• Тіл
  • 07 Наурыз, 2009

Балаларым Американ мектебінде оқыса да жапонша ойлайды

Ямамото Юмико: – Қазақстанға алғаш аяқ басқанда не нәрсеге таңдандыңыз? – Алғаш дүкенге кіргенде сатушы тауар алушыға рақмет деп айтпайтынына таң қалдым. Жапонияда «Рақмет» — ең жиі қолданылатын сөздің бірі. – Алматыдағы Халықаралық мектепте ағылшын тілінде білім алып жатқан балаларыңыз ана тілінен алыстап кетеді деп ойламайсыз ба? – Әрине, ұлым мен қызымның американдық бағдарламамен оқуы ойландырмай қоймайды. Ұлым 12-де, қызым 16-да. Екеуін де дискотека сияқты ойын-сауық орындарына жібермеймін. Түнде қыдыруға мүлдем рұқсат жоқ. Мектепте ағылшын тілінде білім алады, ағылшын тілінде сөйлейді. Олар оқып жатқан халықаралық мектепте оқыту жүйесі американдық, оқулықтарына дейін АҚШ-тан әкелінген. Екеуін американдық мектепке мәжбүрліктен бердік. Өйткені, біз біраз уақыттан кейін Жапонияға қайтамыз. Ол жақта ағылшын тілді адам ғана «іске жарайды». Егер біз Алматыда тұрғанда баламызды қазақ немесе орыс мектебіне берсек, Жапонияға барғанда өз орнын таба алмайды. Үйдегі атмосфера таза жапондық десем де болады. Балаларым ағылшын мектебінде оқыса да жапонша ойлайды, жапонша тәрбиеленуде. Ана тіліндегі кітаптарды оқытамын. Өзіңіз көріп отырғандай, үйдің ішінде самурай шлемі мен хинамацури қуыршақтары қойылған. Хинамацури — наурыз айының үшінші жұлдызында Жапонияда тойланатын қыздар мерекесі. Соған орай қыз өсіріп отырған әр үй хинамацури қуыршақтарын бөлмеге қояды. Ал самурай шлемі гогацумацури, яғни мамыр айындағы ұлдар мерекесіне байланысты қойылатын рәсімдік зат. Біз шет елде өмір сүріп жатқандықтан, үйіме хинамацури мен гогацумацури заттарын жыл бойы қойып қоюды жөн санадым. Балаларым өзінің жапондық екенін сезіну үшін керек. Қазақстанда бәрі орысша екен, ә? Теледидарды қоссам орыс тілінде сайрап тұр, төңірек орыс тілінде сөйлейді. Ал біз бала-шағамызбен бұл тілді мүлдем түсінбейміз. Тіпті американ фильмін көрейік десек, тілі орысша. – Статистикалық зерттеулерге қарасақ, жапон жастарының 90 пайызы отбасын құрудан бұрын қызмет маңызды деп есептейді екен... — Бұл рас. Жапонияда университетті бітіріп, жұмысқа орналасқанда компаниялар кем дегенде 3 жыл үздіксіз жұмыс істеуді талап етеді. Мәселен, кісі 21-23 жасында оқу бітірсе, 3-4 жыл тек жұмысын ғана ойлап жүргенде 26-ға келеді. Одан соң қызметінен айырылғысы келмей, карьера қуып кетеді. Жапон жастары үйленуді 30-ға толғанда ойлайды. Қазіргі кезде жапон жастарының көбісі үйленуден қашады. – Неге? — Қазіргі заманның жапондары үшін үйлену деген арқаңа батпандай жүк артумен бірдей. Баланы бағу, оқыту, тұрмыстық мәселелер, т.б. отбасының экономикалық жағдайын ойлағанда жапон жігіттерінің сай-сүйегі сырқырайды. Үйленуден гөрі бойдақ жүруді жөн санайтын жігіттер өте көп. Қыздар болса, тұрмысқа шығып, балалы болса карьералық бағдарынан адасып қалатындай көреді. Теңін тауып, отбасын құрғанмен, балалы болуды жөн көрмейтін жапондар барған сайын көбейіп барды. Өйткені, баланы бағуға, оқытып, тәрбиелеуге қаржылай шығын көп кетеді. Бала деген бір масыл деп есептейді олар. Мысалы, бір баланы кісі қатарына қосқанша шамамен теңгеге шаққанда 15 миллион 600 мың теңге керек. – Соған дейін есептеп қойғансыздар ма? — Енді қайтеміз? Жапон әйелдері босанғаннан кейін 3 ай демалыс алады. Жұмысының түріне қарай 1-2 жыл демалатындары бар. Бірақ балалы болған соң қызметіне орналаса алмай, бала бағумен ғана отыратын әйелдер көп. – Жапон отбасындағы келін мен ененің арақатынасы туралы не айтасыз? — Келін мен ене бірден тіл табысып кетеді деп айта алмаймын. Енесімен тұратындар да бар. Жолдасым екеуміз ата-енемнен жырақта тұрдық. Енем көпті көрген, өте қатал, бала тәрбиесіне өте зор мән беретін кісі еді. Мен тұрмысқа шыққаннан кейін екі жоғары оқу орнын бітірдім. Сол кезде менің оқуыма мүмкіндік жасап, мені түсіне білді. Жалпы келін мен ененің ара қатынасы өте қиын ғой. – Жапон отбасында ұрыс-керіс бола ма? — Әкесі немесе шешесі баланың бір қылығы үшін ашулануы мүмкін. Бірақ үлкен кісілердің арасында ұрсысу, төбелесу деген жоқ. Жалпы жапондар ұрысты жек көреді. Даулы жағдай туа қалса өз-өзіне қол жұмсайды. – Әр елдің өзіндік ұлттық психологиясы болады ғой... — Иә, менің бір сүйсінгенім, қазақ халқы достықты, туыстық қарым-қатынасты жоғары бағалайды екен. Сіздердің досқа, туған-туысқа деген жарқын көңілдеріңіз жапондарға қарағанда әлдеқайда бекем екен. Сонымен қатар, жапондар ішкі сезімін білдірмеуге тырысса, бұл жердің кісілері ойын ашық айтады, белгілі бір жағдайға қатысты қандай сезімде екенін білдіріп қояды. Ашуланғанын да, қуанғанын да жасырмайды. Жапондар жан-дүниесін көрсетпеуге тырысады. Бұл әрине қиын. Стрестік жағдайлар, күйзелістер көп. Содан болар өз-өзіне қол жұмсайтындар аз емес. Жапондар өзге адамның көңіліне қарайды. Біреудің көңіліне қаяу түсіретін нәрсе істемеуге тырысады. Үнемі қыл үстінде жүргендей сезінеді. Қашан болса да бір-бірінен кешірім сұрап жатқаны. Әңгімелескен Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА

3382 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы