіп, Сендерге мен Барамын Дүбірлетіп! * * * Аттап өтіп Ғасырлар Асқарынан, Ақындар мен Үкіметтер Бастарынан Жетер, жырым, Сіздерге Өшпей, өлмей... – деп, сол арғымағы ауыздығымен алысқан салқар көштің басында қазақтың аса ірі ақындарының бірі – Қасым Аманжолов болды. Ақиық ақынның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды. Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне түпнұсқасымен үндестіре отырып зор шабытпен аударды. Аманжолов – өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын. Жалындаған жиырма жасында оның бойындағы туа бітті зор таланты айқын белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы жарық көрген «Өмір сыры» атты тұңғыш өлеңдер жинағына енген өлеңдерден болашақтағы кемелденген ақын поэзиясының отты, лепті, сыршыл мінезі танылатын жекелеген жол, шумақтар табылғанымен, тұтастай алғанда, жинақ ақынның әлі де үйрену, еліктеу үстінде екенін көрсететін еді. Әсіресе, көзге ауыз әдебиетінің 7-8 буынды терме, толғау үлгілеріне бой ұруы жиі шалынатын. Өлеңіне арқау етіп алған өмір құбылыстарын сырттай таңырқап, тамашалауға, көрген-білгенін тәптіштеп, тізбелеп суреттеуге әуестік байқалатын. Бірақ ақын бұл қалпында көп кідірмей, осыдан кейінгі не бары екі-үш жылда-ақ: Ішім пысты, жалықтым, Жүре алман енді аяңдап. Кенде қаппын, жаңа ұқтым, Не болса соған аяңдап – немесе: Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға, Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!.. Жығылам деп жүре алмаймын жай басып, Жүгіремін киіп-жарып, айқасып. * * * Жығылсам да, жүгірумен өтемін, Аяңшылдың ақылын мен не етемін. Жығылармын, алқынармын, шаршармын, Барар жерге бұрынырақ жетермін, – дегеніндей-ақ, қатты талпынып, талантына мәдениеті қосылып, ақындықтың шырқау биігіне самғап көтерілді. Махамбет, Абай, Мағжан поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлау, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйрену оның буырқанған күшті талантын тез қанаттаңдырды. Қасымның ауыр толғақ, жан күйзелістері үстінде 1938 жылдың өзінде-ақ жазған белгілі өлеңі – «Сұлтанмахмұт туралы балладасы». Ақын онда сол кезде екінің бірі батылдық жасай алмайтын шындықты айта алды. Сұлтанмахмұтты жақтайтын жас ақын мен оны жау санайтын әдебиетші ақын қабірінің басында пікір таластырады. Ол жылдарда мұндай өлең жазу – нағыз жүрек жұтқан ерлік болатын. Ал Қасым бір бұл емес, мұндай бір­неше өлең жазған. Оның «Біз кім?», «Ақынның мінезі», «Күлемін де жылаймын» секілді өлеңдері – сондай дүниелер. Жылама сен, күл, – дейді, Күлсем және сенбейді. Қара тер боп тергейді: Неге күлдің сен? – дейді. Тоталитарлық жүйе тұсында мықтап өркен жайған күдікшілдік, сенбеу, күйе жағу, пәле жабу сияқты кеселді бұлайша әшкерелеу, зығырда­ны қайнай айыптау да Қасым сияқты ілуде біреудің ғана қолынан келгені шындық. Сол кездегі тұрпайы саясаттың тырнағына ілінген Қасым Аманжо­ловқа да ұлтшыл деген кінәлар та­ғылды. Дегенмен ақынның шоқ­тығы биік туындылары оның ұлы тұл­ғасын кейінгі ұрпаққа таныта білді. Аманжоловтың үлкен жаңалығы – қалыптасқан қағидаларды жеңу, өлең саласындағы батыл тәжірибе, ол қазақ поэзиясына он буындық өлең жолын енгізді. Ақынның өлеңдері мен поэмалары қазақ әдебиеті бойынша мектеп оқулықтарына енгізілген. Ақынның бұлайша өзіндік түр іздеуі отызыншы жылдары-ақ белгі берген болатын. Мәселен, Пушкиннің қайтыс болуына жүз жыл толуына арналған «Ақынның ескерткішіне» (1937), «Отан үшін жан пида!» (1941) өлеңдері 15 буынмен жазылса, «Рус­тавели Шотаға» (1937) өлеңі 16 буынмен жазылған. Мұндай көп буынды өлеңдер ол кезеңде некен-саяқ ұшырасатын. Кейінгі жылдары Қасым көркем аудармамен көп шұғылданды. Шығыс, Батыс, орыс классиктерінің шығармаларын аударуы, ақын ойының тереңдей түсуіне, шеберлігінің өсуіне көп пайдасын тигізгені анық. Осы жерде, әрине, оның аудармашылық дарыны туралы айтпай кетуге болмайды. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл – оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1940 жылы Қасым В.Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып, 1941 жылдың сәуір айында оның аудармасында «Бар дауыспен» атты өлең жинағы жарық көрді. 1939-1941 жылдар арасында Қасым­ның шығармашылығында елеулі өрлеу дәуірі басталады. Бұл кезең­дегі ақын өлеңдерінде түр, дыбыстық үндестік, ырғақ жағынан да жаңалықтар көрініс берді. Қасым Аманжолов тек қана лирик емес, сонымен қоса эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның лириктігін танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары – оның эпиктігінің дәлелі. Поэмаларының ішіндегі ең белгілісі, бір ерекше, өлмес туындысы – 1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэма. Бұл поэма 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, жауға қарсы қолындағы қаруымен де, қаламымен де белсене күрескен Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Осы ерлік дастаны Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы. Шоқтығы биік туын­ды оқырмандарды көркем сөз қуатымен таңғалдырды. Оған Ғабит Мүсірепов, Леонид Соболев жоғары баға беріп, Николай Тихонов бұл поэманы – қазақ поэзиясының маржаны деп атады. Ақын рухының ширыққан қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. Оның ең мықты туындылары, майдангер ақынның қасіретіне толы өлең жолдары соғыстың ауыр жылдары жазылған. «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – соның айғағы. Қасымның кейінгі шығармашы­лығын­да да соғыс тақырыбы едәуір орын алады. «Дариға, сол қыз» өлеңі өмір шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен де, түр жағымен де айрықша жаңалық ретінде сүйіндіреді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең Қасымға дейінгі және кейінгі қазақ поэзиясында онша қолданыла қойған жоқ. «Дариға, сол қызда» майдан арпалысы, тарихи шындық, жеке адамның басындағы трагедия және соның бәрінен аман алып шыққан өмірге деген құштарлық оптимистік рухта өрнектелген. Кейіпкердің жан дүниесіндегі бұлқыныстар белгілі тарихи кезеңдегі жеке адам мен қоғам өміріндегі әлеуметтік драматизмді бейнелейтін образдылыққа айналған. Көркемдік-философиялық жинақ­­таушылық мәнге ие жыр жолдары ақынның тағы бір биікке көтерілгенін танытты. «Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзін, қаһарын төгіп тұр долы соғыс», «сапырды дауыл, тебіренді теңіз, тулады толқын, шайқалды шың-құз» деген жолдардан замана трагедиясын, «арманым бар ма өлсем бір көріп, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?» дегеннен лирикалық қаһарманның өмірге деген құштарлығын, махаббат құдіретін, «дедім де тұрдым, жүгіре бердім, қолымда найза, шағылып айға» дегеннен әрі қайсар рухын сезінеміз. Майданнан оралғаннан кейінгі алғаш­қы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. Мысалы, 1946 жылы 26 өлең жазыпты, солардың ішінен, әсіресе, «Достар», «Туған жер», «Құрбыма», «Сауыншы жеңгейдің жыры», «Домбыра», «Май келді», «Күйім тасып барады, күйім тасып», т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, «Біздің дастан» поэмасын бастайды. М.Лермонтовтың «Маскарад» драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, «Дауыл» атты жинағы жарық көреді. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділда Тәжібаев «Социалистік Қазақстан» газетінде «Дауылды жырлар» деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лер­мон­товтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жи­нақтарын шығарады. 1952 жылы «Таң­дамалы шығармалары» жарық көреді. 1947 жылдан бастап Қасым сыр­қаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр халде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел – оның «Өзім туралы» атты өлеңі. Бі­рақ бұл өлеңді аяқтамай кетті. 1954 жы­лы қыркүйек-қазан айларында Қ.Аманжо­лов Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезінің ашылуына қатысты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты меңдей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды. Өмірінің соңғы кездерінде Қ.Аман­жолов өлім, өмір, өмірдің мәні, азаматтық парыз, ақындық борыш жайында көп ойланып, көп толғанды. Ондай өлеңдері – елін, жұртын емірене сүйген азамат ақынның жан сыры, ой-сезімі. Ақын қарызды өтеу, борыштан құтылу жайында жиі айтады. Бойындағы табиғат сыйы – үлкен дарынын сарқа жұмсап, халық игілігіне жарайтын өнер жасасам, кейінгінің кәдесіне асатын мұра қалдырсам деп армандайды. Жеткен биігін місе тұтпай, одан әріге шарықтағысы келеді. Ішінде жанар таудай атылар жыр қазынасы жатқанын сезінеді. Сонау қанды майданда жүргенде: «Қорқамын жұрт сөзінен, тым арзан өлді деген», – деп толғанса, енді «өне­рім өзіммен бірге өлмесе екен» деп мазасыз­данады. «Поэзия асыл жар, тек өзіңе тең болсам», «Көкіректегі күйіңдей жырыңды жаз ерінбей», «Бәрін де беріп ел-жұртқа, қарыздар болмай өлейік», «Көп борыш мойнымызда өтелмеген, ойым жоқ қарыздар боп кетем деген» сияқты өлең жолдарынан соны аңғарамыз. Ұзақ жазып, ақыры 1954 жылы бітіре алмаған күйінде қалдырған «Өзім туралы» деген өлеңі ақынның іштей ойлану, толғануы, жан сыры әрі кейінге қалдырған аманат сөзі іспетті. Қазір көпшілік жұрт жаттап алған осы өлеңде мынадай жан тербетер шумақтар бар: Ризамын туғаныма адам болып, Өкінбен қаламын деп бір күн солып. Адамзат сапарының мейманымыз Бір мезет жер бетіне кетер соғып. Бір күні от өмірім қалса өшіп, Қайран ел туған жерден кетпес көшіп. Торқадай жамылып ап топырағын, Жатармын өз жерімде бір төмпешік. Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне жүз ойланып, мың толғанам Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп. Қандай адалдық, шыншылдық, қандай терең ой, отты сезім! Бар ғұмырын еліне, өлеңіне ғана арнаған, «барым да, бақытым да өлеңім» деп білген ақынның одан өткен қуанышы мен уайымы жоқ. Барын да, бақытын да өлең деп білген Қасым бар өмірін әдебиетке арнады. Оның қиындығын да жасырмады. «Нар тәуекел» деп «қиынға кұлаш ұрды». Өмірді шексіз сүйген ақын ауру шағында да рухани күйзеліске берілмей: Нұрлы дүние – думанды елім, Жарқылдайсың жас айбынмен. Бір сен үшін туған едім, Бір сен үшін жасаймын мен, – деп жазды. Қандай өр рух, қандай сәулетті сезім! Өмірден ерте кеткенімен, Қасымның мәңгі жасайтын – асыл жырлары қалды. Сол жырлары ақын атын өлтірмейді. Бұл күнде халықтың сүйікті ақыны Қ.Аманжоловтың жарқын бейнесі ел жүрегінде. 90 жылдық мерейтойы тұсында төрт томдық шығар­малары оқырман қолына тиген. Алдағы уақытта тағы да қайта басылмақ. Биылдың өзінде үш-төрт кітабы бірдей жарық көреді. Соның бірі «Алтын қалам» айдарымен «АнАрыс» бас­пасынан, енді бірі «Ана тілі» баспасынан шығады. Осындай игі жаңалықтардың қатарында «Қасым» әдеби-мәдени журналының шығуын айрықша айтар едік. Сонымен қатар ақынның шығармалары орыс және басқа да халықтардың тілдеріне аударылған. Қасымның өлеңдері «Гроза» деген атпен 1946 жылы, «Стихи» деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылған. Ақынның өлеңдерін қазақшадан орыс тіліне Дмитрий Снегин, Борис Слуцкий, Илья Сельвинский және басқалары аударған болатын. Енді биыл «Аударма» баспасынан ақынның орыс тіліне аударылған шығармаларының бір томдығы жарық көреді. Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозына Қасым Аманжолов есімі берілген. Қарағандыда Қ.Аманжолов құрметіне көше аталған. 100 жылдық мерейтойына орай Қарағанды қаласында Қасымның рес­публика аумағындағы алғашқы тұлғалы ескерткіші бой көтереді. Қасым шығармашылығы – қазақ поэзиясының асыл үлгілерінің бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастықта сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның батыл ойлы, сыршыл поэзиясының бұрын­ғысынша әсерлі де тартымды болып келе жатқаны да сондықтан. Сәбит БЕКСЕЙІТ Қарағанды

8815 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы