• Тарих
  • 01 Қыркүйек, 2011

Мен Қасымға ғашықпын

Сәбит Досанов: Биыл Қасым жылы десек кателеспепіз. Ұлт рухын асқақтатқан дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтілуде. Үлкен той, басты шара осы қыркүйек айының 9-10-ы күндері Қарағанды облысында өтпек. Қасым туралы қанша жазса да артықтық етпес. Өйткені оның көксегені Алаштың арман-мұраты еді. Қазақтың қайсар ақыны жөнінде көлемді шығарманы өмірге әкелген белгілі қаламгер, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досанов болатын. 1982 жылы жазушының Қасымға арналған «Екінші өмір» атты романы жарық көрді. Жазушымен арада болған төмендегі әңгіме Қасым тақырыбына қалай келгендігінен басталып еді. – Адам өз ортасының жемісі. Қасымды ардақтауыма, оның жырларына ғашық болуыма, жалпы, әде­биетке келуіме ортам әсер етті. Өзім туып-өскен Торғай өңірі таланттардан кенде емес еді. Бұл өңірдің ерекшелігі – дарындыларды қос-қостап береді. Ахмет пен Міржақып, Сырбай мен Ғафу, бертіндегі Кеңшілік пен Серік... Бала кезімде өлең жаза бастадым. Төртінші сыныптан бастап жазған өлеңдерім, мақалаларым газеттерге шыға бастады. Абайды, басқа да ақындарды, Қасымды оқыдық. Есейе келе байқайсың ғой. Өлеңді Қасым қалай жазған, сен қалай жазғансың? Қасымды оқығанға дейін өзімді әжептәуір ақын санайтынмын. Қасымды оқығаннан кейін бұл райымнан қайттым. Менікі оның қасында жай нәрсе екен. Ой келді: «Жаман ақын болғанша, жақсы оқушы бола­йын». Кітап оқуға көбірек ден қойдым. Қасымның өлеңдері газеттерге анда-санда шығып тұрады. Кітабы қолға түспейді. Өзі өмірде жолы болмаған ақын ғой. Таланттардың қашан жолы болып еді? Жалпы, менің Қасымды, әде­биетті жақсы көруіме Әбенов Бейсен­бек де­ген азамат қатты әсер етті. Ол кең­шар, аудан басқарған білікті, білімді аза­мат еді. Маңдайы керек қарыс жігіт бола­тын. Ол әдебиетті өле жақсы көрді. Онда да Қасымға деген ынтызар­лығы бө­лек-тін. Сол кісі Алматыға жина­лысқа барып, қайтарында Қасымның 1955 жылы шыққан кітаптарын ала келді. Ой, сондағы менің қуанғаным-ай! Өзі де мәз-мәйрам. «Жоғалтып жібересің» дейді. Уақытша оқуға береді. Сөйтіп, екеуміз кезек-кезек оқып жүрдік. Ақырында сол үш томдықты маған басыбайлы берді. Т.Әлімқұловтың алғы сөзімен шыққан. Тәкен керемет алғы сөз жазған. Қандай терең талдаған! Осы үш томдықтағы өлеңдерді тегіс жаттап алдым десе де болады. Қазір үлкейдік. Сонда да осы күнге дейін көбісін жатқа білемін. Қасым саяси тапсырыспен де өлеңдер жазған ғой. Сонда «Менің жаман өлеңдерімді жақсы өлеңдерім асырайды» дейді екен. «Социалистік Қазақстан» газеті Қасымға көбіреке тапсырыс берген. Өйткені Қасым берілген тапсырманы жедел орындап тастайды екен. «Советтік менің өз елімді» алыңызшы. Қандай ғажап өлең. Өмірге келдім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден. Жетімдік тағдыр жетті ептеп, Қабағын жаба түксиген. Өмірден үміт жоқ өзге, Даланың тердім тезегін. Әкем боп таптың сол кезде, Советтік менің өз елім! Сөз арасында айта кетейін. Ақынның кейбір жинақтарында совет, Сталин... деген сөздер алынып тасталып жүр. Бұл дұрыс емес. Ол сөздер сол уақыттың тынысын көрсетеді. Сондықтан қайта кіргізу керек. Қасымның өмірбаянын қарап отырсаң жастай қиындықтарды көп көрген. Әкеден жетім қалған. Интернатта өскен. Семейде болған. Оралға келген. Мұнда театрда, газетте жұмыс істеген. Қасымның ақындығы Оралда қалыптасты. Қасым Оралды тарихта қалдырды, Орал болса Қасымды ақын етіп қалыптастырды. Қасымның то­йын Оралда да өткізуге болады. Орал­да да ескерткішін қоюға болады. Шағанның бойы көк шалғын, Шалқамнан жатқам шаңқай түс. Гүл болып менің құшағым, Кеудемде қонған бұлбұл құс, – демейтін бе еді Жайық жеріндегі Шаған туралы. Қол созып қызыл вагоннан, Үстіңнен өтіп барамын, Қош болшы, енді Оралым!.., – деп қанды қырғынға да Оралдан аттанады. Қасымның ерекшелігі жөнінде мынаны айтар едім. Әрине, Тәңір оған үлкен талант берген. Сегіз қырлы, бір сырлы талант. Ол ақын болумен қатар, музыкалық аспаптардың барлық түрінде ойнаған. Поэзияның барлық жанрында қалам тербеген. Біреулер оны эпик ақын десе, енді біреулер лирик ақын дейді. Ол әрі эпик, әрі лирик ақын болды. Енді басты ерекшелігі жөнінде. Жалғыз қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзілік әдебиетте мынадай жағдай болады. Таланттар толқын-толқын болып келеді. Бір толқын екінші толқынды жалғастырып алып кетеді. Біреу әсем болады, біреу бәсең болады. Бірақ әдеби ағыс үзілмейді. Абай – үлкен мектеп. Он ғасырда бір туатын – ірі тұлға. Абайдан үйреніп, Абай шекпенінен талай таланттар шықты. Алайда заман солай болды да Мағжан, Ілияс секілді үлкен таланттар жазықсыз ұсталып, атылды. Сол мектептің арасы кішкене үзіліп қалды. Сол кезде жарқырап Қасым шықты. Абай мектебі, одан кейінгі толқын бар ғой – Әбділда, Сырбай, Жұбан, Хамит... сияқты. Қасым осы екі ортада алтын көпір болып тұра қалды. Енді роман жайына көшсек. Қасым жайлы шығармаға қалай келгеніңіз жайында... Қасым туралы жазсам деп ойлайтынмын. Алғашқыда роман жазуға жүрегім дауаламады. Әрине, мұндай ауқымды дүние жазуға дайындығым бар еді. 25 жасымда «Аруана» деген повесть жаздым. Ол 27 жасымда шықты. Кітап болып шыққанда С.Мұқанов алғы сөзін жазды. Шет тіліне аударылды. Сондай-ақ «Қыран қалғымайды» деген тағы бір повесть, «Тау жолы» атты роман дүниеге келді. Бір сөзбен айтқанда – дайындығым бар болатын. «Қазақ әдебиетінде» істеп жүрген кезім. Бас редакторымыз Сырбай Мәуленов. Орыстың әдеби басылымдарын оқимын. Сол уақытта ақын- жазушының шығармашылық лабороториясы деген мәселе көбірек жазылып жүрді. «Осы тақырыпты бізде де неге қолға алмасқа?» деген ойымды Серағаңа айттым. Ол кісі бірден келісті. «Жаз. Сен Қасымнан – Қасым Аманжоловтан баста» деді. «Ол кісі өмірде жоқ ғой» деймін. «Өзі болмаса да әйелі бар» деді. Содан Сақыпжамал апайға бардым. Қартайып қалған кезі. Бірақ әрін бере қоймаған. Көзі үлкен, ботаның көзіндей. Жүзі нұрға толы. Ұзын бойлы, тік қабақ әйел. Бұған дейін сыртынан бір-екі рет көргенім бар. Апаймен әңгімелестім. Белгілі сауалдарды қойып жатырмын. «Қасекең өлеңді қалай жазушы еді?». «Күй таңдаушы ма еді?», «Таңертең жазатын ба еді, әлде кешке отыратын ба еді?»... Бәріне жауап берді. Сақыпжамал әпкем айтқан әңгіме желісімен «Қасым қалай жазды?» атты мақала жаздым. Мақала қазақ әдебиетіне жарияланысымен редакцияға телефон шалушылар көп болды. Нүкістен Бурхан есімді азамат: Жазушы қауымға бір құлаққағыс, Қасым – жыр, Қасым – күрес, Қасым – ағыс. Жазылса от өмірден бір роман, Халқымыз айтар еді миллион алғыс, – деп хат жазыпты. Қасым жайлы роман жазуға осындай тілектер де себеп болды. Қасым расында да, Сақыпжамал­ды жан-жүрегімен сүйеді. Соғыс кезін­де оның Қапан Сатыбалдинге жазған хаты бар. Сонда былай дейді. «Әйел біткеннің ішінде менің жүрегімнен ерекше орын алған Сақыпжамал. Бұл уақытша сезім емес. Таза махаббат». Қасым соғыстан аман оралады. Сөйтіп, екеуі шаңырақ көтереді. Ол кезде жазу столы қайдан болсын. Бөлменің өзі қуықтай. Кішкентай қара чемоданы бар екен, соны тізесінің үстіне қойып жазатын көрінеді. Өлең жазарда көбірек ойланады екен. Өлеңді көбіне түнде жазатын болған. Түнде Сақыпжамалды оятып, өлеңін оқиды екен. «Тұрмыс – өте ауыр болды. Ақша жетпейді. Бөлмеміз де тар. Сөйтіп жүргенде өмірге Дариға келді. Мінезі – тентектеу, намысқой болатын. Өзі ешкімге тиіспейтін, тиіскенді аямайтын. Арасында кішкене ішеді, ішкенмен құлап қалған ештеңесі жоқ. Өзінің «температурасы» бар, арақтың қызуы бар қиянат көрген Қасекең шыдай ма – біреуге қатты айтады, біреуге тілі батыңқырап кетеді. Сондайда партия жиналысына салады. Партиядан шығаратын болады. Сондай жиналысқа өлең жазып барып, өлеңін оқиды. Ей, Қасым, адасуға хақың бар ма... Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей атың бар ма? – деп өзін-өзі кінәлап, кешірім сұрайды. М.Әуезов бастаған ақсақал­дар «Мынау талант қой. Кешірейік. Бүлдіріп тастаған ештеңесі жоқ» деп партияда қалдырады. Қасымның талантын көре алмағандар орыс газеттеріне де сынап, мақала жазады. Тектен-текке жазғырады. Сөйтіп жүргенде «Ілияс Омаров шақырып жатыр» деген хабар келеді. Қасым сасқалақтап қалады. «Не бүлдіріп қойдым» деп. Партияның дүрілдеп тұрған кезі. Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысының өзі шақырып тұр. Жай хатшылардың бірі емес. Беделді хатшы. «Толқыды. Былғары етігі бар еді. Басы жем-жем. Жұмыртқаның сарысы мен қазанның күйесін қосып, кремдеді. Шалбарын шоқ өтекпен үтіктеді. Түнде көрпесінің астына алып жатты. Таңертең барын киінді. Мені жанынан тастамайды. Орталық Комитетке бардық. Мені қабылдау бөлмесіне қалдырды да, өзі кіріп кетті. Бір кезде шықты. Жылап шықты. Өмірі Қасым жыламайтын. «Не болды?» дедім. «Қуанғаннан жылап тұрмын ғой. Ме­нің де сөзімді сөйлейтін, мені де іздей­тін адам бар екен-ау» деді. Үй беретін болған екен. Соның қуанышына жылапты. Кішкене үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Ол кезде көп қабатты үйде де от жағатын. От жақтық. Біресе – көмір, біресе – ақша жетпейді. Қасым ауырып жүрді. Бірақ қанша ауырғанымен өлең жазуын тоқтатпады. Қасымға фтивазид деген бір дәрі керек болды. Ол өзі таптырмайды екен. Қанша іздегенмен таба алмадық. Ол уақытта Денсаулық сақтау министрі Ишанбай Қарақұлов еді. Қасым мені сол кісіге жұмсады: «Қасым Аманжолов деген ақынның әйелімен де. Өзі ауырып жатыр. Мына бір дәрі ем екен. Соған көмектессін деп жіберді» дерсің. Бардым. Өзім ұялшақпын. Қабылдау бөлмесіндегі адамдардың бәрі кетіп қалған. Бір кезде ана кісі шықты. Мені көріп « Қарағым, жай отырсың ба? Кімге келдің?» деді. «Сізге келдім» дедім. «Бағанадан бері айтпайсың ба? Кабинетке жүр» деді. Бар жайды айттым. Қасымды жақсы білетін болып шықты. Жаңағы дәрі тек министрдің рұқсатымен ғана беріледі екен. «Қасымға бермегенде кімге береміз» деп, шамалыдан соң дәріні қолыма ұстатты. Әлгі дәріні пайдаланғаннан кейін кішкене жеңілденді. Осы екі адамды аузынан тастамайтын. «Солардан жақсылық көрдім» деп», – деген апай арасында ойға беріліп отырды. И.Қарақұловпен менің өзім бірнеше рет кездестім. Бір басқосуда «Қызметте жүргенде талай адамдарға қол ұшын берген болдым. Алайда ақынға жасалған жақсылық ұмытылмайды екен. Қасымға жаса­ған кішкене көмегім мені тарихта қалдырды» дегені бар-тын. Бір кездері Қасымның аты ұмы­тыла бастады. Басқа үлкен ақындар шықты. «Өлі арыстаннан тірі мысық артық» дейді. Жұрттың көңілі ке­йінгі ақындарға ауып кетті. Содан «Қасым қалай жазды?» деген «Қазақ әдебиетіне» мақала жаздым. Хаттар қаптап кетті. Тағы бірнеше мақала жаздым. Үлкен зерттеу жазылды. Ол «Сымбаты бөлек сырлы әлем» деп аталды. Бұл газетке де, кітабыма да шық­ты. Онда да Қасымның шығарма­шылық ерекшеліктерін ашуға тырыстым. «Аманат» деген пьеса жаздым. Қасымның соғыстағы өмірі, «Абдолла» поэмасының қалай жазылғандығы туралы. Оны радиоға бердім. Радионың алтын қорында бар. Сөйтіп, тәуекел деп «Екінші өмірге» келдік қой. Қасымға деген ғашықтық маған күш берді. Қарағандыға аттандым. Қарқаралыны, Қызыларайды араладым. Аққора деген жерде тұрған екен. Сонда болдым. Сәпен (Сақыпжамал) апаймен көп әңгімелестім. Қайта-қайта сөйлестім. Ерінбей айтады. Жаңалығын сұрай берем. Оралға бардым. Не керек, Қасымның жүрген жолымен жүрдім. Өлеңдерін қайта оқыдым. Ұлымның атын Қасым деп қойдым. Ол бүгінде милиция полковнигі. Тәуекел деп романға отырдым. «Екінші өмір» деп ат қойдым. Жоспар­ға кіргізерде «Қалыптасу» деп өзгертіп­ті. Қарсы шықтым. «Екінші өмірдің» мән-жайын түсіндірдім. Ұлы адамдар өмірден өткеннен кейін екінші өмірі басталатынын айттым. Ақырында бас­па менің айтқаныма көнді. Қасымның өмірін төрт кезеңге бөлдім. «Дауыл» – төңкеріске дейінгі өмірі. Содан кейінгі «Жас дәурен» – Оралдағы өмірі, ақындығының қалыптасуы. «От кешу» – майдандағы өмірі. Соңғысы – «Қиын асу». Майданнан келгеннен кейін де көп қиындықтарды бастан кешірді. Кітаптары шықпады. Сынға ұшырады. Кедейлік. Ауру бір жағынан қысқан. Соңғы бөлім осы туралы. Роман біраз қысқарып шықты.Тұшымды жазылған жерлері қысқарып кетті. Ол кезде баспаның дегені болатын еді ғой. Кейін роман орыс тіліне аударылды. Орыс оқырмандары жылы қабылдады. Сөйтіп, «Екінші өмір» және «Тау жолы» романдарым үшін маған М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлық берілді. Ақынның отбасы жөнінді не айтар едіңіз? Қазақта бесік құда деген болған. Сырбай мен Қасым жақсы дос болған. Бірін-бірі қатты бағалаған. Сырбайдың Дүйсен деген ұлы бар. Қасымның Жанна деген қызы бар. Екеуі құда түседі. Кейін жастар үйленеді. Тағдырға не дерсің? Дүйсен де, одан туған балалар да қайтыс болады. Жанна жалғыз қалды. Қазір Жанна мен Қасымның тағы бір қызы Дариға Алматыда бірге тұрады. Сіздің бұл отбасымен қандай қарым-қатынасыңыз бар? Қасым туралы кітап жазғаннан кейін олар менің туысымдай болып кетті. Мен Сақыпжамал апайға өле-өлгенше қамқорлық жасап жүрдім. Шаруаларына көмектестім. Оның үстіне Сырбаймен жерлеспіз, туыспыз. Сақыпжамал мені жақсы көрді. Роман шығарда есімде, Сақыпжамалдан қолхат жазып алып кел деді. Са­қыпжамал оқып, «Мұнда айтылған оқиғалардың бәрі шындық. Маған ұнады» деп бір параққа жазып берді. Қасымның отбасы үйдің қорлығын көрді. «Қазақ әдебиетінде» жүргенде лауазымды кісілердің мақалаларын ұйымдастырып жүрдім. М.Ықсанов деген облыстарды басқарған азамат болды. Сол кісінің де мақаласын газетке бергенбіз. Ол кезде М.Ықсанов Орталық Комитетте хатшы еді. Мені үйіне қонаққа шақырды. Дастарқан үстінде «Саған қандай көмек керек?» деп сұрады. Қасымның отбасы жөнінде айттым. «Баспаналары нашар. Баяғы Ілияс Омаров берген үйде тұрады. Сол кісілерге үйден көмек көрсетіңіз» дедім. «Жарайды. Маған арызын алып кел» деді. Ертеңіне апарып бердім. Екі айдан кейін үйден көмектесті. Сақыпжамал апай қайтыс болды. «Қазақ әдебиетіне» қоштасу сөзін жаздым. «Ақынның жары еді» деп. Апай қайтыс болғаннан кейін ол отбасымен қатынас үзіле бастады. Жастар. Бәрі­нің отбасы бар. Анда-санда халдерін бі­ліп қоямын. Ғафудың үйіндегі Бәдеш жеңгемнен сұрап қоямын. Ғафу айтылып кетті қой. Романдағы Қасым, Сақыпжамал өмірден алынған ғой. Соның ішінде бір-екі жиынтық образ бар. Біреуі шәкірттері. «Шуақ» деп Ғафуды алдым. Қасымның Ғафуға көңілі ерекше ауған екен. Ғафекеңді келтіремін. Бойы кішкентай, қаршыға сияқты. Өлең оқығанда бойы ұзарып аруақтанып кетеді екен. Ғафекең, соны оқығанда риза болды. Өзін бірден таныды. – Енді санаулы күндерден кейін Қасым тойын атап өтпекпіз... – Қасымның 100 жылдығы келе жатқанын ертерек сездім. Алайда төңірек үнсіз. Содан бұл жөнінде қолыма қалам алып, «Егемен Қазақстанға» мақала жаздым. Өткен жылдың желтоқсан айында шықты. Тағы бір мақала жаздым. Ол «Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр» деп аталады. Көпшілік жақсы қабылдады. «Айқынға» шықты. Қасым туралы, оның өлеңдері, тағдыры жөнінде айттым. Мерейтойды ЮНЕСКО көлемінде өткізуге болатын еді деген ойымды білдірдім. Бір оқиғаны айтып кетейін. Қасымның 70 жылдығын Жазушылар одағында өткізетін болды. Кішкентай ғана залы бар, үлкен залы жоқ. Театр­ды бермепті. Мен Д.Қонаевпен жақсы болдым. Сол кісіге осы жайтты айтып, телефон шалдым. «Қасымды білемін. Бірақ толығырақ білмеймін. Шыныңызды айтыңызшы, сол театр­да өткізуге оның шығармашылығы көтере ме?» деді. Былай дедім: «Қазіргі жазушылар халыққа қарыздармыз. Керісінше, халық Қасымға қарыздар. Соғысқа барған. Халықты жырлап өткен. Абайдан кейінгі классик» дедім. Осы сөзден кейін «Театрды береді» деді. Бұған Сәпен апай қатты риза болды. Ол кезде банкет жоқ. Үйіне келіп шай іштік. Бұдан кейінгі 80, 90-жылдық мерейтойларына да қызмет еттім. «Айқындағы» мақаламда ақын­ның мерейтойын өткізуге қатысты он екі нақты ұсынысымды айттым. Ескерткішін, мұражай ашу, радио мен теледидарда айту, кітаптарын қайта шығару, өлеңдерін орысшаға аудару... деген ұсыныстар болды. Қасымның балаларының жағдайын білейін деген ниетпен бүгінде жетпістің жотасына көтеріліп отырған Жаннаға телефон шалдым. Қасекеңнің мерейтойы келе жатыр, үкімет тарапынан қандай көмек-қолғабыс керектігін сұрадым. «Бізге көп нәрсе керек жоқ. Бір нәрседен көмек болса. Сіз білесіз, Дариғаның денсаулығы онша емес. Төртінші қабатта тұрамыз. Түсуі қиын. Сол үш бөлмелі пәтерді бірінші қабаттан сондай пәтерге айырбастап берсе болды» деді. Дариға өлең жазады, бірақ орысша жазады. Жоғары білім алған, кітапханада істеген. «Тағы қандай жақсылық жасау керек» деп ойландым да екі нәрсе қостым. Дариғаны Президент ауруханасына тіркету керек дедім. Тағы бір ұсыныс – Дариғаға үкімет пе, Қарағанды облысының әкімдігі ме стипендия тағайындау жайы. Осы хатты жазып Мемлекеттік хатшының атына жібердім. Бұл мәселе бақылауда тұрған көрінеді. Оң шешілуіне мүдделіміз. Біз тойлардан кем емеспіз. Олардың кемшілігі мынада. Той – той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін болу керек. Сабақ алу үшін болу керек. Ол тойдан азық алу керек. Бізде қалатын нәрсе – шапқан аттың шаңы, тігілген киіз үйдің орыны, сойылған жылқылар, босаған бөтелкелер... Қазақтың қонақжайлығы да керек шығар. Оны көпсінбейік. Бірақ негізгі нәрсеге назар аудару керек. Жастарға патриоттық тәрбие беру қажет. Мерейтой иесінің мұрасын көбірек насихаттауға тиістіміз, тұлға туралы кино, кітап, зерттеулер қалу керек. Екінші, біздің ауру – мерейтой кезінде жұмыс істейміз. Сонан кейін жауып тастаймыз. Бізде науқаншылдық бар. Науқаншылдық болмау керек. Қасымды алайық. Ол әлі зерттеліп болған жоқ. Өлеңдерінің текстологиясы әлі дұрыс жасалған жоқ. С.Қирабаев сынды мықты ғалымдар тұрғанда өлеңдерінің текс­тологиясын жөндеп алу керек. Қасымтану ғылымы жоқ. Енді-енді басталып келеді. Бұл Қасымның өзіне емес әдебиет үшін, жастар үшін керек. Әңгімелескен Нұрперзент Домбай

5217 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы