• Білім және ғылым
  • 07 Наурыз, 2009

Әлемді жаһандық «жалмауыз» жұтып келеді

Одан құтылудың жалғыз жолы – Ислам Бүгінгі барлық БАҚ өкілдері жарыса жазып жатқан жалғыз ғана даулы мәселе бар, ол - әлемдік қаржы дағдарысы. Кешегі бейқам тіршілік кешіп, Астанамыздың 10 жылдығын атой салып тойлаған біздің ел жаһандық «жалмауыздың» құрығына қалай ғана ілініп қалды, қай уақытта құтыла алмақ?! Осы сұрақтар төңірегінде жауап іздесек, мұның бәріне баяғы өзіміз кінәлі екенбіз. Дұрысы, өсімқорлығымыз кінәлі. Еліміз тәуелсіздік алғалы дағдарыстың қара әскері бізге екінші мәрте ұрынып тұр. Біріншісі, 1998 жылы Оңтүстік-Шығыс Азиядан ауған болса, екіншісін сонау алпауыт АҚШ айдап әкелді. Төрткүл дүниені уысында ұстауды армандайтын америкалықтар ақша табудың заманауи үлгісін өсімқорлық деп «дәлелдеп», айналасындағы азын-аулақ мемлекеттерге қаржы-қаражат үлестіруді жөн көрді. Өзгелерден қалысуды намыс көретін Қазақстанның да біраз қанағатсыз банктері қарызға ақша алып қалталарын қалыңдатты да, АҚШ-тан айласын асырып, абыройын арттырмақ болып өз ішіміздегі нан тапқыш халыққа несиеге берді. «Мынауың табылған әдіс екен» деп таңдай қаққан қазекең қапыда қалмайын деп астындағы автокөлігін, басындағы баспанасын, басқа да майда-шүйде мұң-мұқтаж дүниелерін қаптатып қарызға алды. Ал енді... Алаған қолы беруге жүрмейтін кей жұрт алған қарызын банктерге, банк өз «қожайындарына» қайтарып бере алмайтын халге жетті де, осының салдарынан Қазақстан шетелдік қаржы ұйымдарына 40 миллиард доллар қарыз болып қалды. Берген ақшаларын қайтарып ала алмасына көзі жеткен АҚШ-тың жемсау экономикалық орталықтары күмп етіп күйреп, шаңырағы ортасына опырылды. Бүгінде АҚШ-тың он миллионнан астам тұтынушысы өз қарыздарын қайтара алмай қаны басына шапса, Қазақстанда да 1 миллионнан астам халық осындай халге душар болып, дағдарыстың кейпін киді. Осыдан келіп банктер несие үлестіру процесін сап тыйды да құрылыс саласына соққы берді. Құрылыстың құлдырауы орта бизнестің омыртқасын үзіп, халықтың ахуалы тым әлсіреп шалажансар күйге енді. Базарлар мен сауда орталықтарының көркі кетіп, тауарлар өтпей, миллиондаған адам күнкөріс жағдайынан айырылды. Мұның салдарынан әрбір үшінші қазақстандықтың отбасылық бюджеті құлдырай бастады. Тұрғын үйлер құны шөгіп, жер телімдерінің бағасы да едәуір төмендеп кетті. Жылжымайтын мүліктің құны құлдыраған соң банктер ол үйлерді кепілге алудан бас тартты да пәтерлерді арзан бағаға жалға берудің, не арзанға сатудың жолы ойластырылды. Бірақ арзан дүниені сатып алайын десе халықтың қалтасы тағы көтерер емес. Қазірдің өзінде тек біздің еліміз ғана емес, әлемнің бірқатар мемлекеттері қаржы «тажалының» табанына жаншылып үлгерді. Болжам бойынша, АҚШ-та 2 млн-нан астам жұмыс орны қысқартылған. Көршілес Ресейде де рубьл құлдырап инвесторлар басқа елдерге жан сауғалады. Осының нәтижесінде Ресейге инвистиция салатын қорлардан 46 миллион доллар далаға ұшты. «Көршінің үйін өрт шалса, жалыны шарпымай қоймайды» деген халық даналығы расқа айналып, тапшылық көріністері байқала бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Дамыған елдердің сарапшылары мен банкирлерінің айтуынша, бұл соңғы 100 жылдан соң орын алып отырған ең терең әрі ғаламдық дағдарыс, сонымен бірге АҚШ, Еуропа және Жапония секілді экономикасы дамыған елдер мұндай рецессияға бұрын-соңды тап болып көрген емес», - деп баға беріп, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыру мақсатында қатаң міндеттер жүктеді. Несиенің несібесі азайған тұста қаржылық қысылтаяң қарбаластан шығу мақсатында өзге жолдар іздестіріліп, нәтижесінде салық мөлшері 40 пайызға қысқартылды. Енді тек алыпсатарлықты қойып, отандық өндірісті өрістету мәселесі қолға алынды. Азық-түлік, жанар-жағармай бағасы түсті. Президент бір сөзінде: «Дағдарыс көпшілікті тәубесіне түсірді», - деген ұтымды ой айтқан болатын. Шынында да, қаржылық қысым көрген әр отбасы кешегі қанағатсыз қарын қамын кейінге ығыстыра тұруды ұйғарды, жосыздыққа жол берілу доғарылды. Экономика халықтың игілігі үшін қарекет жасауға бекінді. Енді қарап тұрсақ бар бәленің басы осы өзімізде жатқан сияқты. Неге десеңіз, біз неғұрлым қанағатсыздыққа бой алдырып, өсімқорлықпен табыс табуға құныққан сайын тапқан табысымыз аяғымызды аспаннан бір-ақ түсіретініне көзіміз жетті. Амалсыз тәубе қыла бастадық. Әлем қаржыгерлері ұзақ мерзімді зерттеу нәтижесінде тығырықтан шығудың жауабын қасиетті Құраннан тапты. Сөйтсек Құранда: «Әй мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар! Егер шын иман келтірсеңдер, өсім алмаңдар (яғни адамдарға берген қарыздарының үстінен пайда таппаңдар). Егер өсім алғанды қоймасаңдар мұны Аллаһқа, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық жасамаған және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар» («Бақара», 278-279 аяттар), - деп жазылған екен. Міне, зұлымдыққа не үшін тап болғанымызды енді түсіндік. Осыдан келіп Еуропаның бірқатар басылымдары қаржы дағдарысының дүниеге келіп, адамзаттың тығырыққа тірелуі өсімқорлыққа құрылған қаржы жүйесінің қаталығынан деген ой қорытты. «Callenge» экономикалық журналының тілшісі Бофис Винсент: «Қаржы дағдарысы асқынып тұрған қазіргі шақта оның себебіне үңіліп, банктердің басындағы жағдайға жауап іздеу үшін, мен (Інжілге қарағанда) Құранды көбірек оқу керек деп санаймын. Егер банк басшылары Құранда көрсетілген талаптар мен ұсыныстарды қолдағанда қазіргі дағдарыс болмайтын еді», - деген тың пікірді ортаға салып, шариғат ережелеріне жүгіну қажеттігін ескертті. Аталмыш мақаламен танысқан Францияның қаржылық бақылау жөніндегі жоғарғы комитеті арнайы жарлық шығарып, өсімқорлыққа негізделген сауда жүйелеріне тыйым салды. Тіпті қазірдің өзінде бір ғана Ұлыбританияда шариғат талабына сай үш қаржы компаниясы жұмысын бастап кеп жіберді. Франция мен Германияда, Швейцарияда Ислам банкингі қолға алына бастады. Бір қызығы, Францияның экономика министрі Кристина Лагард: «Біз Парижді Ислам банкингінің орталығына айналдыруды көздеп отырмыз», - деген ойын білдірді. Өйткені Еуропа өсімқорлыққа құрылған қаржы жүйесінің түптің-түбінде тамыры шіритінін тез түсінді. Ал өзімізді мұсылманбыз деп есептейтін біздің ел мұндай батыл шешімге әлі бата алмай отыр. Егер Қазақстанда да өсімқорлық һәм жемқорлықтың тамырына балта шабылып, шариғат талаптарына сай қаржы ұйымдары жұмыс жасайтын болса, азаматтар қарын мүддесін кейінге ысырып, рухани және имани дүниелерді қолға алып, тынымсыз той-томалақтар мен мезгілсіз мейрамдардан, аста-төк ысырапшылдықтан бір мезгілге бас тартса біздің де жаһандық «жалмауыздың» табанына оңайлықпен тапталмасымыз анық. Өйткені Құранда: «Сондай өсім жегендер, (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың «сауда да бейне өсім» дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Аллаһ сауданы халал, өсімді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса, өткені өтіп кетті. Оның ісі Аллаһқа тән. Ал және кім қайталаса, міне солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 275-аят), - деп тұрған жоқ па?! Иә, әлемді «тажалдың» тырнағынан құтқарар Хақ жол Ислам екендігіне шүбәміз бола қоймас, сірә! Серікбол ХАСАН

2772 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы