• Ақпарат
  • 26 Тамыз, 2011

Төрткүл дүниенің тілегін орындаған күн

Әлі күнге «Полигон» деген сөзден жарты әлемнің жаны түршігеді. Бұл адамзат баласына алапат қасірет әкелген апатты жан-тәнімен сезгендердің, соның зардабын аяусыз тартқандардың бірі – қазақ елі. Өзіңіз сезіп отырғандай, бұл – атақты Семей полигоны. Сөйтіп, Абай мен Шәкәрімдей алыптарды дүниеге әкелген Шыңғыстау шұрқ тесілді. Сан жылдарға созылған бұл қасіретті сөзбен суреттеу мүмкін емес еді. Етектегі ел мен төскейдегі мал бейбіт күнде бордай тозды. Бұл қазақ даласына үлкен қасіреттің келгенін аңғартты... Сынақтардан қалған сайын даладағы үлкен қара таста «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс» деген жазу бар. Бұл – Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сөзі. Тура осыдан 20 жыл бұрын, 29 тамыз күні Ел Президенті өз Жар­лығымен Семей полигонын жапты. Сол сынақтарды жүзеге асыруға себепкер болып отырған КСРО-ның шекпенінен шықпай жатып мұндай қадамға бару ерлікке парапар еді. Бұл – бақытты өмірге ұмтылыс, бақытсыздықтан бас тарту деп бағаланды. Осы ұлы шешім әлемдік маңызға ие болды. Өйткені ядролық қаруы бар ел сол кезде әлем назарында «сұсты ел», «қаруланған ел» деген құбыжық бейнеде елестейтін және одан бәрі сескенетін. Оған Жапониядағы алғашқы ядролық сынақ тәжірибесі мен оның зардабы дәлел. Сөйте тұра сынақтан бас тарту – бұл сол кез үшін үлгілі әрекет еді. Өйткені бұл төрткүл дүниенің тілегі болатын. Бұл халық талабының жүзеге асуы жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстанның беделін әлем жұртшылығының алдында көкке бір-ақ көтерді, Елбасының да мерейін өсірді. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бұл шешімі талай елдерге бейбіт өмір сыйлап қана қойған жоқ, үрейлерін сейілтіп, үміт отын тұтандырды. Оған басты дәлел – Семей полигоны жабылғанынан кейін араға бір жыл салып, азуын айға білеген АҚШ-тың өзі Невададағы ядролық сынақты тоқтатуға шешім шығарды. Бұған да түрткі болған Семей полигонының жабылуы еді. Көп ұзамай француздар, кейін қытайлар да полигондарын жаба бастады. Өз қарым-қабілетін Қазақ еліне арнаудағы алғашқы қадамдарының бірін туған халқына төнген тажалға тосқауыл қоюдан бастаған Елбасының бұл ісі бүгінде әлем мойындаған, басты бағыт етіп ұстанған мақсатқа айналды. Бұл – Алаш жұрты үшін үлкен абырой. Мойындағандары сол, Елбасының Семей полигоны жабылған күн – 29 тамызды Жаппай қырып-жоятын қаруларды жоюдың бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы ұсынысының Біріккен Ұлттар ұйымы тарапынан қолдау табуының өзі неге тұрады?! Ақын Олжас Сүлейменов суреттеген «үн-түнсіз соғыстың» да тоқтағанына жиырма жылдың жүзі толыпты. Тәуелсіз ел болғанымызға да жиырма жыл. Ата Заңымыздың да алғашқы беттерінде «елдің бас­ты байлығы – адам» деген аталы сөз бар. Демек, бейбіт өмірді сүйетін біздің ел жиырма жыл бойы жүрісінен жаңылмай келеді. Бүгінде әлем Қазақстанды жаппай қарусыздануды насихаттайтын ел деп таниды. Бұл жаһанға жалғасқан үлгілі үрдістің басы-қасында Ел Президенті тұрғаны аян. Біздің дінімізде дау-жанжал, ұрыс-керіс, түрлі апаттардың алдын алған я тоқтатқан, бітімге шақырған жанға Алланың сауабы мол делінеді. Ендеше, туған еліне төнген тажалға тосқауыл қойған Мемлекет басшысының батыл шешімі өзгелерге үлгі болуы тиіс. Өйткені адамзатқа адам қолымен жасалатын қауіп төнбеуі керек! Динара СЕРІКҚЫЗЫ

2725 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы